«Көк киттен» киберқалқан қорғайды

13 ақпан в 11:51 256 рет оқылды

«Ажал ойыны» деген атаумен ғаламтор әлемін шарлап кеткен Ресейдің «көк киті» талай өмірдің қыршыннан қиылуына себеп болып жатыр. Мұндай зауалдан жасөпірімдерді қалай сақтандыруымыз керек? Осы сұраққа Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков жауап береді.
— Ресейдің «Көк киті» біздің қоғамды кәдімгідей әбігерге салды. Әлеуметтік желілерді пайдалануға мектеп оқушыларына мүлде тыйым салуға бола ма? Жалпы, біздің Парламентіміздің осы мәселеге көзқарасы қалай?
— Мектеп оқушыларына әлеуметтік желілерді пайдалануға мүлде шектеу салуға құқығымыз жоқ. Және оның қажеттілігі де шамалы деп ойлаймын. Жалпы, интернетті пайдалану – шетелдік білім беру орындарында бар үрдіс. Өркениетті елдерде қашықтықтан оқыту техникасы қатты дамып кеткен. Демек, ғаламтор кеңістігі баланың ізденіс деңгейін күшейтеді. Ойлау, табу және дұрыс табу қабілетін дамытады. Ал, «Көк кит» сияқты ажал ойындарынан ең алдымен ата-ана балаларын сақтандыруы керек деп ойлаймын. Балаға күнделікті көңіл бөліп, онымен жиі әңгімелесіп, пікірін біліп, ата-аналық мейірімімізді төгіп отыратын болсақ, мұндай өкінішті жағдайлардың алдын алған болар едік.


— Дұрыс қой. Десе де, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде мемлекет тарапынан қандайма бір шара қолға алына ма?
— Осы мәселеге байланысты Президент Нұрсұлтан Назарбаев үкіметке және ұлттық қауіпсіздік комитетіне «киберқалқан» құру туралы тапсырма берді. «Киберқалқан» қауіпті, қажет емес, бейәдеп, антиморальді сайттарды, интернет ресурстарды бұғаттайтын болады. Психологияны адам өлтіруге дайындайтын компьютерлік ойындар да бар. Міне, осындай ойындарға тыйым салу мәселесін де киберқалқан анықтайтын болады.
— Дәл қазіргі таңда «Көк киттің» шылауына іліккен балалар да анықталып жатыр…
— Рас, бүгінде құқық қорғау органдары мектептерде жұмыс жүргізіп жатыр. Осы «Көк кит» ойынына кіріп кеткен балалардың нақты саны да анықталуда. Ендігі жерде ол балалармен сауатты психологтар жұмыс істеуі керек. Олар баланың психикасына, санасына қайта өзгерістер әкелуі тиіс.
«Көк кит» ажалға айдайтын ойынның алғашқысы не соңғысы емес. Бүгін осындай мың сайт жабылса, ертең екі мың сайт ашылуы мүмкін. Сондықтан, интернет әлеміндегі мұндай қауіпті тенденциямен күрес үнемі жүріп отыруы керек. Бұл ретте бізге «киберқалқан» көмекке келеді.

Әңгімелескен Әли БЕК, Атырау облысы

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар