Қалталы «көкек» әке, солқылдақ сот орындаушысы

02 маусым в 11:32 172 рет оқылды

Көзтанысыңның көп болғаны алдына ісің түсіп барсаң жақсы, ал өзіңе өтініш айтып келсе, жаман екен. Соңғы кезде солардың ат ізін салуы, өтініш айтуы көбейген. Құдды мен бір жұмысқа орналастыру бюросы сияқтымын. Қонысбек бір жылдың ішінде төрт әлде бес рет соқты. Бір-ақ мәселе. Жұмыс тауып берші дейді. Жұмыс болғанда да ресми орналасатын емес, әлдекімнің ешбір құжат толтырмай істететін жұмысы. Тау қопарып, тас жар десе де дайын. Тек ақысын төлесе болды. Ешбір құжатсыз, заңсыз.

– Өзің білесің ғой үшінші рет шаңырақ көтердім. Бірінші әйелден бір ұл, бір қыз қалды. Екінші әйелден егіз ұл, – деп күректей алақанымен иегін сипап қояды, – алдыңғы жылдары алимент төлегенмін. Бірақ үшінші рет әне бір әйелмен дәм-тұзым жарасқалы қиын болып жүр. Тапқанымның жартысы алиментке кетеді де, жаңа шаңыраққа әкелетінім азайды. Сосын мұның да қабағы үтіктелмеген шалбар құсап қырыс-тырыс.
Қонысбек айтса айтқандай, алимент төлегісі келмейтіндер аз емес екен. Ақмола облысында бүгінгі күні 11 мыңдай бүлдіршінге төленетін әкелердің қарызы жарты миллиард теңгеден асып жығылыпты. Осы арада екпін түсіріп айта кететін бір жай – адамның ар-ұяты азайған сайын сот орындаушысы мен құқық қызметкерінің бас ауруы өрши түсетін тәрізді. Шынын айту керек, қарызға белшесінен батқандар арасында маскүнемдікке салынғандар көп. Әйтпесе, екі қолға бір күрек таба алмай тентіреп жүргендер де аз емес. Сот орындаушысы мұндай адамдардың алдында дәрменсіз. Бірақ елдің бәрі арақкеш немесе жұмыссыз емес. Жұмыс болғанда да күніне мыңды алып, миллионды беріп жүрген кәсіпкер де алимент төлемей айдалаға қашып жүр. Оны айтасыз, лауазымды тұлғалар да кездеседі.
– Осы мәселені түпкілікті зерттеп, түбегейлі талқылау үшін арнайы бес қызметкерді бөліп, сот орындаушылардың қоржынында жатқан 1640 істі іріктеп алдық, – дейді Көкшетау қаласының прокуроры Арман Ризанов. – Сол сараптауды жасау кезінде белгілі болғаны алимент төлемейтіннің 700-і жұмыс істейді. Жұмыс істеген соң ай сайын тұрақты жалақысын алып тұрады. Ал 113 адам көрсетілген мекенжайында тұрмайтын болып шықты. 153 борышкер басқа облысқа көшіп кеткен. Енді олардың алимент төлеу жайын сол тұрғылықты жердегі сот орындаушысы айналысу керек. Осы арада мынадай шетін мәселені де айта кету керек шығар. Ең сорақысы сол, шаң басқан сот орындаушысының папкасында жатқан 105 іске қатысты борышкерлер бұл дүниеден әлдеқашан өтіп кеткен болып шықты.
Міне, осындай сараптамадан нені байқауға болады? Алдымен сот орындаушысының өз жұмысына мүлдем жауапсыз қарайтындығы тайға таңба басқандай көрініп тұр емес пе! Тұрақты жалақысы бар 700 әке осы күнге дейін қалайша алимент төлемей жүр? Ал оларды мәжбүрлейтін тетік аз емес. Мәселен, борышкердің дүние-мүлкін тәркілеп, есепшотын жауып тастаудан бастап, шетелге шығуына тыйым салуға дейін әртүрлі шара қолдана алады. Солай бола тұра, өзінің мол мүмкіндігін сарқа пайдаланбай, алимент бойынша қарызға батқанды тәртіпке шақыра алмауының астарында, ең алдымен, өз міндетіне жауапсыз қараудың салдары жатыр.
Прокуратура қызметкерінің жоғарыда айтып өткен тексерісі барысында 70 азаматтың автокөлігі, өзге де құнды заты тәркіленіпті. Демек, осындай бағалы затты тәркілеу арқылы да қордаланып қалған қарызды жабуға әбден болады.
Ақыры сот орындаушысының солғын ісі жайлы сыздықтатып әңгіме бастаған екенбіз соңына дейін сарқа айтайықшы. Астрахан ауданында тұратын В.Садчиков деген азамат ажырасқан әйелімен кеткен екі баласына төлейтін алимент қарызы 500 мың теңгеден асып кеткен. Әбден амалы таусылған, сөзі өтпей, сілесі құрыған сот орындаушысы оның үстінен қылмыстық іс қозғауға мәжбүр болады. Сөйтсе, борышкер азамат айналдырған екі күннің ішінде жылдап таба алмаған 500 мың теңге қарызын жауып тастаған. Демек, ақшаны таба алатын мүмкіндігі болып тұр. Анығында, ақшасының бар-жоғы адами қасиеті, мейірімі, бауыр еті балаларына деген махаббатына байланысты.
Қала прокурорының өкінішпен айтқан өзекті мәселесі жөніндегі уәжіне зер салсақ, борышкерлер арасында, тіптен лауазымды қызмет істейтіні де, қала халқына есімі жақсы таныс кәсіпкер де бар екен. Демек, қарыздың қордалануы жұмыстың жоқтығынан емес. Сол бизнесменнің бірін біз де жақсы танимыз. Бір ақылға сыймайтын жері осы кісі кей-кейде жетім-жесірге қарайласып, атымтай жомарт атанып жүр. Ал өз баласына түстік асына жұмсайтын теңгесін қимайды.
Сот орындаушысының алименттен басқа да ісі толып жатыр. Дегенмен, қала прокурорының жекелеген сот орындаушысына тек алимент қарызын өндіру ісін беру дұрыс деген пікірімен келісуге болар еді. Осындай жағдайда ғана сот орындаушысы тікелей алимент қарызымен ғана айналысып, осы саладағы қордаланып қалған мәселені шешуге маманданады. Прокуратура ардагерлері кеңесінің мүшесі Оңғар Сүлейменов алимент төлеуден ат-тонын ала қашып жүрген «көкек» әкелердің аты-жөнін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап, абыройын айрандай төгу керек деп есептейді.
– Мүмкін сонда ғана әлгі борышкер өзінің ағайын-туысынан, тамыр-танысынан ұялып, көптің көзіне көрінуден қалып, ар-ұяты оянар ма еді, – дейді ақсақал, – тіпті суретімен де басса, тәуір болатын шығар.
Осы арада бір айта кететін дүние қолданылатын шараның қай-қайсысы болсын тиімді болса, еш артықтығы жоқ. Әйткенмен, алимент өндіргеннен соған жол бермеген, яки, алдын алған әлдеқайда жақсы. Әйтпесе, соңғы кездері статистикалық мәліметті сараптасаңыз, алимент төлеушінің қатары жылдан-жылға өсіп келе жатқанын көрер едіңіз. Демек, ажырасушы көп. Шаңырақ шайқалып жатыр. Көкшетау қалалық азаматтық хал актісін жазу (АХАЖ) мекемесінің мәліметіне көз салатын болсақ, өткен жылы шаңырақ көтергеннің 60 пайызға жуығы ажырасып кеткен екен. Яғни әрбір екінші жұп деген сөз. Міне, осы ажырасушы борышкер қатарын көбейтіп отыр. Мәліметтерге мән беріп бағамдасақ, ажырасушының дені үйленгеніне жыл толмаған жастар. Осы арада жастардың өз алдына отау құрып, шаңырақ көтеруге дайын еместігі де соқырға таяқ ұстатқандай көрініп тұр. Оны айтасыз, Ақмола облыстық ішкі істер департаментінің мәліметінше, өткен жылы отбасында зорлық-зомбылық көрген 1330 әйел полицияға шағымданған. Отбасындағы зорлық-зомбылық кішкентай шаңырақтың аясынан шығып, мемлекеттің өзекті мәселесіне айналып бара жатыр. Мұндай отбасыдағы баланың болашағы туралы айтудың өзі артық.
– Осы шетін көріністің негізгі өзегі, ұлттық салт-дәстүріміздің мәйегінен мән кеткендігінде, – дейді ел ақсақалы Алдаберген Қайсанов, – шынын айту керек, біздің солтүстік өңірдің жастары ұлтымыздың ұлағатынан ажырап бара жатыр. Қазір қыздың қайтып келуі таңсық емес. Бұрынғы заманда елде осындай бір оқиға болса, «мал құлағы саңырау» жұрт өре түрегелер еді. Әке-шешесі жерге кіріп кете жаздайтын. Қазір шешесінің өзі қызына дем беріп отыр. «Ішіме сыйған қызым, сыртыма сыяды» – дейді. Сосын барған жерінің бірдеңесі ұнамаған қыз қайтып келмегенде қайтеді. Шіркін-ай, баяғыда елдің үлкендері «қайтып келген қыз жаман» — деп көзін шұқып отырушы еді.
Бесіктен белі шықпай жатып, үйдегі кикілжіңді көріп, әке мен шешенің небір «тұздығы» ащы сөзін естіп өскен ұрпақ күні ертең не болады, тәлімі қандай, тәрбиесі қайда?
Баланы қорғау – болашақты қорғау. Тұтас, жалпы жұрт осындай болмағанымен, осы көріністің өзі аз емес. Сынықтан басқаның бәрі жұғатынын ескерсек, аз дүниенің өзі етек жайып кетіп, ие бола алмай қалып жүрмейміз бе. Бір сәт ойланайықшы!

Байқал БАЙӘДІЛОВ,
Ақмола облысы

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар

Бүгін, 15:54

Атажұртты аңсау