Шөген де біздің ойын

26 мамыр в 13:31 95 рет оқылды

Осыдан екі жыл бұрын ініме (Сәрсен Құранбек, Шөген федерациясының вице-президенті – ред.) елімізде полоны дамыту туралы ұсыныс түсті. Ат үстінде таяқпен доп қуып жүргендерді теледидардан көзім шалып қалған. Ағылшынның ханзадалары ойнап жүргенін көргендіктен бе, батыстың еріккен аксүйектерінің ойыны шығар деген ой басымда қалыптасып қалған. Сондықтан, онша жақтырмадым. Бірақ бетін қайтармайын деп өзі көрсін, байқасын деп үндемедім. Ол да бірден келіспей: «зерттейін» деп уақыт сұрапты.

Арада бір ай өткенде бауырым: «өлгеніміз тірілді, өшкеніміз жанды» деп қуанышы қойнына сыймай келіп тұр.
– Не боп қалды? – деймін ғой баяғы.
– ПОЛО дегеніңіз – біздің ата-бабаларымыздың өнері екен, – дейді.
Шежіренің бәрін қазақтан таратып, Шыңғыс ханнан бастап ұлы тұлғалардың бәрін бабамыз етіп алатын елміз ғой. Шындыққа саяды негізі. Тіпті өткенде хабарға («Айтуға оңай» бағдарламасы – ред) келген Мекемтас атам: Москва дегенің – Мосқау деген бабамыздың аты, Киев – деген біздің «күйеу» деген сөз деп таңқалдырған. Қисынға келеді, негізі. Бірақ бауырымның полоны иемденіп алғысы келгені артық боп көрінді. Содан журналистік сауалдың астына алайын кеп:
– Оған қандай дәлелің бар?
– Атақты Фирдаусидің өзі «Шахнама» дастанында оның тұрандықтардың ойыны екенін жазыпты. Біздің алып бабамыз Ер Тоңға (Афрасиаб) парсылардың шахын шақыртып, бірге ойнапты. Суреттері де бар. Онда біздің бабаларымыз қалпақпен бейнеленген.
– Ол парсылардың ойыны болуы мүмкін ғой. Одан басқа дәлелің бар ма?
– Оның түркілердің ойыны екенін Махмұд Қашқари мен Жүсіп Баласағұн да жазып кетіпті. Баласағұн бабамыз «Баланы ақылды, білімді етіп тәрбиелеу керек. Ол үшін шахмат пен шөгенді бірдей үйрету керек. Бек, елші, қолбасшылар да шөгенге ұста болу керек», – депті.
– Оныншы ғасырдағы түркілер дегеніміз, өзбектер, ұйғырлар, моңғолдар да болуы мүмкін ғой. Тағы қандай дерегің бар?
– «Құтты білікті» аударған Асқар Егеубаев ұлттық ойынымыз шөгенді тірілту туралы көлемді мақала жазыпты.
– Енді, ол кісі де қазақ қой. Ұлттық қазынамызды молайтуға үлес қосқысы келген шығар.
– Жарайды, әлі сенбей тұрсыз ғой. Бұлар аз болса, Халықаралық Поло федерациясының бас ғимаратында және жеке сайтында: «Полоны алғаш рет Орталық Азияны мекендеген көшпенді елдер ойнаған» деп жазылып тұр. Ал ол көшпенді елдеріңіз біз емегенде, кім енді?!
Өзімізді өзіміз шетелдіктер арқылы мойындап жаман үйренген әдетіміз бар ғой. Осы дәлелді келтіргенде сылқ ете қалдым. Сөйтсем, Сәрсеннің айтуынша, біздің бабаларымыз ат құлағында ойнау үшін, найза мен қылышты шебер меңгеру үшін шөген ойнапты («Шөген» таяқшаның аты. Шоған деп те аталады. Шоқпар деген сөздегідей түбірі «ШОҚ», «СОҚ» дегенді білдіреді). Кейіннен Бабыр бабамыз арқылы Үндістанға барыпты. Сол жерден ағылшындар еліне әкетіп, ары қарай күллі әлемге тарапты.
…Содан інім Шөгенді дамытуға келісті. Арада екі жыл өтті. Аз уақыттың ішінде Сәрсеннің командасы қыруар жұмыс атқарды. Облыстарда федерациялар құрылып, ай сайын жарыс өткізілетін болды. Өзіміздің аттарды ойынға үйрету, балалар мен жасөспірімдерді осы өнерге тегін баулу қолға алынды. Ұлттық құрама жасақталып, халықаралық турнирлерге шыға бастады. Шығып, құр қатысып ғана қоймай қазақтың жігіттері жеңіске жете бастады.
Өткенде Талғардың іргесіндегі «Ақбұлақ» кешенінде сол жігіттердің ойынын барып көрдік. Ысылғандары, төселгендері бірден байқалады. Құраманың жартысы көкпаршылар, қалғаны ауылдың балалары екен. «Сынауға шеберсіздер, өздеріңіз ойнауға қалайсыздар», – деген соң өзіміз де ойнап көрдік.
Ұлттық құраманың жігіттеріне қарсы шығу қайда?! Журналистер мен әртістер боп, үшке-үш ойнадық. Әртістерді «Жау жүрек мың балада» ойнаған Асылхан Төлепов інім бастап шықты. Журналистердің үлкені өзім екенмін. Талайдан бері атқа мінбегеніме қарамастан, ұрысқа өзім бастап шығуыма тура келді. Ойын туралы әсерімді сөзбен жеткізу қиын.
Бабалардың рухын сезінгілеріңіз келсе – өздеріңіз ойнап көріңіздер!

Бейсен Құранбек,
журналист

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар