Бурабайда бітелген бұлақ көп

30 маусым в 14:26 234 рет оқылды

Шашақты найза секілді мәңгі жасыл қарағайлар көмкерген тау етегінде ойдым-ойдым қайың шоқтары да көп. Топ қайыңның алқымындағы жасыл шалғынның сөлі қашқандай. Тасты-құмды өңірдің ылғалы кем. Қара қарғаның миы қайнайтын шілде тумай-ақ кенезесі кепкен сыңайы бар. Дәл бұрынғыдай Бурабайдың баурайынан сансыз бұлақ сабылып ағып жатпағандықтан шығар-ау.

Етектегі Айнакөл де томаға-тұйық. Су беті қарауытып тұрғандай. Жағалаудан қашып барып құрықтастам жерде жығылған айдынның жыл сайын кеміп келе жатқаны өз алдына. Мұның жалғыз-ақ себебі бар, бағзы замандағы бұрқырап аққан бұлақ түгелге жуық тартылған, көзі бітелген.

Айнакөлге зер салып қарасаң, аппақ айдыны тілім-тілім. Әсірелеп айтқанда, көл ортасына дейін кішкентай баланың құшағы жетер-жетпес темір діңгектер орнатылған. Темір діңгектердің ортасы темір тормен бекітілген. Яғни жекеменшік. Балдырға балтырыңды қанатып қорыста жүрсең, қорыстан жеріп асты құм қайрақты айдынға байқамай шығып кетсең, меншік иесі желкеңді үзеді.
Су екеш суға дейін қылдай бөліп меншіктеп алған. Олар да өз тілімінің тұнықтығын ойлайды. Бірақ тұтас көлдің тағдыры ешқайсысын елеңдетіп отырған жоқ.

«Су атасы – бұлақ» деген сөзді халық текке айтпағаны анық. Үлкен өзен мен көлдің бәрі де осы жер қойнауынан шымырлап шығып, жылғалармен жол салып ағып, өзен-көлге құйылып жататын бұлақтардан бастау алады. Жаздың қайнаған ыстығында суықтығы тіс жарардай бұлақтың суын сіміргенде, шөлің қанып, жан сарайың да жадырап сала беретіні бар. Сондайда, табиғаттың осы таңғажайып құбылысына таңдайыңды қаға тамсанасың.

Бурабай өңірі бұлаққа бай және ғалымдар тарапынан жете зерттеле қоймаған аймақ. Щучье-Бурабай демалыс аймағына жыл өткен сайын келіп демалатын адамдардың саны және соған орай, салынып жатқан құрылыстар қатары да рабайсыз көбейіп барады. Осыған орай су қорларын пайдалану қарқыны молайып, мұның өзі бұл төңіректегі көлдердің суының тартылуына қатты әсерін тигізіп отыр. Бурабай аймағындағы көлдердің суы таудан аққан қар суымен бірге, жер астынан шығатын бұлақтардың суымен де толығады. Бұлақ біткен бұғауланды, көзі жабылды. Бұған негізінен адамдардың қоршаған ортаға жанашырлықпен қарамауы әсерін тигізуде, деп санайды Қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Владимир Архипов. Бурабай өңірінде туып-өскен, бар өмірін осы өлкеде өткізіп келе жатқан ғалымның айтқанына құлақ салсаң, адам деп аталатын екі аяқты пенденің өзі табиғат-анаға жасап жатқан қиянаты мен қысастығына қаныға түскендей боласың.

Бұлақты ағу қарқыны мен бағдарына қарай маусымдық және ырғақты, – деп бөледі екен ғалымдар. Бұлақтың осындай ағу тәртібі Бурабай өңірінде анық байқалады. Владимир Алексеевич айтады «Бурабай орман шаруашылығы техникумында оқып жүрген студент кезімізде оқытушыларымыз орманға апарып сабақ өткізетін. Орман ішімен Бурабай, Қатаркөл, Қылшықты көлдеріне жаяу баратынбыз. Ұстаздарымыз жол-жөнекей бізге осы көлдердегі тіршілік пен оның ерекшелігі жайлы жан-жақты әңгімелеп береді. Осыдан 30 жылдай бұрынғы сол біздің студент күнімізде осы аумақта қадам басқан сайын тау-тастың арасынан шымырлап шығып, жылға-жылғаны қуып ағып жататын бұлақ өте көп болатын. Ал бүгінде сол бұлақтың көбі тартылып, мүлдем жоғалып кетті».

Ертеректе осы өңірде қызмет етіп, ғылыми-зерттеу жүргізген Г.Лаптев сияқты ғалымдар Бурабай өңірінің орман-тоғай мен өсімдікке бай, табиғаты көркем болуының себебі – осы аумақтағы суы таза қайнардың көп болуынан деген тұжырым жасапты. Мұндай бұлақтың суының дәмі тіл үйіретін тәтті және суық болады. Судың тіс жарардай салқын болуы оның аса үлкен тереңдіктен шығатынын аңғартатындай.

Бұл өңірде дәмі ерекше бұлақтар да баршылық. Оларды емдік қасиеті бар минералдық көз санатына жатқызуға болады. Біраз бұлақ құрамында темірдің аса көптігімен ерекшеленеді. Ақылбай жолының 12-ші шақырымындағы бұлақ дәл сондай. Оның суының 1 литрінде 16 милиграмм темір бар екен. Профессор П.Петров Бурабай өңіріндегі біраз бұлақтың суы родонды екендігін анықтаған. Громотуха өзені мен Бармашинадағы бұлақ осындай родонды сулы қайнарға жатады. Суы тастай салқын және тіл үйірердей дәмді болғандықтан, айналада тұратын жұртшылық ауыз суға сол бұлақтардың суын пайдаланған. 1928 жылы Бурабай демалыс аймағының директоры В.Якубович Бармашин қайнарының минералды суын газдандыруды тәжірибе жүзінде сынап көреді. Сөйтіп, одан мөлдір су алынады. Бүгінде бұл бұлақтың бір де бірі жоқ. Бәрі адамның салдыр-салақтығынан, жаны ашымастық әрекетінен көзі жабылып, әлдеқашан тартылып қалған.

Бұлақтың тірлігі көбіне адамға тәуелді. Өкінішке қарай, оны адамдар онша ұғына қоймайды. Осы өңірде тұратындардың айтуынша, ертеректе туберкулезге қарсы диспансер орналасқан маңайда екі бұлақ болған. Щучинск қаласының тұрғындары осы бұлақтардан су алып, үнемі пайдаланып жүрген. Міне, сол бұлақтарды қала басшыларының нұсқауымен бульдозермен аршып, тазартпақ болады. Тереңнен жол тауып шығып жатқан қайнар көзі шынжыр табанды трактормен тапталған соң-ақ бітеліп, мүлдем тоқтап қалады. Осылайша, біз сол тамаша бұлақтарды өз қолымызбен құртып тындық.

Щучье-Бурабай жолының бойында да дәмі тіл үйірер бір бұлақ болған екен. Жолмен өткен жолаушылар да, демалушылар да осы бұлақ суынан дәм татпай кетпейтін. Оның жанына адамдар отыратын ағаштан әсемдеп жасаған сая орнатып, сәкілер де қойылған. Бірақ бірнеше жыл бұрын әлдекімнің басына бір тамаша ой келіп, осы бұлақтың үстіне бетоннан ұстын орнатпақ болыпты. Осы темірбетон қабырға орнатылған соң-ақ, ауыр салмақ басқандықтан болар, бұлақ суы тоқтады да қалады. Щучье қаласының маңындағы тас кеніштеріндегі жарылыстар да көптеген бұлақтардың құрып кетуіне әсерін тигізгені анық.

Бұлақ – бұл жәй ғана су көзі емес, ол біздің табиғатымыздың ажырамас құрамдас бөлшегі. Өзен-көлдің қайнар көзі, өсімдік пен жануар әлемінің сақтаушысы. Бурабай өңіріндегі бұлақтар қазір қамқорлыққа аса мұқтаж. Жоғалып кеткен бұлақтың аумағын тазартып, қамқорлыққа алса, оның көзі қайта ашылар еді. Қазақ «бұлақ көрсең, көзін аш» деп тектен-текке айтпаған ғой. Бұлақ көзі ашылса, жылдан-жылға тартылып бара жатқан Бурабай аймағындағы өзен-көлдің суы да толығып, оның қоршаған ортаға тигізер игі әсерінің болары сөзсіз.

Байқал БАЙӘДІЛОВ,
Көкшетау

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар