Жастар һәм баспана

21 сәуiр в 12:28 289 рет оқылды

Алматы мен Астана қалаларында баспана жетпесе, Қостанайда жаңа салынған көп қабатты үйлер қаңырап бос тұр. Бұл туралы «Жас қазақ» газеті мен «Болашақ» республикалық қозғалысының «Көзқарас» жобасы аясында ұйымдастырған дөңгелек үстелде белгілі болды. Жастарды қайтсек баспанамен қамтимыз? деген тақырыпта ұйымдастырылған. Жиынға Алматы қалалық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма төрағасының міндетін атқарушы Шыңғыс Бескемпіров, «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ баспасөз хатшысы Айбар Олжай, заңгер Камиша Есмұхамбетқызы, аймақтанушы Ескендір Құрмаш, Алматы қалалық қоғамдық кеңес өкілі Асхат Асылбеков, журналистер Бауыржан Карипов, Нұргелді Әбдіғаниұлы және Елдос Өмірзақ, экономист Мақсат Халықов, сондай-ақ қаламыздың белсенді жастары қатысты. Модератор «Болашақ» республикалық қозғалысының жетекшісі Дәурен Бабамұратов.

 

Дәурен Бабамұратов: Армысыздар! Бүгінгі жиын «Жас қазақ» газетінің тікелей қолдауымен жүзеге асырылып отыр. Қозғайын деп отырған тақырыбымыз өзекті. Жастарды баспанамен қамту мәселесі. Бұл осыған дейін де талқыланып жүр. Шешімін тапқанға дейін талқылана бермек. Жиынды бастамас бұрын, студент Әйгерім Қызайбайдың жасаған кішігірім сараптамасына кезек берсек.
Әйгерім Қызайбай: Алматы жастардың қаласы. Ресми мәліметке сүйенсек, жастардың саны 500 мыңға дейін жетеді. Яғни қаламыздың әрбір үшінші тұрғыны 14-29 жас аралығындағылар деген сөз. Мұнда еліміздің ең көп жоғары оқу орны орналасқан. Жылына 30-35 мың студент білім іздеп келеді. Ал жоғары оқу орнының жатақханасы барлық студентке жете бермейтіні белгілі. Бірінші курс студенті жатақханамен қамтылғанымен, жоғарғы курс студентіне жатақхана бөлмесі бұйыра бермейді. Ал басқа аймақтан білім іздеп келген студент қай жақта тұрақтамақ? Алматы орталығындағы жоғары оқу орнына жақын маңдағы жалдамалы пәтер құны асқақтап тұр. Сол себепті студенттің 60-65 пайызы оқумен қатар жұмыс істеуге мәжбүр. Осы уақытта пәтерге қаржы табамын деп жүріп, сабақтан да қол үзеді. Ал осыдан барып, білімі төмен, сапасыз маманның шығатыны рас емес пе?

Дәурен Бабамұратов: Әйгерім айтып өткендей, Алматы қаласында 500 мыңдай жас бар екен. Жылына қанша шаршы метр тұрғын үй салынады? Жастарды баспанамен қамтамасыз ететін қандай бағдарлама бар? Иә, біз білеміз «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» бар, Алматы қаласының тұрғын үй баспанасына арнайы кезек бар. Арнайы кезекке тұру үшін жас отбасы болсаң жеткілікті. Ал осыдан басқа қандай мүмкіндік жасалған? Алдыңғы жылы қателеспесем, 2 мыңға жуық жас отбасы баспаналы болған. Дәл қазір Универсиада аясында да баспана беріліп жатыр. Бірақ ол жеткілікті ме? Ал оларды алу механизмі қаншалықты әділ әрі әділетті. Ол механизм әрі қарай қаншалықты өміршең. Мүмкін өзгерту керек шығар. Одан басқа қандай бағдарлама керек? Сан ұстамайтын болсақ, сапа қайдан болмақ. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қандай шара атқарылып жатыр? Бұл сұрақтың барлығы әлі күнге дейін өзекті. Сондықтан тақырыпқа ой қосыңыздар, сөз қосыңыздар.
Айбар Олжай: Сөз бастамас бұрын Алматы қалалық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма төрағасына қоятын сауалым бар. Қалада 500 мың жас бар десек. Оқу бітірген өзге өңірдің жастары қалада қалуы керек пе? Әлде өңіріне қайтуы керек пе? Сіздердің ұстанып отырған қағидаларыңыз қандай?

Шыңғыс Бескемпіров: Жаңа Әйгерім жақсы бір дерек келтірді. Қазіргі таңда Алматы қаласында 29 жасқа дейін 483 мың жас бар. Ал қаламызда 138 мың студент білім алуда. Соның ішінде 81 мың студент өзге өңірден келген. Тек қана 50 мыңы Алматы қаласынан. Жыл сайын 30 мыңға жуық маман жоғары оқу орнын (ЖОО) бітіреді. Соның тек 7 мыңы Алматы тұрғыны болса, қалғаны өзге өңірден келген. Сараптау орталығының мәліметіне сүйенсек, студенттің 75 пайызы ЖОО орнын аяқтағаннан кейін Алматыда қалғысы келеді. Әрине, Алматы – еліміз бойынша ең үлкен мегаполис. Нағыз жұмыс орны осы жерде. Одан бөлек Алматы маңайындағы Қаскелең, Талғар, Өтеген батырдан жұмыс істеуге жастар келеді. Оларды ешкім есепке алып отырған жоқ. Жалпы, жас деп біз 29 жасқа дейінгілерді қарастырамыз. Бірақ 35 жасқа дейінгілерді де айтуға болады. Нағыз әлеуметтік қиындықтармен осы жасқа келгенде бетпе-бет келеді. Алматы қаласының әрбір екінші азаматы, яғни 45 пайызын жастар құрап отыр. Расында да, олардың саны 500 мыңнан көп. Өзге облыстан 81 мың студент келеді. Соның тек 31 мыңы ғана 94 жатақханадан орын алады. Қалған 55 мың өзге өңірден келген студентті кім бақылап отыр? Олар қайда жүр? Жастарымыз күндіз сабақта болса, кешкі уақытын қайда өткізеді? Егер олар пәтер жалдап тұрса, олардың ең басты ойы пәтер ақысын қалай төлеу болады да, сабақ назардан тыс қалады. Сондықтан ЖОО басшыларымен осы мәселені көтергенбіз. 2020 жылғы дейін 12 жатақхана салу жоспарға ілінді. Алайда қанша жатақхана салынғанымен, өзге өңірден келгендерді 100 пайыз жатақханамен қамтамасыз ету мүмкін емес.

Айбар Олжай: Классикалық үлгіде Алматы әр аймақтан жастарды алып, оларды кәсіби маман қылып дайындап, өз өңіріне қайтарып беруі керек еді. Бірақ білесіздер, ол жүйе бізде жұмыс істемейді. Алматыда қалғысы келетіндер көп. «Нұрлы жер» бағдарламасының түпкі мақсаты – 1,5 миллион отбасыны баспанамен қамтамасыз ету екенін айтсақ, оның барлығын тек бір қалаға шоғырландыру физикалық тұрғыдан да мүмкін емес. Сондықтан, контр-магнит, жастарды өзіне тарта алатын өңірлік ошақтарға көбірек мән беру керек. Біздің банкте қазір 850 мыңға жуық салымшы бар. Оның 40%-ы пісіп отырған депозит иесі. Демек ақшасын жинап, қазірдің өзінде үй алуға дайын болып отыр. Сондықтан, бар әңгіме құрылыс көлемінде және оның бағасында. Біз банк ретінде құрылыс жүргізбейміз. Ал дайын нысанды сатып алуға қашанда несие беруге дайынбыз.
Мақсат Халықов: Пайыздық үстеменің жоғары болуына байланысты көптеген банк ипотекалық несиеден бас тартқан болатын. Дағдарыс кезінде кішкене кідіріс кедергі болғаны анық. Бірақ банктер қайтадан ипотекалық несиені жандандыра бастады. Бұл Ұлттық банктің несиенің пайыздық мөлшерлемесін түсіруіне байланысты болып отыр. Ипотекалық несиені айтар болса, алдымен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» сөз болары анық. Дегенмен ол жердің өзінде пайыз төмен деп айта алмаймыз. « 5 пайызбен беріледі» деп жарнама беріледі. Бірақ шынымен солай ма? Тұрақтылық енді байқалып келе жатыр. Ұлттық банктің төрағасы «Инфляцияның төмендеуіне байланысты, бізде базалық пайыздық үстемені төмендете бастаймыз», – деп уәде беріп отыр. Енді жаппай ипотекалық несие жандануы ықтимал. Осы тұста «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» пайызды одан да төмен түсірсе деген ниет бар. Отандастарымызға қорықпай несие алуға мүмкіндік жасалса.

Елдос Өмірзақұлы: Мақсаттың пікірімен келісуге болады. Жуырда осы банк арқылы пәтер алған жас отбасының бірімін. 5 пайызбен ақша алу үшін, сіз банктің талабын орындауыңыз керек. Мәселен, 14 млн теңгеге пәтер алу үшін, 3 жылда 50 пайызын, яғни 7 млн теңге жиналу керек. Ол үшін шамамен сіз айына банкке 200 мың теңгеден құйғаныңыз абзал. Егер де олай істемесеңіз, 8,5 пайызбен береді. Мен 3 жыл салымшы болсам да, 1,5 жылға 8,5 пайызбен 14 миллионға есептеді. Себебі банк талабы орындалған жоқ. 1,5 жылдан кейін пайыздық мөлшерлеме төмендетіліп, қайта келісімшарт жасалады. Маған пәтер алу керек болған соң, амал жоқ келістім. 50 пайызды жинау үшін айына 200 мың теңгеден 3 жыл бойы кім төлеп тұра алады? Пәтер жалдап тұратын отбасы үшін, тіпті қиын.
Дәурен Бабамұратов: Елдос мырза, өте орынды айттыңыз. Сіз көтерген мәселеге «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» өкілдері жауап беретін болады. Мен өзім бұл банктің Алматыдағы қоғамдық кеңесінің мүшесімін. Біз де осы мәселені көтердік. Себебі отандастарымыз «Жарнамада 5 пайыз деп көрсетіледі. Ал неге 8,5 пайызбен береді. Банк мақсаты – ақша табу емес, халыққа көмек көрсету емес пе?», – деп жатады. Орынды ұсыныс. Орынды пікір. Мәселен, күні кеше ғана «Ақ жол» партиясының мүшесі Азат Перуашев революциялық ұсыныс айтты. Яғни ол кісі жастардың тұрғын үй мәселесін шешу үшін КСРО заманындағыдай жатақхана салу керек деп отыр. Ас үйі мен әжетханасы бір болсын дейді. Осы ұсынысқа қала қарайсыздар? Дұрыс па, әлде бұрыс па?

Бауыржан Карипов: Азат Перуашевтың сөзін күлкіге айналдырып жатқандар бар. Ол кісі мұны жайдан-жай айтқан жоқ. Мұндай үй шын мәнінде бар. Мысалы, Астананың Көктал ауданында екі қабатты үйлер бар. Бір бөлмеден бөліп қойған. Ас үй мен дәретханасы ортақ. Адамдар сол үйде өмір сүріп жатыр. Солай тұрып жатқанның дені өзіміздің қазекеңдер. Ол қазақтың үйі жоқ екенін білдірмейді, қазақтың көптігін білдіреді. Алматының өзінде 500 мың жас жүр. Сондықтан қандай да бір шешімнің жолын айтқан шығар. Өзге аймақтан келген жастарды оқуын бітірген соң, өз өңіріне барып жұмыс істеу мәселесін қарастыруымыз керек.
Нұргелді Әбдіғаниұлы: Сол Азат Перуашевтың ұсынысының авторы менмін. Осыған дейін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» журналистермен кездесуінде талқылаған болатынбыз. Сол жерде жастарға уақытша жатақ жай беру мәселесін көтердім. Өйткені үкімет, саяси ұйымдар белгілеп берген орташа жалақы мөлшері 120 мың теңге. Ал осы жалақыны алатын адамның өзі «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» ең төменгі жарнасын сала алмайды. 30 мың теңге ең төменгі жарна деп есептегенмен, осы айлықпен кемінде 3 жыл қаңғыруға тура келеді. Пәтерден-пәтерге сандалу керек. Қаламыздағы бір бөлмелі пәтерді жалдау құны 50-70 мың теңгенің аясында. Одан бөлек, барактар бар. Сол барактың жағдайын қарасаңыз, ол жерде адам тұруы мүмкін емес. Ал ол жерде талай отандасымыз өмір сүріп жатыр. Өйткені барлығы жұмыс іздеп, өзге өңірден келгендер. Уақытша жатақханадан намыстанбайық. Бірден ешкім сізге 5 бөлмелі пәтердің кілтін бере салмайды. Сіз жассыз, дипломды кеше ғана алдыңыз, айлығыңыз 70-80 мың теңге. Осындай кезде саған өзі арзан, жаңа жатақханадан артық не керек?

Камиша Есмұхамбетқызы: Жастар арасында «Неге үйсіз жүрсіңдер?», – деген сауалнама жүргізілді. Сондағы олардың басым бөлігі үй алу үшін көп қағаз жинау керек деп жауап беріпті. Одан кейін қаржы мәселесі. Себебі жастардың көбісі жұмыссыз. Перуашевтың айтқан ұсынысын құптамаймын. Себебі өзім де осындай жатақханада тұрамын. Ортақ болғандықтан, дәретханаға таласып қалатын жағдай жиі болады. Бір бөлмеде балаңа сабаққа дайындалуға да мүмкіндік жоқ. Отбасын құрмаған жастарға болмаса. Сондықтан мәселені шешудің басқа да жолын қарастырған дұрыс болар.

Нұргелді Әбдіғаниұлы: А.Перуашевтың айтқаны тек ұсыныс. Ол талқылауға жатады.
Асхат Асылбеков: Нұргелді, мен сізбен келіспеймін. Сіз талқылау деп жастарды осы ойға еліктіріп отырсыз. Қандай ойға? «Жағдайымыз онша емес. Осыған келісе салайық», – дейсіз. Негізі, барлығы мемлекеттің қолында. Мемлекет жастарға көмектесуі керек.
Шыңғыс Бескемпіров: Неге тек мемлекет қарастыру керек. Менің мынадай ұсынысым бар. Базар маңында жұмыс жасап жүрген жастарға, сол базар басшылары жағдайын жасауға неге көмектеспейді? Кәсіпкерлер атсалыссын. Себебі олардың бизнесінің өрге домалауына сол қызметкерлері де атсалысып отыр емес пе?
Ескендір Құрмаш: Менің де ұсынысым бар. Мысалы, қала маңында дачалар бар. Неге соларды жастарға жалға бермеске. Бағасы аса қымбат емес. Болмаса несиенің бастапқы 3 жылы шегеріліп төленетін қаржы берілсе. Сол кезде әрбір жастың үй салуына талпынысы болар еді.
Талғат Жанысбай: Мен Камиша ханымның сөзіне қосыламын. Ас үй мен дәретханасы ортақ үй салғанша, кішкене қаржы шығындап бір бөлмелі, бірақ жуынатын орнымен бірге неге пәтер салмасқа? Шынымен де, ортақ болса бір-бірімен келіспеушілік болады. Келесі ұсынысым зейнетақы қорындағы қаржыны осы баспана мәселесіне жұмсасақ. Алматы қаласында қаншама университет бар. Жылда келетін студентін жатақханамен қамтамасыз ете алмаса, оларды университет статусынан айыру керек. Солтүстіктен университет ашып, студенттерді сол өңірге жіберу керек. Егер де сол жақта 4-5 жыл жүрсе, Алматыға үйренгендей, ол жаққа да сіңісіп кетеді.

Нұрбала Ошақбаева: Менде өзге өңірден келіп, пәтер жалдап тұратын студенттің бірімін. Менің көкейімде жүрген бір мәселе мен ұсынысым бар. Біріншісі, ол уақытша тіркеу мәселесі. Қалада туысым жоқ. Екіншіден, жалдамалы пәтер иесі мені уақытша тіркеуге алғысы келмейді. Егер де маған айыппұл салса, оған таңқалмаймын. Еуропада оқитын достарымыз жалғызбасты ата-әжелердің үйін жалға алып тұрады. Сол сияқты неге Алматы қаласында осы мәселені қолға алмасқа. Жалғызбасты ана. Болмаса зейнеткерді анықтап, солармен қарым-қатынас орнататын ұйым ашпасқа. Зейнетақысы аз, зейнеткермен мен баспанасы жоқ студент үшін өте тиімді нәрсе болар еді деп ойлаймын.
Асхат Қасенғали: Өткен жылы урбанизацияға қатысты үлкен жиын өтті. Шынымен де, қаламызға жан-жақтан жұмыс іздеп ағылатын жастардың қарқыны жоғары. Қандай бағдарлама қабылдасақ та, тұрғын үй мәселесін толықтай шеше алмаймыз. Урбанизация мәселесі бүкіл әлемде жүріп жатыр. Менің бір ұсынысым- мемлекет тегін жер бермей-ақ қойсын. Бірақ сол жерді жастарға бөліп төлейтін мүмкіндікпен берсе. Мемлекет өз тарапынан газ, су, жарық мәселесін шешіп берсе, кез келген жас намысына тырысып үй тұрғызатын еді. Мемлекетіміздегі исламдық банктер 3 пайызбен ипотека беруге әзір деген ақпарат бар. Егер осы мәселе шын мәнінде жүзеге асырылатын болса, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» өзінің 5 пайызын азайта ма? Әлде жастарға қатысты жаңа бір бағдарлама ойластыра ма?
Айбар Олжай: «Тұрғын үй жинақ құрылыс банкі» әрбір салымшының қаржысына аса жауапкершілікпен қарайды. Сондықтан халыққа да тиімді болсын деп ұзақ мерзімді стратегияны қолға алды. Тек ұлттық валютамен ғана жұмыс жасаймыз. Біз халыққа 2 пайыз сыйақы беремізде, несиеге 5 пайыз қосамыз. Арадағы пайыз 3 пайыздан аспауы керек. Бізге мемлекет бекітіп берген маржа бар. Ол – 3 пайыз. Сол арадағы 3 пайыз арқылы біз өз қызметкерлерімізді жалақымен қамтамасыз етіп отырмыз. Егер біз алдағы уақытта жұмысымызды толықтай автоматты жүйеге көшірсек, пайызды түсіру мәселесін қарастыруға болады. Бірақ бұл болашақтың еншісінде. 1,5 млн теңге болса, пәтерді ала аласың. Қалғанын алты жылға бөліп береді. Айына төлейтінің шамамен 50 мың теңге.
Дәурен Бабамұратов: Осы жиында біраз өзекті мәселе айтылды. Астана, Алматы сынды ірі қалаларға жастарды шоғырландыра бермей, өзге де өңірлерімізге жіберу жолын қарастыру керек деген ұсыныс айтылды. Құптауға тұрарлық. Себебі ол жақта жұмысқа тұрып, баспана алу жеңілірек. Өзге де айтылған ұсыныс пен көтерілген мәселе тиісті жерге жетеді деген ойдамыз.

Дайындаған Мақпал Ноғайбаева,
Салтанат Шырынхан

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар