Сақтан қалған саф мұра

02 маусым в 15:03 140 рет оқылды

Абай даңғылының бойындағы Орталық стадионның жанында тұрмыз. Бұл жерден бізді әр сағат сайын жүретін үлкен автобус Боралдайдағы сақ қорғанына алып баруға тиіс. Бүгін ол жерде тарихи жәдігердің салтанатты ашылу рәсімі өтіп жатыр. Жүйткіген көлік межелі жерге жылдам жеткізді. Қорғанның қақпасынан ішке кіре бере адамға ерекше көңіл-күй сыйлаған қолөнер шеберлерінің көрмесі еріксіз баурап алады. Ал біз барлығын шетінен бақылап шығуды жөн көрдік. Кіреберісте көздің жауын аларлықтай тізіле орналасқан қазақи нақыштағы бұйымдар. Жәрмеңкеге сан алуан зергерлік туындылар да қойылыпты. Бір қызығы, бұйымдарды сатып алудан бөлек, дәл сол арада жасауды үйрене аласыз. Шеберлер білгендерімен бөлісіп, тәжірибелері негізінде шеберлік сабақ жүргізілді. Қақ ортада қазақ үй тігілген. Қонақтардың тамашалауы үшін киіз үйдің тұсындағы шатырда мұражайдағы тарихи жәдігер қойылыпты.

Түскі ас уақыты таяп көпшілік тамақтану үшін арнайы тігілген шатырға жиылды. Онда дәмді палау мен көже, шұбат секілді ұлттық сусын үлестірілді. Ал біз әртүрлі қару-жарақпен өнер көрсетіп жатқан, Швед елінің туы ілінген шатырға келдік. Көпшілік сыртта садақ тартып нысананы көздеген викингтердің өнерін тамашалау үстінде. Викингтің бірі – әріптесімізді шақырып, қолына ұстаған алманы басына қойып нысананың тұсына тұрғызды. Бәріміз аң-таңбыз. Бұл не істейін деп жатыр? Біздің ойымыздағы дүние болса, бұл кинодан көретін, тұтқынның басына алма қойып мергендердің шеберлігін сынауы. Жоқ, қалжың екен. Қызықты өту үшін шетелдік қонақтардың өзі осылай белсенді атсалысты. Садақ атып көру үшін ұзынсонар кезекке тұрған көпшілік қорамсақтан берілген жебені нысанаға атып жатыр. Әрі қарай қылыш сайысын тамашалау үшін шатырға кірдік. Көне викингтердің соңғы тұяғымыз деп жүрген Швециядан келген қонақтар өнерін көрсетуге дайындалып жатыр екен. Қылыш пен семсердің сан түрі күнмен шағылысып жарқ-жұрқ етеді. Сол кезде Швециядан келген қонақтарға ұлттық дәстүрімізді түсіндіріп жүрген ағамызды әңгімеге тарттық.

Нұрдәулет Ақыш, жазушы:

– Сақ қорғандарын көпшілікке таныстыру бұл үлкен сауапты іс. Елбасымыз айтқан «Рухани жаңғыру – болашаққа бағдар» деген мақаладағы кейбір түйткілді мәселелерге тұшымды жауап. Өйткені рухани жаңғырудың бір парасы осы Сақ қорғандары. Сақтар – қазақ халқының, сонымен қатар көшпелі жұрттар мен славян халықтарының бабасы деп айтылады. Археолог Шілдебаевтың айтуы бойынша, II,III ғасырлардағы қорған екен. Оның осы уақытқа дейін сақталып, ашық аспан астындағы музейге айналуы күн тәртібінде тұрған келелі мәселе. Алда жасалуға тиіс жұмыс көп. Қорғандарды қазу, ішіндегі заттарды анықтау секілді. Жедел ұйымдастырылып отырған шара екендігін қалалық туризм басқармасының басшылары да айтқан. Ашық аспан астындағы музейді таныстыру мұнымен аяқталмауы тиіс. Тағы да ұйымдастырылуы қажет. Бүгінгі ұйымдастырудың кенже қалған тұстары көп. Атап айтсақ, қазақша киім киіп қазақылығымызды паш ететін атрибуттар аз болып жатыр. Егер қазақы нақыштағы дүние көбірек болса, ұлттық сипаты күшейе түсер еді.
«Әттеген-ай» деген тұстары болса айтыңыз» – дегенде, ағамыз кесек ойын осылай жеткізді. Барлық ойын-сауық саябырсыған тұста жаяулатып бірнеше шақырымды алып жатқан қорғанға аттандық. Жазық далада төбе-төбе болып, алыстан менмұндалап жатқан көне қорғандар. Боралдай Сақ қорғандарының ерекшелегі, оның көптігінде. Мұнда 50-ге жуық Сақ қорғандары бар. 2,5 мың жыл бұрын Сақ дәуірінің дәулетті адамдары, патшалары жерленген. Бұл біздің – тарихымыз, рухани байлығымыз.
Қорғаннан оралғанымызда мұндағы көрме аяқталғалы жатыр екен. Киіз үйлер жығылып, ұйымдастырушылар мен әскерилер қайтуға әзірлік көруде. Кешке дейін күннің ыстығында тік тұрып қызмет атқарған кісілерге тамақ таратылды. Бұл да ұйымдастыру ісінің сапасын көрсетсе керек. Қорытындылау мақсатында бас ұйымдастырушының бірімен сөйлесуді ұйғардық.

Батыржан Сейітомар, ұйымдастырушы:

– Бүгін міне, «Сақтар – тарихи жаңғыру» шарасын өткіздік. Қала тұрғындары да атсалысып, тамашалап жатыр. Мақсатымыз – Сақ дәстүрін, мәдениетін насихаттау. Бүгінгі жиын тұсаукесер ретінде өткізілді. Жалау іліп, киіз үй, шатыр тігіп, әртүрлі спорттық ойындардың куәсі болдыңыздар. Шебер, зергерлерді жинап қолданбалы өнердің кең таралуына жағдай жасалды. Швециядан келген викинг достарымыз да қылышпен өз өнерін көрсетіп жатыр. 200-ге тарта адам қатысты. Тұсаукесер үшін бұл аз емес. Тамыз айында тағы да үлкен басқосуды жоспарлап отырмыз. Маусым мен шілде айында жүгіру, веложарыс өткіземіз. Бүгінгі тұсаукесердің демеушілері Алматы қаласының туризм басқармасы және халықаралық «Көшпенділер» қорына алғыс айтамын!

Бүкіләлемдік туристік ұйымның болжамы бойынша, Қазақстан тұрақты туризмді дамыту жөнінде болашағы бар елдер сапында. Барлық туристік нарықта Қазақстанның табиғатына, ландшафтарына және ұлттық мәдениетіне үлкен қызығушылық білдіреді. Қазақстан туристік ел болуға толық мүмкіндігі бар бірден-бір ел. Бүгінгі өткен «Сақтар – тарихи жаңғыру» туризм дамуының бір көрінісі деп айтуға толық негіз бар.

Әбдіманап КЕҢЕС
Суретті түсірген Ғалия қалиева

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар