«Дүмшелер халықты алдап жүр»

05 наурыз в 09:41 248 рет оқылды

«Асылында бақсы да, балгер де, тәуіп те, емші де қазақ тілінде төрт бөлек ұғым. Бірақ, дәл бүгінгі таңда жоғарыда аталған төрт ұғымның бір-бірінен айырмасы болмай барады.  Шариғат жолындағы таза емшілер болғанымен, олар тым аз. Емшілердің басым бөлігі, адамдардың сенімін арбаумен айналысып жүр». Бқл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің мүшесі, Атырау орталық «Иманғали» мешітінің Бас имамы, РhD доктор Батыржан Мансұровпен сұхбаттасқанмызда айтты. Әңгімелесу барысында басқа да сұрағымызға жауап алдық.

 

— «Бақсы», «балгер», «тәуіп», «емші». Қиналған адам әдетте осындай кісілерге барып, «жол аштырдым» немесе «ауруымнан құлан-таза айықтым» деп жатады. Осы әрекетке қалай түсінік берер едіңіз. Жоғарыда аталған «төрттікті» өзара бөлек ұғым ретінде қарастыруға бола ма?

Көріпкелге сену – дінге қарсы шығу

Асылында бақсы да, балгер де, тәуіп те, емші де қазақ тілінде төрт бөлек ұғым. Олардың ауруды емдеу тәсілі әртүрлі болғанымен, барлығы өздерін «ғайыпты білуші», «күллі құбылысты болжаушы» деп атайды. Әдетте, «бақсы», «балгер» – ғайыппен айналысып, тас, картаның көмегімен адамның тағдырын, келешегін болжау арқылы  сенімге кіріп отырады. Бұл мәселе сүйікті пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде де айтылады. «Кімде кім көріпкелге баратын болса, айтқаны рас, дұрыс айтады дейтін болса, онда ол адам Алланың пайғамбары Мұхаммед келтірген дінге қарсы шықты» делінеді. Немесе «Алла Тағала ғайыпты ешкімге білдірмейді, оның сырын ешкімге ашпайды» деген де сүре бар. Ескерерлігі, сенім шекарасынан шыққан емнің барлығына шариғатта қатаң тыйым салынған.

«Тәуіп» пен «емшінің» жөні бөлек. Арабтың «тобиип» деген сөзінен шыққан бұл ұғымдар «дәрігер» деген мағынаны береді. Олар адамды медициналық жолмен емдейді. Кезінде тәуіптер адамның физиологиясын зерттей отырып, шариғаттың шеңберінен шықпай, оларды шөп әлемімен емдеген. Бірақ, дәл бүгінгі таңда жоғарыда аталған төрт ұғымның бір-бірінен айырмасы болмай барады.  Шариғат жолындағы таза емшілер болғанымен, олар тым аз. Емшілердің басым бөлігі, адамдардың сенімін арбаумен айналысып жүр. Шариғатта рұқсат етілген емнің екі түрі бар. Дәрі дәрмекпен ем және дұғамен ем. Ақиқатында, Алладан шын сұрасақ, әр дерттің шипасы міндетті түрде болады.

Тұмардан неге қасиет тайды?

—  «Жол аштыру» деген ұғым қайдан шыққан? Кейде сәттілік үшін «тұмар» тағатындар бар. Осы тенденцияны қалай түсіндірер едіңіз?

— Пенде болғаннан кейін, қуаныш та, қайғы-қасірет те қатар жүреді. Табиғи заңдылығы сол, қиындыққа тап болған адам одан арылудың жолдарын іштей іздестіруге құмар тұрады. Осындайда, бір Алладан сұрап, иман келтірсек, садақа берген болсақ, қайғы-қасіретке тосқауыл қойылар еді. Бұл туралы қасиетті Құран аяттарында да «Кімде-кім басына таршылық келген уақытта Алладан қорқатын болса, Алла оны таршылықтан кеңшілікке шығарады» деп келтіріледі. Бірақ, иманы әлсіз адамдар пенделік ұғыммен «жол аштыруға» ынтық болып тұрады.

Ақиқатында, дәл бүгінгі заманда «тұмар» жоқшылықтан, жамандықтан құтақаратын дүние емес. Рас, ертеректе тұмарды сауатты адамдар жазды. Онда да тұмарда қасиетті Құран сөздері, Алланың 99 есімі, аяттар  жазылатын. Соны жазып отырған білімдар ақсақалдар бір Алладан шипа сұрайтын. Ал, қазіргілер тұмар жазып беруді кәсіпке айналдырып, одан қасиетті кетірді. Кейде мешітке «мына тұмарымның ішінде қандай сөздер жазылған? Оқып бересіздер ме?» деп, жамағат келіп жатады. Сол кезде біздер ол тұмардан аят тұрмақ, арабша бір ауыз сөз таппай жатамыз. Сондықтан, халықты мұндай мәселеде сақтыққа шақырар едім.

 

Түстің қандай құпиясы бар?

— «Аян  берді», «түсіме енді», «ескертіп еді». Қарапайым қазақтың ішкі «асханасында» көп жағдайда осы сөздер айтылып жатады. Жалпы, «аян беру» деген мәселені қалай түсінуіміз керек?

— Әдетте, ислам діні түсті екіге бөліп қарастырады. Соның бірі — Алладан келген рахмани түс. Адам бір нәрсенің шешімін таба алмай жүрген болса, ата бабасының бейнесінде келіп, пендеге бір нәрсе ескертілуі мүмкін. Немесе, Алладан адам медет сұраса, түс нышан ретінде де енеді.

Түстің екінші түрі, ол – шайтани түс. Жын деп аталатын жаратылыс иелерінің адамнан мың жылға дейін ұзақ уақыт өмір сүретіні белгілі. Сондықтан да, олар біздердің аталарымызды, олардың бабаларын бәрін жақсы біледі. Егер жын адамды арбайтын болса, ол әлгі адамның түсіне бабаларының кейпінде еніп, түрлі жолдармен қорқытып, оны шошытуы да мүмкін.

Азанның дауысы Атырауға жетпей жатыр…

 

— Жын дегеннен шығады, әсіресе, Атырауда соңғы кездері ақыл-есінен айрылып, түсініксіз тілде сөйлейтін, соңында өз-өзіне қол жұмсаумен аяқталатын «ерекше» диагноз иелері пайда болды. Ондай адамдарды көпшілік жоғары күш иелерімен байланыстырып, «бойын зұлым күш иесі билеп алған» деп жатады. Бұған не дейсіз? Мұндай дерттен қалай сақтанған дұрыс?

— Ақиқатында, адам баласымен бірге, періште де, жын мен шайтан да өмір сүреді. Соның ішінде, адамзатқа жақсылық тілеуші ол – періште ғана. Жынның өзі мұсылман және кәпір жын деп екіге бөлінеді екен. Әдетте, мұсылман жынның адамға зияны болмайды. Ал, кәпір жындар таза жүрмеген, лас жерді басқан адамдарға әртүрлі жолмен көрініп, жамандыққа бастайды. Осы жерде ата бабаларымыздың «Түнде тырнағыңды алма», «Талдың түбіне дәрет сындырма» деген сынды тыйымдарының дұрыс айтылғанын атап өткім келеді. Өйткені, қоқыс пен тал негізінен жынның ұялайтын жері. Ал, әлгіндей әрекеттер олардың ашуына тиюі мүмкін.

Осындай ғайып иелерінің арбауында қалғандарды Құран аяттарын оқу, дем салу арқылы қайтарады. Себебі, медицина тәннің сыздағанын тоқтатқанымен, жанның тазалығын қамтамасыз ете алмайды.

Сондықтан да, адамзатқа жақсылықты үгіттеп, жамандықтан тыйылу, шариғат тыйым салған дүниелерден арылу, садақа беру, қайырымдылықпен айналысу, азан шақыру маңызды. Өкініштісі, Атыраудың көп жерінде мешіттер жетіспейді. Сондықтан да, азанның дауысы тұтас өңірге жетпей жатыр…

— Сізбен әңгіме етіп отырған бұл мәселе ертерек уақытта да болған деседі. Және ол кезде зұлым күш иелерінің арбауында қалғандарды білімі күшті молдалар қасиетті Құранды оқу арқылы қайтарып отырған екен. Біздің өңірімізде осындай білімді молда, ишандар бар ма?

Кезінде қазақ даласында талай әулие, әмбиелер, сауатты, терең оқыған молдалар болды. Бірақ, Кеңес Үкіметінің құрамында болған жетпіс жыл уақыт ішінде діни мектеп тоқтап қалды. Соның салдарын күні бүгінге дейін жоя алмай келеміз. Рас, тәуелсіздік жылдарында медреселер, діни институттар ашылды. Маман тапшы болғандықтан, оқуды кеше бітірген жастарды имамдыққа қойып отырмыз. Сол себептен де, мешіт имамдарының тоқсан пайызын жастар құрайды. Бірақ, бұрынғының ақсақалдары секілді дем салуды университеттерде үйретпейді. Дегенмен, зұлым күштердің арбауында қалғандарды қасиетті Құранның құдіретімен кері қайтаратын білікті имамдар Атырауда да, Алматыда да, Оңтүстік өңірде де бар.

Әулиеге керегі зиярат!

— Әулие-әмбиелерге көзқарас қалай болуы керек? Осындай қасиетті адамдардың басына барып, түнейтін де өзіміздің қазақтар. Дәл осы мәселеде діннің талабы басқаша екені де белгілі. Осы тақырыптың ара-жігін ажыратып берсеңіз.

— «Әулие» арабтың «әулия» деген сөзінен аударғанда «сенімді», «дос» деген мағыналарды береді екен. Құранда «шын иман келтіргендер, Алланың досы» деген де жолдар кездеседі. Шариғатта екі ғажайып нәрсе бар. Бірі – мұғжиза. Ол – пайғамбарға (с.ғ.с) тән қасиет. Екіншісі – «керемет» деп аталады. Ол таза, діндарлығы жоғары, тақуа адамдарға нәсіп етілетін қасиет. Айырмашылығы, пайғамбар (с.ғ.с) өзін дәлелдеу үшін, ағашты сөйлетуі мүмкін. Ал, әулие өзін жарияламайды. Және керемет мұғжизадан төмен  тұрады.

Қазақ даласынан кезінде түрлі әулиелер өтті. Біз оларға құрметпен қарауға тиіспіз. Бірақ, біз әулиеден сұраудан сақтануды үйренуіміз керек. Сондықтан, бір Алладан сұрап, әулиелердің басына зиярат ету үшін ғана барсақ, шариғат нұсқаған жолдан адаспас едік.

Салиқалы сұхбатыңызға бек рахмет!

         Әңгімелескен: Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

        

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар

Бүгін, 16:55

«Еншіңді» ал!