Танымайтын қызды алып қашпақ болған ақтөбелік сотталып жатыр

17 шiлде в 14:00 58 рет оқылды

Ақтөбеде сөз байласқан қалыңдығымен келіспей қалып, базар маңынан көріп қалған бойжеткенді алып қашпақ болған Санат Өмірзақов сотталып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Ақтөбеде «қыз алып қашудың» арты сотқа жетті.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, осы оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің «Адам ұрлау» бабы бойынша іс қозғалды. Бүгін осы іске қатысты сот отырысы басталды. «14 маусым күні Санат Өмірзақов пен Алдаберген Жұмажанов екеуі сөз байласып, қыз алып қашпақ болды. Санат Өмірзақов 2013 жылдан бастап жүрген қызы яки болашақ қалыңдығымен сөз байласқан. Бірақ қыздың ата-анасы екеуіне қарсы болды. Кейін олар бірігіп, Аманбекқызы «алып қашуға» келісім береді. Санат Өмірзақов қалаға келіп, сүйіктісіне хабарласады. Ал Аманбекқызы «кішкентай бауырларымның қасында отырмын, олардың қарайтын ешкім жоқ» деп жауап қайтарған. Сол кезде ашуланған, «туған-туыстарымның, ағайымның алдында ұятқа қалдым» деген Санат Өмірзақов досымен кездесіп, екеуі сыра ішеді. Сол кезде алып қашу туралы ойлап, ауылға такси жалдап алады. Таксимен Ақтөбе қаласындағы Арай-1 базарына келіп, сол жерде кездескен 20 жастағы қызды көріп, «қалыңдық етіп алуға келетін қыз екен» деген тұжырымнан соң Санат Өмірзақов қыздың белінен ұстап, машинаға күштеп салмақ болады. Сол кезде бойжеткенді базардың күзетшісі құтқарып қалған»,- деді айыптау қорытындысын оқыған прокурор. Айта кетейік, сот отырысы кезінде айыпталушы Санат Өмірзақов бар кінәны мойындады. Прокурор Асылхан Сәрсенбаевтың айтуынша, сот-медициналық сараптама кезінде 20 жастағы жәбірленушінің екі иығы қанталаған, денсаулыққа жеңіл зиян келтірген деген шешім шығарылған. Сот отырысы жалғасып жатыр.

ҚазАқпарат

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар