Ер-тоқымның қанша түрін білесіз?

02 маусым в 15:41 404 рет оқылды

Тұрманшы – кәсіптің аты. Қазақта етікші, зергер, темірші деген сияқты кәсіп аттары бар. Тұрманшы – ер-тұрман жасайтын шебердің кәсібіне байланысты туған атау. Қазір тұрманшы аз. Секен Нұрғалиев – сол аздың орнын толтырып жүрген шебердің бірі.

Сурет факультетін оқыған. Кейін әке кәсібі – ер-тоқым жасауды қолға алыпты. Ол «Көшпенділер» фильміндегі ат-жабдықтарын, Қытайда түсірген «Құбылай хан» тарихи-телехикаясындағы әбзелдерді жасаған. Шебердің қолынан шыққан бірнеше ер-тоқым қазір Президенттің жеке мұражайында сақтаулы.
Секен аға қазір мұрағаттан көрген, кітаптан оқып, мұражайдан кездестірген жәдігерлердің басын құрап – қазақтың бірнеше түрлі ер-тұрманын жаңғыртып жасап жүр.

Ашамай – баланы атқа мінуге үйрету үшін қолданылатын ердің қарапайым түрі.

Ашамайдың ер сияқты екі қасы (алдыңғы және артқы), екі қапталы, оқпаны болады. Үзеңгінің орнына тепкішек қолданылады. Тепкішек тебінгіге жапсыра тігілген, шағын киіз қоржын. Сәнді болу үшін оның беті кестеленіп, шүберекпен астарланады.

Құранды ер немесе үйсін ері – құрап жасалатын ерді осылай атайды.

Құранды ер бірнеше бөліктен құралады: ердің алдыңғы қасы, артқы қасы, екі қаптал, белдік ағаштан тұрады. Жетісу жерінде көп таралған. Мұны үйсін ері деп те атайды. Үйсін ердің – «дулат ер», «албан ер» деген екі түрі бар. Құс бас болып келеді. Дулат ерінің алдыңғы қасы домалақтау болса, албан ерінің алдыңғы қасы үшбұрышты, тікше болып келеді. Үйсін ерінің бүтін томардан шауып жасалған түрі де көп.

Айбас ер немесе найман ері – сәні бөлек, салтанаты өзгеше.

Өйткені, бұл ерге күміс мол пайдаланылады. Қызыл-қоңыр немесе көк-жасыл ақық тастар ердің алдыңғы және артқы қасына әдемі әр береді. Ер-тоқымның басы жарты ай пішінді болып келетіндіктен, айбас ер деп аталған. Ел арасында найман ер деген аты бар. Найман ерінің әйелдерге арналған түрі де дәл осындай болады. Айырмашылығы – керсенінде (адам отыратын орны). Әйел ердің керсені үлкендеу, жатық жасалады.

Үйрекбас ер немесе арғын ері – Арқа қазақтарында кең таралған.

Ердің басы үйректің басына ұқсайды. Арғын ері деп аталады. Сыртынан қараған адамға суда жүзіп жүрген үйректі көз алдыңызға әкеледі. Қазір бұл үйрекбас ер-тоқым Көкшетау жерінде көп кездеседі. Бұрын сал-серілер көп мінген. Әшекейі мол.

Қозықұйрық немесе адай ері – Қырынан қарағанда ер-тоқымның бейнесі жас қозыға ұқсайды.

Ел ішінде адай ері деген де атауы бар. Басқа ер-тоқымдарға ұқсамайтын жері – белдемшесі. Мұның белдемшесі — көннен керіліп жасалады. Кіші жүздің қозықұйрығын айтып, көрсетіп кеткен адамның бірі – Әлкей Марғұлан. Оның кітабында қозықұйрық ердің бірнеше түрі кездеседі. Адай ері күміс пен асыл тастар бөлек, түйе сүйегімен әшекейленген.

ШАППА ЕР – жуан томардан бүтіндей шауып жасалатын ер. Қазақ ерінің көп түрі шаппа ерге жатады.

Жарас Кемелжан

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар