Соңғы көшке – 55 жыл

25 шiлде в 13:10 170 рет оқылды

 Атақоныс, атажұрт! Өміріңнің темірқазығына айналатын туған қонысың көзіңе жылы, көңіліңе жақын болып тұрады. Ауылдан қалаға барсаң ауылыңды аңсайсың, басқа облысқа барсаң қалаң іш тартып тұрады, ал жат жұртқа, өзге мемлекетке кетсең еліңе деген сағыныш сезімі мүлде бөлек болар, сірә. Бұл сағыныш зардабы біздің басымыздан өткен жоқ. Дегенмен алдыңғы толқынның қыспақты заманның қамалын бұзған, өмірлерін бәйгеге тіккен, табандап отанына ұмтылған ниеттеріне қарап, аталған сағыныштың әсерін ішкі түйсікпен сезінеміз, бағамдаймыз.

  «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген тәмсіл бар ғой. Отанында асыр салып жүрген азаматтардың мұңы басқа, ал өзге топырақта өзге ұлтқа кіріптар халде жүрген қандастардың мұңы бір басқа. Олардың арман-мұраты —  тарихи жұртының топырағын басып, қара су ішсе де ағайынмен бірге көру. Қабдеш Жұмаділовтың «Қаздар қайтып барады» деген шығармасын барлығыңыз білетін боларсыздар. Сондағы қарт кейіпкердің  көкірегін қарс айырған арман, сағыныш жалғыз шалдың басындағы күй емес, мұқым шет елдегі қандастардың ізгі тілегі. Топырақ туған жерден бұйырса дейді, ұрпағымды жұртына қоссам дейді. Олардың азаматтық миссиясы осы сарында.

  Оралманның жайы жазылып та, айтылып та жүр. Алайда, осы тұста жыл өткен сайын көмескі тартып, жазылмай жүрген бір тақырып һәм тарихи оқиға бар. Әңгімені басынан бастайық. Қазақ диаспорасының ең көп шоғырланған аумағы – Қытай. Бірақ дейміз осы тұста. Неге? Қытайдағы қалың қазақ неге Пекинде емес, неге Уханьда емес, неге Нанкинде емес? Қалың қандастарымыз Тарбағатайдың баурайындағы Шәуешек, Үрімжі деген аймақтарда. Оның да өз себебі бар. Қабдеш ағаның айтуынша, айтылып отырған мекендер қазақтың байырғы жайлауы, Барқытбелдің күнгейі де, теріскейі де бізге тиесілі құтты қоныстар. Тек КСРО мен Қытайдың арасында шекара сызығын жүргізу науқаны болып, Тарбағатай сілемдері аспан асты елінің құзырына меншіктеліп кеткен. Шекара бөлу сияқты саяси қадамдары мен шатағы жоқ қайран қандастар менің жайлауым, атамнан қалған қыстау деп іштей иемденіп отыра берген.

 Қош! Кеңестік геноцидтік саясат жылжып жүріп шығысқа да жетті. Социолизмге бет бұруды алғаш Мао Цзедун көтерді. Тап Ленин секілді ол да адамзаттың идеологиясымен,  санасымен психологиялық төңкеріс жүргізіп, оған көнбегендерді өмір сүру құқығынан айырып отырды. Осы жерде Алдан Смайылдың көп томдығындағы «Мао Цзе Дун» деген деректі шығармасындағы мына жолдарды көріп жаға ұстайсыз.

 «Қытайды Мао билеп тұрғанда ұлттық азаттық көксегені үшін 1,5 млн адам өлтірілді. Оның идеялары үшін — 2 млн, үлкен секіріс кезінде — 1млн, аз ұлттарға қарсы науқанда — 500 мың, мәдени төңкеріс жылдарында — 25 млн адам қаза болды». Адамзат тарихындағы үлкен қантөгістермен пара-пар зұлмат емес пе бұл? Қытай экономикасын қайта құрушы, аспан асты елінде Кеңес үкіметін орнптушы Маоның жасаған ішінара төңкерістерінің шалығы көшпенді халықтарға да тие бастады. Бұл жерде жоғарыда айтылған «аз ұлттарға қарсы күрес» деген реформа аясында жүзеге асқан науқан деп айтуға болады. Осы саяси науқан қарсаңында белгілі жазушы Қажығұмар Шабданұлы да абақтыға жабылып кете барды. Бірақ бұл қаламгер ағаның алғашқы немесе соңғы темір торға тоғытылуы емес еді. Бақандай 40 жылын қараңғы зынданда өткізген ол қазақ әдебиеті тарихында болмаған 6 томдық романды дүниеге әкелді.

  Жә, мәселемізге көшейік. Сол тұстағы Қытайдың қанды шеңгелінен әбден титықтаған қазақтар не жол табарын білмей дал болды. Ал осы арада Шәуешек аймағынан шығып, кейін Алматыда оқып келген 26 жасар Қабдеш тарихи отанға оралу жөнінде Мәскеумен байланыс жасап, рұқсат алуға барын салып жүрген-ді. Бағымызға орай, орыс та теріс айналмай, шекаралық ауыс-түйіс мәселесіне оң қабақ таныта қойды. Сөйтіп, 1962 жылдың сәуірі мен мамыры аралығы толассыз көш ағылады елге. Сенесіз бе, Қабдеш ағамыз бас болған қасиетті көшке ілесіп, атамекеніне 200 мың қазақ оралыпты. 200 мың! Және осы мыңдаған қазақтың дені Шәуешек аймағынан. 30-ға жасы ілікпеген жігіттің тарихта елеулі орыны бар оқиғаны ұйымдастырып, жүзеге асырғаны Құдайға аян. Қазір кейбір іші тар азаматтар қаламгер ағаның осы еңбегін жоққа шығарғысы келеді. Бұл – барып тұрған опасыздық. Тіпті бүгінгі күні қандастар оралуының мерейлі жылдары республикалық деңгейде аталып өтілуге тұрарлық қуаныш болса да, ол шаралар қолға алынбай келеді. Қабдеш ағамыз осы естеліктерін жазған сайын аһ ұрып:

—       Сол тұста аузынан жалын атқан айдаһардың тырнағынан сытылып, әккі орыстың тілін тауып жасалған орасан еңбек жайлы бүгін ешкім тіс жармайды. Енді өз еңбегімді өзім жазудан өзге шара жоқ,- деп тебіренеді.

  Ал енді ойланып көріңіз, «елім» деп еңірегенде етегі жасқа толып, атақонысқа жету үшін «ауыздықпен су ішіп, етігімен су кешкен» кемеңгер тұлғаның жасаған ерен ерлігіне, адамшылығы алдында өтелген парызына, одан қалды қандас бауырларымыздың үлкен тобының ортамызға оралған тарихи күнге әдебиеттен де, биліктен де, қоғамнан да оң бағасын бере алмай келеміз. Егемендігіміз қайсы, елдігіміз қайсы?

   -Сорлы қазақ жан алқымға тығылып,

    Қара күн кеп, тіккен туы жығылып,- деген М.Жұмабаевтың өлеңі бар еді. Айтса айтқандай, біз басымызға күн туса іздейміз қандасты, бауырды. Әйтпесе, қайта үйірін тапқан бауырына жыландай жиырылу ағайындыққа жата ма? «Олар қиын кезде бізді тастап кетіп, оңалғанда дайын асқа тік қасық болып отыр» дейді. Шындығында, Қытайдан келген қазақтарға «оралман» деген атауды беру кезінде ойланғанымыз дұрыс болар еді. Неге дейсіз ғой. Себебі, сіз Қытай жеріне санап жүрген Шәуешек, Үрімжі, Шыңжаң аймақтары байырғы қазақтың жері. Барқытбелдің күнгейі де, теріскейі де қазақтың ен жайлауы. Ал «олар дайын асқа тік қасық» дейтін азаматтар, сол дәуірде Қазақстан азаматы болуды көксеген ағайынның көкейінде тоқшылыққа кенелу де, қуғыннан құтылу деген жоспар да болған жоқ, керісінше туған жердің топырағы бұйырса деген ой түйткілін шешуге тырысты. Ұрпағым қазақтар арасында еңсесін тік көтеріп өссінші деп армандады.

   Осынау азапқа толы сапар тарихымыздың 62-ші жылғы хронологиясында басты оқиғалардың бірі болуға тиіс еді. Әлі күнге көзден таса қалып келеді. Көриейді емес көреді, білмейді емес біледі, тек үзеңгілесі өзінен асып кетеді деп қорқа ма, әйтеуір елемейді, ескермейді. Қылшылдаған жігіт басын қанды қақпанның шаппасына қойып, тәуекел еткен Қабдеш Жұмаділовтің дәрежесі көңілі ояу қазақтың санасындағы геройлардың бірі екені белгілі. Қаламгердің көзі тірісінде шаттыққа кенелтпей, өзекке теуіп жүрген жайымыз күллі әдебиет қоғамына да, жалпы қазаққа да үлкен таңба. Не десек те жазушы Қабдештің, ұлтжанды Қабдештің, ер Қабдештің  қайта тууы екіталай…

 

                                                                                  Әділет МӘДЕНИЕТ

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар