Жағымпаздардың жарысы

14 ақпан в 01:46 207 рет оқылды

Жергілікті жерлердегі барлық деңгейдегі әкімдердің халық алдындағы есеп беру кездесулері де аяқталуға жақын. Таяуда Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаевтың қала тұрғындарының алдындағы есеп беруі «Достар» мәдениет сарайында, облыс әкімі Сергей Кулагиннің қатысуымен өткізілді. Өткен жылғы атқарылған шаруаларды жіпке тізгендей етіп айтып берген қала әкімі ағымдағы жылы атқарылмақ істі де шолып өтті.

Өткен жылы бірқатар шаруалар жүзеге асырылды. Дейтұрғанмен атқарылмағаны таразының басын төмен тартары хақ. Баяндамадан кейін жарыссөзге шыққандар қызыл сөзді қуырып, бірінен бірі асырып, мақтауға көшті. Ел сөзінің ауаны жалаң мақтауға ауған кезде оң бүйірінде отырған біреу күңк ете түсті. «Өздерінің сайлап қойған адамдары ғой» деді ол. Айтса айтқандай, жарыссөзге шыққандардың көбі сөзін қағазынан оқып тұр еді. Өз ойы болса, жатқа айтар еді ғой. Жағымпаздардың жарысы басталған кезде қала әкімі ұмыт қалған. Мақтау-марапаттау облыс әкімінің тарапына айтылып жатты. «Өткен жылы егілген гүл, жөнделген көше және басқа да іс сіздің арқаңыз» деді олар. Жаңа ғана баяндамада осы шаруаға миллиондаған, миллиардтаған қаржының бөлінгендігі айтылған болатын. Ертеректе біздің облысты Мәжит Есенбаев дейтін азамат басқарып еді. Мәкең кей кезде жоспарланбаған, бюджеттен қаржы бөлінбеген шаруаны да тапсыра беретін. Сол кезде сала басшылары:

–Мәжит Төлеубекұлы, ақшасы қайда?–деп күмілжитін.

Мәкеңнің аңызға айналып кеткен  «с деньгами и дурак делает» дейтін мәтел іспеттес, мақалға бергісіз шиырып айтар бір ауыз сөзі болушы еді. Жаңағы бөлінген миллиардтарды естіп отырып ойладық, мұншама қаржы бөлінсе шынында да, кім болса сол істемей ме? Ал, проблема шаш етектен. Көкшетау қаласында тұшынып ішер ауыз су жоқ. Жылы су екі бастан. Орталықтандырылған газ жүйесі көпқабатты үйлердің ширегінде ғана. Қаланың шеткі аудандарын қар басып жатыр. Автобус қатынасына реніш көп. Мұның бірі айтылмады. Топан сөздің арасында «Ел бірлігі»  қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сансызбай Мұқитанов ақсақал ғана ел ардағы Еркін Әуелбековке бюст орнату керектігі туралы жалғыз ауыз сөз айтты. Жалғыз-ақ ауыз болғанымен, құны алтыннан қымбат.

Бірімен бірі социалистік жарысқа түскендей сыпыра шиырған, өрікпи лықсыған көп шешен қала тұрғындарының өсіп келе жатқанын тілге тиек етті. Бұл табиғи өсім емес екендігін ескерген ешкім жоқ. Алыстағы ауылдар бірінен соң бірі жабылып, күнін көре алмаған көп кісі облыс орталығына ошарылуда. Көші-қонның ішкі дүмпуінің арқасында жақсарған облыс орталығындағы демографияның сәл-пәл жақсаруы да сіздің арқаңыз деп айтып қала ма деп тақымымызды қысып отырдық.

Кім біледі. Жағымпаздардың жарысы емес пе, жас сәбидің өмірге келуінде де әкімнің үлесі бар десе, келесі күні кейбір келіндердің көзі көгеріп жүрер, құрысын!

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар

Бүгін, 16:55

«Еншіңді» ал!