Арқаға күн энергиясы келеді

09 маусым в 13:32 246 рет оқылды

«ЭКСПО– 2017» Халықаралық көрмесі аясында Саран қаласында Орталық Азиядағы қуаты 100 МВт құрайтын күн электр стансасының құрылысы басталды.

Салтанатты рәсімге қатысқан облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ құрылыстың іргетасына капсула орнатты.

Бүгінгі ғылым мен техниканың қарыштап дамыған заманында жағатын отын шақ келер емес. Экологияға келген нұқсан орасан. Соған орай бүкіл әлем балама энергия көзін іздеуде. Ол – жел қуаты мен күннің көзі. 2050 жылға қарай әлемнің 20-25 %-ы күн қуатын пайдаланады деп болжайды. Астанада ашылатын «ЕХРО – 2017» көрмесінің де көздегені осы және экономика.

Жалпы құны – 139,5 млн.еуроны құрайтын «SES Saran» ЖШС жобасы – «Жасыл энергетика» саласындағы Чехия мен Словакия елдерінің инвесторлары арқылы жүзеге аспақ. Құрылыс 200 адамды жұмыспен қамтымақ. Жобаға еліміздегі электр желілерін басқару жөніндегі «KEGOC» акционерлік қоғамы мұрындық болды.

– Біз – Елбасының баламалы энергияны дамыту жөніндегі тапсырмасын орындауға қадам жасадық. Бүгін Орта Азиядағы ең үлкен күн электр стансасының құрылысы басталды. Бұл – біздің облысымыздың әрі Саран қаласының болашағы үшін экономикалық пайда әкелетін өте тиімді жоба, – деді аймақ басшысы Ерлан Қошанов.

Сондай-ақ, шара барысында Саран қаласы әкімдігі мен «SES Saran» ЖШС арасында екіжақты меморандумға қол қойылды.

Біз сөзге тартқан «SES Saran» ЖШС жобасының ғылыми кеңесшісі Душан ПОДГОРСКИ былай деді:

 – 2014 жылы жобаның алғашқы идеясы жасалынған болатын. Орналасатын жерді іздеуге біршама уақыт кетті. Мен Қазақстанның ЖОО-да дәріс оқитын профессоры ретінде елдің қазіргі жетістіктерімен мақтанамын. Әсіресе, «ЭКСПО– 2017» Халықаралық көрмесі аясында Германия, Чехия еліндегі әріптестеріммен бірге аталмыш жобаның Саран қаласында жүзеге асқанына қуаныштымын. Біздің кепілдеме бойынша электрстанса он бес жыл жұмыс жасайды. Кепілдеме мерзімі аяқталса да, стансада қиындықтар болмайтынына сенімдімін.

– Жоба елімізде экологиялық таза күн энергиясын алуды көздейді. Басты инвесторлар Еуропалық одақ өкілдері – Я.Зонненшайн және А.Беренс. Жалпы, жоба жұмысына «Шнайдер Электрик» және «Грасс Инжиниринг» (ГФР) секілді ірі компаниялар серіктестік танытқан.

Осы орайда: «Жоба жұмысына серіктес инвесторларға алғыс білдіреміз. Алдымен, серіктестердің Қазақстан даласын, оның ішінде Саран қаласын таңдап алғаны қуантты. Келесі жылы маусым айында кездесіп, тұңғыш күн электрстансасының тұсауын кесеміз деген үміттемін, – деді облыс әкімі.

Жалпы, күн энергиясын күнделікті тұрмыста кеңінен пайдалану қазіргі уақытта дүние жүзінде мұнай мен газдың күннен-күнге қымбаттауынан туындап отыр. Осыны ескерген серіктестер Орта Азиядағы энергия сарқылмайтын тұңғыш стансасының Саранда орналасуын сәттілікке балайды.

Стансаға 160 гектар жер бөлінген. Онда 370 мыңнан астам күн панелі орналстырылады. Стансаның қуаттылығы – 100 Мвт. Жыл ішінде шамамен 145 млн. кВт/с. электр қуаты өндіріледі. Ал Саранның оның оннан бірін ғана тұтынатынын айта кетейік.

Төрехан МАЙБАС

jasqazaq.kz

 

 

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар