Қазақ уахабшы болған емес

02 маусым в 14:46 285 рет оқылды

Дін тақырыбы қашан да өткір әрі өзекті. Сондықтан, Алматы сияқты алып шаһар үшін дін мәселесі басты назарда болуға тиіс. Осы орайда, газетіміз Алматыдағы Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасына қарайтын имамдардың білімін жетілдіру ислам институтының директорымен сұхбаттасқан еді.

– Кенжеәлі аға, Алматы қалалық әкімдігімен немесе басқа мемлекеттік құзыретті органдармен дін мәселесінде бас қосып, бірлескен жұмыс атқарасыздар ма? Әңгімені осыдан бастасаңыз.
– Бір елде, оның ішінде бір қалада тұрғандықтан, мәселе бәрімізге ортақ болғандықтан, мұндай бірлескен жұмыс керек. Өтіп те тұрады. Мәселен, жақында Алматы қаласының прокуроры Ғабит Миразов «Ашық есік» күнін өткізіп, көпшілікпен кездесті. Оған қала аудандары мешіттерінің имамымен бірге Ислам институтының басшысы ретінде мен де қатыстым.
– Ол жерде дінге қатысты қандай мәселе қозғалды немесе қозғай алдыңыздар?
– «Ашық есік» күні болғаннан кейін, расында ашық, еркін әңгіме өрбіді. Әсіресе, жастар тәрбиесіне байланысты. Соған орай, мен өзімнің баяндамамда жастар, оның ішінде олардың киім мәселесіне қатысты ұсыныс білдірдім. Ол нендей ұсыныс десеңіз, біз ақыры басқаға еліктегіш халықпыз, ендеше дұрыс нәрсеге еліктейік. Мәселен, дамыған Батыс мемлекеттері мен АҚШ-тағы колледждер мен мектептерде қыздардың киімінің етегі тізеден бір қарыс төмен болуы керектігі нақты заңмен бекітілген. Жалпы, ұзын етекті киім кию қыздың денсаулығына, тәрбиесіне әсері бар. Ал оның ар жағында ұлт пен ұрпақ тәрбиесінің мәселесі тұр. Бұрын аруымыз қос етек көйлек кисе, кейінгі кезде оны жоғалтып алдық. Соны қала мектептерінде, сол арқылы бүкіл елде заң арқылы қайта қалпына келтіру керек. Аталған кездесуге қатысқан Алматы қалалық білім басқармасының басшысы Рахат Шимашева шаһар мектептерінде киім үлгісін бір жүйеге келтіргенін, әйтсе де менің ұсынысымды да назарда ұстайтындығын айтты.
– Алматыда 17 діни конфессия бар екен. Сұрамағым, басқа діни бірлестіктермен «бір жағадан бас, бір жеңнен» қол шығарып тұратын кездеріңіз бола ма?
– Қалалық әкімдікте терроризм мен экстремизм жөніндегі комиссия жұмыс істейді. Мен де соның бір мүшесімін. Сол комиссияның жұмысына байланысты христиан, католик және басқа да дін өкілдерімен тоқсанына бір рет бас қосып, діни ахуалға қатысты мәселені талдап, талқылап тұрамыз. Бұл – қала әкімдігімен тікелей жасап жатқан жұмысымыздың бірі.
– Оңтүстік өңіріміздің астанасында қанша мешіт бар? Олардың жұмысы қай деңгейде?
– Ұзын-ырғасы елуге жуық мешіт бар. Миллионнан астам тұрғыны болғаннан кейін мұнда талап күшті. Мешітке келуші жамағат та көп. «Мәдени орталық» деген атымыз тағы бар. Әрине, имамымыз да сол деңгейден көрінетіндей мүмкіндікке ие деп айта аламын. Мүмкіндігінше жұмыс істеп жатыр. Тіпті қала мешіттері түрлі спорттық шара өткізіп, оған қатысуға жамағатты да тартып тұрады. Өйткені, бұл да діни бірлікті бекем ету үшін керекті шара.
– Дін жолында адасып, жат жерден «жиһад» іздеп кеткен отандастарымыз көп-ақ. Олардың мұнысы қателік пе, қылмыс па?
– Қаракөз бауырларымыздың, отандастарымыздың басқа елге дінді қолдаймыз, жиһад жасаймыз деп барғаны, әрине, қателік. Кейіннен олардың біразы қателескенін, басқаның саяси ойын құралына айналып теріс жолға түскенін мойындап, елге оралып ағайынынан, теледидар арқылы халықтан кешірім сұрап та жатты. Дегенмен, қолына қару алып жат елде өзге мұсылманмен соғысқаннан кейін, мемлекетіміз ғана емес, қарапайым халықтың өзі олардың ортаға қайта оралған соң түзеліп кетеріне кішкене күмәнмен қарайды. Өйткені, «жиһад» іздеп шекара асып жатқандар 14-15 жастағы бәлиғатқа толмаған, оң-солын әлі тани қоймаған бала емес. Көпшілігі 20 мен 30 жас аралығындағы ақыл тоқтатқан жігіттер.
– Сақал қойып балақ қырқу мен тұмшаланып қара киінуге тыйым салу ұсынысы Елбасыға дейін жеткен мәселенің бірі. Қажетті шара деп санайсыз ба?
– Ислам діні ешкімді ешқашан басқа елдің салт-дәстүрін ұстансын, киімін кисін деп мәжбүрлемейді. Қандай да бір жаңалыққа бейім болу адамның табиғатына тән. Мысалы, дінді бірінші болып кімнен теріс үйренсе, ол адамда солай қалыптасып қалады. Оған бүгінгі жағдай дәлел. Қыз-жігіттеріміз, иә, дінді ізденді. Бірақ дұрыс ұстазға жолықпағаны да болды. Мен олардың көбін рухани әлсіз, бойында қазақи дұрыс тәрбиенің іргетасы қаланбаған деп ойлаймын. Әйтпесе, осылайша бірден беріліп кетпес еді. Сондықтан, шетелге барып дінді оқитын жастардың бойында әуелі ұлттық құндылығы, қазақи тәрбиесі, Отанды сүю, ата-ананы құрметтеу секілді өзімізге тән түсініктің іргетасы болуы тиіс. Сонда олар қай елге барып білім алса да, теріс жолға түсіп, басқа тәрбиенің жетегінде кетпейді.
Әрине, тұмшалану секілді табиғатымызға жат дүниеге баруына тоқтау қоюда заңдық шара, үгіт-насихат жұмысы қажет. Енді Елбасының Бас мүфтимен, имамдармен кездесуде айтқан мұндай сөзін «шаш ал десе, бас алудың» керіне салып кетпей, нені айтқысы келгенін дұрыс қоғамға түсіндіруіміз, жеткізуіміз керек. Өйткені, айтылған бір ауыз сөзден әркім әртүрлі мағына тауып алып, бұра тартуы ғажап емес. Бәлкім, білместіктен сақал қойып, балақ қысқартқан ұлдар мен бет-аузын тұмшалаған қыздарды бірден қудалауға да болмайды.
Қалай десек те, мұның бәрі білімсіздіктен. Оларды «балағың тобықтан жоғары болмаса тозаққа кіресің» немесе «сақалың неғұрлым ұзын болса, соғұрлым сауабы көп» деп сананы улауда. Бұлар шариғаттың біз ұстанатын сүннит бағытына сәйкес келмейді. Егер елімізде әркім әртүрлі дінді ұстанатын болса, ешуақытта бірлікке келе алмаймыз. Дау-дамайы бітпейтін мемлекетте, жамағатта ешқашан тыныштық болмайды.
– Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев үкіметте 2017-2020 жылдарға арналған дін саласындағы мемлекеттік саясаттың тұжырымдамасын таныстырғанда «Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының жүйесінде радикалды діни ойлардың таралуына қарсы тұруға қауқарлы білікті діни қызметшілер жеткіліксіз» деген сын айтып қалды. Бұған нендей уәжіңіз бар?
– Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы 1990 жыл басында іргетасын қалады. Яғни қадамын тәуелсіздікпен бірге енді нықтап келеді. Еліміз бойынша 6 мыңдай имам бар. Олар білімді, білікті, ел арасында беделді болуы үшін Имамдардың білімін жетілдіру институтында тек діни емес, дүниеуи пәндерге де оқытамыз. Қазіргі ғимаратымыздың мүмкіндігі әрі кетсе, 80 адамды қабылдауға жетеді. Екі айлық курсқа қазіргідей 80 емес, бірден 200-300 шамасында имамды қабылдайтын ғимарат болса дейміз.
«Дегенмен имамның білімі жеткіліксіз», деп бәрін жоққа шығаруға да болмайды. Орталық Азия, дәлірек айтсақ, еліміздегі діни білім беру жүйесінде әліде болса, біркелкілік пен жүйелілікті нығайта түсу керек. Білімді ата-бабаларымыз оқыған, салт-дәстүрімізге жақын кітаптардан іздеуге тиістіміз. Шетелден немесе ғаламтордан сәләфизм немесе уахабизм секілді басқа ағымды оқып алып, мешітте имамдармен сөз таластырып жатқандар, шынына келсек, білімсіздер. Имам олармен жатып тұрып «төбелесе» алмайды, қатты айта алмайды. Ол үшін имамды кінәлауға болмайды. Себебі діни басқармаға мемлекет тарапынан көмек берілуіне жол ашатын бір заң немесе заңның тармағы болса, соның өзі имамдарға үлкен демеу, жәрдем болатын еді.
– Пайғамбардың «ең кемелденген ғасыр – менің ғасырым, одан кейін келетін ғасырларда дін бұзылады» деген сөзі бар екен. Қазір сол дін бұзылған ғасыр емес пе?
– Қай салада болсын, сапа бірінші кезекте тұрады. Мойындау керек, біздің дін саласында сапа баяғыдай емес. Жастарымыз жаппай білімге ұмтылып жатқан шығар. Бірақ рухани байлығымыз қай деңгейде деген мәселе алаңдатады. Өйткені, баяғы ашаршылықта, жоқтықта, тар заманда, соғыс уақытының өзінде әжелеріміз 10-15 құрсаққа дейін көтерді. Қиын-қыстау кездің өзінде ұрпағына дұрыс тәрбие берді. Бүгінгі ел қамын жеп жүрген ел ағалары сол тар заманда әжесінің түзу тәрбиесін алғандар. Ал енді біз қазіргі жастарға, балаларымызға сондай қазақи таза, рухани бай тәрбие беріп жатырмыз ба? Әй, қайдам?.. Компьютердің алдында отырса, қарны тоқ болса, жыламаса болды дегенмен шектеліп барамыз.
– Жақында діни басқарма «Жаназа және жерлеу рәсімдері» деген кітап шығарды. Жаназа дастарханы да жарысқа түсіп бара жатқан мына заманда керекті нәрсе. Бірақ ондағыны елге жеткізу, мойынсұндыру қалай болмақ?
– Бұл өте өзекті мәселе. Негізінде, қайтқан адамның тірілерде (тірі адамдарда) төрт ақысы болады. Имам, молдадан бастап төрт нәрсемен міндеттіміз. Бірінші, қайтыс болған адамның мәйітін жуу. Екінші, оны ақырет киімін кидіріп дайындау, қазақта ақ кебінге орау деп жатамыз ғой. Үшінші, жамағат болып сапқа тұрып, жүзді құбылаға бұрып жаназа намазын оқу. Төртіншісі, оны апарып жерлеу. Осы төртеуі орындауға жататын шариғат талабы. Соларды атқарған кезде қауым Алланың алдындағы, қайтыс болған адамның алдындағы міндеттен құтылады. Мал соя ма, жай ғана шелпек пісіре ме, дұға оқып қоя ма, қалғанының бәрі тірілердің еркіндегі дүниелер. Өйткені, Алла тағала Құранның «Бақара сүресінде» «Дінде зорлық жоқ» деген. Алла тағала еш уақытта Өзінің пендесін қиындыққа бұйырмайды. Ислам, былайша айтқанда, жеңіл дін. Пенденің барлық ісінде, құлшылығында Алла оған жеңіл жолды көрсетіп отырады. Енді пенде кейде істі өзіне қиындатып алуы мүмкін. Жаназа намазында әртүрлі астарды беру, бейіт басын қымбат тастармен көтеру, оған қыруар қаржы жұмсау шариғатымызға сәйкес келмейді.

Сұхбаттасқан
Сәкен
ОРЫНБАСАРҰЛЫ

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар