«Бандит» болудан сақтады

19 ақпан в 12:41 198 рет оқылды

Алматыдағы Наурызбай аудандық «Бағдаршам» бейімдеу орталығына қаладағы бір базарда жүк таситын Аслан (есімі кейіпкердің өтініші бойынша өзгертілген) есімді азамат келді. «Болашақ» жастар қозғалысының бастамасымен ашылған орталық туралы достарынан естіпті. Мұнда жұмыс табуға көмектесуден бастап, тіл үйрету курсына дейін ұйымдастырылуда. Алайда бұл орталықтың басты мақсаты – жастарды қала өміріне бейімдеу болып табылады. Орталықтың қызметіне жүгінген Аслан «бейімдеу орталығының арқасында тура жолға түсе білдім», – дейді.
Менде көптеген жастар сияқты Алматыға арман қуып келдім. Ол 2014 жылдың жаз айы еді. Өзім ОҚО, Түлкібас ауданынан боламын. 9 класты бітіріп, колледжде білім алдым. Колледжден кейін біраз уақыт ауылда жұмыссыз жүрдім. Ауылда жата бермей Алматыға барып, жұмыс істейін деген мақсатта қалаға жол тарттым. Мен үшін ең қиыны ол баспана болды. Басында туған- туыстың үйін жағаладым. Бірақ бүгінгі заманда туған-туыстың өзі ұзақ жатқанды жақтыра қоймайды ғой. Сондықтан көп ұзамай базар маңына жақын жерден, Алтын Орданың артынан 10 мыңға үй жалдап тұрдым. Үй дегенде мүлде жағдайы жасалмаған, аты ғана.
Не суы жоқ, қыста суық. Бір аулада кемі бір 30-40 квартирант болған шығармыз Шынымды айтсам, мен екі қолға бір күрек тапсам болды деген ниетпен келдім. Біраз мекемелерге барып к¬іріп едім, жұмыс стажын талап етті. Кейіннен ханды да, қарашаны да өзектен теппейтін базарға барып, жұмыс іздедім. Диплом талап етпейтін жерде арба сүйретіп, жүк тасып, күнімді көрдім. Күніне 2-3 мың теңге табатынмын. Бірақ базардың өз заңдылығы мен өмірі бар екен. Оны мен кейіннен білдім. Бірде кешкі уақытта, донерхананың жанында күні бойы тапқан ақшамды санап тұрып едім, үш жігіт келіп ақшамды тартып алды. Сөйтсем, ол сол базардың маңында тұратын бандит жігіттер екен. «Мал ашуы жан ашуы» демей ме қазақ. Күні бойы маңдай терімді төгіп, белім майысып тапқан 2-3 мыңымды бұзақыларға беріп қоймаймын деген ниетпен, қалтама пышақ салып жүретін болдым. Алдымнан шықса, аямаймын деген ашумен жүрдім. Бүгінде сол жігіттердің екінші мәрте алдымнан қайта шықпағанына қуанамын. Ойланып қарасам, бандиттен сақтанамын деп, өзім бандит болып кете жаздаппын. Базардың жігіттері қала базарлары арасында футболдан турнир өтеді деп айтып жүрген. Маған да қатысасың ба? – деп ұсыныс тастады. Бірақ менің ол сәтте денсаулығым болмай жүргендіктен, қатыса алмадым. Кейін сол жігіттермен тағы бір сөйлескенімде, сол турнир жайлы айтып берді. Турнирді ұйымдастырған ұйым қосымша орталық ашып жатыр, онда жұмыссыздарға жұмыс табуға көмектеседі екен деді. Тіпті тегін деп қадап айтты. Таңғалдым. Кейіннен ойлана- ойлана келіп, «мен қашанға арба тасушы боламын» деп, сіздердің орталықтарыңызға келдім. Ұсынған қызметтер маған ұнады. Шынымен тегін екен. Мына заманда тегін ештеңе жоқ қой. Өткенде орталықтарыңызда бір жігіт «Даму» қоры жайлы айтып берді. Ойлап қарасам, менде кәсіп аша алады екенмін. Алла бұйырса, жазда балмұздақ сататын жылжымалы дүңгіршек ашсам деймін. Қазір базардан кеттім. Үш жігіт бірігіп пәтер жалдап тұрамыз. Сауда орталығында жүк тасушымын. Бірақ бұл уақытша. Өйткені арманым орындалатынына сенемін. Базарда жүре бергенімде, бәлкім, ашудан, бәлкім, шарасыздықтан қылмыс жолына түсіп кетер ме едім. Уақытым болғанда «Бағдаршамға» ағылшын тілі курсына барып тұрамын. Бірақ қолым көп тие бермейді.

Әйгерім Әбдрәшитова

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар