Бағалы бастама

26 мамыр в 10:46 104 рет оқылды

«Туған жер» бағдарламасы аясында жаңа мектептің құрылысы басталды. Бұл қадам бизнес өкілдерінің ел игілігіне, білім саласына қосқан сүбелі үлесі болмақ.

Облыс әкімі Мәлік Мырзалин мамыр айының 25-і күні Целиноград ауданына қарасты Қосшы ауылындағы №2 орта мектептің соңғы қоңырау рәсіміне қатысты. Үстіміздегі жылы бұл мектепті 76 түлек бітіріп жатыр. Оның төртеуі «Алтын белгіден» үміткер.

Мектеп түлектерімен кездескен сәтінде облыс әкімі олардың әрқайсысы дұрыс таңдау жасай алатындығына, болашақта мемлекетіміздің дамуына, Ұлт Көшбасшысы, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қойып отырған маңызды міндеттерінің оң шешім табуына лайықты үлес қосатындықтарына сенім білдірді. Сондай-ақ, облыс әкімі өңір пен мектептің қоғамдық-мәдени және спорт сайыстарына белсене қатысқан мұғалімдер мен оқушыларға халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесінің 500 билетін табыс етті.

Өңір басшысы Қосшы селосында жеке инвесторлардың өз үлестерін қосып, ұйымдастыруларының нәтижесінде салынатын жаңа мектептің іргетасын қалау салтанатты рәсіміне қатысты.

–Бұл Елбасының «Туған жер» бағдарламасын сөз жүзінде емес, іс жүзінде жүзеге асырылуының басы,–деді облыс әкімі бағалы бастаманың мәні мен маңызына екпін түсіріп.

«Қазына-SR» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры С.Матайбаева да өз пікірін былайша түйіндеді:

–Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жете түсіне отырып, туған өлкеміздің өркендеуіне өз үлесімізді қоспақшы болып осындай шешім қабылдап отырмыз. 200 орындық жаңа мектепті салып болған соң мемлекетке қайтарымсыз табыс етеміз. Білім ошағын 2018 жылдың мамыр айына дейін толық аяқтауды жоспарлаудамыз. Мектепте ағылшын тілін тереңдете оқытатын 12 оқу сыныбы болады. Одан өзге әрқилы үйірмелер мен секцияларды өткізетін орындар да қарастырылған.

Сөз соңында құрылыс құнының 350 миллион теңге қаржыны құрап отырғандығын айта кеткен ләзім.

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар