Қазақтың көбеюі табиғи үрдіс

09 маусым в 12:34 265 рет оқылды

«Қала қазаққа жау емес». Кеңес үкіметінің кезінде Алматыға қазақтарды кіргізбеу туралы саясат ашық-айпара жүргізілді. 1926 жылы қазақтың үлесі 6-8 пайызға жеткенде, сол кездегі билікте отырғандар қорыққан, қатты үрейленген» – дейді белгілі саясаттанушы Айдос Сарым. Алматыда өткен «Сарапшы» пікірсайыс клубының отырысында ішкі көші-қон жайы талқыланды. Біз осы басқосуда баяндама жасаған, саясаттанушы Айдос Сарым мен аталған тақырыпты зерттеп жүрген философ-публицист Әбдірашит Бәкірұлының пікірін беріп отырмыз. 

Айдос Сарым:

Қазақстанда тарихи тағдырлы үрдіс жүріп жатыр. Шынын айту керек, біз әлі де болса постотарлық, постсоветтік заманды әлі аяқтаған жоқпыз. Саясаттануда «постколониалдық дискосс» деген ұғым бар.

Біз ұлттық мемлекет құрамыз дейтін болсақ, бірнеше қадамды бастауымыз керек. Шынын айтсақ, бүгінгі күні табиғи отарсыздану әрекеті жүруде. Соңғы кезде Елбасының рухани жаңғыру туралы мақаласы болсын, басқа да қадамдар болсын, бәрі отарсыздану үдерістерінің алғашқы қадамдары. Орыс жастарының көбі Ресейге кетіп жатыр. Қазақ тілді жастардың көбеюі, қазақи рухты жастардың санының артуы табиғи түрде жүреді. Орыстілді қауымның Ресейге кетуі де табиғи түрде жалғаса береді. Оңтүстіктегі ағайынды солтүстікке көшіру туралы бағдарлама жүруде. Тәуелсіздіктен кейін оңтүстік пен батыстағы қалалар дамыды. Солтүстік облыстардағы Шахан, Абай, Саран сияқты моноқалалар тұралап қалды. Демографиялық өсім 1988-89 жылғы көрсеткіштен аспаған. Оңтүстіктен солтүстікке көшіру саясаты жақсы. Бірақ түйткілі де көп. Әлеуметтік жарнама аз. Жамбыл облысының тұрғындары Солтүстік Қазақстан облысына көшуге құлықты. Ал Жаңаөзеннің халқы басқа өңірге барғысы келмейді. Оңтүстіктен солтүстікке көшкендерді түртпектеу, «келімсек» көру, «жерін қызғану» деген сияқты пендешіліктен арылғанымыз абзал. Оған ақын-жазушы, зиялы қауым ел аралап жүріп, түсіндіру, ақпараттандыру жұмысын жүргізу қажет.

Әбдірашит Бәкірұлы:

Алматыда халықаралық көші-қон мәселелері бойынша өткен конференцияда кейбір саясаттанушылар «Бізден білімді азаматтар кетуде. Олардың орнын басушылар – біліктілігі төмен жұмыс күші» – депті. Біздіңше, орынсыз пікір.
Біз өзімізге оралып жатқан қандастардың ниетін қалай қабылдасақ, орыстардың тарихи отанына деген ұмтылысын да солай қабылдауға тиіспіз.

Мен бұл көшті әлеуметтік жағдаймен байланыстырмас едім. Себебі кеңестік заманда орыстар ірі қалаларда, табысы мол өндірістерде жұмыс істеді. Мен мұны демографиялық толқынның екінші легіне жатқызар едім. Тәуелсіздік алған жылдары орыс пен өзге ұлттар шетке қоныс аудара бастады. Сол алғашқы өткен лек онда барып қоныстанып, тамырын жаңа жерлерге жайды. Ресей оларды сіңірді, олар Ресейге сіңе білді. Содан кейін көшті Ресейдегі жоғары оқу орындары жалғастырды. Біздегі білім жүйесінің біразға дейін бір жүйеге түспеуі, оқу ақысының қымбаттауы себеп болды ма, әйтеуір, еліміздегі орыс ұлтының жастары терістік көршімізге кетті. Осыдан 20-25 жыл бұрын кеткендердің бір шоғыры оқуын бітіргесін елге қайтпай, сонда қалып қойды. Жұмысқа орналасты, үйленді, балалы-шағалы болды. Қазір олар немере мен ата-әжені біріктіргісі келеді. Өйткені, ата-ана қартайды. Жақын болашақта бұған «туыстардың табысуы» атты жаңа көш-қон легі түзілуі әбден мүмкін. Ресейде қабылданған «Отандастарды қабылдау» бағдарламасы, зейнетақының жоғары болуы және халықаралық санкция жағдайындағы Ресейдің экономикалық жедел индустрализация, яғни «өз күнін өзі көру» форматына көшуі де көп әсер етуде.

Орыстардың көше бастауына этносаралық қатынастың ешқандай қатысы жоқ. Соңғы 15 жылда қазақ халқы демографияда жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Орыстарда бұл жағдай керісінше. Сөйтіп, демографияға сай қоғам қазақтану процесін бастан кешуде.

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар