Бородюк келді. Бұдан қазақ футболы не ұтады?

02 наурыз в 16:40 416 рет оқылды

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының тізгінін Александр Бородюк ұстады. Бірнеше күннен бері елді елеңдеткен жаңалық ақыры расталды.
Бородюк қазақ жанкүйерлеріне Алматының «Қайратына» 99 күн бапкер болуымен таныс. Өткен маусымда «Қайраттың» бас бапкерлігіне шақырту алған маман 4 ай ішінде жауынгерлік құрам жасақтауы тиіс болған. Бұған «Қайратта» барлық жағдай бар еді. Инфрақұрылымы еуропалық клубтардан кем емес ұжымның талабы да жоғары. Мамандар мен қарапайым жанкүйер «Қайраттың» ойынын тағатсыздана күтті. Алайда, «Қайрат» аутсайдер саналатын Оралдың «Ақжайығы» мен «Тараздан» ұтылып, Көкшетаудың «Оқжетпесімен» ұпай бөліскеннен кейін ресейлік маман ұжымнан кету туралы өтініш жазды. Сол бапкер биыл қайта оралып, ұлттық құрамаға бас бапкер боп тағайындалды. 2008 жылы Гус Хиддинк баптаған Ресей құрамасымен Еуропа чемпионатының қола жүлдесін иемденген Бородюк Қазақстан құрамасына қаншалықты сіңісіп кете алады? Алматы командасының қарық қылмаған маман жергілікті футболшылармен қаншалықты тіл табысады. Қала берді қазақ жеріне допты түзу тебуді үйретуге келген ресейлік бапкерді көрген жоқпыз. Бұдан қазақ футболы не ұтады? «Ауызы күйген үріп ішеді» деген тәмсілді футбол федерациясы білмей ме? — деген ойға қаласың. Тіпті Ресейдегі «Чемпионат.com» порталы да Бородюкті «Қайраттан» кету себебінің бір ұшы ойыншылармен дұрыс тіл табыса алмауы, оларға футболдың қыр-сырын жетесіне жеткізе алмауында жатыр» — деп топшылайды. Тұрақсыз бапкердің қатарына жатқызылып жүрген жаттықтырушыны әкелуге кім себепкер болды екен? Ертең 2-3 ойында жеңіліп жатса, Қазақстанды орта жолдан тастап кетпесіне кім кепіл? Сонда қайтадан Байсопыновқа жүгінеміз бе?

Аз-кем шегініс жасасақ… Ұлттық құрамамыз тәуелсіздік алғаннан бері 14 бапкердің қызметіне жүгініпті. Соның тоғызы отандық маман болса, қалған бесеуі шетелдік. Сол бесеудің екеуі Ресейден келген бапкер.
2003 жылды Ресейден Леонид Пахомов келгенде бөркімізді аспанға аттық. Бір жыл, екі ай жаттықтырушылық жасаған орыс маманы 9 ойын өткізіп, екі рет тең нәтижеге әрең қол жеткізіп, қалған ойында жеңіліс тапты. Ойыншылардың тізесінің дірілдеуін баса алмаған Пахомов еліне абыройсыз қайтты
Көршілес елден келген екінші бапкер Юрий Красножан еді. 1 жыл 7 айда Латвияны ұтып, бір рет тең ойнап, Исландия жерінде бір ұпай олжалады демесеңіз, «Қызылжанның» (қазақ жанкүйерлерінің берген лақап аты) да жетістікке жеткені шамалы екенін бағамдау қиын емес. Бірақ тактикалық тұрғыда сауаттылық танытқан Красножанды жанкүйерлердің біраз бөлігі әлі де аңсайтыны жасырын емес.
Өткен жылы ғана Ұлттық құраманың бас бапкері міндетін уақытша атқаруға Талғат Байсопынов шақырылды. Оралдың «Ақжайық» клубын жаттықтырып жүрген Талғат Мәруанұлы 26-наурызда Түркияда Әзірбайжанды ұтты. Араға үш күн салып, Тифлисте Грузиямен тең түсті. Сөйтіп өзіне деген сенімді арттырды. Қазақстан футбол федерациясы маманмен келісім-шартқа қол қойды. Байсопынов бастаған «қаршығалар»(Қазақстан құрамасының лақап аты) командасы 7-маусымда аспан асты елінің Далян қаласында қытайларды бір гол айырмасымен ұтты. Ойын барысында Ұлан Қонысбаевтың аяғы сынып, Таңат Нөсербаев бастаған футболшылар Қытай ойыншыларымен қақтығысып қалды. Осыдан кейін Талғат бапкердің жауынгерлік құрам жасақтап жатқанына көзіміз жетті. Бірақ көңілді күпті еткен бір ойын Бішкекте өтті. Көршіміз қырғыз командасы қос тамаша доп соғып, тұңғыш рет біздің құраманы жеңді. Жанкүйерлер көңіліндегі ала бұлтты сейілткен қыркүйектің басындағы Польшамен өткен ойын болатын. Екі доп айырмасымен жеңіліп жатқан қазақтар жігерленіп, Хижниченко соққан қос доппен есепті теңестіріп, Левандовски бастаған поляктарды есеңгіретіп тастады. Бұдан кейінгі ойындар Монтенегро (Черногория) командасымен 0:5, Астанада румындармен 0:0 аяқталды. Соңғы ойын қарашаның 11-нде өтті. Копенгагенде Даниядан 1:4 есебімен жеңіліп қалдық. Сөйтіп, әзірге 2018 жылы Ресейде өтетін әлем чемпионатынының іріктеу кампаниясының «Е» тобының соңғы орынында қалып қойса да , Талғат Мәруанұлының ешбір бапкер жасамаған істерін тізбелей кетсек.

1. Тізімде ғана емес, жасыл алаңда қазақ футболшыларының көп ойнауы. Соңғы кездесулерде Исламхан, Ахметов, Байжанов, Мұжықов, Молдақараев, Тұңғышбаев, Қуат, Бейсебеков сынды ойыншылардың тартылуы құптарлық іс екені рас.
2. Қазақ қақпашылардың құрамаға шақырту алуы. Стас Покатилов №1 қақпашы екені даусыз. Алайда Алмат Бекбаев пен Самат Отарбаев оны қай кезде де алмастыруға бек дайын.
3. Баспасөз мәслихаттарының қазақ тілінде өтуі. Бапкер өзі ғана емес, сондай-ақ қазақша сөз саптай алатын ойыншыны журналистермен кездесуге алып жүреді.
4. Сырттан келетін келімсектерге қызықпауы, жергілікті жігіттерге сенім артуы. Ойыншылармен жақсы тіл табысуы.
5. «Сүйікті» ойыншыларының болмауы, премьер-лигада өзін жақсы қырынан көрсеткен ойыншылардың бәріне мүмкіндік беруі.
6. Ойынды техникалық-тактикалық бағытта жақсы сараптай алуы.
Сегіз ойын өткізіп, соның екеуін жеңіспен, үшеуін тең ойнап және үшеуінде жеңілген Байсопынов шын мәнінде мықты құрам жасақтады деуге негіз бар. Осыдан кейін Бородюктің келуін ақылға қаншалықты сыйымды деп ешкім дөп басып айта алмас.
P.S.: Айтпақшы, былтырғы жылы Бородюктің «Қайраттан» кетуіне себепкер алматылықтарды 2:1 есебімен жеңген «Ақжайық» командасы еді. Сол клубты Талғат Мәруанұлы Байсопынов жаттықтырған еді…

Мадияр Арыстанбаев

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар