Тектілерден айырылдық немесе 59-баппен жазаланғандар қашан ақталады?  

31 мамыр в 20:04 238 рет оқылды

 

Кеңес өкіметінің  құлағанына ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де, ел үшін құрбан болған дін өкілдері, 59-баппен жазаланған басқа да азаматтар әлі күнге дейін ақталмады. Бұл туралы «Жас қазақ» газеті мен  Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының тарихшы-ғалымдары бірлесіп өткізген алқалы жиында айтылды.  Басқосуда тарихи трагедия сан қырынан әңгіме болды. 31 мамыр — саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай өткізілген жиынға институт директоры Хангелді Әбжанов, оның орынбасары Нұрлан Әділбекұлы мен Светлана Смағұлова, тарихшы Бейбіт Қойшыбаев, ғалым-хатшы Әзжан Пернебайқызы,  ғылым докторы Айжамал Ибрагимова, тарих ғылымдарының магистрі Ардақ Беркімбай, тарих ғылымдарының докторы Рашид Оразов, тарих ғылымдарының кандидаты Зира Маймаққызы қатысты. 

Жас қазақ: Биыл еліміздің Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін ресми түрде атап өткелі жатқанына 20 жыл толады. Бұл туралы тарихшылар аз айтпады. Көптеген ғылыми мақала жарық көрді. Дегенмен әр нәрсенің екі жағы болады демекші, әлі күнге бұл тарихи оқиға туралы бар шындық айтыла қойған жоқ. Жазаланғандардың кім екенін білсек те, жазалаушылар туралы сөз жоқ.  Хангелді аға, бүгінгі жиынның тізгінін өзіңізге берсек.

Хангелді Әбжанов: Тарих-этнология институты кезінде «Әділет» қоғамын құрды. Ұйымның төрағасы осы біздің институттың директорлары болған. Сол дәстүрді жалғастырып былтыр «Әділетті» қайтадан республикалық деңгейде құрып, оның төрағалығына мен сайландым. Біраз шаруаны атқардық деп айта аламыз. Дегенмен, мына заманда ой жеткенге қол жетпейтін себеп бар. Барлығы қаражатқа келіп тіреледі. Осы тақырыпта, осындай форматта бас қосып, пікір алмассақ деп бәріміздің басымызды қосқан «Жас қазақ» газетіне алғыс айтамыз.

Қуғын-сүргін 1937-38 — жылдары ғана болған жоқ. Отар елдің бүкіл тарихы мен тағдыры қасірет. Махамбеттің басынан айырылғанымыз да, Амангелді мен Кенесары да  сол отаршылықтын қысымында қалып, құрбан болғандар. Қуғын- сүргін дегеннің хронологиялық ауқымын кеңейтуіміз қажет. Революцияға дейін қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман сияқты болып қалады. Бізде отарлық деген қашанда халықтың соры екенін естен шығармауымыз керек. Елбасымыздың мақаласына (Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру – ред) орай тарихымыздың ақиқатын, қасіретін ашылады деп ойлаймыз. Ойымды толықтыру үшін сөзді белгілі тарихшы Бейбіт Қойшыбаевқа беремін.

Бейбіт Қойшыбаев: Негізінен үлкен репрессияның толқыны 1928-29 -жылдары басталды. Идеологиялық тұрғыдан құғын-сүргін ретінде 1930- жылдары қазақтарды соттады. Бізде көп ақиқат жабық күйде болғандықтан, ештеңені білмедік. Тарихымызды түгел ашылды деп айта алмаймыз. Себебі, ашылмаған дүние әлі де көп. Тұрардың (Тұрар Рысқұлов – ред) жасырын хаттары шыққан уақытта барлығы дүрлікті. Тіпті, докторлық диссертация қорғауға келген жігітті қайтарып жіберген. Себебі Мәскеудің арғы шетінен Тұрардың хаттарын алып келген. Олардың хаттары құпия болды. Тұрар — біздің алдымызда идеал. «Тұрар да, Ленин де бір», — деп қараған адамдар болды. Оның еңбегін ешкім жоққа шығармайды. «Әділетте» біз оны талқылаған болатынбыз. Біз мына тарихи белді тұлғалардың көпшілігін зерттеп жатырмыз. Алайда менің айтатыным оларды адами тұрғыдан зерттеу басқа мәселе. Санжар Асфендияров үлкен тұлға. Ол Сұлтанбек Қожанов  екеуі бажа болған. Кезінде Қызылорданы Қызылорда қылған – сол Қожанов. Ал мені ойлантатын жағдайдың бірі «Неге сол кезде қазақ зиялылары өз арасынан қазақты бас хатшы етіп сайлауды ойламады? — деген сұрақ мазалайды. Бір жағынан бір-бірін көре алмаушылық болды деп ойлаймын. Менің айтайын дегенім — біздің кадрлардың алауыздығы.

Хангелді Әбжанов: Ол заманда НКВД (Халық ішкі істер комиссариаты – ред) жазалаушы орган болды. Ең қауіпті, ең қатерлі, ең қатігез. Сол қуғын-сүргінге Совет одағындағы барлық мекеме қатысты. Комсомол, пионер, мектеп, университет те ат салысты. Мирзоян 1937 жылы НКВД-ның 20 жылдығында: «Біз бәріміз НКВД-ның қызметкеріміз»,- деп айтты. Осы Мирзоянның сөзі — ана заманның келбетін, қасіретін ұғынуға мүмкіндік беретін методологиялық пайым. Өйткені, 1937 жылғы газетті ақтарсаңыз, қазіргі Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде сұмдық жиналыстар жүрген. Барлық газеттер де бірін-бірі әшкерелеп жатты. Олар НКВД-ның бір-бір ұясы сияқты. «Менің еш қатысым жоқ»,- деген бір ауыз сөз де жоқ. Бұл бір мәселе. Екінші мәселе, Елбасы мақаласында: «Коммунизм, фашизм, либерализм өзінің жарамсыз екенін дәлелдеді» — деді. Ал сол коммунизмді жарамсыз қылған осы қуғын-сүргін. Өз басым «либерализм тарих сахнасынан түсіп қалды» — дегенге сене қоймаймын. Либерализмнің потенциалын алдағы уақытта әлі көре жатармыз. Біз оны жоққа шығара алмаймыз. Бүкіл батыстың өмірі либерализм. М.Әуезовтың хатын білесіздер. Әлімхан Ермековтың хатын да білесіздер. М.Әуезовтың хатында «Алаш» деген сөз жоқ. Ал сол хатты анау Парижде жатқан Мұстафа Шоқай көріп таниды. Ол Әуезовты сынаған болып, оны қорғаған. Ол С.Асфендияровты сынағансып, оны да қорғады. М.Шоқайдың саясат саласында сұңғылалығы – шексіз. Әлкей Марғұланның хаты сақталған. Ол айтады: Әй, мен аурумын ғой, жындыханаға түстім. Мені қудаламаңдар», — дейді. Міне, жан сақтау үшін не істеу керек? Біз сол заманның зиялы қауымы көрген қасіретті ашып айтуымыз керек. Бұлардың бәрі коммунистік идеологияға сенген адамдар. Сұмдық идеология. Ал олар соны жариялады. Бірақ іс жүзінде бөлек болды. Уәдесі сұмдық. Сондықтан оларды осы идеяға сенгені үшін айыптамайық. Үшінші бір ойым — осының бәрін «Абай жолы» романындай жазатын бір жазушы керек! Тарихшы керек! Ашаршылықтың трагедиясын біз әлі аша алған жоқпыз. Факті жетеді. Бәрі айтылды. Бірақ осының басын қосып, теориялық, методологиялық ұлттық мемлекеттік жағынан бір кешен жасалмай жатыр деген ойдамыз. Осы қасіреттің, қуғын-сүргіннің астарына үңілуіміз керек.

Айжамал Құдайбергенова: Жыл сайын осы күнді атап өтер кезде еліміздің тарихынан ауыр қайғыны әрдайым еске аламыз. Тәуелсіздік алуға ұмтылған азаматтарымызды аза тұта отырып, сол заманның қайғы-қасіретін ұғына отырып қазақ халқының өміршеңдігіне шүкіршілік етеміз. Қазіргі 18 млн халқымыздың 67 пайызы қазақ екенін мақтан етеміз. Себебі, ХІХ ғасырдың соңында ел халқы 81,7 пайызын құраған қазақ, 30 жылдан кейін жартысынан айырылса, 50 жылда 29 пайызға төмендеген екен.  1897 жылы – 81,7 пайыз, 1917 жылы – 59,8 пайыз, 1926 жылы – 58,5 пайыз, 1939 жылы – 38 пайыз, 1959 жылы – 29,8 пайыз. Бұл сандар нені көрсетеді? Бұл тарихи қуғын сүргіннің халық санын кеміткенін, ХХ ғасырдың бірінші жартысында орын алған ашаршылықтың демографиялық апаттың нәтижесін көрсетеді. Бұл сандар адамдардың еріксіз тағдырынан мәлімет береді. Сондай-ақ елдің бас көтерер ойшыл қауымына халыққа жасалған қуғын-сүргіннің нәтижесін көрсетеді. Кеңес заманында, «бір адам  – бір адам, ал екі адам статистика» деп саналатын. Яғни осының салдарынан көп адамның аты белгісіз, санның ішінде ғана кетті.

Светлана Смағұлова: Қуғындауға Ахмет Байтұрсынұлы ілінген екен. Оған қандай айып тағылған? Біріншіден, Алашорданың мүшесі болғаны үшін, екіншіден, жарна төлемегені үшін. Үшіншіден, партия жиналысына қатыспады деген айып тағылды. Бірақ бұл айып оған лайықты емес. Ең басты себебі 1920 жылы Ленинге үлкен хат жазған. Сол хатында: «Алашордашылар — кеңестің билігін мойындадық. Мойындасақ та әлі күнге дейін интелегенция күдікпен қарап отыр. Одан кейін 1922 жылы ОГПУ (бірлескен мемлекеттік саяси басқарма–ред) одан кейінгі КГБ (мемлекеттік қауіпсіздік комитеті–ред) мынадай тапсырма берген: «Қазақ зиялыларының арасында қандай көзқарас бар, қандай топ бар? Сол топты анықтап беріңдер. Олар қалай жұмыс істеп жатыр, арасында қандай ықпалы бар? Осыны анықтаңдар». Бұған кезінде біздің жазушыларымыз, малшы мен егіншілер де қатысқан. Қандай топтың бар екенін  анықтау жұмысы өте құпия жүргізілді. Тергеу жұмыстарының нәтижесі осы 1937 жылы қуғын –сүргінге алып келген. Оған дейін қаншама ұлт зиялылары атылды, түрмеге қамалды. 1921-22-жылы ашаршылықты білесіздер. Сол кезде «Семейден Торғайға жіберілетін малды өзі пайдаланып кетті. Дұрыс үлестірмеді»,  — деген сылтаумен, Жүсіпбек Аймауытовтан бастап қаншама қазақтың қарапайым азаматы істі болған. 4 жыл бойы сыртынан іс жүргізіліп, ақыры 1926 жылы Қызылордада 10 күндей сот болды. Міржақып Дулатовтың тікелей қатысуымен, «Еңбекші қазақ» газетінің араласуымен Жүсіпбек Аймауытов айыбынан толықтай ақталады. Ал оның қасындағы Ахмет-Сапа Жүсіпұлы, Ілияс Бәйменұлы, Ш.Құлжанұлы сынды азаматтар 1-2 жылға сотталады. 1925 жылы билікке Ф.Голощекин келген. Оған «Алашорданың ықпалы қалай? Соны анықтаңдар» — деп арнайы тапсырма берілген. Егер ықпалы коммунистердің арасында басым болса,  оларды жасыту, қызметтен қуу мәселесін қолға алыңдар деген. Сөйтіп, ол Қазақстанға келген соң, өздерінің кіші Октябрь идеясын жүргізді. Сол кезде ұлт зиялыларын бақылаған. Қалай жүргізеді? Анықтағаннан кейін жікке бөлген. Қазақ ұлтының қаншама зиялысы «тазартуға» ілікті. Арасында Ілияс Омаров, Халел Ғаббасов,  Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов ілікті. Әйелдердің арасынан «қара тізімде» мысалы Шахзада Шонанова болды. Көпшілігіне «Сіз әлі күнге дейін Алаш идеясын дұрыс деп ойлайсыз ба? Коммунистік партияның жүргізіп отырған саясаты дұрыс па? Кезінде Алаш партисында жүріп Алаштың идеясын жүзеге асыруға құмар болдыңыз. Неге сіз А.Байтұрсынов пен Ә.Бөкейханов идеясын қолдадыңыз?» — деген. Халел Ғаббасов екі рет тұтқындалды. Алдымен 1926 жылы. Онда да біреудің сыртынан шағымдануына байланысты. Екіншісі – 1928 жыл. Ол ұзақ уақыт түрмеде жатты. Ақыры 1930 жылы тергеу барысында оған «мойында» деген. Осы жылы атылған 40 адамның қатарында Халел Ғаббасов та бар. Одан кейін «Телжан Шонановтың идеясын сен неге бізге айтпадың? Оның жазғанын неге жария етпедің?»,- деп Шахзада Шонанованы атқан. Ал қалғандарын  он жыл дейін түрмеге қамалды. «Қуғындалғандарға кімдер жатады?» — деген сұрақ туындауы мүмкін. Кезінде кеңес өкіметінің жүргізіп отырған саясатына қарсы келген азаматтарды жатқызуға болады. Тұрар Рысқұлов, Нығымет Нұрмақов, Ұзақбай Құлымбетов. 1931-33 жылдары Абыралы, Созақ, Шұбартау өңірлерінде көтеріліс болған. Сол көтерілісті бастаған кімдер? Имамдар, молдалар. Соларды жатқызуға болады. Көпшілігі әлі күнге дейін зерттелмей жатыр. Бұл туралы әріптесіміз Ардақ Беркімбай зерттеп жүр. Міне біз қазақ ұлтының зиялыларын ғана зерттейміз де, ал қарапайым адамдарға әлі қолымыз жетпей жатыр.

Ардақ Беркімбай Қуғын-сүргінге ұшырағандардың арасында ерекше айтылуға тиіс топ — діни қызметкерлер. Ұжымдастырудың соңы алапат аштыққа ұшыратты. 1929-31-жылдар аралығында кеңес өкіметіне қарсы көтеріліске ұласты. Әділетсіздікке ұшыраған дін өкілдерін бөліп қарауға болады. Негізі, қазақ қоғамында дін өкілдрінің орны ерекше. Сондықтан бұлардың көзін жою кеңестік жазалаушы күштердің басты мақсатының бірі болған. ОГПУ-дың кейбір мәліметіне қарайтын болсақ Батпаққара, Торғай, Созақ, Балқаш, Абыралыда дін өкілдері тұтқындалған. Көтерілісті ұйымдастырған Асадулла Ибрагимов, Мұқантай Саматов, Жұмағазы Байымбетов сияқты көрнекті дін өкілдері белгілі. Большевиктер партияның идеологиясын енгізуге кедергі жасайтын ислам діні екенін білген. 1929-31 жылдардағы көтеріліс кезінде көрнекті дін басыларын жазалау барлық өңірді қамтыды. Ол осы көтерілістерге байланысты молда, имам бәрін бірден тергеуге алып кеткен. Жазалау кезінде жеңілік алғандар болды. Ал дін өкілдеріне өте қатал қарады. Оларды жауапкершіліктен босатқан жоқ. Бұларды барынша жазалауға тырысты. Балқаш, Шоқпар, Созақ көтерілісінде 8 имам ату жазасына кесілді. Одан кейін 12 имам жер аударылды. Қызылорда облысы Қармақшы ауданында Ақмырза Ишанның көтерілісі болды. Сол туралы мақала жаздым. Газеттеріңзге ұсынғым келіп отыр.

Жас қазақ: Жақсы. Бұл туралы оқырман қауым біле бермейді. Газетке жариялаймыз.

Хангелді Әбжанов: Сіздердің газеттеріңіз Ұзақбай Құлымбетов туралы да өткен жылы жариялаған. Бүгін сол кісі туралы кітап шықты. Соны сіздерге таныстырғым келіп тұр. Онда тек  қана зиялылар емес, ату жазасына кесілген қарапайым адамдардың да тізімі бар. Мысалы, 1938 атылып кеткен Александр Осипенко ұлты украин. Мамандығы – етікші. Андрей Осипенко  1938 жылы атылған. Өзі ағаш ұстасы. Немесе Сұлтан Оспанов деген азамат аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болған. Островский деген азаматтың ұлты поляк, мамандығы — есепші. Бұл – тізімнің бір беті ғана. Ол жерде қытай да, еврей де жатыр. Бүкіл ұлттар бар. Ал енді бұл репрессия 1917 жылдан бастап, 1991 жылға дейін созылған. 1920 жылдың аяғында бір толқын,1937 жылдың аяғында екінші толқын, 1950 жылдың басында үшінші толқын, 1986 жылы төртінші толқын соқты. Бұл осылайша үздіксіз жалғаса берді. Халқымыздың ұлы тұлғаларын, қарапайым еңбек адамдарын қан-қақсатты. Ж.Аймауытов атылды. 1937-38 жылдары 100-ден мыңға дейін адам атылды. 1940 жылдың аяғы мен 1950 жылдың басында Е.Бекмаханов, М.Әуезов, Қ.Сәтбаевтар қудаланған кез. 1986 жылғы көтрілісінен кейін Қ.Рысқұлбеков атылды. Қаншама студент оқудан шығарылды. Ректорлар қызметінен қуылды. Міне, біз репрессияны советтік елді толық қамтыды деп айтуға негіз бар. Барлығын белгілі бір заңға сүйеніп қылмыстық кодекс есебінде соттады. Арамызда соңғы жылдары Санжар Асфендияровты зерттеп жүрген Алмас Жүнісбаев отыр. Оның да ойын білейік.

Алмас Жүнісбаев: Менің оймымша, бұл бірншіден ұлттық трагедия. Тек қазақ елін емес, басқа да ұлттардың қасіреті. Себебі, қуғын- сүргінге тек қазақ қана емес, өзге ұлт өкілдері де ұшырады. Бұл мәелені зерттеуге жол ашылған күннен бастап қаншама еңбек жазылды. Зерттеулер әлі де аз. Ал бұл трагедияның аумағы өте ауқымды. Ол өзі нағыз интелигенция отбасынан болған. Әбілхайыр хан мен анасы жағынан Абылайханың ұрпағы. С.Асфендияров тұтқындалған уақытта Қазақ Ғылым Академиясы басшысының орынбасары болып қызмет атқарған. Сонымен қатар, қазіргі Абай атындағы педогогикалық университетінде тарих факультетінде профессор болған. Оның қазақ ұлтынан шыққан ең алғашқы профессор екенін де білесіздер. Үйін тінту кезінде көптеген қолжазба мен жинаған кітабы жоғалып кетті. Тұтқындалғаннан кейін оны көпшілік алдында әшкерелеу басталды. «Халық жауы» деп көрсетіп, қызметінен қуды. Сонымен қатар оған «Қазақ тарихын бұрмалады» — деген айып пен газет беттерінде көптеген материал жарияланды. С.Асфендияровпен бірге оның жары Рабиға Лапина да репрессияға ұшырады. 1937 жылы қыркүйек айында Рабиға Лапина жұмыстан шығу туралы арыз жазған. Біз Ұлттық кітапхананың мұрағатынан осы құжатты таптық. С.Асфендияровқа халық жауы,  революционер Жапония, Германия, Англия елінің тыңшысы сынды көптеген айып тағылған. 1938 жылы ақпан айында ату жазасы үкімі шықты. Сонымен қатар сол жылы қазақ зиялыларының бір тобы да ату жазасына кесіледі. С.Есқараев, Т.Жүргенов, Ұ.Құлымбетов, С.Меңдешев, М.Жылысбаев  сынды азаматтар да атылған. С.Асфендияровтың немересімен кездесіп, қаза болғаны  туралы құжат алдым. Құжатта не себептен қаза болғаны көрсетілмеген. Жазаланғандардың кейбірі атылған, кейбірі солтүстікке айдалған. Сондықтан да олардың нақты неден қаза болғаны туралы құжат та, мәлімет те жоқ. Ал балаларының тағдыры мүлдем бөлек. Кіші қызы Әділет  Ташкентке, үлкен қызы Әлия мәскеуге жіберілген. Үлкен қызы еврейге тұрмысқа шыққан.

Хангелді Әбжанов: Бір ғана Асфендияровтың тағдырынан біздің халқымызға келген бір кесепатты байқауға болады. Бұлар тектіден тектіні алған жандар. Осы тектілікті жойдық. Қыздары Ташкент кетті, Мәскеу кетті. Ал сол Мәскеуге кеткен қызының ұрпағы 1989 жылы келді. Атасы туралы түк білмейді. Оның көксегені «ұшақпен келіп кетуіне ақша төлене ме?» — деген ой. Осындай тектілік С.Сейфулиннің, Жұбановтың да әулеті бойынша жойылды. Бұлар қазақтың тұқымдық жағынан келгенде ерекше бір бағалы құндылығы еді.

ЗираБүбі Маймаққызы: Осы ұлт зиялыларының ұрпақтары не болды деген сұрақ мені де мазалайды. Шәкәрімнің ұрпағы Алтай асып кетті. Зият Шәкәрімұлының тағдыры өте аянышты. Зиятпен бірге кеткен Шәкәрім мен Абайдың қолжазбалары Қытай елінде екенін ашық айтуымыз керек. Зият өзге елде әкесінің шығармашылығын насхаттаумен қатар, медресе ашып, қазақ балаларының білім алуына жол ашты. Ал Зияттың қалай өлгені белгісіз. Кейбір деректерде Қытай түрмесінде атылып кетті деп айтылады. Кейбірінде НКВД араласуымен кеңес еліне қайта алынды делінген.

Айжамал Құдайбергенова: Бұл жерде айтылмай қалған бір нәрсе бар: 110 мыңдай адам қуғын – сүргінге ұшырады.  Қанша адамның қуғын-сүргінге ұшырап, қаншасы ашаршылықтан қаза болғаны туралы нақты дерек жоқ. Ашаршылықты 1929 жылдан бастаймын өз басым. Өйткені, 1929 жылы Маңғыстауда ашаршылық болып жатты. Ал осы 1929-33-жылдар аралығында ашаршылықтан әр аймақ бойынша қаншама адамның қырылғаны туралы мәлімет болғанымен, сандық жағынан нақты емес.

Жас қазақ: Репрессия кезінде мынанша адамнан айырылдық деп нақты көрсеткішті келтіре аласыз ба?

Айжамал Құдайбергенова: Ресейлік зерттеушілердің айтуынша,  1 млн 400 мыңдай адам сыртқа кеткен. Ал оның дәлелі ретінде Қазақстаннан сыртқа кеткендер туралы хаттар бар. Ал біздің зерттеушілер сыртқа кеткендер мен қоса өлгендерді 2 млн аса адам деп көрсетеді. Мысалы, біз экспедиция кезінде Ақтөбеден сол замандағы халықтың саны туралы құжатпен таныстық. 1937 жылы тұрған адамдардың саны бар. Яғни осыларды терең зерттей отырып біраз мәліметтер табуымызға болады. Одан бөлек, 1939 жылы елде халық саны 1936 жылмен салыстырғанда 3 млн 575 мыңнан 2 млн 327 мың адамға дейін немесе 1 млн 248 мың адамға азайған дейді. Бұл жалпы Қазақстан бойынша.

Жас қазақ: Ашаршылықтың нақты себебі анықталды ма? Кейбір деректерде ақша болcа да, ештеңе сатып ала алмаған. Қазаққа азық-түлік берілмеген. Малын тартып алған. Өзге ұлттарға мұндай қысым көрсеткен жоқ»», — деп жатады. г

Хангелді Әбжанов: Ең басты себеп қазақтың малын тартып алды. Ал жиналған мал азығы жоқ болғандықтан тау-тау болып сол жерде қырылып қалды. Ал малымен ғана күн көріп отырған қазақ халқы бір күннің ішінде малсыз, азық-түліксіз қалды. Жан-жаққа босып кетті. Барған жерінде де жағдай жақсы болды деп айта алмаймыз. Сөйтіп, қазақ қырылды. Себеп ата кәсібінен айырып, малын тартып алып  саясаттың сорақы қателігінен осылай болды. Ал Украинада басқашалау. Әскер қоршап алып елді-мекеннен шығармай қырды. Украинада халықтың 16 пайызы қырылды. Ал бізде халықтың 50 пайызы опат болды. Шығынның мөлшерін осыдан қарай беріңіз.

Жас қазақ: Осы қуғын-сүргін  кезінде қазақтың Абай, Шәкәрім сынды ғұламаларының ұрпағы ілінді ме?

Хангелді Әбжанов: Бәрі ілінді. Репрессияға дейін –ақ атылып кетті. 1933 жылы ма Шәкәрімнің ұрпағы  атылып кетті. Абайдың бүкіл тұқымы Семейден қашып, Бішкекке барып тарыдай тозып кетті. Бұл репрессия қазақтың маңдай алды ұлдары мен қыздарының бәрін таптап өткен тажал болды. Ораз Жандосовтың ұлы орысқа үйленді. Егер қалыпты жағдаймен әрі қарай жүргенде, бұлардың ұл-қыздары басқамен отау құрмас па еді.  Тектілік жалғасатын еді. Ал бұл біздің әлі де генетикалық тұрғыдан зерттелмей жатқан бір проблемамыз.  Ал біздің қазақ ата-бабаларымыз тектілікке аса мән берген.

ЗираБүбі Маймаққызы: Осы қуғын-сүргіннің зардабы өте көп. Тектілікт жоюдан бөлек адамдардың санасында, жүрегінде үрей, қорқыныш сатқындық орнады. Ертең тұқымым құрып кетеді деген үрей әлі күнге бар. Елбасының ««Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» деген мақаласында осы сананы жаңғырту деген мәселе өткір қойылып отыр. Шындығында да санамыз уланған. Біздің санамыз алданған сана. Біздің санамыз өтірік құндылықтармен утопияға ұрынған. Осыдан құтылып біз таза ұлттық, мемлекеттік санаға көшсек, өз межемізге жетер едік.

Жас қазақ: Бір кездері репрессия құрбандарына өтемақы төлеу мәселесі көтеріліп еді. Соның нәтижесі қалай болды?

Хангелді Әбжанов: Кезінде С.Асфендияров, С.Сейфуллин ақталғанда екі айлық көрсеткіші көлемінде ақша берілді. Осымен өтемақы төленді. Ал оның үйі қайда кетті? Жинаған кітаптары, дүние-мүлкі  қайда кетті? Ол есептелген жоқ. Егер еліміз бір шалқыған байлыққа қол жетсе, бұл мәселе де көтеріліп, репрессия құрбандарына да берілер еді. Ал кейінгі 1954 жылы сотталғандар әлі ақталған жоқ. Талас Омарбековтың кітабында 10-20 беттей тізім бар. Кім атылды, кім сотталды, кім қамалды — соның бірі де ақталған жоқ. Мұны ақтау болашақ тарихшылар мен билігіміздің еншісінде.

Дайындаған Елдос Өмірзақұлы, Жарас Кемелжан

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар

Бүгін, 15:54

Атажұртты аңсау