Таксистің бір түні

28 наурыз в 09:40 566 рет оқылды

Қоғамның діңіне түскен жебір құрттардың бірі – жемқорлық пен парақорлық дейміз. Алайда, тәнін сатып, теңге тауып жүргендердің қылмысы жоғарыдағы екеуінен де жаман. Өйткені, олар ұлт беделіне нұқсан келтіреді, жан-жағына қауіпті дерт таратады. Сонымен қатар жауқазындай жастарды жексұрын әдетке баулиды.

Ардан азған арулардың азғындық әрекеттерінің соңы да абыройсыз. Отбасындағы берекесіздік, тастанды бала, ауруға шалдыққан адамдар. Арам жолмен ақша табуды асыл дініміз де хош көрмейді. Оларды қоғам да қабылдамайды. Десек те, осыны біле тұра кесірлі кәсіпті күнкөріс көзіне айналдырып алғандар қатары азаяр емес. Жалпы, жезөкшелік жер жаһандағы бас ауруына айналып отырған күрделі мәселе. Өйткені, СПИД, ВИЧ сияқты қауіпті дерт беттің арын белбеуге түйіп, түні бойы «клиент» іздейтін жезөкшелер арқылы тарайтынын бүгінде бәрі біледі. Қоғамның қарсылығына қарамай, түнімен «саудасын» қыздыратын жеңіл жүрістілерге тыйым болмай тұр.

Таксистің бір түні

«Нұр KZ»сайтына сұхбат берген 28 жастағы Арман есімді азаматтың басынан кешкендері естір құлаққа ерсі. Ол өз әйелін шексіз сүйген. Бөтен қыздарға көз сүзетін жаман әдеттен де ада еді. Бар ойы отбасын, бала-шағасын адал еңбегімен асырау болатын. Балалы-шағалы болуды, шаңырақ шаттығын сезінуді армандайтын. Бірақ, бәрі де басқа арнаға түсіп кете барды.

Арман таксист болатын. Бір күні ойламаған жерден күтпеген жәйтке жолықты. Межелі жеріне жетіп алған бойжеткен қалтасында соқыр тиын жоқ екенін айтып, жүргізушіден кешірім сұрады. Ол қарызын интимдік қызмет арқылы өтегісі келетінін қымсынбай-ақ жеткізді. Жас жүргізушіге бұл ұсыныс бірден-ақ ұнады. Талай жерге әкеліп тастаған еңбегі бар ғой. Сонымен, жүргізуші клиентінен өтемақысын алғандай болды. Алайда, осы бір «жолақы құны» оның болашағына балта болып шабылды. Шаңырағы шайқалды. Көп ұзамай келіншегі кетіп тынды. Ең сорақылығы сол, аты жаман ауру бұл кезде оның жап-жас келіншегіне де жұғып үлгерген еді. Олар бала сүю бақытынан біржолата айырылды.

Кезінде үлкен өмірге қол ұстасып, бірге аттанған жастардың арманы осылайша желге ұшты. Таксистің бір түні жас жұбайлардың отбасын талқандап кетті…

Арсыздарды аулау

Қызылорда облыстық ішкі істер департаментінің дерегі бойынша осы өңірде 104 жезөкше есепте тұрады екен. Бұл әрине, тәртіп сақшыларының көзіне түсіп, тіркеуге алынғандары ғана. Жықпыл-жықпылда, жасырын пәтерлерде, сауналарда қанша сылқым жүргенін кім санапты? Бірде онда, бірде мұнда жүретін олар тіркеуге алынбай қалулары да мүмкін ғой. Дегенмен, тексеру көрсеткендей, арсыз іспен айналыстындардың басым көпшілігі 20 мен 30 жас аралығындағылар. Департамент қызметкерлері көңіл көтеру орындарында, сауналарда, жалдамалы пәтерлерде жеңгетайлық және жезөкшелікпен айналысып жүрген жасөспірімдерді анықтау және адам саудасының алдын алу мақсатында жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізген. Рейд барысында анықталған жезөкшелікпен айналысып жүрген азаматшаларға қатысты құжаттар жинақталып, арнайы есепке алынды. Жоғарыда 104 жезөкшенің арнайы есепте екенін айттық. Барлығы да өзіміздің қаракөздер көрінеді.

— Жеңіл жүрістілердің жасы 22-33 жас аралығында. 18-21 жас 15 пайыз, 22-32 жас 75 пайыз, 32 жастан асқандар 10 пайызды құрайды. Басқалардың өмірін былғамас үшін олар қатаң бақылауға алынады,- дейді Қызылорда ОІІД бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі А.Меңдіғали.

Мамандар босқа мазасызданбайды

Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған дейтұғын Оңтүстік Қазақстан облысында қыз бала тәрбиесіне жеткілікті көңіл бөлінбейтіні белгілі болды. Мұнда «ВИЧ» ауруын жұқтырғандар өзге облыстармен салыстырғанда анағұрлым көп. Осы аты жаман ауруды тәндерін сатқан арсыздар таратады. «Балаларды СПИД-тен қорғайық!» қорының президенті Жанетта Жазықбаеваның айтуынша, бұрындары қатерлі дертті тасымалдаушылардың 90 пайызы нашақорлар болса, қазір олардың саны 41 пайызға кеміп, 43 пайызы имтимдік жол арқылы тарайды екен. Осыны ести отырып, жеңіл жүрістілер жаман ауруды тасымалдаушылар деген қорытындыға келуге болады. Әрине, осы көрсеткіш аты жаман дертпен күресуші мамандарды да толғандырады.

— Қазір Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ індетін жұқтырғандар саны артып отыр. Айталық, жыл басынан бері облыста 98 адам қатерлі ауру тасымалдаушысы ретінде тіркелді. Оның 12-сі ғана есірткіге есі кеткендер. Әрине, бұл алаңдайтын көрсеткіш,- дейді СПИД-пен күрес орталығының бөлім басшысы Марат Ысмағұлов.

Мамандар босқа мазасызданбайды.

 

Алматы да алаңдайды

Алматы қалалық ішкі істер департаменті қызметкерлері жүргізген рейд барысында да алаңдатарлық оқиғалар әшкере болды. «Түнгі көбелектердің» жүзге жуығы ВИЧ індетіне шалдыққаны анықталды. Әрине, бір түнде осынша бойжеткеннің анықталуы олардың бетімен кеткенін көрсетеді. Қоғамның вирусына айналған олар арман қалада мыңнан асады екен. Бұл полицияда тіркеуде тұрғандары. Ал, қаладан қалаға көшіп жүріп тән саудасын қыздыратындар қаншама. Өздері сырқат болған соң олар басқаны аясын ба? Олар кез-келген қалталыға интимдік қызмет көрсетуге әзір. Бір қорқыныштысы, қызық қуған көп азаматтар қапыда жазылмас дертке душар болады. Сондықтан алматылық полицейлер СПИД-ке қарсы күрес орталығы мамандарымен бірге арнайы рейдтер жүргізіп, «түнгі көбелектерді» тұрақты түрде медициналық тексеруден өткізіп тұруды қолға алып отыр. Осылайша олар мәселенің себебімен емес, салдарымен ғана күресуге мәжбүр. Өйткені, елімізде жезөкшелікпен айналысуды шектейтін, жазалайтын заң жоқ. Түн жамылып індет тарататындар осылайша «жұмсақ» заңның осал тұсын пайдаланып, өз «кәсіптерін» жалғастырып жүр.

Түптің түбінде «түнгі көбелектерге» бір тықырдың таянары анық.

Қай ел олармен қалай күреседі?

Қоғам діңіне түскен қасіретпен қай ел қалай күресіп жүр? Қарап отырсақ, оларға қарсы аяусыз күрес ашқандар да, тіпті азғындыққа барғандарды аяусыз жазалайтын да мемлекеттер бар. Оның есесіне осы «пендешілікке» түсіністікпен қарағысы келетіндер де табылады. Сол «түсінгіштер» жезөкшелікті заңдастырғылары да келеді. Жуырда «Amnesty International»құқық қорғау ұйымының 70 елден келген 400 делегаты Дублинде бас қосып, осы «өткір» тақырыпты талқылаған. Дегенмен, олардың қитұрқы қылықтары мен әрекеттері бұл жолы да қоғамның қарсылығына тап болды. Оларға салсақ, ересек адамдар қандай да бір мәжбірлеусіз жасайтын ақылы сексуалдық қарым-қатынастың кез-келген аспектілерімен қылмыссыздандыру бағытында науқан жүргізбек болған.

Біздің елде жасөспірімге қатысты мәселе әзірге заңдастырылмаған. Өйткені, мұндай нәрсе дінімізге де, салт-дәстүрімізге де мүлдем сиыспайды.

Есесіне кейбір Еуропа елдерінде арнайы жезөкшелер үйі жұмыс істейді. Осыған орай заңдастырылған мекеме үкіметке тиісті салығын төлеп тұрады. Медицина және заң орындарының арнаулы адамдары сол жерлерді құзырына алып, бақылап отырады.

Шетелдердің көптеген шошындырарлық көркем фильмдерінде жезөкшелер жағымды кейіпкер ретінде көрсетіле бастады. Протестант діні кең тараған Еуропа мен Солтүстік Американы былай қойғанда Азия халықтары да іштей азғындықтан бүліне бастады. Мәселен, Тайваньды алып қараңыз. бұл елде жезөкшелікпен тек биліктен лицензия алған қыздар ғана айналыса алады. Осы аралда 80 мыңға жуық қыз жол бойында жаңғақ сатушы кейпіне еніп, жезөкшелікпен жасырын айналысады екен. Тайваньдағы осындай келеңсіз тірліктердің дамуына протестанттық әдептің де үлесі бар. Өйткені, нашақорлық өршіп, «көгілдірлердің» көбеюі, бір жынысты адамдардың некелесуі сияқты жексұрын әдеттер жезөкшеліктің дамуына әсер етеді. Қазір осы елде жезөкшелікпен айналысатындарға айыппұл салынады немесе үш күнге қамауға алу шарасы қолданылады. Алайда, бұл шаралар әлі жемісін бере алған жоқ.

Голландия билігі де жезөкшелерден қыруар пайда таппақ ниетте. Италия бұған жасыл көше ашып қойған. Арам жолмен келген қаржыны спортты дамыту үшін жұмсайды.

Енді өзімізге оралайық. Бізде бұл жөнінде нақты заң жоқ. «Біреудің құқығына қол сұғуға» тағы да болмайды. Қалай өмір сүремін десе, ол өз еркінде. Сондықтан осы жерден жезөкшелер өз құқықтарын қорғап алып отыр. Бірақ, елімізде жеңгетайларға, яғни, адам саудасымен айналысатындарға заң қатал. Жеңіл жүріспен қаржы тапқысы келетіндерге пәтерін жалға беріп, жағдай жасағандарға да жауапкершілік қарастырылған.

Десек те, қанша жерден тосқауыл қойғанымен, кедергілерден айналып өтетін ептілер көбейіп тұр. Беттің арын белге түйгендер тоят түндердің тәттілігінен дәмелілерге қызмет көрсетіп қана қоймай, оларға тауқымет те тауып береді. Ең өкініштісі осы.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар