Қазақы қалжыңның серкесі

28 сәуiр в 12:25 235 рет оқылды

(Соңы. Басы алдыңғы санда)

Баяғыда екі бүрге: «Әй, не істейміз? Үйге жаяу аяңдаймыз ба, жоқ иттің үстімен барамыз ба?» – деп кеңесіп отыр дейді. Сол айтқандай, масылдар көп маңайымызда. Көңілді жүретіндер осылар білем. Не рөл ойнамайды. Бағатын бала-шаға жоқ. Қырықка келсе де – бойдақ. Анадан ішеді, мынадан ішеді. Уайым қайғыны білмейді. Уақыттары да көп болғаннан кейін, өздерінше, сері. Төрт құбыласы түгел. Мәрт… «Оу, кеше сені телевизордан көрдік кой!» деп анау да, мынау да сыйлайды. «Жақсы жігіт» дейді. Соған мәз. Көңілді.
Жақсы жігіт деген мамандық жоқ қой!..
Бұлар бірде-бір образ жасамаса да театрдың штатын толтырып отыр. Айнала беріп карта ойнайды. Және сахнаға ұдайы ішіп шығады. Оны көрген ел не демейді. Е, әртістердің бәрі маскүнем деген пікір содан қалыптасады. Ішінде біз де кетеміз оның. Heгe кетуім керек менің?! Еңбекті жандырсам деп күні-түні ізденіп, толғанады екенмін. Тыраштанады екенмін. Жаманатқа неліктен қосақталуым керек сонда?!
Солай… Басқа да жабырқайтын жәйттер баршылық қой.
Мен күйттейтін тірлік те көп. Қазір «Етті қайдан алсам екем? Кімге барып жалынсам. Ол өзі арзандау болса…» – деп отырмын.
Бауырларым, балдыздарым бар. Келіп-кетіп біреуі ана жұмысын, біреуі мына жұмысын тапсырып жатады. «Аға, көке» деп барасың әлдекімдерге. Ол сенің тауыңды шақпай тілегіңді орындай қойса жақсы.
– Ой, заман да қиындап кетті ғой… Бәлен-бәштүген, аспан құлағалы төніп тұр, қолдан келе қоймайтын шаруа сияқты. Көрерміз, – деп шығарып салады.
Кейде: «Шіркін-ай, ана мұңсыз жүретін жігіттердің уақыттарын маған берсе ғой!» деп қиялдаймын.
Жазатын нәрселерім бар. Кезінде отыратын мүмкіндік болмады. Санап отырсам, Алматыға келгелі бері отыз пәтер ауыстырыппын. Жүрдік сабылып…
Қазір жағдай бар, ой көп, уақыт тапшы. Екі қолды кайда жеткізе бересің. «Көңілді жүрудің» қиындығы содан. Әрине, өне бойы қабағынан қар жауып тұрады екен деп түсініп қалма. Күлуге да уақыт табылып тұрады.

Әуескерлік мәні

– Қолыңыздан актерліктен басқа не келеді? Сурет салатыңызды білеміз. Шеге қаға аласыз ба?
– Шегенің «көкесін» қағамын десем сенесің бе? Үйдегі ұсақ-түйектен бастап күрделі жөндеулерге дейін түгел өзім жасаймын. Онда балта шабушы, ағаш шебері, сылақшы, сантехник, электрик – бәрі бір өзім. Және өзгенің ісіне көңілім толмайды. Барлығын өз талғамыммен орындаймын. Гастрольге шыққанда ел базар араласа, мен шаруашылық дүкендеріне тартамын. Құрал-сайман жинаймын. Балғаның, араның, сүргінің, бұрғының, қашаудың, тістеуіктің, тескіштің, егеудің… түр-түрінен коллекция жиналған шығар. Жеңгең кейде: «Темір-терсекті қашанғы жиясың!» деп ренжіңкіреп те жатады. Шеберге бәрі керек. Таяуда төбелерді гипспен оюладым, балкон жаптым, паркет қидым… Жалпы, рахат табамын мұндай жұмыстан. Демалып қаласың. Творчествоңа да көмек. Тексті жаныңа қойып қоясың да, шұқылап, шаруаңды істей бересің. Енді Еркебұланға суретпен айналысатын шағын шеберхана жасап беруді ойлап жүрмін. Өзімнің де қылқаламды қолға алып тұратын кездерім болады. Бірталай достық әзілдерім республикалық газет-журналдарға шыққан. Бұл да үлкен шеберлікті, тапқырлықты, ұшқыр юмор сезімін талап ететін өнер. Кейбір кәсіпқой жігіттердің достық әзіл деп ұсынып жүргендері көбінесе карикатура техникасына келеді. Мен алдымен кейіпкердің характерін зерттеп аламын да, кескінді жедел, үш-төрт сызықпен ғана бейнелеуге тырысамын. Көп штрих пайдаланудан қашамын. Ол үшін, әрине, қолды ұзақ жаттықтыру керек.


Хобби дегендерің осы. С.П.Королев: «Жить просто – нельзя! Жить надо с увлечением» дейді. Тегінде, әуескерліктің мәні терең. Жұмыс үстінде шығармашылығыңа қажетті ойлар туады. Қанаттанасың.
Қолдан келетін басқа өнерге келсек… Ән саламын домбырамен. Көбіне ғибраты терең терме-толғауды, Қазанғаптың күйлері мен Нұртуғанның жырларын ұнатамын. Гитара шертетінім бар.
Бір таңырқайтыным – кейбіреулер дауысы болмаса да қырылдап, сахнадан түспейді-ей… Менде бірсыдырғы дауыс бар, сонда да шамаға қараймын. Әзілдеп болса да: «Қайрат Байбосыновтар тұрғанда ән салу қара жерге кіргенмен бірдей» деймін ғой. Айтқан соң жақсылап… жоғары деңгейде айту керек.
Ептеп сырнай тартамын. Бала кезімізде ауылда бір ғана гармонь болды. Соның әуені естілсе іздеп барып тұрушы едім. Қазір жасалғанына елу бес жыл болған неміс аккордеоны тұр үйде. Бір досым сыйлап еді. Соны ермек қыламын қол босағанда.

Ұлттық бітім-болмыс негізі

– Адамның қандай қасиеттерін қадірлейсіз?
– Әдеттегідей адалдық, адамгершілік, шындық… деместен бұрын халқымыздыц төл салт-дәстүрлерін қалпында сақтаған ағайындарға бүйрегімнің көбірек бұрып тұратынын айтар едім.
Мәселен, Асанәлі Әшімов. Сырттан қарасаң, бірталай еуропал анған, өркеуделеу, асқақтау болып көрінеді. Ал, шын мәнінде, бұл кісі ұлтыңның ұлы кәне дегенде – міне, дейтін асылдың кесек сынығындай нағыз жалпақ қазақ. Бүкіл жүріс-тұрыс, сөйлеген сөзінен қазақы калоритті көресің. Ақселеу Сейдімбеков, Сайын Мұратбеков сияқты өзі типтес жолдастары бар, орталарына түсе қалсаң, баяғының көне көз қарияларынша алыстан сермеп, қоңыр әңгімені күмбірлетіп отырғаны.
Ақселеу ағамыздың да дегдарлығы тамсандырады. Білмейтін ілімі жоқ. Кез келген тақырыптағы ой-пікірін ғылыми тұрғыда талдап бергенде, аузыңды ашып, көзіңді жұмасың. Музыка, тарих, әдебиет, өнер… бәрін біледі. Тәнті боламын.


Ол кісінің жанында азырақ отырсаң, тез арада екі-үш кітап оқып үлгергендей, білім деңгейіңді кеңейте түсесің.
Сол сияқты Қалтай Мұхамеджановпен сұхбаттассаң, маркұм Асқар Тоқпанов, Асқар Сүлейменовпен әңгімелессең де рухани өрісіңді байытар едің.
Асанәлі ағаға келсек, ылғи байқаймын, өзі гастрольдерде жүргенде үй иелерімен таң атқанша мәжілістесіп, көз ілмейді. Әр өлке, әр совхоз әртүрлі. Сондайда жас әртістер шаршадық, анау-мынау деп кетіп қалады. Таңертең Асекеңнің құр аттай болып со күйі ояу жүргенін көресің.
– Әй, жата бересіңдер ме, тұрсаңдаршы. Мына жұрт қол қусырып күтіп алып жатыр ғой! – деп оятып жүреді.
Сонын басы маған келіп жүр қазір.
Дастархан басында отыра алмайтын, сыйды сый деп білмейтін әріптестер бар. Не дәстүрден хабары жоқ, не орыс емес, не қазақ емес, дүбәра ағайын көбейді.
Ертеректе бір опера әншісіне қойдың басын тартса, әлгі оны бір өзі түбегейлеп түгел тазалап мүжіп біткенше ешкімге бермейтін көрінеді. Сонда қасындағылар:
– Оу, Жәке, бастан біз де ауыз тиейік те! Сіздің қолыңызға қарап, күтіп отырмыз ғой. Құлақ біреуге, көз екіншіге, таңдай үшіншіге бұйырмаушы ма еді?! – дегенде әлгі ағамыз:
– Почему? Это же мое! Мұны маған ғана берді емес пе жеуге! – деп таң-тамаша болып, көзін ежірейтіпті.
Орталарда өзіңді ұстай білу, қанша ұзақ болса да біреудің сөзін тыңдаудың өзі – үлкен өнер. Сондай қасиеттерді біле түссек дейміз.
Асекеңдерде атақ та, даңқ та, бәрі жетеді. Бірақ «Ұлық болсаң – кішік бол» – мұндай адамдардың шопан мен шопырмен де, ақын мен әкіммен де тең дәрежеде сөйлесіп, сыйласа білетіндігі ұнайды.
Miнe, осындай қасиеттерді қадірлеймін. Және, қалай болғанда да, ер жігіттің көркі – азаматтығында.
Қайсыбір ағайындар өз бойында жоқ қасиеттерді дәріптеп, ақылгөйсуді сүйеді. Сөйткен жөн, бүйткен дұрыс дейтін бұлардың өз балалары сотталып жатады. Біреуге өнеге үйретпестен бұрын өзіңді жөндеп алуың керек.
Бүгіндері өзбектің «Ялла» ансамблі биіктен көрініп, шартарапқа әйгіленіп жүр. Қазақ ондай таланттардан кенде емес, бірақ біздің ондай музыкалық топтарымыз ауыл арасынан ұзай алмай жатады. Неге?
Меніңше, мұнда да сол біліктілік, үлкен орталарда қадір-қасиетті көрсете білу жетіспей жатады.
Өткенде ұйғырдың «Яшлык» ансамблінің мерейтойында болдық. Қазақтың белгілі топтары, ұжымдары шақырылды. Оған Фарух Закиров бастаған «Ялла» да келді. Тойда бір грамм шарап та таткан жоқ, тілектерін айтып, әндерін салып, билерін билеп, сән-салтанаттарын сақтап қайтты. Біздің жігіттер болса арақты ішіп алып, анау-мынау деп ырың-жырың болады. Жаман қасиеттерін көрсетпейтін өзбек ағайындардан үлгі алу керек дей беретінім содан. Өліп барасың ба, кейін ішесің ғой…
Өзекеңдер екі жүз адамға бір шөлмектен ғана коньяк, шампандарын ашып, той-думандарын ән-жыр, ойын-сауықпен гүлдендіріп жібереді. Жастары үлкенге «хоп» деп иіліп тұрады. Сөйтіп-ақ құртады діңкеңді…
Біздің бауырлар ондайда үлкен отыр-ау, кіші отыр-ау демей, тойып алып, аузына келгенді көкіп:
– Қойшы-ей, көке! Білеміз ғой. Кончай там… Базар керек пе! – дейді.
Тойдың аяғын төбелеске ұластырады.
Сонау жылдары ауыл тойының ішім-жемін ескі сталинист, шолақ белсенділеу біреуге жүктепті. Өйткені, ішетін жастар көп, арақ-шарап өлшеулі екен.
Түннің ортасы ауа бере әбден масайған жігіттер қиралаңдап:
– Өй-й, көк-е-е, өлтіремісің, ішетін бірдеңе берсеңші! – деп кезек-кезек келмей ме әлгіге.
Сонда анау:
– Әй, шырақтарым, арақ жоқ енді. Төбелестеріңді бастай беріңдер! – дейді екен.
Дұрыс қой. Төбелеспей бәрібір тынбайды. Үсел, есік-терезе, шарбақ сындырады. Тарайды ақыры. Көбіне солай бізде.
Шетелден келген меймандарымыз да ойпырай, көп ішеді екенсіңдер деп таңырқап, түршігіңкіреп аттанады. Сондайда қысыласың.
Халқымыздың моральдық кодекстерге кірмеген – үйді айналма, керегеге сүйенбе, жағыңды таянба, тізеңді құшақтама, үлкен кісінің алдынан шелекпен өтпе… дегендей қағидаларының өзінде қаншама терең ұлағат бар. Соны ұғыну керек.
Қазақ кей адамға: «Өй, қасиетсіз неме!» деп жатады.
Бұдан артық түңілу болмайтын шығар.
Содан соң жағымпаздарды жек көремін. Ең сүйкімсіз жау осылардың арасынан шығады. Бүгін біреуге, ертең екіншіге қызмет ететін опасыз сатқын да солар…
Бұларды да сұраққа сәйксс айтып отырмын. Сондықтан, оқырмандарың «бесплатный» ақылы өзіне деп сөөге-жамандамас. Василий Шукшин: «Мейірімдімін деп мақтанбай-ақ қойыңдар, біреуге қастық жасамасаңдар жетеді» дейді. Мен де осыны айтар едім.

Артистер бала мінезді келеді

– Ашуланшақ емессіз бе?
– Ашу бар. Жоқ емес.
Жиі ашуланбаймын, бірақ. Мен, негізі, үндемей, көбіне іштен тынатындардың қатарына жататын болуым керек. Ашулансам дірілдеп, қалшылдап, қатты ашуланамын. Тәрізі ішке ұзақ жиналған реніш бір сәтте бұрқ етіп шығатын сияқты. Өз-өзімді тежей аламын, әрине. Кейде жоқтан өзгеге бұлқан-талқан болатыным бар. Ондай қызық мінезімді артынан аңғарып күліп отырамын. Өкпелейтін жерде өкпелемей, өкпелемейтін жерде өкпелеп жүретінім болады. Эмоцияға берілесің, күйгелектенесің.
Кегім жоқ, әйтеуір. Ренішті тез ұмытамын. Кекшіл адам сахнада ештеңе бітіре алмайды. Үнемі цемент жұтқандай қатып-семіп, кақиып жүретіп бетон бет адам образ жасай ала ма.
Негізінде, әртістер бала мінезді, ақкөңіл келеді. Ана сүтімен бітетін қасиет ол.
Ашуланбайтын адамдарды да білемін. Орыстар «овольный как слон» деп жатады ғой. Айналасында болып жатқан кұбылыстарға салғырт қарайтын, жүйкесі темірден жаратылғандай, етінен ет кесіп жатсаң, мыңқ етпейтін марғау, маубастау адамдарга қатысты айтылатын болса керек.
Біреуге көршісі:
– Ана адамды қызметінен алып тастапты ғой. Дұрыс жасады, – десе:
– Е, жөн болыпты, – дейді.
Іле-шала келген басқа біреу:
– Сол кісіні қызметтен бекер алды, – десе, мынау:
– Дұрыс айтасың, бекер алды, – дейді.
Сонда әйелі:
– Әй, сен ананы да қостайсың, мынаны да қостайсың, қай сөзіңе сенуге болады? Өз пікірің жоқ па?! – десе:
– Сенікі де жөн. Сен де дұрыс айтасың, – депті.
Miнe, мұндай адамдар ашуланбайды. Осылайша, ешкімде шаруасы жоқ, ақырын жылжып, бүтін күйінде өтеді өмірден.
Ал, біз… Адам болған соң ашуланасың. Басыласың артынан.
Қалай енді.

«Толыспаған Толстой, шала Шекспирлер» деңгейі де – әжептәуір биік меже…

– Бір сөзіңізден жергілікті көркемөнерпаз ұжымдарын онша ұнатпайтыныңызды аңдап қалдым ба?..
– Жоқ, онша ұнатпағандық емес, «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы, сонда да солардың бар таңдамасы» – деп Абай атамыз айтқандай, өнерге де кез келген пенде баласының таласы бар ғой. Бірақ кейбір өлкеге барсаң базбір ағайын мұрындарын шүйіріп, қадіріңді түсіреді. Көзді бақырайтып қойып:
– Ой, өз совхозымыздың «Тамашасы» сіздердікінен артық. Біздің Сылқымбикелер ән салғанда Бибігүл, Розаларың жолда қалады! – дегенде осынша тоғышарлыққа таңданып, тіл-жақтан айырыла жаздайсың.
Мұншалықты саяз талғамның сыртынан көзі ақшиған надандық көрініп тұрады. Расында да, ғұмыр бойы белгілі саланың отымен кіріп күлімен шығып, істің сүйегін шағып, майын ішкен адамдармен теңбіз, тіпті артықпыз деп ойлаудың өзі қисынсыздау тірлік қой. Жоқ, бұлар осыған өз маңайындағыларды әбден сендіреді. Біздейлерді «менсінбейтіні» содан.
Үлкен өнердің намысы сондайда қиналтады. Сананы сан-саққа жүгіртіп, толғанасың.
Әлбетте, талаптану жақсы-ақ. Бірақ үлкен мектептерді көрудің, тісқаққан корифейлердің «тепкісінен» өтіп, ысылу, пісіп-жетілу мүлде басқа мәселе.
Шын дарын ешқашан кеуде кермейді. Кішіпейілдікпен жүріп, ғұмыр бойы ізденумен өтеді. Шеберлік шексіз. «Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» демекші, кейде «мұндай тоқмейілсушілер ең болмаса Мұхтар Әуезов айтатын «Толыспаған Толстойлар мен шала Шекспирлер» деңгейіне жетіп алуы керек емес пе» деп ойлап отырасың…

Өз-өзіңе сын көзімен қарай біл…

– Айнаға көп қарайсыз ба?
– Қараймыз оған. Бірақ үйге кірген-шыққанда айна алдында көлбеңдеп, сыланып-сипанып жүріп алатын қыз емессің, әрине.
Бірде Қожанасыр бабамыз далада қаңғалактап келе жатса, жерде күнге шағылысып, алақандай алтын ба, күміс пе, бірдеңе жалтылдап жатыр дейді. Сөйтсе, айна екен.
Өмірінде ондай бұйымды көрмеген әпенді жерден жеті қоян тапқандай қуанып, әлгіні жұлып алып үңілсе, бұған сақалы сапсиып өз бейнесі қарап тұрады. Сонда сасып қалғап Қожакең:
– Ғафу етіңіз, тақсыр! Сіздікі екенін білмедім, – деп айнаны жатқан жеріне қоя салып, безе жөнеліпті…
Біз енді айнаға көбінесе жұмыс бабында жүріп қараймыз ғой. Әр рөлде әртүрлі гримделуге тура келеді. Мен, өзі, театр институтында гримнен сабақ та бердім.
Негізінде, жасаған образыңның жиырма бес процентін грим шешеді. Жиырма бес процент кәстөмнің үлесінде. Қалғаны актер шеберлігіне байланысты. Сонда айнаға жиі қарайсың. Былайша көп пайдаланбаймын оны.
Бізде айнадан екі елі ажырамайтын құрбыларымыз бар. Бір күні біреуіне қанша рет қарар екен деп санап, әдейі қарап отырдым. Жүз төрт рет қарады…
Жалпы, өнерге емес, өздеріне ғашық актерлер болады. Ұлы театр теорияшысы, ғажап актер Константин Станиславскийдің «Умейте любить искусство в себе, а не себя в искусстве» деген қанатты сөзі бар. Демек, өнердегі өзіңді емес, өзіңдегі өнерді көбірек қадірлесең нәтиже шығады. Меніңше, «Бетің қисық болса айнаға өкпелеме!» деген сөзді осы орайда да қолдануға болады. Сәтсіз шыққан рөліңді халқың қабылдамаса ренжіме. Ең үлкен айна – еңбегіңді көріп, бағалап отырған елің. Соның алдында түзу болуға тырыссаң жаңылмайсың. Әсіресе, өз-өзіңе сын көзбен қарай біл.

Дарынсыздардың дандайсуы – елдің соры

– Сіздіңше талант деген ұғымды қалай түсінуге болады?
– Бір қылжақбас жолдасым: «Таңертемен тұрам да, талантыма таң қалам!» – деп күлдіреді.
Шын мәнінде, талант дегенің өте нәзік, күрделі дүние ғой.
Тағы да Станиславскийге жүгінсек, өнердегі жетістіктің 99 проценті маңдай терден, 1 проценті таланттан құралады екен. Демек, қалай болғанда да, алдыңғы орында қажырлы еңбек тұруға тиісті.
Баяғыда Майкл Джексонды қатал әкесі күн сайын репетицияға қуатын көрінеді. Күнде жылап бара жатамын дейді өзі. Достары доп ойнап жүр. Қалай жыламасын.
Бірақ қазір сол азаптың рахатын көріп отыр.
Талант та жеміс ағашы сияқты, күтуді, мәпелеуді қажет ететіндей. Яғни бойындағы қабілетті ұдайы тәрбиелеп, дамытып отыруға тиістісің.
Меніңше, табиғи дарын дегеннің өзі түр-түрге бөлінеді. Аз ғана икемділігімен тырбанып, талаптанып өзіне лайықты биікте жүрген жігіттер бар. Аса ауқымды кеңістікке самғайтын үлкен талант иелері болады. Құдай берген қабілетті қор қылатындар да кездеседі. Мысалы, Италияда… Ла-Скалада тәрбиеленген әншімізге не болды… Ол жарқырап өнерде тұрғанда бүгін айдарынан жел ескен талай әнші соның көлеңкесінде қалар еді. Ол өз бағасын өзі түсірді. Бұдан түйінделетін ой – талант – басқа қонған бақ, дарыған қыдыр, оны жоғалтып алуға да, езіп жіберуге де болады. Ұстап тұра алу бар да, ұстап тұра алмау бар.
Және ойлаймын, мемлекет те дарынды ұл-қыздарымен мақтанып, оларды аялап, қадірлеуі қажет. Біз бұл жағынан да тоқырауға түскендейміз. Дарынсыздар дандайсыған дүние салтанат құра бастағандай. Тегі, әдебиетте де, өнерде де ортақол шығармашылықтың етек ала беруі – елдің соры…
Бір дәтке қуаты – қазақ талантқа кенде емес. Қайрат Байбосынов, Роза Рымбаева, Әлібек Дінішевтер нағыз феномендер емес пе! Сондай асылдарымызды ардақтай білсек.

* * *
…Далаға шыққан соң Құдағаң екеуміздің жолымыз екі айырылды. Кешке концерт еді.
Ол қалың нөпірдің арасын қақ жарып, нық басып кетіп бара жатты. Әлдекімдер бұрылып қарап, көзімен ұзатып салып тұр.
Актер не қиялдап барады екен деп ойладым.

Құлтөлеу МҰҚАШ

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар

Бүгін, 16:55

«Еншіңді» ал!