Іліктен шілік шықты

02 маусым в 14:02 250 рет оқылды

Адамзат өркениетінің дамуы жаһандану үрдісімен қатар жүретін құбылыс екені анық. Жаһандану кезінде әлемнiң дамыған елдері бiртұтас экономикалық және технологиялық қарым-қатынас жүйесіне енуге бет алады. Уақыт өте оған дамушы елдер де тартылып, технология және мәдениеттердiң араласуы қарқынды жүре бастайды. Әрине, бұл үрдістен көші-қон үрдісі де тысқары қала алмайды. Кедей елдерден мыңдаған адам өзіне жайлы жер іздеп, алысқа аттанады. Қазір бұл процесті «заман ерекшелігі» десе болады. Мысалы, өткен жылдан бері Еуропа елдері жойқын «миграциялық шабуылға» ұшырауда. Еуропа босқындар легін қалай шектерін білмей, бас қатыруда. Соңғы деректер бойынша 2016 жылы заңсыз мигрант саны 1 млн 800 мың адамнан асқан. 2015 жылы бұл көрсеткіш 1 млн. 100 мың болған екен. Бірақ бұл да нақты емес. Себебі, Грекия, Италия, Түркия, Болгария, Венгрия және Румыния бағыттары бойынша келушілердің дәл санын анықтау мүмкін болмай тұр. Сол сияқты, Ресейден де шетке кетушілер көбейген. Мысалы, 2015 жылы 350 мың адам басқа жаққа қоныс аударды. Бұған дейінгі көрсеткіш 250 мыңнан аспайтын. Бұл шығынның орын Ресей ТМД елдерінен келген мигранттар арқылы толықтыруда. (дереккөз: http://emigranto.ru/spravochnaya/emigraciya/migranty-v-evrope.html).
Іліктен шілік іздеу

Бұл мәселені қозғауға бізді 365info.kz сайтында Роман Иванов деген журналистің саясаттанушы Болат Сұлтановтың зерттеуіне сүйеніп жазылған «Қазақстанда екінші көші-қон легі басталды» (Вторая волна эмиграции начинается в Казахстане») атты мақаласы түрткі болды. Б.Сұлтанов Қазақстаннан кетіп жатқан тұрғындардың жылдан жылға көбейіп бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп, 2016 жылы Қазақстаннан 32930 адам кеткенін, немесе, олардың саны 2015 жылға қарағанда 16,4%-ға артқан дейді. Оның айтуынша, бұған Ресейде «Отандастарды қабылдау» бағдарламасының жүзеге асуы себеп көрінеді. Сондай-ақ, қазір Ресейде 70 мыңдай отандасымыз білім алуда. Олар болашақта жұмыс тауып, сонда қалуы да мүмкін…
Б.Сұлтанов бұл туралы өткен жетіде Алматыда халықаралық миграция мәселелері бойынша өткен конференцияда мәлімдеді. Біз Б.Сұлтанов келтірген деректерге күмән келтірмейміз. Бірақ сайттағы мақала авторы мен бірқатар саясаттанушылардың осы деректен «Қазақстаннан білімді азаматтар кетуде. Олардың орнын басушы оралмандар оларға тең емес» дегені, біздіңше, орынсыз пікір. Ойдан қосты демес үшін мақаладан үзінді берейік: «В результате назрела еще одна серьезная проблема Казахстана — страну покидают образованные или получающие образование граждане. Замена в виде прибывающих оралманов, мягко говоря, неравноценна. – (Мемлекеттік басқару академиясының вице – ректоры Айгүл Көшербаева), «От нас уходят умы, а к нам притекает неквалифицированная рабочая сила» – (Б.Султанов).
Көш-қонның шынайы себебі неде?

Әрине, бір мемлекеттен екінші мемлекетке көшу, азаматтық ауыстыру моралдық тұрғыдан да, материалдық тұрғыдан да ауыр. Бірақ соған қарамастан, шекаралар ашылып, өркениет көкжиегі кеңейгенде демократиялық қоғамдарда әрбір азаматтың қалаған мемлекетіне баруға хақысы бар. Оған мемлекет кедергі келтірілмейді. Сондықтан, біз Ресейге қатысты өз пікірімізді былай түйіндейміз:
Ресейге көшіп жатқандардың басым бөлігі орыс ұлтының өкілдері болып табылады. Біріншіден, оларды тарихи отанына оралуға деген ниетіне бола жазғыру дұрыс емес. Мәселен, біз өзімізге оралып жатқан қандастардың ниетін қалай қабылдасақ, орыстардың тарихи отанына деген ұмтылысын солай қабылдауға тиістіміз. Екіншіден, мен бұл көшті әлуметтік жағдаймен байланыстырмас едім. Себебі, кеңестік заманда орыстар ірі қалаларда, табысы мол өндірістерде жұмыс істеді. Мен мұны демографиялық толқынның екінші легіне жатқызар едім. Тәуелсіздік алған жылдары бұрынғы КСРО-дае тек шекара ғана бөліске түскен жоқ. Ол кезде «азаматтық» та бөліске түсті. Қазақстан тәуелсіздігін «Қазақ мемлекеті» деп қабылдаған орыстар Ресейге жаппай қоныс аудара бастады. Сол алғашқы өткен лек онда барып қоныстанып, тамырын жаңа жерлерге жая бастады. Әрине, ол оларға оңайға түскен жоқ! Бірақ, Ресей оларды сіңірді, олар Ресейге сіңе білді. Содан кейін көшті беделі жоғары Ресейдегі жоғары оқу орындары жалғастырды. Біздегі білім жүйесінің біразға дейін бір жүйеге түспеуі, оқу ақысының қымбаттауы себеп болды ма, әйтеуір, еліміздегі орыс ұлтының жастары терістік көршімізге кетті. Осыдан 20-25 жыл бұрын кеткендердің бір шоғыры оқуын бітіргесін елге қайтпай, сонда қалып қойды. Жұмысқа орналасты, үйленді, балалы-шағалы болды. Қазір олар немере мен ата-әжені біріктіргісі келеді. Өйткені, ата-ана қартайды .Көз алдыда болғаны дұрыс. Ең бастысы, «папа-мамалар» ол жаққа құр қол бармайды ғой! Мұндағы мал-мүлкін сатса, ол жақта үй де, басқасы да даяр. Тіптен, жаңа бизнес ашуға да болады! Себебі, мүлік бағасы Қазақстанда қымбат. Ал Ресейде соған шамалас, көбіне арзан. Сонымен бірге, жақын болашақта бұған «туыстардың табысуы» атты жаңа көш-қон легі түзілуі әбден мүмкін. Оның үстіне, бұл жағдайға Ресейде қабылданған «Отандастарды қабылдау» бағдарламасы, зейнетақының жоғары болуы және халықаралық санкция жағдайындағы Ресейдің экономикалық жедел индустрализация, яғни, «өз күнін өзі көру» форматына көшуі де көп әсер етуде. Үшіншіден, орыстардың жаппай көше бастауына этносаралық қатынастың еш қатысы жоқ. Бізде кейде әсіреұлтшылдар тарапынан ұшқары пікір айтылып қалуы да мүмкін. Жыл сайын 9-мамыр қарсаңында туындайтын «Георгий лентасы» төңірегінде өрбитін «айтыс» соның айғағы. Қазақстанда ұлтараралық қатынаста көпұлттылық парадигмасының белең алып тұрғанына қарамастан, соңғы 15 жылда қазақ халқы демографияда жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Орыстарда бұл жағдай керісінше. Сөйтіп, демографияға сай қоғам қазақтану процесін бастан кешуде. Осы үшін қалайша халықты кіналауға болады? Бірақ, өкінішке қарай, ондайлар бар… Мысалы, қалаларда әлі де қазақ тілінде сөйлегенге кірпідей жиырылатындар табылады. Тіптен, өзін қазақпын деп санайтындар арасында да олар бар. Міне, сондықтан көшкеннен кейін «Мен Қазақстаннан этносебептерден кетуге мәжбүр болдым!» — деп жар салатындардың сөзі жалған. Таза арандату (провакация)! Ал бұл туралы аталған мақалада «Русский язык сдает свои позиции. Когда мы говорим о выталкивающих факторах, то вспомним, что со стороны казахоязычных СМИ постоянно идут вбросы в СМИ например, о том, что через 10-20 лет Казахстан станет казахоязычным государством со всеми вытекающими последствиями» деген сөздер бар. Бұл не сонда? Қазақ көбейіп, өсуіне сай өз тілінің де қолдану аясы кеңейіп жатқанын туралы үндемей отыруы тиіс пе? Саясаттанушы өмірдің өз ағымын дұрыс ұғар болса, онда Қазақстан азаматтарына (ұлтына, нәсіліне, дініне, тіліне қарамай) «Мемлекеттік тілді меңгере бастаңыздар! Объективті даму тенденциясы солай қарай бұрылуда» деп неге айтпайды? Соны ұқпадым…
Қазақстаннан ақыл қашуда ма?
Бұл мәселеде мен қысқа қайырайын: Сіздер аз уақытты қазақ өнерін әлемге танытып, әлемнің небір дүлділдерін тамсандырған Димаш Құдайберген шетке қашады деп ойлайсыздар ма? Не болмаса, қазақтың жеңімпаз боксшысы Қанат Ислам қаншама жыл шет елде атой салуда. Сол шет елге қашады деп ойлайсыздар ма? Жоқ! Бәріміз бірауыздан «Қашпайды!» дейтініміз анық. Неге? Себебі, Әл Фараби атамыз «Адамға алдымен тәрбие бермей, ғылым-білім берсе, онда ол ортаға апат әкеледі» деп айтқан. Сондықтан, мен мақаланың өзегі болып тұрған «Шет елге ақылды, білімділеріміз кетіп жатыр» деген дилеммамен ешқашан келіспеймін.
Ол туралы өзіміздің Айдос Сарым да «утечка мозгов» деп айтыпты. Бәріңіз Айдостың қандай білімді жігіт екенін жақсы білесіздер. Енді, Айдостың өзі шет елге «қаша» ма? Әрине, жоқ. Себебі, онда білімнен өзге тәрбиемен келген ақыл бар! Міне, мәселе осында ғой! Ақылы бар оралман елге оралып жатыр. Ендеше неге біз оларды «төмен» деп кемсітеміз? Ол дұрыс емес. Неге десеңіз, білімнің қонатын ұясы ақыл! Ақылы азға білім беруге болады. Әрине, тоты құстай сайратуға да болады. Бірақ, ол өз білімін елі мен жерінің игілігіне жұмсамаса, жұмсай алмаса – білімі жетім! Ондай білімнің бары не, жоғы не?
Қазіргі жаһандану заманында білімнің көкжиегі кеңейді. Өз еліңде отырып та талай жетістіктерге жетуге болады. Құдай адамға ақыл берсін, сана берсін, ұлтына, халқына деген сүйіспеншілік берсін! Сонда ған бүгінгі «төмен» санаған білім жетіледі, сана көркейеді. Адам да, қоғам да кемелденеді. Қазақта «отырған – оңалар» деген сөз бар. Сол айтқандай осындай алмағайып кезде өндірістік тәжірибесі молдау орыс ағайындардың кетіп жатқаны өкінішті, әрине. Әйтсе де, еліміз индустрияға, кәсіпкерлікке шындап бет бұрған тұста, ақылы мен білімі тең шапқан саңлақтарды бәрібір өмірге келтіреміз. Келтіруге мәжбүрміз! Одан өзге жол жоқ бізге!
Ол үшін не істеу керек? Ол үшін ұлттық тәрбиені қазақы қалыпқа бұру керек: «Өз балаң өзегінен тепсең де кетпейді» деп дана қазақ тегін айтпаған ғой!? Бірақ, енді, ол басқа әңгіменің сүресі.

Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ,
философ-публицист

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар