Арақтың ащы азабы

21 шiлде в 12:48 305 рет оқылды

«Анашым, сен өзіңе-өзің көмек бермесең, біз саған ешқандай көмектесе алмаймыз. Өз өмірің – өз қолыңда. Мүмкін осында біржола өзгеріп шығарсың? Сен бізге өкпелеме» –  деп Сағыныштың (аты өзгертілген) екі қызы анасынан кезек-кезек кешірім сұрайды. Тоғыз ай құрсағында көтеріп, дүниеге әкелген қос перзенті анасын бес ай бұрын емдеу орталығына тастап кетіпті. Алайда бұл олардың анасынан безінгені емес, жүрегі езілгені үшін барған тәуекел қадам болатын. Содан бері не өзгерді? Анасы есін жиып, ішімдіктен арылған. Бұған біз Алматыдағы наркологиялық медицина- əлеуметтік түзеу орталығына барғанда көз жеткіздік. 

Есірткіден араққа

Бастапқыда есірткіден араққа өтетіндердің жағдайы туралы сөз қозғадық. Соның бірі –  жасы елуге таяп қалған Жанайдар (аты өзгертілді). Ол бұл орталыққа бірінші рет келіп тұрған жоқ. Біраз уақыт бұрын нашақорлықтан емделіп шыққан болатын. Бұл жолы ішімдіктен, біржолата бас тарқысы келеді. Оның бұл жағдайға қалай тап болғанын өзі айтып берді.

Жанайдар «Маңғыстау облысының  тумасымын. Алматы қаласында тұрамын. Сегіз балам бар. Ішкілікке салынудан бұрын есірткіге құмар болдым. Мен негізі анаша шегуді достарыммен жүріп үйрендім. Ол кезде небәрі 16 жаста  болатынмын. 29 жастан кейін геройнге үйір болдым. Алдымен иіскеп көрдім. Уақыт өте келе ине арқылы тамырыма сала бастадым. Содан кейін нашақорлық дертіне біржола тұтқындалып, осы мекемеде емделіп  шықтым. Бірақ ұзақ жүре алмадым. Есірткіге деген құмарлығымның орнын арақ басты», –  дейді. Әрине, өкінеді. Бірақ өзегін өртеген өкінішін өзгеге көрсеткісі келмейді. Осы жолға тап болғанына ешкімді кінәламайды. Тек жастар менің жолыма түспесе екен деген тілегі бар. Керісінше, спортпен шұғылданып, бос уақытын тиімді жұмсаса деген ниеттін жасырмады бізден. Енді әуелгі кейіпкеріміз Сағынышқа қайта оралайық. 

«Құрбы-құрдастарым әсер етті»

Мен жолдасыммен ажырасқаннан кейін арақ іше бастадым. Ал біздің ажырасуымызға себеп болған дүние – оның есірткіге деген тәуелділігі. Оны емдетіп те көрдік. Нәтижесі болмады. Екі қызымыз бар. Мамандығым – технолог. Мамандығым бойынша да қызмет  істедім. Кейіннен саудаға көштім. Саудада жүріп, әр түрлі дос-құрбы таптым.  Ішкілікке салынуыма өзімді кінәлаймын. Алайда араласқан ортаға да байланысты екен. Өйткені, саудада ақша күнде түсіп тұрады. Кешке жұмыстан кейін сауық-сайран, күнделікті қыдыру әдетке айналды. Міне, мен сол  кезден бастап іше бастадым. Бұрын да ащы судан бас тартпайтынмын. Бірақ ол тек атаулы күндерде ғана болатын. Қазір жасым 52-де.  Соңғы екі жылда араққа қатты салынып кеттім. Бұл жерге үлкен қызым алып  келді. Оның жасы 32-де. Екі немерем бар. Ал кіші қызым 22 жаста, студент.

 «Қыздарыма өкпем жоқ»

Қыздарымның мені осында алып  келіп, емдетіп жатқанына жүрегім езіліп кетеді. Олар маған соңғы  рет «Анашым, өзіңе-өзің көмектеспесең, біз саған ешқандай көмек бере алмаймыз. Басқа да ем жасап көрдік. Мүмкін осында 6 ай жатып емделсеңіз, ойланатын  шығарсыз» –  деді. Бұйыртса, қыркүйекте шығамын. Ойланатындай уақыт болды. Бес айдан бері жатырмын. Көпшілік айтады: «Әйел адам ішіп кетсе, емделмейді», – деп. Бұл сөзбен келіспеймін. Менің өзімді тоқтатуға шамам  келеді.  Жұмыс та істеймін. Немерелерім үшін өмір сүріп жүрген адаммын. Мүмкін, жақсы адам кездесіп жатса, тұрмысқа да шығармын. Ащы суды бірге ішкен базардағы құрбыларымды іздемеймін. 

Ішуге сылтау табылар

Арақты аз тұтынатын елден емеспіз. Ресми деректер ащы суға үйір мемлекеттердің қатарына жатқызады бізді. Әрине, бұл айықпас дертпен күресу үшін бірқатар шара қолға алынған. Олай болмаса, ұлттың азғындауы мен құлдырауына алып келетін көрінеді. Өкініштісі сол, қандай амал қолдансақ та, ішімдікке тәуелділік әлі азаймай отыр. Той-томалақтың ішімдіксіз өтуі өте сирек. Ал кез келген дүкеннен бір емес, бірнеше түрін таба аласыз. Әрине, қалтаңда ақшаң болса, қалағаныңды аласың. Ал егер ақшаң болмаса, тойдан табасың. Мұнда да өзің отырған дастарханыңа сан алуан түрін ұсынады. «Бүгінгі қуанышта ішпесең, қашан ішесің», – деп сұрақтың астына алатыны тағы да бар.

Алматы қалалық наркологиялық медициналық-əлеуметтік түзету орталығындағы мәжбүрлі түрде емдейтін бөлімшенің жетекшісі Құмарбек Қожекеновтің айтуынша, ішімдікке әуестенгендер ешқашанда маскүнем боламын деп ойламайды. Біреуі қуаныш үшін, екіншісі қызық үшін, үшіншісі жеке басының қайғысын көтере алмай, өзін жұбату үшін ішеді.  Бұл бөлімше аты айтып тұрғандай, ішімдікке салынған адамды мәжбүрлі түрде емдейді. Дәрігердің сөзіне сенсек, маскүнем мен нашақорды деңгейіне байланысты емдейді. Мәселен, адам көп ішіп кетсе, белгілі бір уақытта шаршайды. Ол мүлдем іше алмай қалады. Содан кейін абстиненттік синдром пайда болады. Ондай науқасты міндетті түрде –  мәжбүрлі түрде емдеу бөлімшесіне жатқызу керек. Себебі олар не жұмыс істей алмайды, не ұйықтай алмайды. Тамақ та іше алмайды. Орталықта бірінші кезекте олардың ағзасын улы заттан тазартады. Оның жүйке жүйесін, жүрек, бауыр және бүйрегін қалпына келтіреді. Науқас 10-15 күн емделіп шыққан соң, бейімдеу орталығына жіберіледі. Екі айға жуық психологтар пен психотерапевтің қарауында болады.

Қ.Қожекенов «Бұл жерде емделіп шыққанның 30-40 пайызы түбегейлі ішімдікті қойып кетеді. Көбіне мұндай адамдар өз еркімен келіп,  емделгендер. Ал қайта келетіндер де бар.  Мысалы, бізден шыққан соң, ол жұмысқа бірден орналаса алмайды. Содан кейін ол өзінің ортасына қайтадан барса, тағы іше бастайды. Ақыры болмаған соң туысы бізге арыз жазып алып келеді. Сосын біз 6 айдан 18 айға дейін маскүнемге мәжбүрлі түрде ем жүргіземіз. Бұлардың бәрі бізге сот шешімімен келеді. Өз еркімен қоя алмағаны осылай емделеді. Арақ жақсылыққа әкелмейді. «Мен қойғым келеді», – деп өз еркімен келетіні де кездеседі. Көбінесе осындай азаматтар арақты біржола тастап кетеді.

 Есірткіге  іліккен

Біздің орталықта есірткіні қойып кетіп  жатқаны да бар. Өкінішке қарай, есірткіден бас тартып, ішкілікке салынғаны  жиі  кездеседі. Себебі есірткі алуға шамасы келмей, ішімдікке салынып  кетеді. Оның үстіне  есірткіге заң жүзінде тыйым салынған. Сотталып кетуден қорқады. Емделушінің 60-70 пайызы осылайша маскүнемдікке ұрынады. Орталықта ішімдікке салынған 30 жасқа дейінгі жастар да бар. Биылғы жылы профилактикалық есепте тұратын ішімдікке салынған 17 жасөспірім бар. Ал  есірткіге еліккендердің саны – жетеу. Егер бір жыл бойы ішімдікке салынбай, өзін дұрыс ұстап жүрсе, біз оларды есептен шығарып тастаймыз.

 «Әкім мен ардагер де бар»

Нашақорлық тұзағына түскендер 19 жастан 50 жасқа дейінгілер. Ал ішкілікке салынғанның көбі – зейнет жасындағылар немесе зейнет жасына  жақындап қалған азаматтар. Олар сол бұрыннан ащы суға үйір болып келе  жатқандар. Тіпті 15-20 жылдан бері есепте тұрған адамдар бар бізде. Олардың ішінде 5-6 пайызы мемлекеттік қызметте жұмыс істегендер. Қазір біздің бөлімшеде жатқан емделушінің төртеуі жоғары  білімді. Оның біреуі – Алакөл жақтағы бір ауылда әкімнің орынбасары болып қызмет атқарған азамат. Одан кейін Ауған соғысына қатысқандар да жиі  кездеседі.

 

Руслан Достаев,

Алматы қаласы

 

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар