Әлжанды бауырымызға тарту, мақтан ету – азаматтық парызымыз

192 рет оқылды


«Жас қазақ» газетінің 2017 жылғы 26 мамырдағы нөміріндегі белгілі журналист Қыдырбек Рысбектің «Миллион қазақ елге оралды! Тұңғыш Олимпиада чемпионы сыртта қала ма?» атты мақаласын аса тебіреніп оқыдым. Өте жақсы мақала, өзекті тақырып қозғалған. Мақаладағы дәйекті де дәлелді тұжырымдар мен ұсыныстарға толықтай қосыламын.

Менің ойымша, ендігі кезекте еліміздің зиялы қауымы, белгілі спорт қайраткерлері үкіметке ашық хат жазып, атақты ағамыз Әлжан Жармұхамедовты Отанымызға алдыру мәселесін жедел түрде іске асыруы керек. Үкіметтен жалпылама жауап келсе, онда намысы бар қалталы қауым асар жасап, Астанадан үй-жай алып беруге атсалысуы игілікті де абыройлы үлкен іс болар еді. Тіпті болмаса, осы істі жүзеге асыру үшін жалпыхалықтық қор құру дұрыс болар еді. Қазірде үкімет пен қоса, жеке кәсіпкерлердің ақшасының жөнсіз кетпей жатқан жері жоқ. Ол баршаға белгілі: рабайы келіссіз атағы өткен ғасырда қалған шетел әртістері мен спорттағы жұлдызды шағы сөнуге жақын легионерлерді қыруар ақшаға сатып алу етек алған. Сол легионерлер қазақ жерінің атақ-абыройын ешқашан көтермейді. Керісінше төмендетеді. Одан да сол бекер шашылып жатқан шығынды ақшаларға өз топырағымыздың түлектерін өсіріп-өндіру, жіті дайындау тиімді емес пе? Әрине, тиімді де абыройлы іс. Оны басына нұр жауғыр сиқырлы дауыс иесі әншіміз Димаш Құдайберген айрықша 100 пайыз дәлелдеп отыр! Осындай ардақты шараны, баскетбол саласындағы жемісті істі тәжірибесі мол, ел намысына жанашыр қазақ азаматы Әлжан ағамыз көтерер еді. Оның бағасыз мол тәжірибесі, спорттағы биік мәртебесі баскетбол спортын шыңдауға септігін тигізері сөзсіз. Тіпті оның тек атағы ғана арманшыл талай өренді шабыттандырар еді. Егер игілігі мол оңтайлы ой іске асса, Әлжан ағамызға үй-жайды тек Астанадан қарастыру қажет. Өйткені, не дегенде Алматының ауасы тар (осы жәйт бізге шуақты да қимас бұрынғы Астанадан көшуге себеп болған еді). Ол, әрине, Астана. Сөз соңында, түйінді ұсыныс – Астанада Әлжан Жармұхамедов атындағы баскетбол академиясы ашылса, аса бір абзал іс болар еді. Қазақтың мәртебесі тағы бір елі көрсетілер еді. Осыларға күш салайық, намысты ағайын.

Нақыпбек Сәдуақасов, 

заңгер

Астана қаласы