Жасыл ауылдағы жақсы істер

01 маусым в 13:20 290 рет оқылды

Астанадан 32 шақырым қашықтықта орналасқан Арнасай ауылы өзге елді мекендерден ерек­ше. Шағын ауыл жасыл технологиялардың алаңына айналған. Ауылда халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі қарсаңында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Жаңалыққа қара­пайым тұрғындар да қызығушылық танытуда. Атап айтқанда, табиғат қорғаушы, қуат сақтаушы, су үнемдеуші, өнімді арттырушы және басқа да жақсы қасиеттері бар «жасыл» технологиялар жаппай ендірілген бұл ауыл «ЭКСПО — 2017» жаһандық көрмесінде отандық бренд ретінде шетелдік қонақтардың назарына ұсынылатын болады. 

Осында «жасыл» технологияларды тиімді пайдаланудың үз­дік тәжірибелері сыналып, Қазақстандағы барлық елді мекендерге таратылуда. Жұмыс сапары барысында осы ауылда болған аймақ басшысы қолға алынған жобалармен танысып, көрме кезінде осында аялдайтын шетелдік туристерді қарсы алу дайындығына назар аударды.

Қоршаған орта мен табиғи ресурстарға айрықша қамқорлық  танытып, ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсарту мақсатында жасыл технологияларды қолданудың тиімділігін насихаттап келе жатқан «Жасыл технологиялар академиясының» жетекшісі Татьяна Немцанның айтуынша, бүгінде 168 аулада тамшыла­тып суару жүйесін кәдеге жаратады. Енгізіліп отырған технологиялардың тиімділігі әуе­лі жан-жақты сыналады.

–«Арнасай» жасыл технологиялар орталығында заманауи тәжірибелік жылыжай 2015 жылдың күзінде іске қосылған. Бастапқыда 400 шаршы метрлік органикалық бау-бақ­шада бар-жоғы 7 жасыл технология қол­данылды. Бүгінде оның саны 35-ке жет­кен. Күн коллекторлары, биогумус, тұман түсіру жүйесі, диодты жарық, аквапони­ка және гидропоника – оның бір парасы. Осындай жаңа әдістердің есебінен 2016 жылы 1,5 миллион теңге қаржы үнемделді. Жиналған орга­никалық өнім көлемі 3 тоннадан асып жығылады. Экологиялық таза көкөніс­терді жергілікті мектептің оқушылары тұтынады. Ал, артылғаны саудаға шығарылады»,– деді Татьяна Немцан.

Облыс әкімі ауылда агротуризмді дамыту үшін суға шомылу орындарын ұйымдастыру қажеттігін атап өтті.

Арнасайдағы тағы бір жарқын жоба «EXPO Camp» жастардың «жасыл» лагері болып табылады. Мұндай лагерь құрудың мақсаты –балалар мен жастар арасында халықаралық, экологиялық, этнографиялық, практикалық және зияткерлік демалыс пен тәжірибе алмасуды дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, қоршаған ортаны қорғау, «жасыл» технологияларды пайдалану. Бұл туралы «Жасыл экономиканы қолдау мен G-Global-ды дамыту Коалициясы» ЗТБ басқарма төрайымы Салтанат Рақымбекова айтып берді. Оның сөзіне қарағанда аталмыш лагерді ағымдағы жылдың 6 маусымында ашу жоспарланған.

Облыс әкімі Мәлік Мырзалин жазғы лагерьдің балалар үшін қауіпсіз әрі санитарлық тазалығы жағынан алғанда  талапқа сай болуы керектігін ескертті. Жұмыс сапары соңында облыс басшысы осындағы инвестициялық жобалардың бірінен саналатын 400 бас ірі қараға арналған «Мега фирма» тауарлы сүт фермасы мен жаңа бу қазандығының жобасымен танысты. Тауарлы сүт фермасы 2019 жылы іске қосылады. Оған Израиль, Польша және Қытай елдерінен инвестиция тартылмақ.

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар