Тағдыр – тауқымет

16 маусым в 11:25 337 рет оқылды

Абақты қатар-қатар
болады екен,
Ішіне жақсы, жаман
толады екен.
Ішіне абақтының кіріп
барсаң,
Көңілің су сепкендей
болады
екен…

Атақты әнші Мәди Бәпиұлының осы бір шумақ өлеңінің өзі тас түрменің кейіп-кеспірін көз алдыға әкелетіні анық.

Бізді де темір есіктер, торкөз терезе қарсы алды. Бір есіктен кірсең, екіншісі тұрады. Екіншісін ашсаң, зілдей үшінші қақпа қарсы алады…
Жол бастаушылар түрме бастығына ертіп кірді. Есік көзінен тамағын пышақпен орып тастаған орыс жігіті қарсы кездесті. Сол жақ білегін, мойнының күретамырын бір сүйемдей тіліп тастапты. Қасымыздағы түрме қызметкерлері «Тамағыңа не болды?» – деп сұрап жатыр. Бізге әлгі көрініс тым қорқынышты еді. «Құлап қалдым» – дейді шімірікпей.
– Бұлардың сөзінің 99 пайызы өтірік – деп күлді Шынар.
– Неге? – дейміз ғой біз, аң-таң болып.
– Түрмеде тоқсан тоғыз түрлі адам отырады. Біреулер абайсызда тап болады. Ал біреулер мынау сияқты бостандықтың қадірін білмейтіндер. Бұларды бостандыққа бүгін жіберсең, ертең қайта келеді. Бала жасынан алған тәрбиесі таяз. Сондықтан, қылмысқа үйір келеді. Адал еңбекпен нан табуға, адал өмір сүруге қауқарсыз…

Абақты адам таңдамайды

Біз үш адаммен кездесуге ниет білдірдік. Біреуі 20 жастағы Серік деген жігіт. Жүзіне күлкі үйірілген. Қызыл шырайлы жігіттің өңінен қылмыскерді емес, қарапайым, аузын ашса, жүрегі көрінетін ауыл баласын байқайсыз. «Сен жазасын өтеп жатқан адамға емес, үйленгелі жатқан жігітке ұқсайсың ғой» – деп әзілдеді газетіміздің сайт нұсқасының журналисі Руслан.
– Бұл бала бүгін бостандыққа шығады. Оның жүзіндегі күлкі – қуаныштың белгісі, – деді түрменің бөлім басшысы Дәурен Мәшімбаев. Серік туралы әңгімеміз келешектің еншісінде.
Екіншісі – алпысты алқымдаған кісі екен. Оның да есімі – Серік.
– Серік аға суретші. Жазасын өтеушілердің арасында өтетін «Үміт» суретшілер байқауының лауреаты» – деп таныстырды оны. «Суретші екенімді айтпай-ақ қойыңдаршы. Одан да «Кітапхананың меңгерушісі» – десеңіздер де жетеді ғой» – деп күлді. Айтпақшы, кездесуіміз осындағы кітапханада өтті. Үш қабырға толған кітап. Қазақтың арғы-бергі жазушыларының біразының көптомдығы мен жеке жинақтары бар екен.
Серік аға «Суретші» деген киелі өнердің атын өзіне теліп, ұлы өнерді былғағысы келмейтіні сөзінен аңғарылады. Бостандықта жүргенде кедей-кепшікке көмектесетін қоғамдық жұмыспен айналысыпты. Ол жағын алдағы сандарда жазатын боламыз.
Үшінші кейіпкердің есімі – Нұрлан. Айтпақшы, үш кейіпкердің де есімін ғана бердік. Ата-тегін өздерінің өтініші бойынша құпия қалдырғанды жөн көрдік. Нұрланның тағдыры қаламымызға бірден ілінді.

«Өз түрмемді өзім салдым»

Нұрлан әңгімесін осылай бастады.
«Адамның айтқаны емес, Алланың дегені болады екен. Мен осы түрмемді өз қолыммен салған адаммын. Осындай да бұйрық болады екен-ау! Әкем, бауырларым – бәріміз құрылысшы едік. Бір күні осы түрмені салу бізге бұйырды. Салдық. Қабырғасын қалап, шатырын жауып жатқанда ойлаушы едім. Осы түрмеде қанша бейбақтың көз жасы көл болып, қанша адамның тағдыры тас-талқан болар екен. «Құдай адастырып, осындай қапасқа қамағаннан сақтасын!» – дегенім әлі есімде. Сол кезде қайдан білейін, өзімнің келерімді?!. Күпір сөз айтып қойдым ба, ол жағын да анық білмеймін.
1974 жылы Жамбыл өңірінің Сарысу деген жерінде туып-өстім. Оншақты жылдың алдында Алматының шетіндегі Есік қаласына көшіп келдік. «Есің кетсе, Есікке кел» – деген сөз бар екен ел ішінде. Ес жиып, ел қатарлы өмір кешкіміз келді. Екі ұл, бір қызым бар еді. Жолдасым араға уақыт салып төртіншісін көтерді. Бәріміз қатты қуандық! Әсіресе, менің қуанышымда шек болмады. Бір күні дәрігерге тіркелді. Олар іштегі шарананы УЗИ-ге салып көріп «Баланы алдырып тастаңыздар. Денсаулығында ақау бар. Өмірге келгенімен, ертең не орнынан тұрмайды, миы да дамымайды, өсіп-жетілмейді» – деп шорт кесті. Төбемізден жай түскендей болдық. Алматыға қаралдық. Бәрі сол сөзді айтты. Бірақ «көңіл – көк дөнен» – деген ғой. Медицинада қателесетін шығар – деп ойладық. Сөйтіп, әйелім екеуміз ақылдаса келіп, баланы өмірге әкелуге шешім қабылдадық.

«Қызыл гүлім солып барады»

Қызым дүниеге келді. Бірақ дәрігер айтқандай, кемтар. Сол туған күннен бастап ауруханадан шықпайтын болдық. Дәрі-дәрмегі бар. Ақша жетпейді. Үлкен үш баланың тамағы, киімі, сабағы бар. Оның бәріне де ақша керек. Әбден таршылық көрдік, қиналдық. Оның үстіне орнынан тұрмайтын сал адамды қараудың қандай азап екенін басына азап түспеген қайдан білсін? Бір тәулікте 24 сағат болса, байқұс әйелім 20 сағат сол қызды қарайды. Алла басқа салмасын, ауру қараған адамның өзі ауру болады екен. Әйелімнің де, бала-шағаның да берекесі кетті.
Ескі көлігіммен Алматыға келіп, жолаушы тасып жан бағып жүрдім. Қалыптасқан атаумен айтқанда «таксистпін». Бір күні Ресейден келген бір кәсіпкер мінді көлігіме. Жақсы ақша төлейтінін айтты. «Екі-үш күн ары-бері алып жүре аласың ба?» – деді. Келістім.
Екінші күні. Түс кезі. Ол бір жерге кіріп кеткен. Мен сыртта күтіп отырмын. Үйден, үшінші балам қоңырау шалды. «Әке, қарындасымның ауызы қисайып, көбік шығып жатыр. Көзі ағарып кетті» – деп жылайды. Шешесі медбике. Бірақ сол күні жұмыста еді. Үлкен қызым мен ұлым ойнап кетіпті. «Ағаң мен тәтеңді шақыр. Басына жастық қойып жатқыз» – дедім. Шауып баратын жақын жер емес. Амал қанша! Көзіме жас алып, жыладым. Қалай жыламайсың, көз алдыңда балаң күнде солып бара жатыр. Ауру дендеп, әлсіз денесі дертпен күресе алмай, қиналып жатыр. Соның бәрін ойлап, егіліп еңіредім. Сөйтіп отырғанда әлгі «клиентім» келді. Менің сора-сора болып отырғанымды көріп, мән-жайды сұрады. Алладан жасырғанды адамнан жасырамын ба? Айттым.
Содан бір ай бұрын ғана Ресейден мықты дәрігерлер Алматыға іссапармен келіпті. Солар біздің қызды көріп, Алматының диагнозын жоққа шығарған. «Қызыңыздың ауруы жазылады. Ол үшін Мәскеуге баруларыңыз керек. Бір мықты зертхана бар, соған қанын тапсырасыздар. Оның құны 350 мың теңге» – деді. Сол үмітпен күнді түнге, түнді күнге жалғап, жаман машинамды саңғырлатып шапқылап жүргем ғой. Менің сөзімді тыңдап болған соң, әлгі ресейлік кәсіпкер жаны ашып кетті. Үндемей біраз отырды да, бір ұсыныс тастады.

«Қарасора – сорымды қайнатты»

«Егер, сен маған бір қап «қарасораның» басындағы гүлін әкеліп берсең, сұраған ақшаңды берем. Қызыңды Мәскеуге апарып емдет. Бәлкім, жазылып кететін шығар. Ресейдің медицинасы озық қой» – деп үміт отын жылт еткізді. Басында ат-тонымды алып қаштым. «Құрысын, қырыққа келгенде қылмыс жасап, абыройымнан айырылатын шамам жоқ. Алла басқа салған екен, көреміз, көнеміз» – дедім.
– Өзің біл. Бірақ қызың үшін қылмыс жасасаң, кешірімді. Оның үстіне ауру деген адамды күтпейді. «Ойыңнан айнып жатсаң, хабарлас» – деп телефон нөмірін жазып берді.
Арада тағы бір айдай уақыт өтті. Қызым күн өткен сайын сола берді. Өзіміз де тұрмыс таршылығын әбден тарттық. Туыс-туған, дос-жардан қарызға ақша алғам. Олар да күн сайын соны сұрап, жанымды қыспаққа алғаны. Адамның қыры бір кетсе, бас көтере алмайды екенсің. Бір үйлі жан бетіне қарап отырған жалғыз көлігімді де ұрып алдым. Өзі қаусап тұрған ескі машинаның одан ары салдыр-салағы шықты. Сол сәтте миыма әлгі кәсіпкер оралды. Адам қиналғанда, алдын ойламайды екен. Көзімнің алды тұманданып кетті. «Нар тәуекел» – дедім өзіме өзім. Сөйтіп, ауыл жаққа тартып кеттім. Шудан, әлгі бәле өседі деген ауылдардың бәрін тінтіп, бір қап таптым. Достарым мен таныстарым ақылын айтып, «Қойсаңшы, жаман іспен айналыспашы» – деген.
«Қызым үшін қылған жамандықты Аллам өзі кешіреді. Оның үстіне мұны кәсіп қылайын деп тұрған мен жоқпын. Осы қиыншылықтан шығайын. Қызымды Мәскеуге апарып, қанын тексертіп, диагнозын анықтатып әкелейін. Сосын тастаймын бәрін» – деген уәж айттым.

«Адасқанның алды жар, арты соқпақ»

Шудың жолаушылар бекетіне келіп едім, кәстөм-шалбар киінген екі кісі Алматыға шыққалы тұр екен. Үлкен қызметте істейтін адамдар екені қолындағы сумкадан, киімінен көрініп тұр. «15 мың теңге береміз. Бізге Алматыға тез жету керек» – деді. Көлігімнің жанармайы бітіп тұрған. Оның үстіне 15 мың теңге көкейімді тесіп бара жатыр. Ойланбай келістім. Артқы орындықта дөңбектей болып әлгі қап жатқан-ды. Жүк сандығыма сыймады. Содан Алматыға жүргелі тұрған автобусқа салдым. «Сайран» бекетінен күтіп алатын болып келістім.
Шудан шығып, шуылдатып отырып Алматыға бір-ақ кірдім. «Сайранға» келіп автобусты күтіп отырмын. Ойымның бәрі қызымда. Ақша қолыма тисе, тезірек Мәскеуге апарсам, жазылып кетсе – деп үмітті ойлармен отырмын. Автобус кешіккен соң жүргізушінің ұялы телефонына қоңырау шалып едім, «Алтын Орда» базарына жетпей бұзылып қалғанын айтты. «Өзіңіз алып кетіңіз затыңызды» – деді жүргізуші. Ойымда он тиын жоқ, көз алдыма сал қызымды елестетіп, оның шауып кететінін есіме алып, алып-ұшып жетіп бардым.
Шофер автобустың көлеңкесінде отыр екен. Жүзі шаршаңқы көрінді. Жолаушылардың бәрі кетіп қалыпты. «Менің затым қайда?» – дедім бара салып. «Әне» – деді, таудай үйілген жүкті нұсқап.
Шөптің нілі шықпасын деп, үш қаппен қаптап салғам ғой. Таудай үйілген сөмкелердің астында қалып, езіліп кетпеді ме екен деген оймен, қапты жұлып алғаным сол, екі қолтығымнан екі адам жабыса кетті. Қарасам – мұздай қаруланған екі полицей. Арт жақта – сапқа тізілген жасауыл. Сонда ғана есім кірді…
– Содан не болды? – дедім мен сәл үнсіздіктен соң.
– Бес жарым жыл кесті сот. Екі жыл жеті айын өтедім. Енді жартысы бар. Түрмеге жетіскен адам отыра ма? Мен құсап адасқандар да бар, әдейілеп қылмыс жасағаны да бар мұнда. Пендешілігіміз көп екен біздің. Алла берген сынаққа сынып, осындай қылмысқа шатылдым. Одан да Құдайға сыйынып, ауру болса да, сол қыздың азабына шыдағанымда, бұлай қор болмас едім. Енді амалым жоқ!
– Түрме адамды түзей ме? – деп сұрады әріптесім.
– Есі бар адам түзеледі. Ессіз адамға бостандықта да, түрмеде де түзелмейді. Менің бұл қапастағы досым да, сырласым да – Абай. Абайдың өлеңдері мен «қара сөздерін» жата-жастанып оқимын. «Абай жолын» бірнеше қайталап шықтым. Данышпан ақын кісіліктің көрсеткішін, адам болып өмір сүрудің қағидасын жазып-сызып беріп кетіпті ғой. «Адасқанның алды жар, арты соқпақ» – деген Абай сөзінен артық ұғым бар ма?!

Соңы

Алматыны жақсы көрмейтін адам жоқ: ақын да, композитор да отты өлеңін, сұлу әнін арнаған қала. Бірақ қамалынан ұшқан құс қана өтетін осындай тас түрме әлгі әдемі әннің ажарына көлеңке, сұлу өлеңге сызат түсіретіндей. Басқаны білмеймін, бұл жолы менің көз алдымнан сондай суық көрініс кетпей қойды.

Жарас КЕМЕЛЖАН

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар