Трамп. Араб аптасы

31 мамыр в 19:36 142 рет оқылды

АРАБ «АПТАСЫ»

Кеше кәрі құрлықта өткен NATO Саммиті мен OPEC  мәжілісі, бейнелеп айтқанда, Трамп пен араб «аптасының» аяқталғанын білдіреді.

Американ президенті күтпеген шешіммен көпшілікті таңқалдырып жүр. Әдетте Ақ үй қожайыны әуелі көршілес Канада не Мексикаға баратын. Тек Дж. Картер ғана бұлжымас ережені бұзған деседі. Д. Трамп бір жеті бұрын Сауд Арабиясына барды. Әр Риядқа жиналған мұсылман мемлекеттердің басшыларымен жүздесті. Лаңкестікке қарсы бір қолдан жең, бір жағадан бас шығарып күресуге шақырды. Таяу Шығыстағы тұрақсыздық үшін кінәні Иранға артты.

Бұл АҚШ-тың осы аймақтағы саясатында күрт бетбұрыстың басталғанын білдіреді. Өйткені, Барак Обама сүннит арабтарға оң қабақ танытқан жоқ. Керісінше, олардың аймақтағы басты бәсекелесі -шийттер басым Иранға бүйрегі көбірек бұрылып, мұнай бағасына ықпал еткен санкцияны алып тастады. Теһранның ядролық бағдарламасы бойынша мәмілеге келді. Ирақ пен Сириядағы солқылдақ саясаты ДАИШ-тің күшеюіне, қисапсыз қырғынға әкеп соқты.

Трамп президент атанған соң Иранды айыптай бастады. Әсіресе, Обаманы меңзеп, ядролық бағдарма бойынша жасалған келісімді өткір сынға алды. Аса ықпалды яһуди әулетінің өкілі, қызы Иванканың күйеуі Жаред Кушнерді ресми түрде өзінің аға кеңесшісі етіп бекітті. Айта кету керек, Ақ үй қожайыны Сауд Арабиясынан кейін Израильге ат басын бұрды. Бұл елдің Иранмен жұлдызы қарсы екенін бәрі біледі. Тель- Авив Теһранның ядролық бағдарламасы түптің түбінде атом қаруына жасалуына әкеледі деп сескенеді. Ақ үйдің қожайыны мәлімдемемен шектелмеді. Барак Обаманың табансыздығын дәлелдегісі келсе керек, өткен сәуірде Сирия үкіметінің әскери базасын «Томагавк» зымырандарымен төмпештеді. Күтпеген соққы шийттерге жақын  әлауи Башар Асад пен оның одақтастарын есеңгіретіп тастады.

Міне, осыдан кейін Американың Шығанақтағы айнымас одақтасы болып табылатын сүннит елдерінде үміт пайда болды. Израиль де батыл әрекетке көшіп, Сирия президентін қолдайтын «Хизбулла» қарулы тобының шийттеріне бомба жаудырды. Ал Сауд Арабиясы АҚШ-қа миллиардтаған долларлық келісімді ұсынды. Ұлықтау рәсімінде America first and only America first («Ең әуелі Америка, тек қана Америка бірінші кезекте!») деген сөзімен есте қалған Трамптың мұндай ғажайып «сыйлықтан» бас тартпасы белгілі еді. Әңгіме, Сауд мемлекетінің АҚШ-тан 110 млрд долларға қару-жарақ пен әскери жабдық сатып алуы жөнінде. Оның көлемі 350 миллиардқа дейін өсуі  ықтимал. Келісім-шарт іске асып жатса, президенттің отандықты өндірісті жандандырып, американдықтарға көбірек жұмыс тауып берем деген уәдесінің орындала бастағаны.

Сарапшылар ірі кәсіпкер Трамптың ендігі жерде ғаламдық саясатқа бизнестің көзімен қарайтынын алға тартады. Оған дейінгі республикашылдар да «қара алтын», әскери өнеркәсіп, инфрақұрылым сияқты американ компанияларына барынша тиімді жобаларды іске асыруда Шығанақ мемлекеттеріне басымдық бергені мәлім. 1973 жылғы мұнай дағдарысынан кейін арабтар Американың алдын кескен емес. Керісінше, әлемдегі геосаяси текетіресте Вашингтонның мүддесіне сай әрекет етті. 1985 жылы өндіріс көлемін күрт өсіргенде, мұнай бағасын құлдырап кетті. Бұл өз кезегінде Американың бақталасы Кеңес Одағының құлауына ықпал етті. Сауд Арабиясы бертінгі дағдарыс басталған кезде де әлемдік базарға жөнелтілетін шикі қара май мөлшерін кеміткен жоқ. Ресеймен өндірісті азайту жөнінде мәмілеге баруы Американың құбылмалы саясатынан көңілі қалғандықтан болуы да мүмкін. Оның үстіне, арзан мұнайдан қазынаның бүйірі сола бастады. Кейбір деректерге жүгінсек, бюджет тапшылығы 87 млрд долларға жетті. Биылдың өзінде ел үкіметі 17 млрд доллардың құнды қағазын сатты. Былтыр әлемдік алпауыттардың белортасында тұрған Saudi Aramco компаниясына тиесілі акциялардың бір бөлігі сатылатыны жөнінде әңгіме шықты. Қаржы мәселесі осындай болып тұрғанда американдықтардан әлгіндей сомаға қару-жарақ сатып алуын қисынсыз көрінуі мүмкін. Өйткені, онсыз да қару-жараққа кенде емес. Осы сапарда әкесіне еріп жүрген Иванка Трамптың кәсіпкер әйелдерді қолдайтын қорына Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктерінің 100 млн доллар бағыштауы осы пікірді қуаттай түскендей. Бірақ араб дүниесі қазіргі АҚШ билігінен «алмақтың салмағы бар» деген қағиданың орындалғанын қалайды. Онысы бекер емес. Ақпарат құралдары Lockheed Martin, Blackstone, Dow Chemical, General Electrik, Raytheon және General Dynamic секілді компаниялар бұл елде құны миллиардтаған долларға жететін жобаларды іске асырмақшы. Бұған қоса, Schlumberger, Halliburton, Baker Hughes, Weatherford, Oilwell Varco, Jacobs Engineering сияқты фирмалар құм астындағы жаңа мұнай кеніштерін таппақшы. Қол қойылған келісім он мың адамға жұмыс тауып беруді көздейді. «Қара алтынның» қадірі қашқан, қаржы табу, сырттан инвестиция тарту қиындаған мына заманда мұның әжептеуір жеістік екенін айтқан абзал. Шығанақ елдеріне соңғы дағдарыс ауыр тиді. Шұғыл түрде экономиканы әртараптандыруды (диверсификация) қолға алуы да содан. Саудиялықтар 13 млрд долларға Индонезия мен Малайзиядағы мұнай өңдеу зауыттарының акциясын сатып алды. Осы кәсіпорындарға өз мұнайын жөнелтіп,  дайын өнім өндіруге қол жеткізбекші.

Елбасының Әр Риядта өткен кездесуге қатысып, Трамппен жүздесуі еліміздің көп қырлы саясатқа берік екенін тағы да паш етті. Ал араб мемлекеттері мұны енді қолға алып жатыр. Қазақстан Тәуелсіздік алған күнен бастап осы ұстанымнан айныған емес. Біреудің жетегінде кетпей, өшіккенді елдестіретін бітімгерлік қабілеті Астана процесінде жан-жақтан жоғары бағаланды.

Дубайға жиі баратындарға жағымды жаңалық. Енді жерлестеріміз Біріккен Араб Әмірліктерінде 30 күн бойы визасыз жүре алады. Мұндай жеңілдік осы елге бизнес жүргізудің ағылшын правосы (English law) жүйесін әкелген Ұлыбритания азаматтарына берілген.

Астана мен Әбу Даби арасындағы байланыс, ресми тілмен айтқанда, қарқынмен дамып келеді. Бұл жетіде Елбасы Әмірліктердің сыртқы істер министрі Абдалла бин Заид Әл Наһаянды қабылдап, биылғы жыл екі ел арасындағы ынтымақтастықта жаңа кезеңнің басталуымен ерекшеленетінін атап өтті. Араб министрінің сапары барысында виза жеңілдігі мен елімізде полиэтилен шығаруды көздейтін бірлескен жоба пысықталды. Инвестиция келіп жатса, кәсіпорын Атыраудағы өңіріндегі мұнай-химия аумағында бой көтеруі мүмкін. Астанада әлгі ағылшын правосына сүйеніп қызмет ететін халықаралық қаржы орталығын құру барысында Дубайдағы осы тақылеттес құрылымның тәжірибесі ескерілгенін газетімізде жазғанбыз.

                  Срайыл Смайыл, шолушы

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар