Беташарды білеміз бе?

144 рет оқылды

Беташар – бағзыдан қалған дәстүр. Жаңа түскен келінге жасалады. Рәсімді отауда, жас жұбайлардың шаңырағында атқарған. Беташарға келіннің қайынжұрты – ауыл-аймақ толық жиналады. Келін өзінің болашақ жұртымен алғаш рет желек астында танысады. Ал жас келіннің бетін жабу – бұл мән-мағынасы терең ғұрып.

Келіннің бетін неге жабады?

Адамның беті көзі тірі кезінде жабылмайды. Жалпы, біздің қазақ, түркі халықтары адамның бетін жабуды жақсы ырымға баламаған. Мысалы, осы ғұрып Американың үндістерінің арасында сақталыпты. Түркі халықтарының арасында да бүгінге жетіп отыр. Сонда біздің халықта адамның беті қай уақытта жабылады? Қыз дәурені өтіп, басындағы ақ орамалы алынып, келіншек дәурені жетіп, біреудің босағасын аттаған уақытта, яғни осы кезде оның беті бірінші рет жабылады.
Келіннің бетін жауып әкеліп, ел-жұрттың алдында ашу – жаңа адамды қабылдау. Дала ұғымы бойынша, беташардың астарында рухани тазарту ғұрпы жатыр. Келін – қыз кезінде белгілі бір рудың өкілі. Ал әрбір ру жеке космос-әлем. Ол рудың бойында өздеріне ғана тән жақсылық, жамандық қасиеттер болады. Сонымен бірге ата-бабасының бойында көптеген жүк, қарыз болуы мүмкін. Асыл-ізгі дүниелер болуы мүмкін. Бұрынғылар бір рудың бойындағы жақсы-жаман қасиеттерді екінші рудың бойына өткізбеуге тырысқан. Сол үшін келіннің бетіне орамал жауып әкеліп, ашады. Орамал жабу арқылы келін рухани тазару керек. Оның жаны да, тәні де тазарады. Бір космос-әлемнен екінші космос әлемге өткен уақытта келін таза күйінде келуі шарт. Біздің бабаларымыз осы тазалықты сақтаған.
Қазақтың бір жақсы сөзі бар: «Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан» – деген. Мұнда нені меңзеп отыр? Біздің қазақ аяғы ауырлап келген келіннен қорыққан. Тіпті шошыған. Өйткені, келін аяғы ауырлау арқылы өзінің отанындағы бүкіл жақсы-жаман қасиеттерді келесі әулетке алып келуі бек мүмкін.

Қамшымен бет ашу

Қамшымен бет ашудың үлкен мән-мағынасы бар. Бұрын беташарға қошқар сойған. Қошқардың қамшысын пышақ тигізбей сылып алып, кәдімгі дойыр қамшының өзегіне салып, өрген. Сөйтіп, бетті сол қамшымен ашқан. Қамшы – бір заманда батыр-баһадүрлердің қолына ұстаған қаруы болды. Сондықтан, қамшыны серт деп түсіндік. Қамшымен ашу – серт беру деген ұғымды білдіреді бір жағынан.
Келіннің табанының астына біз не төсеп жүрміз? Бұрынғы баба қазақ қошқардың терісін төсеген. Яғни бөстек төсейді. Бізбен туыстас ноғай халқында осы дәстүр сақталыпты.
Беташар кезінде келіннің екі жағына бала туған, күйеуге тиген, бақытты адам болып есептелетін екі жеңгесі тұру керек. Олардың беті бір-ақ рет ашылған болуы шарт. Бұрынғылар бет ашатын адамға қатты мән берген. Мысалы, келіннің бетін кім ашады? Қазір келіннің бетін синтезатормен ашады. Және кім көрінген ашады. Ескі қоғамда олай болмаған. Келіннің бетін ашатын адам сол рудың белгілі адамы болу керек. Яғни сол рудан шыққан ақын болуы керек. Ол уақытта жырау, әнші, жыршылар бет ашқан жоқ. Бетті ақындар ашты.
Қазір жасы 25-26 жасқа келген жігіттер үйленіп, солардың дос жігіттері қамшы ұстап бет ашады. Бұл дұрыс емес. Қазақ мүшелмен жыл қайырады. Қамшы ұстайтын бала бірінші мүшелдің о жақ-бұ жағында болуы керек. Екінші мүшел – 25 жас. Оған рұқсат етілмейді.
«Ерден кетсе де, елден кетпейді» – дейтін қасиетті сөз бар. Азаматы қайтыс болса, келін қайнысына, қайын ағасына, олар болмаса, сол әулеттегі жақын біреуіне қайтадан неке салады. Сөйтіп, өсірген ұрпағы сол әулетте қалады. Шығыс халықтарында келін – рудың меншігі болып есептеледі, бізде де солай болған.

Айтып берген жыршы-өнер

зерттеуші Берік Жүсіпов.
Жазып алған
Жарас КЕМЕЛЖАН