Алпыс мыңға жуық атыраулық ЭКСПО-ға келген

17 шiлде в 12:47 84 рет оқылды

Қазір Астанада еліміз облыстарының күндерін өткізу дәстүрге айналған. ЭКСПО халықаралық көрмесі аясында ұйымдастырылып отырған бұл шаралар мәдени-ойынсауықтық бағдарламаларының көптігімен ерекше. Мәселен Атырау облысынан бұл шараға тек қана өнерпаздардың өзінен 1000-ға жуық адам келген. Мұндай мәліметті Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев айтты.

«Астана күндеріне келіп қатысу үшін жыл басынан бері облысымызда үлкен дайындық жұмыстары жасалды. 16-шілде мен 20-шілде аралығында Атырау облысының күндері өтеді. Елдің тарихынан сыр шертетін жәдігерлер көрмесі мен Құрманғазы мен Дина атындағы өнер ошақтарының күй керуенімен облыс күндерін ашуды жөн санадық. Жалпы облыс бойынша мыңға жуық өнерпаздар, қолөнер шеберлері мен зиялы қауым осы мерекеге үлесін қосу үшін келіп қалды. Бір апта бойы Астананың 12 жерінде бұл шараларымыз жалғасын табады. Қорытындысы 20-шілде күні «Қазанат» иппадромында өтетін үлкен аламан бәйгемен аяқталатын болады. ЭКСПО ашылғалы бері облысымыздан 60 мыңға жуық көрермен келіп, әлем назарын өзіне аударып айтулы шараны тамашалады. Оның ішінде 12 мыңнан астамы оқушылар, 4 мыңға жуық студенттер келді», – деді Ә.Нәутиев.

16 шілдеден 20 шілде аралығында өтетін Атырау облысы күндерінің бағдарламасы ауқымды. Әрбір бағдарламаның өзіндік маңызы және ерекшелігі бар.

Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармонияның бас редакторы, ақын Сағадат Нұрманов облыс тарихының тым тереңде жатқандығын атап өтті. «Атырау облысы, өздеріңіз білесіздер тамыры тереңге кететін тарихымен, шежіресіменен құнды. Сол құндылықтарды ұлттық болмысымызға лайықтап, рухымызды көтеру үшін әдейілеп, аттың басын Елордаға бұрдық. Қолөнер шеберлерінің, Сарматтар дәуірінен, көне дәуірлерден жеткен бабаларымыздың ерлігін паш ететін құнды жәдігерлер шеттен келген туристер мен еліміздің түкпір-түкпірінен келген ағайынымыздың көңілінен шығады, назарын аударады деп білемін», – деді Нұрманов.

Мұнайлы өлкеден келген делегация өздерімен бірге жүйріктерін де ала келген. Ол сәйгүліктер 20 шілде күні Астанадағы «Қазанат» иппадромында болатын ат бәйгесіне қосылады.

Айбарша ЖАҚСЫЛЫҚ

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар