Облыстық соттың жаңа төрағасы таныстырылды

20 маусым в 11:28 264 рет оқылды

Ақмола облыстық сотында Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының мамандандырылған сот алқасының төрайымы Айгүл Қыдырбаеваның жетекшілігімен өткен алқалы жиында жаңадан тағайындалған облыстық соттың төрағасы мен бірқатар аудандық соттардың төрағалары таныстырылды. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Егор Каппель қатысып, сөз сөйледі.

Мәжілісті ашқан Жоғарғы сот алқасының төрайымы таяуда ғана қайғылы қазаға ұшыраған облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрайымы Жанна Бердіғұлованы бір минут үнсіздікпен еске алуды ұсынды. Өмірінің жиырма жылын сот саласына қызметке арнаған Жанна Бердіғұлова тәуелсіз еліміздің сот саласының қалыптасуына өз үлесін қосқан тұлға.

Облыстық соттың бұрынғы төрағасы Нұрғазы Әбдіқанов Алматы қалалық сотының төрағасы болып тағайындалуына байланысты өз қызметінен кетті. Оның жаңа қызмет орнында жемісті жұмыс істеуіне тілектестік білдірген Жоғарғы сот алқасының төрайымы Ақмола облыстық сотының  төрағасын таныстырды. Осы кезге дейін Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы болып істеп келген, сот саласында 28 жылдық тәжірибесі бар Досжан Әміров Елбасы Жарлығымен Ақмола облыстық сотының төрағасы болып тағайындалды. Мемлекет басшысының Жарлығымен сондай-ақ, Раджаб Даминов облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы, Қазыбек Әбішев Есіл аудандық сотының төрағасы, Ринат Шақуанов Көкшетау қалалық сотының төрағасы, Айсұлу Жұматова балалар мен жасөспірімдер ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрайымы болып тағайындалды.

Облыс әкімінің орынбасары Егор Каппель облысымыздың дамуына сот саласының да қосып отырған үлесі барлығын, алдағы уақытта да облыстың өркендеуі жолында бірлесе қызмет ете беретіндігін айта келе, облыстық соттың бұрынғы төрағасы Нұрғазы Әбдіқановқа облыс әкімінің Алғыс хатын тапсырды. Жаңадан тағайындалған облыстық соттың төрағасы Досжан Әміров Елбасы белгілеген міндеттерді орындау жолында облыс соттары ұжымымен табысты жұмыс жүргізетініне сенім білдірді.

Бұдан кейін облыс соттарының биылғы жылдың бес айының қорытындысы талқыланып, облыстық соттың алқа төрағалары Ерлан Жанәділов пен Раджаб Даминов баяндама жасады.

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар