Балауса тағдыр сынбайды

30 маусым в 13:19 313 рет оқылды

«Анам түн жарымында оралатын. Кейде удай мас болып келсе, бірде мүлде үйге қонбай қалатын. Біз оны іздеп шығып, көшеден, қаңғыбастардың арасынан табатын едік. Көп ішті. Неге ішетінін ол кезде түсінген жоқпыз. Ол ішіп алған кезде бізге көнбейді. Өзімізді ұрып, мазамызды әбден алды. «Сендердің әкелеріңді жек көремін. Сендер де құрып кетіңдер!» – деп балағаттап жүрді.
Кейін ол аяқ астынан қымбат киім киініп, сыланып-сыйпанып шыға келді. Оның қандай жұмыспен айналысып, ақшаны қайдан тапқанын білмей, біз аң-таң болдық та қалдық» – деп әңгімесін бір үзді. Сонан соң: – Бізге, тіпті әкеме де қандай жұмыс істейтінін айтпаған-ды. Қалтасынан бума-бума ақша үзілмейді. Таныстары да, достары да аяқ астынан көбейіп шыға келді. Біз кішкентаймыз. Көп нәрсені түсіне бермейміз. Үйге біреу келіп, біреу кетіп жататын. «Туыстарың» – деп айтушы еді. Сөйтсек, анам есірткі сатумен айналысыпты.

Қорқынышты түс

Буы бұрқырап тұрған ыстық суға кішкентай қызды тастай салды. Сәби шыр ете қалған. Ол ваннаның есігін жапты да, сыртқа шығып кетті. Құлынының шырқыраған дауысына қараған да жоқ. Тіпті, селк етпейді. Аяғын тапыл-тапыл басып жүрген сәбидің денесі қайнаған қара суда күйіп, еріп бара жатыр. Бүлдіршін жандал басымен ваннаның жиегіне жабысады. Бірақ шыға алмады. Екі қолының да терісі сыпырылып қалған. Қозға түскен құлындай шырқырап, от боп жанған денесін қайда қоярын білмей, мынау ыстық тозақтан құтыла алмай жанып жатыр. Ыстық су мен ыстық будың ортасында жанталасқан сәбиге көктен түсті ме, бір кезде қос қол келді де көтеріп алды.

Бұл – Аружанның жиі көретін түсі. Алты жастағы қыздың түн ұйқысын осы қорқынышты түс бөле береді. Күнде бір көрініс қайталанып, бала көңілін қардай жасытты. Бір күні таң алдында тағы да әлгі қайнаған суға балғын денесі еріп жатып, түсінен шошып оянып кетеді. Көз жасы өңірін жуып кеткен. Қасында жатқан әкесі қызын бас салып құшақтап, бауырына басты. «Не болды, қызым?» – деп еміренеді. Алты жастағы қызы жаман түс көргенін айтты. Күнде осы бір қорқынышты түстің мазалайтынын солқылдап жылап отырып жеткізді.

– Қызым, ол сенің түсің емес, өңіңде болған – деді құшағындағы қызының көз жасын емірене сүйген әке.

– Қалай сонда? Мен сенің алдыңда аман-есен отырмын ғой. Күйген жоқпын – дейді таудай әкесінің бауырына басын тыққан қара қыз.
– Сен 1 жасыңда дәл түсіңдегідей күйгенсің. Ваннада, ыстық суға түсіп кеттің.
– Қалай күйдім? Сен қайда болдың? Мені кім құтқарды? – деп Аружан басын көтеріп алды.
– Сені мен құтқардым. Жұмыстан келген бетім еді. Саған бірнеше мәрте ота жасаттым. Дәрігерлер жасанды тері көшірді. Көрер жарығың бар екен, құлыным!
– Анам ше? Ол да сол күні жұмыста болған ба?
– Жоқ, анаң үйде болған. Бірақ сен мазасын ала берген соң, жуынатын бөлмедегі ваннаға салып қойыпты. Сен краннан ыстық суды ашып жіберіп, күйіп қалыпсың.
– Анам сонда не істеген? Аяғын жаңа басқан, әлсіз, тынымсыз сәбиін қалай ваннаға салды екен? Қандай опасыз жан еді?!
– ?…
Әкесі үнсіз қалды. Бұл үнсіздік сәби көңілінде ұзақ сақталды. Әкесінің екі қолындағы білегіне дейінгі тыртықтың сырын кейін түсінгендей болды. «Әкемнің екі қолындағы тыртық – мені ваннадан көтеріп алғанда түскен күйік екен» – деді, терең ойға шомып кеткен қыз бір кезде.

Жетім жүрек

Содан бері он жылдай уақыт өткен. Аружан қазір 14 жаста. Алматыдағы №2 балалар үйінде тәрбиеленіп жатыр. Өзінен екі жас үлкен ағасы да осында. Әпкесі Диана студент.
– Біз жақсы отбасында туылдық. Әкем бар кезде бәрі тамаша еді – деп бастады Аружан әңгімесін. Денесі нәзік, талдырмаш қара қыз журналистердің келе жатқанын апайларынан естісе керек, бізді есік көзінен қарсы алды. «Сәлематсыздар ма?» – деп тап таза қазақша амандасты. Ішке кірдік. Дәлізде 7-8 бала теледидар көріп отыр екен. Бәрі бір тегіс орындарынан тұрып, жүгіріп-жүгіріп келіп «ассалаумаликум» деп қолымызды алып жатыр. Арасында орыс балалар да бар. Қазақша аман-сәлем бергеніне газетіміздің сайт нұсқасының модераторы Руслан Достаев дән риза. Бір орыс бала онымен аттас болып шықты. «Мен де Русланмын» – деп әзілдеп жатыр.
Мекеме басшысының орынбасары Рахия ханым келгенше балалардың болашақ арманын, жоспар-мақсатын сұрап жатырмыз. Тағдырдың жазуына мойын ұсынған соң ба, мұндағы балалардың көбі болашақтан үмітсіз көрінді. Үлкен арман, ұлы мақсатын байқай алмадық. Айтатыны – мұнда барлық жағдай жасалған, ешқайда кеткіміз келмейді – дейді. Бары сол ғана. Көздері нұрсыз көрінді. Кісіге тік қарай алмайды, жанарын тайдырып әкете береді…

Безбүйрек ана

Аружаннан анасы туралы көп сұрадық. «Оның атын аузыма алғым келмейді. Есіме салмаңызшы!» – деп өзімізге тік қадалды. Әкесі туралы естелік айтудан шаршамайды екен.
– Біз әкеміздің екінші әйелінен боламыз. Алғашқы әйелінен бір бала бар. Оның аты – Әлібек еді. Әкем бірінші әйелінен ажырасқан соң, біздің анамызбен тұрды. Кейін анам екеуі де отаса алмай, әкем бізді алып бөлек шығып кетті. Әлібек ағам да бізбен бірге тұрды. Өз анасының жанында қалғысы келмепті. Ол кезде біз өте бақытты едік! Әкем бізді үнемі қыдыртатын. Ағам да қамқор болды. Мен күйіп қалған соң, әкем маған ота жасатып, бәрімізді алып Астанаға көшіп кетті. Ол жақта да жақсы тұрдық. Мен мектепке барғанша сонда болдық. Мектепке баратын жылы жұмысына байланысты әкем бізді алып, Алматыға қайта оралдық. Анамызбен қайтадан бірге тұра бастадық.
– Ол аралықта анаң немен айналысты? – деп, анасы туралы алғашқы сұраққа қайта оралып жатырмыз.
– Анамның мені өмірге әкелгені болмаса, аналық парызын өтеген жоқ. Бір жасымда ваннаға қамап, ыстық суға күйдірді. Ол аздай бізді балам деп бауырына басқан емес. Өзінің жаны қалаған кәсіппен айналысты. Ақыры соның кесірінен түрмеге отырды.
– Қалай? – деп, таңданған қасымдағы әріптесімнің дауысы жарықшақтанып шығып кетті.
– Әкем бірінші әйелімен тұрып, бізге сырттай ғана көмектесіп жүргені үшін анам оған қатты ерегесетін. Бізге дұрыс қараған жоқ. Тәтемді де, ағамды да, мені де өзі туса да, баласындай жақсы көрмеді. Қит етсе, ұрып-соғатын. Әкем екеуінің де арасы жақсы болмады. Сөйтіп жүріп жаман жолға түсіп кетті.
– Жаман жол болғанда, ол қандай жол? Түрмеге не үшін отырды? – дедік біз.
– Қылмыс жасағаны үшін. Бірақ немен айналысқанын айта алмаймын – деді көңілі жабырқаған ол.

Ана мен есірткі

Аружан анасы жайында ешнәрсе айтқысы келмеген, бірақ сөз суыртпақтап отырып, біраз сырдың шетін шығарып алдық.
«Анам түн жарымында оралатын. Бірде удай мас болып келсе, бірде мүлде үйге қонбай қалатын. Біз оны іздеп шығып, көшеден, қаңғыбастардың арасынан табатын едік. Көп ішті. Неге ішетінін ол кезде түсінген жоқпыз. Ол ішіп алған кезде бізге көнбейді. Өзімізді ұрып, мазамызды әбден алды. «Сендердің әкелеріңді жек көремін. Сендер де құрып кетіңдер!» – деп балағаттап жүрді.
Кейін ол аяқ астынан қымбат киім киініп, сыланып-сыйпанып шыға келді. Оның қандай жұмыспен айналысып, ақшаны қайдан тапқанын білмей, біз аң-таң болдық та қалдық» – деп, әңгімесін бір үзді. Сонан соң: – Бізге, тіпті әкеме де қандай жұмыс істейтінін айтпаған-ды. Қалтасынан бума-бума ақша үзілмейді. Таныстары да, достары да аяқ астынан көбейіп шыға келді. Біз кішкентаймыз. Көп нәрсені түсіне бермейміз. Үйге біреу келіп, біреу кетіп жататын. «Туыстарың» – деп айтушы еді. Сөйтсек, анам есірткі сатумен айналысыпты. Есірткіні үйде сақтап, біздің көзімізше саудалап отырыпты. Әкемнің бізді алып кеткені де сол сияқты. Әйтпесе, қандай әке баласын анасынан айырсын?
Әкем бірінші әйелімен тұрып жүрген уақыт еді. Бір күні анам үйге екі әйелді ертіп келді. Сосын әлдебіреулерге қоңырау шалды. Арада жарты сағаттай уақыт өткенде, үйге жуан қап көтерген екі жігіт кіріп келді. Қаптан жаңа орған шөптің балауса иісі бұрқырайды. Біз қызықтап жүгіріп-жүгіріп барып едік. Анам бізді әлгі қапқа жақындатпай, жекіп тастады. Жігіттерге анам газетке оралған ақша берді. Олар есік көзінде тұрып әлгі ақшаны санады. Санап болғанша, біз де көз айырмай әлгі үшеуіне қарап тұрдық. Түрі қорқынышты екен.
Арада жиырма минут өткен жоқ, үйге тағы екі-үш кісі келді. Олар да есік көзінен қайтты. Бірақ әлгі үш қапты өзімен бірге әкетті. Анама қап-қара пакетке оралған бірдеме ұстатты. Ол біздің көзімізше ашқан жоқ. Өзінің бөлмесіне алып кіріп кетті.
Үйде қонақ болып отырған әйелдер сол күні үйіне қайтқан жоқ. Түннің бір уағында шешем қасындағы әлгі құрбыларымен бірге ән айта бастады. Бөлмемнен шығып, залға кірсем, үш әйелдің қасында үш еркек отыр. Дастарханның үсті тәтті-дәмді, ас-суға толып кеткен. Кезек-кезек тост сөйлеп, арақ көтереді. Үш баланың ішіндегі кішісімін. Еркемін. Қарным ашқан соң, анамның қасына барып едім, ол мені итеріп жіберді. Жылай бастадым. Мұртты, қарыны жуан ағай мені құшақтап, бетімнен сүйіп, тәтті және торт, ақша бере бастады. Анам мас болып қалыпты. Бір қысық көз, арық кісінің құшағында отырып алып, орысша ән айтып жатты. Біресе күледі, біресе жылайды.

Ананың адасуы

Диана ішіміздегі үлкеніміз. Анама «арақ ішпеші» – деп еді. Әлгі қасындағы қысық көз кісі Диананы құшақтап бетінен сүйді. Тәтем ашуланып, оны кеудесінен итеріп жіберді. Сөйтті де, ағам екеумізді ертіп бөлмеге кіріп, есікті іліп алды. Анамның достары қанша отырғанын білмеймін. Таңға дейін ән айтты. Ертесі түс кезінде оянсам, тәтем ыдыс-аяқты жуып жатыр. Анам үйде көрінбеді. Содан көп уақыт өткен жоқ. Бір күні сотталды да кетті.
– Анаң сотталғанда қасында болдыңдар ма? – деп сұрады мекеменің тәрбиешісі.
– Иә, ол күн әлі көз алдымда. Әкем де бар еді. Екі кештің арасы-тұғын. Әкем бізге мейрамханадан тамақ әкеліп, ағамның туған күнін атап өтуге дайындалып жатқанбыз. Анам күні бойы бір жақта болды да, сол уақытта ғана келген. Үйге кірді. Біздің жайнатып қойған дастарханымызға қарап, көзіне жас алды. Сосын ағамның бетінен сүйіп, туған күнімен құттықтады. Төрт көзіміз түгел дастарханға жайғастық. Алғашқы құттықтауды әкем сөйледі. Оның сөзін анам жалғады. Біз шапалақ ұрып, туған күн иесін құттықтап жатырмыз! Әлібек ағам да келген. Ол ағама ғана емес, маған да сыйлық жасады. Сөйтіп, бәріміз мәре-сәре болып отырғанда, есік қағылды. Диана жүгіріп барып ашты. Анам біртүрлі мазасызданып отырған. Есік ашылғанда, бізден бұрын сол қарғып тұрды.
Үйге сау етіп полицейлер кіріп келді. Мен қорқып, үстелдің астына кіріп кеттім. Анам сілейіп тұр. Ұзын бойлы бір кісі қолындағы қағазын әкеме көрсетті де, анамның қолын қайырып көзір салды. Бәрі біздің көз алдымызда болды. Екі сақшы үйдің ішін тінтіп, газетке оралған кірпіш сияқты үш зат тауып алды. Оның не екенін түсінген жоқпын. Әкем үнсіз, сілейіп орнына отырып қалды. Диана тәтем ғана полицейлердің қолына жабысып, шешемді босатыңдар деп жылады. Олар қыңқ еткен жоқ. Анамды алды да үйден шығып кетті. Туған күн де, басқасы да жайында қалды…

Әкесіз жетім – шын жетім

Көп өтпей, әкемнің жүрегі ауырып ауруханаға түсті. Ол жоқта біз қатты қиналдық. Мен 1-сыныпқа барған күзде әкем аяқ астынан жүрегі қайтадан ұстап, тағы да құлады. Сол жолы есін жимастан қайтыс болды. Дәрігерлер оған құятын қан жетпеді деп айтыпты. Анамыздың жоқтығы жетімдік емес екен. Әкеміз қайтқан күні біз шын жетімге айналдық. Әлібек ағам бізді өзі қамқорлығына алуға талпынып, құжатымызды жинап, жүгіріп көрді. Бірақ болмады. Оның үстіне сол жылы оның бүйрегі қатты ауырып, қайта-қайта ауруханаға түсіп қалып жүретін. Тапқан ақшасының бәрі дәрі-дәрмегінен аспайды екен. Әкемнің бірге туған қарындасы бар. Ол да осы Алматыда тұрады. Бізді балалар үйіне жібергісі келмеген. Алайда заң бойынша ол кісі де бізді асырай алмайтын болып шықты. Сөйтіп, жетімдер үйіне баруға тура келді.
– Анаң қанша жылға сотталды? – деп сұрадық. Қанаты қатая қойған қарлығаштың балапанындай қыздың көңілін бұзғымыз келмесе де, сұрақтың реті солай болды.
– Анам 7 жылға сотталды. Түрмеге де бардық. Тәтем мен ағам кірді. Мен шешемді көргім келмей, кездесуден бас тарттым. Ол кезде әкем тірі еді. Сол кісінің көңілі үшін барғам. Бірақ шешуші кезеңге келгенде көңілімдегі тоң жібімеді, шешемді кешіре алмадым. Сол үшін кездескім келмеді. Әлі де оның түрін көргім келмейді. Өйткені, ол біздің өмірімізді өксітті. Ақылы бар ана баласын қалай ғана жамандыққа қияды екен? Ал біздің шешеміз бір емес, үш баласының өмірімен ойнады. Ақшасыз болған жоқ. Әкем өмір сүруімізге жеткілікті қаражат тауып беретін. Бірақ шешем әкеме ерегесті ме, жаман жолға түсіп кетті. Ең соңында, міне, біздің өмірімізді мүлде басқа арнаға бұрып жіберді.
Анамыз аз уақыт бұрын түрмеден шығыпты. Естідік. Осында келді. Кездеспей қойдым. Бізді алып кеткісі келеді екен. Өзі қарайтынын, асырап-бағатынын айтыпты. Ағам мен тәтем кешірсе де, менің тас көңілім енді оған ешқашан жібімейді.

«Журналистерге сұхбат бергім келмейді»

Біздің бір байқағанымыз, мұндағы тәрбиеленушілердің ешқайсысы журналистермен кездесуге, сұхбат беруге құлықсыз екен. Себебін сұрадық. Мекеме директорының орынбасары Рахия ханым оны былай түсіндірді.
– Мұнда журналистер көп келеді. Кеше ғана бір телеарнадан келіп, балаларды түсіріп кетті. Айтқысы келмейтін, жүрегіне жара салған шындықты білгісі келеді әріптестеріңіз. Ал ондай шындық біздің балалардың жанын жаралайды. Біреу анасын жақсы көреді. Біреу жақындарын көргісі келмейді. Әр бала әртүрлі. Оны журналистер түсіне бермейді. Бір келгенде бәрін сұрап білгісі, айтқызып, жазып алғысы келіп, сұрақтың астына алып жатқандары. Бұлар содан мезі болған. Оның үстіне бұл балалар мектептегі сыныптастарынан ұялады. Солардың телеарнадан көріп қалғанын қаламайды. Бізде кейбір балалар мектеп түгілі, жоғары оқу орнын бітіргенше ешкімге ешнәрсе білдірмей жатады. Өйткені, бұл жеке басының шаруасы. «Балалар үйінен шыққан» – деген сөзді естігісі келмейді. «Жетім екен» – деп мүсіркегенді қаламайды. Бәрі шетінен намысты. Өйткені, өмір бұларды әбден қатайтып жіберген.
Тағдырдың ауыр сынына түсіп, сынып кетпеген, адам қолынан жасалған қиянатқа мойымаған, балалықтың бал дәмін сезінбей өскен, жігері ерте қатайған ұл-қыздардың өмірінен жасалған зерттеуімізді газетіміздің алдағы санында жалғастырамыз.
Ата-анасы бола тұра, перзентханада өлдіге саналған Айдардың өмірі туралы ақиқат ешкімді де бей-жай қалдырмасы анық. Ал шыққан тегін білмейтін, балалар үйінде тәрбиеленген Даниярдың тағдыр жолы, тіпті басқаша. Оның жетімдер үйінде үйлену тойын жасап, көптің жүрегін қуанышқа бөлегені – аңызға бергісіз әңгіме.

Екі кейіпкердің өмірінен жазылған тағдырлы мақаланы газетіміздің алдағы сандарынан оқисыздар!

Жарас КЕМЕЛЖАН

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар