Жібектен инвестицияға дейін

09 маусым в 13:17 174 рет оқылды


Жанына халқымыздың жылқы жаққан,
Жылқыға жетпеген көз жаутаң қаққан.

Қазақтың дүлдүл ақыны Ілияс Жансүгіров ер қанаты – аттың қасиетін екі ауыз сөзбен жеткізген. Жылқы қадым заманда әлемдік өркениетті өрге сүйреген деседі. Қытай жылнамасындағы Жаң Шиан деген елшінің Кіндік (Орталық) Азияға саяхаты ұзаққа созылған. Ол еліне жүзім мен анар, көз жауын алатын сәйгүліктің бір үйірін апарады. Ауыздығымен алысқан тұлпарлар жергілікті жылқыдай тапал емес. Еңселі әрі шыдамды. Ханзулар дала арғымағына қатты қызығады. Әлгі елші сол кездегі билеушіге жылқыға жібек матаны айырбастауға кеңес береді. Сөйтіп, біздің дәуірімізге дейінгі 121 жылы ұлы Жібек Жолы пайда болып, алғашқы керуен батысты бет алыпты.
Бүгінде Аспан асты еліндегілер біздегі төрт түліктің біріне, нақтырақ айтсақ, қой етіне құмар. Астанада өткен Шаңхай ынтымақтастық ұйымының Іскерлік кеңесінде шығыстағы көршімізге 80 мың тонна қой етін сатуды көздейтін құжатқа қол қойылатыны хабарланды. Былтыр ауыл шаруашылығы министрлігі 60 мың тонна сиыр етін жөнелту жоспарда тұрғанын жария еткен болатын. Жоба іске асып, жатса, мұның малшы қауымға үлкен сеп болары анық. Өйткені, қазір ғаламдық нарықты тұтынушы табу қиын. Миллиардтар еліне қой еті Австралиядан жеткізіледі. Жол алыс болғандықтан, мұздатуға мәжбүр. Ал Қазақстан тиіп тұр. Ежелгі Жібек Жолының жаңғыруы біздің диқанға алып нарықты ашты. Бұрын бидай қаппен жіберілетін. Қазір вагонмен. Қытай төрағасы Си Зинпиң таяуда жарық көрген мақаласында өз еліндегі қарапайым отбасының дастарханында Қазақстан ұнынан жасалған тағам бар екенін айрықша атап өтті.
Жібек Жолы бойында бүгінде мата қат тауар емес. Мұнай бағасынан туындаған дағдарыстан кейін қаржы немесе инвестиция ең қымбат дүниеге айналды. Мұны отандық экономика да сезіп отыр. Жуырда Петербургте халықаралық экономикалық форум өтті. Сарапшылардың пікірінше, Ресей экономикасы қаржыға өте-мөте мұқтаж. «Қара алтыннан» түсетін табыс азайып, санкция салмағын батыра түсуде. Батыспен әңгімесі жараспай тұрған Түркияның ендігі жердегі үміті — араб әлемі мен Қытай. Анкара, тіпті, 1,5 млн доллар алып келген инвесторға елде азаматтық берілетінін жария етті. Міне, осы тұрғыдан алғанда, бізге келіп жатқан қытай қаржысын тиімді мүмкіндік деп бағалаған абзал. Қаржы дегенде біз тікелей инвестиция тартуға басымдық берілсе дейміз. Себебі, несиені түбі бір қайтаруға тура келеді. Кеше қытай тарапымен тікелей инвестициямен іске асатын жел мен судан электр қуатын өндіру, коммерциялық банктерден несие алуға қиналатын кәсіпорындарды қаржыландыратын бірлескен қор ашу, дайын өнім шығаратын өндіріс ошақтарын құруды көздейтін жобалар бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді. Ендігі міндет – әр нәрсенің есебін біліп, ешкімге есе жібермейтіндей сауатты жұмыс істеуде.

Срайыл Смайыл

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар