Тұтқындағы қазақ жауынгерлері

02 маусым в 12:04 423 рет оқылды

Тұтқында болған қазақтар, Түркістан легионы туралы зерттеулер көп емес. Тұтқындар тарихына қатысты зерттеулер жазған қазақ ғалымдары да саусақпен санарлық. Белгілі қаламгер Амантай Кәкен соғыстан кейін 1947 жылы Алматыда Түркістан легионының белсенді қызметкерлеріне жүргізілген сот материалдарын қысқаша жария етті. Саясаттанушы Бақыт Садықова Франция жерінде қимыл жасаған Түркістан батальондарының кейбір жауынгерлері туралы француз және неміс құжаттарын жариялады. Белгілі ғалым Гүлжаухар Көкебаева өзінің көлемді монографиясында бірінші және екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Германия мен Ресей – КСРО жағындағы тұтқындардың жалпы мәселесін қарастырды.

Ресей тарихшылары да бұл мәселеге назар аударуда. Татар тарихшысы И.Гилязовтың «Легион Идель-Урал» монографиясы, орыс тарихшылары С.Дробязко, О.Романов, К.Семеновтың «Иностранные формирования Третьего рейха» деген көлемді кітабы гитлершілердің құрған Шығыс легиондары туралы көп мағлұмат береді.
Неміс тарихшыларының еңбектерінен де Шығыс легиондары туралы деректер кездеседі. Әсіресе неміс ғалымы Рольф – Дитер Мюллердің «На стороне вермахта. Иностранные пособники Гитлера во время «крестового похода против большевизма» деген кітабы ақиқат тұрғысынан мол мағлұмат береді. Ол орыс тіліне аударылып та басылды. Сол сияқты неміс тарихшысы және этнографы Иоахим Хофманның Шығыс легиондары туралы зерттеуі де («Die Ostlegionen 1941-1943». Freiburg, 1976) назар аударады. Онда Түркістан және Кавказ батальондары туралы, олардың Кавказ бен Сталинград бағытында немістер жағында ұрысқа қатынасқаны туралы деректер бар. Осы зерттеулерден басқа да құнды деректері бар жарияланымдар мұнда ескерілді.
КСРО әскерлерінің соғыстың алғашқы екі жылында жеңіліске ұшырап, шегінуі, тіптен 1942 жылы майдан шебінің Еділдің жағасына дейін жетуі үлкен шығындарға душар еткені мәлім. Тек соғыс басталған 1941 жылы 22 маусымнан бастап желтоқсан арасында 2 миллионға жуық кеңес әскері қатардан шықты. Тұтқынға түсті. 1941 жылы жаздың шілде-тамыз айларында тұтқынға түскен КСРО солдаттары мен командирлері Украина мен Белоруссия, Балтық бойы елдерінде фашистердің жасақтаған уақытша лагерьлерінде адам төзгісіз жағдайда ұсталды. Сол уақыттан бастап гестапо және абвер бөлімдері ол тұтқындарды ұлттық тегіне қарай бөлу жұмыстарын жүргізді.
Германияның өз территориясында фашистер ешқандай соғыс тұтқындарына арналған концентрациялық лагерьлер ашпауға тырысқаны мәлім. Алғашқы кезде ондай лагерьлер Белоруссия, Украина, Балтық елдері жерінде ашылды. Өз жерін «таза нәсілшіл» фашистер тұтқындарға бергісі келмеді. Сондықтан соғыстың алғашқы апталарынан бастап Польша жерінде Орталық Азия мен Кавказ ұлттарының азаматтарын бөліп алып, арнайы лагерьлерде ұстау саясатын жүргізді. Ондай лагерьлер фашист идеологтарының ойынша, тұтқындарды кеңес өкіметіне қарсы азғырып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін қажет болды. Себебі фашистік Германия басып алған Еуропа мемлекеттерінің әр елден шыққан адамдарынан әскери құрамалар жасақтап, өздеріне пайдалану тәжірибесі бұл кезде қалыптасып үлгіріп, өз нәтижесін берген болатын.


Коллаборационизм – соғыстың қоса жүретін элементінің бірі. Жау өзі басып алған жерлерді толық бағындыру, өз саясатын жүргізу үшін сондағы белгілі бір әлеуметтік топқа, жекелеген адамдарға арқа сүйейді. Өз үгіт-насихатын жүргізеді. Оның үстіне бұрынғы билік жүйесінің кемшіліктері, халыққа жақпаған әрекеттері, саясаты болса – ол ұтымды түрде үгіт-насихат тетігіне айналады. Ал КСРО мемлекетінің 1917 жылдан кейінгі әртүрлі әлеуметтік топтарға жасаған қысымы, қылмысы жеткілікті болғаны мәлім. Оған кезінде помещиктер мен бай жер иеленушілердің меншігін конфискация жасау, фабрика мен зауыттарды, кәсіпорындарды мемлекет меншігіне алу (национализациялау) жұмыстарын жүргізгені тарихтан белгілі.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығын жаппай ұжымдастыру кезінде бай-кулак дегендердің жазаға ұшырауы, тап ретінде жойылуы, қарсы болғандардың жаппай репрессияға ұшырауы, халықтың Қазақстан мен Украинадағы және басқа да кейбір жерлерде жаппай аштан қырылуы – осының бәрі фашист идеологтары мен олардың үгітшілерінің тұтқынға түскен жауынгерлерді азғыруының, өздерінің пайдасына икемдеуінің нақты құралы болды. Мұндай үгіт-насихат КСРО халықтарының тұтқынға түскен барлық азаматтарына олардың ұлтының басынан кешкен қиындығына, кеңес өкіметінен шеккен жәбіріне сәйкес жүргізілді.
Ал мұндай тұтқындар қатары өте көп болды. Тек 1941 жылы ғана емес, 1942 жылы да соған жуық адам фашистер тұтқынына түсті.
Тұтқынға түскендер (мың адам):
1941 ж. – 1998 мың
1942 ж. – 1339 мың
1943 ж. – 487 мың
1945 ж. – 28 мың
Жоғарыда берілген деректер тек кеңес-герман майданында тұтқынға түскендер туралы. Оған 1945 жылдың тамызда жапон соғысында тұтқынға түскен 18 мың кеңес жауынгерлері кірмейді. Соғыс жылдарында тұтқында болған КСРО әскерінің саны 5 млн 300 мыңнан 1944 жылы 5 млн 700 мыңға дейін жетті деген де деректер бар. Мұның 3,3 миллионы тұтқында өлген.
КСРО республикалары бойынша да (ұлттық құрамын қоса есептегенде) жалпы тұтқынға түскендердің нақты санын айқындау қиын. 1995 жылы жарыққа шыққан «Боздақтар» кітабының жалпы томында тұтқыннан оралмаған қазақстандықтардың саны 7046 адам деп көрсетілген. Бұл ешқандай қисынға келмейді. Ал осы кітаптағы хабарсыз кеткендер деп көрсетілген 271503 адам шындыққа жақын екені даусыз. Себебі тұтқында қаза болғандар қатары өте көп болғанын басқа деректерден байқауға болады.
Алғашқы жылы (1941-1942 жж.) тұтқында болғандардың адам төзгісіз жағдайда болғанын құжаттар да, оны басынан өткеріп, тірі қалғандар да баяндайды. 1941 жылы тамыз-қыркүйек айларында Польша жерінде ұйымдастырылған Ченстохово, Сувалки, Легионово және басқа лагерьге сұрыпталып әкелінген тұтқындар әдейі осындай азапты жағдайда ұсталды. Мысалы, Ченстохово лагеріне жинақталған 30 мың түркі мұсылман тұтқындарынан екі-ақ мың адам аман қалған. Олардың бәрі сүзек және басқа аурулардан жаппай қырылған. Сол сияқты Сувалки лагеріндегі 650 түркі-татар тұтқындардан күніне 5-10 адамнан өліп отырған. Бұл 1941 жылдың жазы мен күзі. Ал осындай лагерьлер Украина территориясында да құрылғаны мәлім. Днепропетровск, Житомир, Полтава және басқа жерлерде неміс фашистері фильтрациялық тұтқындар лагерінде оларды ұлтына қарай бөліп, тұтқындарды жұмысқа салды. Оларға неміс армиясына қызмет етуді ұсынып, үгіт-насихат жүргізді.
Соғыс жылдары КСРО үкіметі әскери тұтқындар туралы 1899 жылы және 1907 жылы Гаага конференциясының соғыс және тұтқындар туралы заңдар конвенциясына қосылған жоқ. Бұл 1917 жылдан бері жалғасып келген жағдай болатын. 1929 жылы әскери тұтқындарды қандай жағдайда ұстау керектігі туралы Женева конвенциясы қабылданды. КСРО үкіметі оған да қол қойған жоқ. Кейін де қосылмады. Сондықтан КСРО жағы ара ағайындық жасаған Швейцария жағының кеңес тұтқынындағы және неміс тұтқынындағы әскерилерге көмек беру, почта байланысын жасау туралы ұсыныстарын қабылдамады. Есесіне, 1941 жылы 16 тамыздағы бұйрығы бойынша жоғарғы әскери билік (Ставка) кеңес әскерлеріне тұтқынға берілмеуге, «ондайларды командирлер мен комиссарлар сол жерде атып тастауы қажет» деген тұжырым жасады.
Германия жағы 1941 жылы маусымның соңында Халықаралық Қызыл Крест қоғамы арқылы КСРО мен Германия тұтқындарын ұстау ережелері бойынша келісім жасау туралы мәселе қойды. Бірақ бұдан нәтиже шықпады. 1942 жылы 29 мамырда КСРО сыртқы істер министрі (халкомы) В.Молотов мұндай келісімнен үзілді-кесілді бас тартты.


Бұл жерде мынаны ескеру қажет: Германия жағы, шынын айтқанда, әскери тұтқындарға жаны ашығандықтан мұндай ұсыныстар жасаған жоқ. Біріншіден, неміс фашистері жағынан да кеңес жағына тұтқынға түскендер болды. Сондықтан осы жағын ескерген герман үкіметі жоғарыда айтылған ұсыныстар жасады. Бірақ негізгі мақсаты – жаулап алушылық. КСРО-ны бөлшектеп, оның жерінде әртүрлі құрылымдар жасағысы келген фашистермен кеңес жағы келісімге баруға құлқы болмады. Ал екіншіден, фашистік Германия басшылары, олардың идеологтары КСРО жеріндегі төменгі нәсілді адамдарды тұтқында қалай ұстаса да, оларға не істесе де еркіміз бар деген принциппен қолдарын босатып алды. Бұл фашистерге тиімді болды.
Тұтқында болған, кейін Түркістан легионында болып, онан белорус партизандарына қашқан қарсақпайлық Т.Құтпановтың, қарағандылық Т.Әміровтың айтуынша, оларды «жарты жылға жуық адам төзгісіз азапты жағдайда ұстаған. Аш, жалаңаш адамдар суыққа, жұқпалы ауруларға шыдамай жаппай өле бастады. Ал барақтарға біртіндеп немістер жағына көшкен тұтқындардан, бұрынғы эмигранттардан жасақталған молдалар келіп уағыз айтумен жүрді. Сондағы негізгі мақсаттары – фашистер жағына өтіп, легионға кірсеңдер аман қаласыңдар. КСРО енді жоқ, Гитлер жеңді».
Жоғарыда айтылғандай, герман жағына тұтқынға түскен адамдарды әскери мақсатта пайдалану идеясы соғыстан бұрын да болған. Батыс Еуропа елдерінің ішінен Голландия, Норвегия, Франция, Бельгия және басқа да елдер азаматтарынан құралған әскери легиондар 1940 жылы герман фашистері басып алған жерлерде қызмет етті. Партизандарға қарсы соғысты. Күзет жұмыстарын атқарды. Бұл вермахт әскерлерінің негізгі күшін шығыста кеңес майданына қарсы пайдалануға зор мүмкіндік берді.
Енді КСРО халықтары ұлттарынан тұтқынға түскендерді іріктеп алып, солардан құрылған легиондарды кеңес әскерінің өзіне қарсы айдап салу идеясы іске асырыла бастады. 1942 жылы жазда Харьков түбінде және Днепропетровскіде концентрациялық лагерлерде болған А.Жәмкен (кезінде өзінің өтініші бойынша аты-жөнін толық келтірмедік) былай деп еске алған еді: «Ақмолада құрылған қазақтың 106-атты әскер дивизиясы құрамында майданға келдік. Біздің үш полкті 6 кавалерия корпусын толықтыруға қосты да ұрысқа салды. Харьковтің оңтүстігінде Красноград қаласы бағытында шабуылға енген корпус қоршауда қалды. Үш күн ғана соғысып үлгірген біз бүкіл дивизиямызбен бірге тұтқынға түстік. Әуелде Харьковке жақын жерде лагерьде ұстап, кейін Днепропетровскідегі лагерьге жаяу айдап келді. Аш, жалаңаш, жаралы тұтқындар біртіндеп өле бастады. Барақтарды аралап молдалар жүреді.
Енді бір кезде неміс формасын киген, қарындары тоқ қандастарымызды арамызға жіберіп үгіттеуді шығарды. Легионға кірсеңдер, біз сияқты жағдайларың жақсы болады деп азғырды олар. Осы үгіттеулерден кейін көпшілігімізді еркімізді сұрамастан легионға қабылдады».
Мұндай жағдай тұтқындар лагерьлерінде жаппай орын алды десе болады. Өздеріне қажетті деген, легионға қосамыз деген адамдарын осылай бөліп алып, гитлершілер олардан ұлттық құрамына қарай батальондар құрастыруға кіріседі. 1941 жылы жаз бен күзде КСРО әскерлерінің тұтқынға көп түскендігі соншама, фашистер өздеріне легион үшін таңдап алған тұтқындарды оқытатын, идеологиялық «тазартудан» өткізетін арнайы оқыту легерьлерін ұйымдастырды. Сондай іріктеу және оқыту лагері Түркістан ұлттарынан шыққан тұтқындарды оқыту үшін Чернигов облысының Ромны қаласында ашылады. Онда қазақ, өзбек, тәжік, түркімен, ұйғыр, татар ұлттарынан құралған роталарды (жүздіктерді) жасақтап оқыту қолға алынады. Мұндай лагерьлер әзірбайжан тұтқындары үшін Чернигов облысының Прилуки қаласында, грузиндер үшін Полтава облысының Гадяч аудан орталығында, армяндар үшін сол облыстың Лохвица қаласында ашылды. Солтүстік Кавказ ұлттарынан шыққан мұсылмандар үшін Полтава облысының Миргород қаласында лагерь ашылды. Батыс Украинда, Умань қоршауында 1941 жылы шыға алмай тұтқынға түскен қазақ, өзбек, қырғыз т.б. үшін Шепетовка, Ровно лагерьлері ашылды.
Украинада орналасқан мұсылман тұтқындардың лагерін бақылау орталығы да осы Миргород қаласында болды. Оның штаб бастығы түріктанушы ғалым, фашистердің Шығыс министрлігінде қызмет еткен Оскар фон Нидермайер болды. Тұркі тілдерін, шығыс халықтарының тілі, тарихымен айналысатын Андреас Майер-Мадер, Герхард фон Менде, Райнер Ольцша сияқты мамандар Шығыс министрлігі арқылы империялық қауіпсіздік қызметіне алынып, барлау және диверсия жұмыстарына адам таңдауға, Түркістан халықтары өкілдерінен әскери бөлімдер жасақтауға тапсырма алады.
Бүгінгі қазақ басылымдарында, кейбір зерттеулерде «Түркістан легионын құрған тек немістердің өздері, оған ешкім көмектескен жоқ» деген сияқты пікірлер айтылады. Мұның басты себебі кеңестік кезеңде (соғыс жылдарының өзінде-ақ) «Түркістан легионын құруға шетелде эмиграцияда жүрген Мұстафа Шоқайдың қатысы болған» деген ақиқатты тәуелсіздік жылдары жоққа шығару, «М.Шоқай сияқты қазақтан шыққан ірі саяси қайраткерді қайткен күнде де гитлершіл фашистермен сыбайлас болды» деген пікірден аршалап алу ниетімен туындаған әрекеттер екені жасырын емес.
1969 жылы Алматыда «Жазушы» баспасынан «Үлкен Түркістанның күйреуі» деген құжатты повесть жарияланып, көпшілікке бірден таралып кетті. 6000 тиражбен шыққан бұл кітапқа сұраныстың күшеюіне байланысты бірнеше жылдан соң ол екінші рет сондай тиражбен қайта басылып шықты. Тіптен мыңдаған сондай тиражбен орыс тіліне аударылып басылды. Соның нәтижесінде бұл кітап соғыс әдебиетінің классигі Константин Симоновтың «Разные дни войны» деген екі томдық үлкен естеліктерінен де орын алды. Кітаптың авторы сол кездегі КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жауапты қызметкері, Қостанай облыстық басқармасының бастығы болған полковник, әрі белгілі жазушы Серік Шәкібаев еді.
Автордың Түркістан легионына байланысты КСРО МҚК (КГБ) және Орталық Азия мен Қазақстан республикалары КГБ-сының архивтеріндегі барлық материалдарды зерттегені белгілі. Оларға қоса С.Шәкібаевтың Кеңес Армиясының қолына түскен Түркістан Ұлттық Кеңесінің, герман абвері (әскери барлау) мен вермахтың қазақ, өзбек, қырғыз, түркімен және тәжік ұлттарының тұтқынға түскен жауынгерлерінен «Түркістан легионын» құрғаны туралы, ол легиондардың қайда және не істегені туралы құжаттары бар архивтерінің трофей ретінде қолға түскен барлық материалдарымен жұмыс жасағаны бүгінде белгілі болып отыр. Автордың өзінің өмірден озғанына 20 жылдан асты. М.Шоқай туралы бүгін құжаттарды көрмей, қолына ұстамай пікір айтып, С.Шәкібаевты жер-жебіріне жеткізе жазғыратын, тіптен мазақ етіп, ақылға сыймайтын пікірлер айтатын авторларда бар. Олар 90-шы жылдардың ортасында баспасөз бетінде С. Шәкібаевқа қарсы пікірлерін жариялап, «Үлкен Түркістанның» авторы оларға дәйекті жауабын да қайтарған еді.
Кейінгі зерттеулер көрсеткендей, С. Шәкібаев кітабының деректік негізі дұрыс екені дау тудырмайтын. Мәселе кітап авторының кеңестік кезеңдегі идеология қалыптарынан шықпай, «Түркістан легионына», немістер құрған Түркістан Ұлттық Комитетіне адамдар не себепті кіргенін ескермеуінде жатыр. Себебі С.Шәкібаев КСРО әскерлері не себепті соншама адамдарын тұтқынға душар етті, олар соғысқа дейін кеңес үкіметі тарапынан ашаршылық пен репрессия қырғынын, қудалауды бастарынан өткергені туралы бір ауыз сөз айтпайды. Ал фашизм идеологтары бұл – мәселені өздерінің үгіт-насихатына барынша ұтымды пайдаланып, КСРО-ға қарсы құрылған легиондарға адамдарды тарта білді.
Бұл жерде М.Шоқай, татар ұлтының өкілі Ғ.Идриси, жас эмигрант В.Каюмхан және басқалары лагерьлерді аралап, Түркістан азаматтарынан легион құруға араласқаны шындық. М.Шоқайдың Францияның Шығыс тілдері институтында сақталған жеке архив қорының көшірмесі 2000-шы жылдардың бас кезінде Алматыдағы Орталық архивке берілгені мәлім. Онда М.Шоқайдың тұтқындағы қазақ, өзбек, қырғыз және басқа ұлт өкілдерімен кездесуде жасаған тізімдерінен үзінді сақталған. Польша территориясындағы лагерьлерді аралап, әсіресе Ченстохово лагерінде көбірек болғаны белгілі. Сонда жүріп, сүзек ауруын жұқтырған ол 1941 жылы желтоқсанның соңында қайтыс болған. Ал оған дейін Қазақстан, Орталық Азия, Кавказ, Еділ бойы халықтарынан легиондар құру жұмысы басталып кеткен еді.
Түркістандықтардан алғашқы отрядтар құру 1941 ж. қазан айының басында орын алды. Әуелде «жүздік» деп құрылған бұл роталар неміс тылында күзет және полицейлік міндетін атқарды. Бірақ сол қазан айында ондай роталардың қатары көбейген соң, 1-Түркістан полкі құрылды. Немістің құрлықтағы әскерінің бас штабының бастығы генерал-полковник Франц Гальдердің айтуынша, ол неміс әскерінің қолына «моңғол тектес халықтар өкілдерінің» өте көп түсуінен еді.
1941 жылы 15 қарашада вермахтың 1-Түркістан полкін құру туралы бұйрығы шығады (Turkstanisches Rediment). Бұл кезде М.Шоқай тірі. Бірақ шын мәнінде, бұл полк емес еді. 444-түркі тілдес ұлт өкілдерінен құралған батальон болатын. Оның командирі небәрі обер-лейтенант Тәубе деген екен. Міне, осы батальон болашақ Шығыс легиондарының үлгісі болып саналды.
Гитлерлік Германия басшылары неліктен Түркістан және Кавказ халықтарынан құралған легиондар құруға асықты? Жалпы Гитлер де, оның сыбайластары да КСРО-ға әртүрлі этностардан құралған жасанды мемлекет деп қарады. Сондықтан оның халықтарының арасына сына қағып, бөлшектесе – басқаруға оңай болады деген тұжырымда болды.

 

 

Польша барлауының архиві 1939 жылы күзде Германияны басып алғанда, неміс барлауының қолына түскен. 1945 жылы КСРО армиясы Берлинді алғанда, кеңес барлауы «Смерштің» қолына түсіп, Ресей Федерациясының қазіргі әскери архивінде (РГВА) сақтаулы тұр.
Енді, міне, осы идеологиялық негізі бар күресті герман фашистері өздерінің пайдасына шешіп, жаулап алған КСРО территориясын бөлшектеу жоспарын жасады. Орталық Азия мен Қазақстан біртұтас Үлкен Түркістанға бірігіп, баяғы 20-жылдары М.Шоқай армандаған, Ахмет Зәки Уәлиди басшы болуды аңсаған Түркістан мемлекеті болуы жоспарланды. Сондықтан 1941 жылы соғыс басталып, Гитлер әскері тұтқындарды мыңдап емес, жүздеген мыңдап қолға түсіріп жатқанда Кавказ бен Орта Азия, Қазақстан, татар, башқұрт және басқа да Еділ бойы халықтарының тағдыры тағы да тәлкекке түсті.
Герман жағына белсене қызмет жасаған профессор Әлімжан (Ғалымжан) Идриси, Уәли Каюмхан және басқалары М. Шоқай қайтыс болғаннан кейін лагерьлерді аралап, тұтқындарды азғыру жұмыстарын өршітті. Ғ.Идриси бұрыннан белгілі адам, азамат соғысынан кейін Германияға кеткен, сонда Шығыс министрлігінде істеген адам. Ұлты татар.
Уәли Каюмхан 1922 жылы Түркістан АКСР-нен жергілікті ұлт өкілдерінен мамандар даярлау үшін деп оқуға жіберілген 70 адамның құрамында Германияға 16 жасында барған. Олардың ішінде бес қазақ азаматы (Ғ.Бірімжанов, Д.Битілеуов, М.Бұралқиев, Ә.Мұңайтбасов, Қазбеков) бірге барған. Оқуда болған қазақтар түгел елге оралып, қуғынға түсті. Ал У. Каюмхан сонда қалып қойып, герман радиосында қызмет етті. Түркістан ұлттық кеңесіне кірді, М. Шоқайдан кейін соның төрағасы болды. «Түркістан легионын» құруға ең белсенді қызмет еткен адам.
Германия соғыстың алғашқы айларында тұтқындардан әскер жасақтағаны айтылды. 1941 жылы қазанда Польшадағы Ремберт полигонында 6 Түркістан ротасы құрылды. Олардан Германияның әскери барлау органы үшін «Абверге» «Жолбарыс Б» деген жоспар бойынша болашақ диверсанттар мен барлаушылар таңдап алынды. 450 Түркістан батальоны да осындай мақсатпен құрылды. Командирі А.Майер-Мадер.
А. Майер-Мадер осы легионерлердің ішінен 15 адамды таңдап алып, Түркістанға парашютпен тастау идеясын ұсынды. Оның ойынша, мұндай топ Орталық Азия мен Қазақстандағы аса белгілі бір тұлғаны қолға түсіріп, ұшақпен Германияға жеткізсе, оны болашақ Түркістан мемлекетінің президенті болуға көндіріп, басқаларға насихат жасар едік деген дәме. Тағы бір топты ол басмашылар қозғалысын өршіту үшін жібермек болды. Бірақ Қырымға жеткізіп, әрі қарай жіберілмекші болған десант тобын тиеген ұшақ Симферополь маңында апатқа ұшырап, бұл жоспар орындалмай қалды.
1941 жылы соңы – 1942 жылы алғашқы жартысында Шығыс легиондарын құруды тездету қолға алынды. Украина – Кавказ, Қырым бағытында неміс қолына түскен кеңес тұтқындары көп болғандықтан және дәл сондай жағдай Белоруссия – Москва, Новгород – Ленинград бағытында да қалыптасқандықтан, Қазақстан, Орталық Азия және Кавказ халықтарынан шыққан тұтқындарды екі бағытта шоғырландырып, батальондарға тіркеуге кірісті. Бұл топтарға татар, башқұрт, чуваш т.б. да қосылды.
Тұтқынға түскендерден құрылатын «Шығыс легиондары» деп аталған бұл әскер бөлімдерінің жинау, оқыту орталықтары екеу болды. Біреуі – Украина жерінде. Екіншісі – Польшада. «Шығыс легиондарының Басқару командалығы» деген мекеме екіге бөлініп, бірі – Украинадағы, екіншісі – Польшадағы легион құру жұмыстарын жүргізді. Мұның басты себебі – 1942 жылы көктемі мен оның кеңес жеріне басып кірген одақтастары үшін (Румыния, Венгрия, Италия) стратегиялық шабуыл жоспарын жасағанда, негізгі бағыт деп Кавказ бен Еділ – Сталинград – Астрахан бағытын айқындады. Шабуыл барысы мен кейінгі оқиғалар мұның дұрыстығын дәлелдеді. Вермахт әскері Доннан әрі Еділ бойына жақындаған сайын, Кавказ бағытындағы ұрыстар да өршіп, Шығыс легиондарын өз жерінде ұрысқа енгізуге асыққан герман жағы оларды құруды тездетті.
1941 жылы қазан айында жеке «жүздіктерді» құрудан бастап, кейін оларды 1-Түркістан полкіне біріктірген немістер 1942 жылы басында ең алғашқы Түркістан батальондарын құрып үлгерді. 1942 жылы 12 қыркүйекте немістер Грузин батальондарын Пятигорскіге әкеліп, ұрысқа енгізді. Оның артынша армян және әзірбайжан, Түркістан батальондарын ұрысқа қосты. 1943 жылы мамырына дейін тек Украина жерінде Шығыс легиондарының 25 дала батальоны (жаяу әскері) құрылды. Олардың 12-сі Түркістан легионының батальондары еді (1/29, 1/44, 1/76, 1/94, 1/100, 1/295, 1/297, 1/305, 1/370, 1/371, 1/384, 1/389). Қалғандары: 6 Әзірбайжан, 4 грузин, 3 армян батальоны. Бұларға қоса, 2 Солтүстік Кавказ күшейтілген батальоны, 7 құрылыс және 2 запастағы батальондар құрылды. Бұлардың нөміріндегі бірінші сан құрылған ретін көрсетсе, қасындағы екінші сандар соларды құруға командалық құрам берген неміс әскери бөлімдерінің нөмірін білдіреді.
1942 жылы көктемнен жылдың аяғына дейін құрылған Шығыс легиондары немістің генерал-полковник Вильгельм фон Паулюс басқарған 6-армиясының құрамына берілді. Бұл армия 1942 жылы көктемінде Харьков түбіндегі қырғында жеңіске жетіп, тек тірідей 242 мың кеңес солдаты мен командирін тұтқынға түсірген болатын. Ол тұтқынға түскендер ішінде қазақтың 106 атты әскер дивизиясы, сол сияқты ұлттық негізде құрылған қырғыз, өзбек, түркімен, тәжік атты әскер дивизиялары да бар болатын. Олар бірыңғай сол ұлт өкілдерінен құрылғанды. Оларға қоса, соғыстың алғашқы жылы кеңес армиясына шақырылған миллиондаған адам Қазақстан, Орталық Азия, Кавказ, Алтай мен Сібір ұлттарынан еді. Сондықтан 1942 жылы тұтқынға түскендерден Шығыс легиондарын жасақтау фашистер үшін қиынға түскен жоқ.
Жалпы 1941-1944 жылдары фашистік Германия Шығыс легиондары үшін 54 батальон жасақтаған екен. Олардың ішінде күзет, құрылыс, теміржол батальондары да бар. Осы мәселені (КСРО азаматтарынан коллаборационистер, оларға қызмет етіп күн көрген – хиви, тікелей қолына қару алып КСРО-ға қарсы құрылған әскер легиондарында болғандар мәселесін) зерттеген ғалымдардың келтірген дәйекті деректері бойынша 1941-1945 жылдары 1,3-1,5 миллионға жуық КСРО азаматтары осындай әскер жасағында және полиция құрамында болған.
КСРО-ның Еділ бойы, Қазақстан, Орталық Азия және Кавказ ұлттарынан 310 мыңнан – 325 мыңға дейін жететін адамдар Шығыс легиондарында болған. Таратып айтсақ, олардың қатарында: 180 мың өзбек, қазақ, қырғыз, ұйғыр, тәжік, түрікмендер, Солтүстік Кавказ ұлттарынан 28-30 мыңдай адам, 20 мыңдай грузин, 18 мыңдай армян, 25-55 мыңдай әзірбайжан, 40 мыңдай татар, башқұрт, чуваш, мордва, удмурт, марилер осы Шығыс легиондарының сапынан өткен.
Жау күші Сталинград түбіне дейін жеткенде Орталық Азия мен Қазақстаннан шыққан тұтқындарды майданда пайдалануға, өз жерлеріңді азат етесіңдер деп сендіруге жақсы мүмкіндік туды. Алайда жаудың бұл ниетінен жарытып ештеңе шықпады. Астрахан – Қазақстан бағытында пайдасы тиеді деген Түркістан легионының бірнеше батальоны қатты шығынға ұшырады. Реті келгенде легионерлер кеңес жағына қашып кетіп отырды. Кейде түгелдей взвод (30 адам), сирек болса да рота (120 адам) қашып кеткен кездері жиі ұшырасты.
Кеңес барлау органдары соғыс кезінде белсенді қызмет атқарғаны мәлім. 1941 жылы соңында кеңес жағына барлау жүйесі бойынша «немістер тұтқындардан әскер жасақтап жатыр» деген ақпараттар көп түскен. Сондықтан кеңес барлау органдары оларға, жалпы фашистердің үгіт насихатына қарсы үнемі пәрменді шаралар жүргізіп келген. Соның бірі – легионға М.Шоқайдың қатысы бар деген ақпарат алынған соң жасалған қарсы шаралар. Мысалы, Қызылорда облысы Жалағаш ауданының тумасы, М.Шоқайға туысқандық жақындығы бар Байдырахман Садықовты дайындықтан өткізіп, майдан шебінен неміс жағына бірнеше рет жіберуі соның айғағы. 1924 жылы туған Б.Садықов соғыс кезінде майдандық барлау взводының, кейін ротасының командирі болған. Арнайы тапсырмаларды орындап, соғыс кезінде тоғыз орден мен медальдарға ие болған адам. Оның ішінде үш «Қызыл Ту» және бір «Суворов ордені» бар. Соғыстан кейін КСРО Қарулы күштері Бас штабының барлау басқармасында қызмет атқарған ол подполковник шенінде отставкаға шықты, кейін полковник атағын алды. 1983 жылы осы жолдар авторы оның қызметке тұрған анкетасын өз қолымен толтырып, қысқаша естелігін жазып алған еді. Ол кездегі тәртіп бойынша мұндай астыртын жұмыстар туралы ашық айтуға рұхсат жоқ болатын.
Жазушы Ә.Таразидың сценарийі бойынша қойылған М.Шоқай туралы фильмдегі кейіпкер прототипі осы Б.Садықов. Бірақ ол М.Шоқаймен кездеспеген. Бұл сценарий авторы мен режиссердің көркемдік әсірелеуі. Б.Садықовтың айтуы бойынша Орталық Азия мен Қазақстанның адамдарынан құралған Түркістан легионына осы республика ұлттарынан іріктеліп, арнайы дайындалған барлаушылар жіберіліп тұрған. Олар Түркістан легионының құрамы, ондағы адамдардың көңіл-күйі, реті келген жағдайда кеңес жағына өтіп кету ниеті барынан үнемі хабардар болып, оны орталықтағы Барлау басқармасына жіберіп тұрған. Осыған сәйкес Кеңес барлау жағы майдандардың Түркістан легионы және басқа да Шығыс легиондары жүрген жерлерге әуеден үнпарақтар тастап, еріксіз неміс легионына кіргендерді партизандарға қашуға, болмаса кеңес жағына өтуге үнемі үгіттеп отырған.
Осындай жұмыстарды орындаушылардың бірі – барлау жұмысының ардагері, отставкадағы полковник Сардарбек Ақпанбетов еді. Соғыс кезінде ол кеңес барлау органдарының тапсырмасымен майдан шебінен әлденеше рет өтіп «Түркістан легионы» батальондарына барып қосылған. Барлаушының қолындағы легионерлердің суретінің көбі бүгінгі интернет жүйелерінде жүрген суреттер. Өмірінің соңғы жылдары С. Ақпанбетов Қазақ КСР Ғылым Академиясының суретшілер мен операторлар тобында қызмет етті. Ол да легионерлер арасында іріткі салу, кеңес жағына және партизандарға өтіп кету туралы насихат жұмыстарының белсенді жүргізілгенін растаған еді.
1943 жылы Алматы қаласында арнайы дайындықтан өткен Қазақстан мен Орталық Азия ұлттары өкілдерінен 50 барлаушы майдан шебінен өткізіліп «Түркістан легионы» мен Түркістан ұлттық комитетіне енгізілді. Солардың бірі – 1922 жылы Германияға оқуға барған тәжік Мунзин Бұрхановтың баласы Рахым Бұрханов еді. Әкесі отбасымен оқуға барғанда кішкентай бала Рахым он жаста болатын. Германияда неміс мектебінде оқып, немісше өте жақсы сөйлейтін болған. КСРО-ға оралған соң мұғалімдер институтын бітіріп, соғысқа аттанды. Бірақ майданнан шақыртып алынып, дайындықтан соң, майдан шебінен немістер жағына өткізіліп, Түркістан ұлттық комитетінің аппаратына енеді.
Түркістандықтар арасында іріткі салу ыңғайы легион мен ТҰК-тегі алауыздықтардың нәтижесінде өрши түседі. Уәли Каюмхан басқарған бұл ұйымды – әскери бөлімді өзбек Баймырза Хайт басқарды. Қалған жетекші орындардың бәрінде өзбек ұлтының өкілдері орнығып алып, өз мүдделерін, саясатын іске асыратыны қалған ұлт өкілдерінің наразылығын тудырды.
1995 жылы жазда Абайдың 150 жылдығына қонақ ретінде Кельннен шақырылған Баймырза Хайт Алматыға келіп, бір жарым ай Қазақстан мен Қырғызстанда болды. Осы жұмыс авторы Б.Хайтты қарсы алып, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында және басқа жерлерде қоғам өкілдерімен кездестірді. Бірақ сол кездесулерде де, жеке әңгімелерде де ол Түркістан легионы туралы сұрақтардан жауап беруге жалтарды, ол неміс билігінің ісі деп ақталды.
Әсіресе соғысқа дейін Свердловск қаласында политехникалық институтты бітірген Батыс Қазақстанның тумасы, 1941 жылы жазда немістер жағына өз еркімен өткен инженер қазақ Қарыс Қанатбаев сияқты белсенді қайраткерлер бұған, тіптен шыдамсыздық танытқан еді. Осының нәтижесінде Қ.Қанатбаевпен топтасқан түркістандықтар 1944 жылы ақпанда жеке өздері «Түркістан ұлттық кеңесі» деген ұйым құрып, У.Каюмханнан бөлінеді. Рахым Бұрханов бұған белсенді қызмет етіп, осы кеңестің жауапты хатшысы болып тағайындалады.
Қ. Қанатбаев құрған Түркістан ұлттық кеңесі немістер жағында Орыс азаттық армиясын құрған (РОА) бұрынғы кеңес генералы А.Власовпен одақтасып, бірге қимылдауға келіседі. Бірақ мұнан нәтиже болған жоқ, керісінше соғыстан кейін «Түркістан легионында» болғандарды жауапқа тартқанда, олардың жазасын ауырлата түскені мәлім.
Рахым Бұрханов кеңес барлауының өзіне берген тапсырмасын толық орындап, 1945 жылы мамырда жасырын түрде кеңес жағына өтеді. Оның «Түркістан легионы» және Түркістан ұлттық комитеті мен кеңесі туралы жазып берген анықтама есебі Ресейдің Федералдық қауіпсіздік архивінде сақтаулы. 60-жылдар кезінде оның есімін жария етуге рұхсат берілмепті. Себебі белсенді легионерлер мен ТҮК-те қызмет еткен түркістандықтардың кейбірі соғыстан кейін батыс Германияда қалып, АҚШ құрған «Азаттық» радиосында қызмет етті. Олардың ішінде жоғарыда айтылған Қ.Қанатбаев, Дәулет Тағыбердин, Жұмабек Ақбергенов және басқалары болғаны белгілі.
Кейін 1970 жылдары белгілі қайраткер, «Азаттық» радиосының қазақ редакциясын басқарған Хасан Оралтай алаш азаматтары туралы кітабында «Р.Бұрханов жақсы қайраткер еді, кеңес үкіметі оны атып жіберді» деп жазды. Р.Бұрханов кеңес барлауының тапсырмасын орындап, кері қайтқанын, әрине, Х.Оралтай білген жоқ. Бұл да кеңес барлауының, жалпы екі идеология күресінің айғағы екені даусыз.
Фашистік Германия басшылығы «Түркістан легионын» құрғанда әуел бастан әскери күш құру ғана емес, КСРО тылында барлау және диверсиялық жұмыстарды да іске асыру ниетін көздеді. Польша және Германия территориясында жұмыс істеген барлау мектептерінде даярланған ондай топтарды, жеке адамдарды Қазақстанның батыс аумағына және басқа жерлерге жіберумен болды. Бұл барлаушылардың соңғы жаттығу мектебі Украинаның Бердянск, Полтава қалаларында орналасты. Дрездендегі түркістандықтардың барлау мектебінде (Арбайтсгемайншафт) молдалар да арнайы дайындықтан өтті.
Сол барлау мектептерінен өтіп, Қазақстанға ұшақпен тасталған диверсанттардың көбі билік орындарына өз еркімен беріліп отырды. Әрине, кейбіреулерінің неміс жағына адалдық білдіріп, ол жақтың тапсырмасын мұқият орындауға тырысқаны да жасырын емес. Мысалы, соғыстан кейін АҚШ агенті болып ұсталған С.Қодыбек. (тегін әдейі келтірмедік) Франция жерінде партизандарға қарсы жазалау операцияларына қатысқан. 1945 жылы АҚШ жағына қолға түсіп, іріктеу лагерінде жүргенде американдықтар өзіне қызмет ететін барлаушы болуға көндіріп, кеңес жағына қайтарған. Сол сияқты Қали Мұхаметдинов герман барлауының тапсырмасымен кеңес офицерінің формасы және құжатын пайдаланып, 5 рет майданның бергі жағына өткен. Қайта оралып отырған. Мұндай фактілер «Түркістан легионы» тарихында болғанын құжаттар айқындайды.
Неміс жағына адал қызмет етудің үлгісін аты шулы «Әлихан Ағаевтың» ісі де дәлелдейді. Герман жағы 1943-1944 жылдары майдандарда сәтсіздікке ұшыраған соң, КСРО тылының ұлттық аймақтарында диверсиялық әрекет жасау, тіптен сол ұлттарды кеңеске қарсы көтеріліске шығару идеясын да ұстанғаны белгілі. Бұл жеңіліске ұшырап жатқан жаудың КСРО тылында берекесіздік ұйымдастыру, өз жағдайын жеңілдету мақсаты еді. Сол себептен әртүрлі топтар Кавказ, Қазақстан және басқа да ұлттық аймақтарға жіберілді. Сондай топты құруға, оны «Алаш отряды» деп атауға (батальон) ұсыныс берген Ә.Ағаев барлау мектебіне адамдарды таңдап алуға өзі де қатысады. Екі топпен әуе жолы арқылы Гурьев облысына түскен Ағаев тобы сәтсіздікке ұшырайды. Отрядының кейбір мүшелері сытылып қашып кетіп, кеңес жағына өздері келеді.
Жаудың Ағаевқа үміт арту себебі Гурьев-Орск мұнай құбырына, басқа да стратегиялық нысандарға диверсия жасау еді. Бірақ онысы орындалмай қалды. Өздерін қоршаған әскер отрядымен атыста Ағаев оққа ұшады, біраз адам қаза табады. Кейін анықталғандай, Ағаевтың шын аты жөні – Әмірхан Тілеумағамбетов, Гурьев (қазіргі Атырау) облысы Жылой ауданының тумасы болып шығады. Соғысқа дейін Алматыда Жер халық комиссариатында, Жылой аудандық жер бөлімінде агроном болып істегені анықталады. Ал оның тобынан тірі қалған радист қазақ азаматы кеңес барлауының тапсырмасымен неміс жағымен «радио ойынын» жүргізеді. Өтірік ақпар арқылы диверсанттардың келесі тобын қолға түсіреді.
Түркістан легионы батальондарын, басқа да Шығыс легиондары сияқты, адамдары кеңес жағына топ-тобымен өтіп кете берген соң, неміс басшылығы оларға сенімсіздік көрсетіп, Еуропа елдерінің территориясына ауыстырды. 1943 жылы немістер жағы Гиммлер басқарған саяси полиция СС – гестапо мекемесінің аясында Шығыс легиондары батальондарының бір бөлігін біріктіріп, 162 жаяу әскер дивизиясын құрады. Бұл дивизия да, Түркістан легионының басқа бөлімдері де Еуропаның әртүрлі елдерінде партизандарға қарсы күресіп, күзет қызметінде болады. Бірақ ол жақта да Түркістан легионының адамдары партизандар жағына қашуын көбейтеді. Бұл 1944 жылы 6 маусымда Одақтастар әскері екінші майдан ашқанда, көбейе түседі. Италия, Югославия, Франция жерінде одақтастарға қарсы ұрысқа енгізілген Түркістан легионының батальондары талқандалып қолға түседі. Міне, немістер құрған Түркістан легионының қысқаша тарихы осындай. Екі жүйе, екіге бөлінген империялар арасындағы соғыста аз ұлт өкілдерінің тағдыры осылай тәлкекке ұшырады.

Қайдар Алдажұманов,
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих
және этнология институтының
бас ғылыми қызметкері, т.ғ.к.

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар

Бүгін, 16:55

«Еншіңді» ал!