Су бетіндегі сурет (фото)

273 рет оқылды

Ұрпақ тәрбиесі басты назарға алынған бұл қоғамда баланың ой-өрісін, психологиясын бақылап отыру маңызды жұмыс. Ғылым мен медицинаның қарыштап дамыған уақыты соны дүниелердің ортаға шығуына себеп болды. Оның мысалы арт терапияның түріне жататын «Эбру» су бетіне сурет салу әдісі. 

Арт терапияның бұл түрі қауіпсіз әрі сақтықпен жасалады. Яғни қолына қылқалам ұстаған кез келген адам қиялға ерік беріп, төл туындысын жасап шығады. Сонымен қатар жеке шығармашылықты дамыту үшін де су арқылы қағаз бетіне түскен суреттің орны орасан зор. «Эбру» ішкі жан дүниеңізге терең бойлап, жаңа нәрсе ойлап табуға ықпалын тигізеді. Дүние жүзінде аталмыш өнерді «биші бояулар», «бұлт пен жел», «толқын тәрізді қағаз» деп те атайды.

Шығу тарихы

«Эбрудың» шығуы жайлы әртүрлі дерек бар. Бұл өнердің нақты қай елден бастау алғаны белгісіз. Бірі – Үндістан, енді бірі – Парсы халқынан, кейбірі Бұхар хандығында, Шығыс елдерінен келген деседі. Ал аталған әдіс Осман империясында өркендеді. Оның қарыштап дамыған жері – Түркия. Сондықтан да Түркияны «эбрудың» отаны деуге толық негіз бар. Батыста көбіне «түрік қағазы» деп атайды. Көнеден табылған картина XI ғасырды көрсетіп отыр. Бірақ өнертанушылар мұны әзірге дәлелдей алған жоқ.

Бізге қалай келді?

Елімізде бұл әдіс бірте-бірте қолданысқа еніп жатыр. Қызықты тәсілдің кеңінен таралуына үлес қосып жүргендердің бірі – №60 балабақша меңгерушісі Ақтамақ Өмірбекқызы. Ол бұл әдісті өзі басқаратын балабақшада қолдануды бастап кеткен. Оның айтуынша, су бетіне сурет салу әдісі баланың жан дүниесіне үңіліп, ішкі әлемінде болып жатқан жай-күйін жеткізе білуге ықпал етеді. «Эбру» баланы сурет салуға үйретпейді, керісінше сол арқылы қызығушылығын оятып, шығармашылығын дамытуға септігін тигізеді.