Исламиада ойындары туралы не білеміз?

31 мамыр в 20:20 124 рет оқылды


Биыл кезекті Ислам ынтымақтастық ойындары төртінші рет өткізіліп отыр. Төртінші дейміз-ау, негізі үшінші рет деп айтуға да болады. Кезекті дода Әзірбайжан астанасы Бакуде жалауын көтерді. Әзірбайжанда өткен дүбірлі дода туралы айтпас бұрын, тарихқа сәл шегініс жасасақ. «Исламиада» аталып жүрген бұл өзі қандай жарыс? «Ислам ынтымақтастық ойындары» деген ресми атауы бар дүбірлі дода Ислам конференциясы ұйымы қолға алған бірегей жоба екенін айта кету ләзім. Иісі мұсылман елдерін біріктіруге күш салмақ болған ұйым 2005 жылы І Ислам ынтымақтастық ойындарын өткізуді Сауд Арабиясының еншісіне берген-ді..
ІІ ойындар 2009 жылдың қазанында Иранда өтуі керек болатын. Алайда ұйымдастырушы ел мәжбүрлі түрде 2010 жылдың сәуіріне ауыстырды. Себебі, араб елдері мен Иран арасындағы келіспеушілік өршіп кеткен кез. Ирандықтар «Парсы шығанағы» ұғымын құжат, медальдар, басқа да материалдарда пайдаланғаны Сауд Арабиясы мен басқа да араб мемлекеттеріне ұнамады. Олар Парсы шығанағының орнына «Араб шығанағы» немесе жай ғана «шығанақ» баламасын ұсынған. Ақыры, тараптар ортақ мәмілеге келмеген соң, ІІ ойындар өтпейтін болды.
Осылайша алғашқы ойындар тым қатаң түрде өткізіліп, келесісі мүлде өтпей қалған доданың болашағы бұлыңғырлана түскен. Абырой болғанда ІІІ Ислам ынтымақтастық ойындары 2013 жылдың күзінде Индонезияның Палембанг қаласында өтті. «Битке өкпелеп, тонын отқа жаққан» ирандықтар келмей қалды. Ашылу салтанаты өте жұтаң түрде өтті. Орталық Азиядан тек түркімендер қатысты. Бұрынғы кеңестік мемлекеттер ішінде Әзірбайжан бар болатын. Бар-жоғы 23 ел қатысқан ойындарды керемет болды деуге әсте болмайды.
Ал Бакуде бәрі керісінше. IV Ислам ойындарына 56 елден 3 мыңға жуық саңлақ спорттың 20 түрінен 269 медальді сарапқа салды. Сән-салтанаты келіскен спорт сарайлары мен стадиондардағы ойын ерекше әсер берді. Әзірбайжандар жарыс ұйымдастыра біледі. 2015 жылы бұл елде Еуропа ойындары өтті. Жыл сайын Формула-1 автожарысының кезеңі дәл осы жерде дүрілдейді. Басқа да ірілі-ұсақты спорт жарыстарын айрықша дайындықпен өткізетін бауырларымыз бұл жолы да абыройы асқақтаған жарыс жасай білді. Бұл туралы талай доданы түсіріп, сапалы репортаж жасап жүрген әзірбайжандық әріптесіміз Емин Ағаев өз елінде өткен ойындар туралы былайша әңгімелейді: «Менің ойымша, біз ең үздік Ислам ынтымақтастық ойындарын ұйымдастырдық. Барлығы жоғары деңгейде болды. Қай елдің атлетінен сұрамаңыз, бәрінің көңілінен шықты. Бұл әзірбайжан халқының беделінің өсуіне, ел имиджінің жақсаруына септігін тигізгені сөзсіз». Кеудесін кере сөйлеген журналистке әзірбайжан құрамасымен, спортшылардың сыйақысы туралы сұрақ қойдық. «Әзірбайжан ең мықты құрам жасақтады», — деп сөзін сабақтады ол,- «Жеңімпазға берілетін сыйақы да қомақты. 1-орынға — 100 мың манат немесе 58786 доллар беріледі». Сондай-ақ ол соңғы өзгерісті айта кетуді жөн көрді. Оның айтуынша, енді бұл ойындарға басқа діндердің өкілдері де қатыса алады. Расында Бакудегі ойындар барысында біз мұны байқадық. Алғашқы ойындарда тек ислам дінін ұстанатын спортшылар қатысқан. Бұл да болса мұсылмандардың өзге дін мен конфессия өкілдеріне деген құрметінен туындаса керек.
Хош, Әзірбайжанға қазақ спортшылары да барды. Бес қана спорт түрінен апардық. Оның ішінде 32 атлет 19 жүлде ұтып алды. Оның екеуі – алтын, бесеуі – күміс, қалғаны – қола. Қос алтынды боксшылар – Азат Махметов пен Тұрсынбай Құлахмет еншілесе, Айнұр Есбергенова, Әлімжан Серікбаев сынды таэквондошылар, еркін күрес балуандары – Жандос Исмайылов, Дәулет Шабанбай және әйелдер күресіне қатысқан Жәмилә Бақбергеновалар 5 күмісті қоржынға салды.
Қолаға қол созғандар дзюдошы – Гүлдана Әлмұханбетова, Еламан Ерғалиев, таэквондошы – Жансел Дениз, боксшылар – Қуан Қуатов, Сұлтан Зәуірбек, Илья Очкин, Еркін күрестен – Әділет Дауланбаев, Ілияс Жұмай, Болат Сақаев, Мамед Ибрагимов, әйелдер күресінен – Айгүл Нұралым және Зарина Күнқараева.
Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекциясының баспасөз хатшысы әріптесіміз Ардақ Тоғымов 10 күн бойы отандық спортшылардың басы-қасында жүріп, ойындардың куәсі болған еді. Оның айтуынша өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған додадан аларымыз көп. Ол «Жарыстың 5 түрінен ғана спортшылар апарсақ та , нәтиже жаман емес, оған өздеріңіз де куәсіздер. Өйткені көптеген құрамалар өздерінің негізгі құрамдағы атлеттерін алып келген. Жұлдыз спортшылар да жоқ емес. Өзбектің мықты боксшылары да жүр.Олар үш алтынмен тағы да бокстан жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды. Түркімендердің боксында жаңа серпін болатын сияқты. Себебі, атақты ресейлік Александр Лебзяк бас жаттықтырушы. Алаң қожайындары аса мықты деп айтуға болады. Мәселен, 1-2 орынға басынан –ақ таласқан әзірбайжандар мен түріктер 300-ге жуық спортшысын әкеп, жарыстың барлық түріне қатысты Тіпті,жарыс иелері кей спорт түрлеріне екі құрамасын жіберіпті . Дзюдо финалында бір салмақта екі әзірбайжан таласты. Тағы бір айта кетерлігі, әзірбайжандық сияқты сыйақы мөлшерін қомақты ету де спортшыларды ынталандыратыны сөзсіз.Бізді олимпиадалық қалашыққа орналастырды. Онда барлық жағдай жасалған», — дейді.
Сонымен, турнирлік кесте бойынша, медальдар саны жөнінен Әзірбайжан бірінші, Түркия – екінші, Иран – үшінші орынға табан тіреді. Қазақстан әлгі жүлделерімен 14-орынды місе тұтты. Көршілес өзбектер төртінші орыннан көріне білді.
Сөз соңында айтарымыз, ендігі жерде Ислам ынтымақтастық ойындарын екінші деңгейлі турнир деп қарамай, негізгі құрам мен спортшыларды мейлінше көп жіберген еліміздің спортшылары үшін дұрыс болатын сияқты. Биылғы ойындарға 54 мемлекеттің қатысуы көп нәрсені аңғартса керек. Әзірбайжан тың серпін берген жарыс келесі жолы Түркияда өтеді. Жағрафиясы ауқымды бола бастаған ойындарда топ жару да қиындай түсетін сайыстың деңгейі де жоғарылайтыны сөзсіз. Ендеше спортқа бей-жай қарамайтын Қазақстан Түркияда топ жаруды міндет ету керек деп ойлаймыз.

Мадияр Арыстанбаев

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар