jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Абайлаңыз, «Көк кит» келеді

10 ақпан 2017, 12:06
561

Көк кит теңіздің асау толқындарымен ойнап, жағаға шығып, кері қайта алмай өліп қалады. Бұл теңіз патшасының өз-өзіне жасаған қастандығы. Мұхит жағалауындағы елдер үшін киттердің бұлай жаппай қырылуы күні бүгінге дейін түсініксіз жәйт. Қазір жас өскіннің қауіпті де қатерлі ойынын осы мақұлықтың атымен байланыстырады. Жуырда ғана «Көк киттің» Ресейден Қырғызстанға жеткенін хабарлап едік. Ізін шала еліміздің әр аймағында осы ойынның шырмауына түскен
жасөспірімдер туралы естіп жатырмыз.

Әлеуметтік желі арқылы тараған ойынның шырмауына оқушылар мен студенттер түсуде. Саясаттанушы Дәурен Бабамұратовтың айтуынша, Алматыда бір мектептің өзінде 15 бала «Көк китке» тіркелген. Қазірге дейін Тараз, Қостанай, Қызылорда, Шахтинск, Семей қалаларында жасөспірімдер жарға жығар кесірдің жетегінде жүрген. Бір қуантарлығы, балалар дін-аман. Уақытылы дабыл қағып, олардың әлеуметтік желідегі парақшасын тексерді.
«Жас қазақ» газетінің кезекті конференциясын осы тақырыпқа арнадық. «Болашақ» жастар қозғалысының жетекшісі Дәурен Бабамұратов жүргізген дөңгелек үстелге 365info.kz сайтының тілшісі Александра Алехова, «Әділ сөз» қоры жанындағы Қоғамдық сараптама орталығының жетекшісі Ғалия Әженова, саясаттанушы Асхат Қасенғали, Алматыдағы Қарағайлы мешітінің бас имамы Ермек Көкірекбаев, тарихшы Талғат Жанысбай, IT саласының маманы, блогер Нұрлан Жанай қатысты.

Дәурен Бабамұратов: Құрметті достар, біз бүгін «Жас қазақ» басылымының ұйымдастырған жиында бас қосып отырмыз. Басты мақсат – әлеуметтік желі арқылы жасөспірімдерді өлімге жетелейтін «Көк кит» кесапаты туралы мәселе қозғау. Бұл мәселенің маңызды екені айтпаса да түсінікті. Ата-аналар алаңдап отыр. Ресей, Қырғызстан, біздің елдің де бүлдіршіндері осы ойынға кіріп кеткені туралы естіп жатырмыз. Біреулер нақты тапсырманы орындап жатыр екен. Кейбірі тек қызық үшін кіреді. Алайда өз-өзіне қол салғандар туралы деректер шығып жатыр. Осы тақырыпты бір жылдан астам уақыт зерттеген журналист Александра Алехова арамызда отыр. Ол басқа атпен Вконтакте әлеуметтік желісіне кіріп, «Көк китке» қатысты қанша топ бар соның барлығына тіркелген.

Александра Алехова: Иә, дәл солай. Өткен жылы жаз мезгілінде баламның аккаунты арқылы тіркеліп, өзімнің кішігірім зерттеуімді бастадым. Екі аптаның ішінде 156 жабық топтың мүшесі болдым. Ойындар «Көк кит», F57, F58, «Тыныш үй» деп белгіленген. Бір топ жабылса, ертесіне тағы біреуі ашылады. Сол себептен бұл мәселені тек топты бұғаттау арқылы шешуге болмайды. Бұл ойынның мақсаты белгісіз. Біреулер еріккен әлдекімдердің жасағаны деп айтады. Менің ойымша, әлеуметтік желіде жаппай осыны тарату арқылы ақша жасағысы келеді.


Дәурен Бабамұратов: Ол сонда қалай?
Александра Алехова: Көп адам тіркелген топты ашсаң, неше түрлі жарнама шығады. Киімнен автокөлікке дейін жарнамаланады. Қазір мен отырған бұрынғы топтың бәрі жабылды. Жаңасы қайта ашылып жатыр. Оған тіркелуім керек.


Елдос Өмірзақ: Түсінуімізше, бірінші тіркеліп аласың. Кейін арасына іріктеп өздері ойынға шақырады. Солай ма?
Александра Алехова: Алдымен сіз ашық топқа тіркелесіз. Сол жерден іріктеуден өткені жабық топқа жіберіледі. Содан кейін ғана ойынға кірісесіз. Топ администраторы ойынды бастамас бұрын бейнекамера арқылы сөйлесуге шақырады. Осы жерден мен өте алмай қалдым. Себебі жасым сай емес. Ал баламды көрсету қауіпті.
Дәурен Бабамұратов: Ол жерде тек жасөспірімдер отыра ма? Жас ерекшелікке қатысты қандай да бір шектеу бар ма?
Александра Алехова: Студенттер де бар. Жасқа қарайды. Мен 15 жасар бала ретінде тіркелдім.
Дәурен Бабамұратов: Топтар Ресей аумағында ашылған ба?
Александра Алехова: Оның географиясын анықтау қиын. Бірақ ол жерде тіркелген адамның қайдан екенін білу оңай. Мен ең көп адам тіркелген топта 37 мың отандасымыз бар екенін санап шықтым. Оны да кейін жауып тастады.
Елдос Өмірзақ: Сол ойынды ашқандардың жарнамадан бөлек, басқа да бір мүддесі бар ма?
Александра Алехова: Менің ойымша, бұл жасөспірімдерді және олардың ата-анасына үрей туғызу үшін жасалған.
Дәурен Бабамұратов: Оларға бұл не үшін керек? Мәселен, еріккеннің ермегі үшін бір топ адам жұмыс істемейді ғой. Солай емес пе?

Александра Алехова: Неге? Бүгінде іші пысқандар көп. Мәселен, осындай қорқынышты суретті, жазуды мен бес-ақ минуттың ішінде әлеуметтік желі арқылы тарата аламын. Бұл 2012 жылдан бері әлеуметтік желіде бар. Елімізде бұл тақырып екі апта бұрын қызу талқылана бастады. Себебі Маңғыстау облысында, Астанада осы ойыннан зардап шеккендердің бар екені анықталды. Менде Алматының бір колледжінде оқитын 17 жасар студенттің осы ойынның 20-дан астам тапсырмасын орындағаны туралы дерек бар. Осы мәселе бойынша еліміздің ішкі істер министрлігіне хат жаздым. Баланың кім екенін анықтауды сұрадым. Ертерек анықтап, психологқа жіберу керек. Оның қазір ойнап жатқаны туралы нақты дерек жоқ. Бірақ дәл біз ойлағандай болса, онда бір шара қабылдауымыз қажет. Жуырда ішкі істер министрлігіне «қанша бала әлеуметтік желінің кесірінен өзіне қол жұмсады?» – деп сұрау салғанбыз. «Мұндай ақпарат бізде жоқ. Оған Бас прокуратура жауап бере алады» – деген жауап келді.

Ал Бас прокуратура сұрақты ішкі істер министрлігіне бұрады. Нәтижесінде ешқандай жауап жоқ. Менің осы мәселеге қатысты ұсынысым бар. Бір арнайы топ құру керек. Оның ішінде ішкі істер министрлігінің өкілі, қоғамдық ұйымдардың мүшесі, еріктілер тобы болса. Арнайы ақпарат орталығын ашып, әлеуметтік желі арқылы тараған осындай қорқынышты сурет пен жазулардың қайдан тарағанын бірден анықтап, 10 минуттың ішінде тәртіп сақшысы мекенжай бойынша жасөспірімді тауып алу керек. Ішкі істер министрлігі мен прокуратура бір-біріне сілтемей, бірігіп жұмыс істесе, нәтижелі болар еді.
Дәурен Бабамұратов: Сізге үлкен рахмет. Еріктілер тобын құру бастамаңыз, құптарлық ұсыныс. Александра мәселені бұрыннан зерттеп жүргендіктен, ұзағырақ сөйлетуге тырыстық. Асхат, сіз осы мәселеге қатысты не айтасыз? Мен бұл ойынды еріккендердің ермегі дегенге сеніп тұрғам жоқ.


Асхат Қасенғали: Жастардың көпшілігі осындай топқа тіркелгені рас. Кейбіреуі қызығушылық танытып жатса, кейбіреуі ойнап жүр деп те айтса болар еді. Бірақ бұл белгілі бір азаматтардың қызығушылығынан туындаған нәрсе емес, үлкен саяси идеология деуге болады. Дәл осындай сипаттағы дүниелерді ойлап табу кез келгеннің қолынан келмейді. Бұл бұрыннан ойластырылған жоспар. Мұндай топты құратындар жастардың психологиясы мен қызығушылығын әбден біледі. Ұзақ уақыт бойы зерттеген. Не қызықтырады, неге көңілі толмайды? Сауалнама да жүргізген болар. Бұлардың қармағына өмірден түңілген, болмаса әлеуметтік жағдайы нашар отбасыдан шыққан балалар ілігеді. Тағы бір қосарым, IP мекенжайыңды кез келген адам анықтай алмайды. Жастардың санасы құрту бойынша жасырын топтар жұмыс істеп жатыр. Неге жастар осындай топқа кіреді? Бұл біріншіден, психолог мамандардың жоқтығы. Дәл осындай топтарға кіретін жастар өзін-өзі өлімге итермелеймін деп кірмейді. Олар өзіне қолдау, қамқорлық іздеп кіреді. Бізге бірінші кезекте мектепке білікті психолог тарту мәселесін шешуіміз керек. Себебі кейбір аудандарда, ауылдарда психологтың қызметін басқа сала маманы атқарып жатқанын көзіміз көріп жүр. Сондай-ақ әлеуметтік желіге кіру тетігін 18+ деп көрсетіп, оған жеке куәліктегі мәліметті енгізу керек. Мен өзім бағдарламашы болмағандықтан, оның қалай істеуге болатыны білмеймін. Бірақ бұл әдіс көмектесер еді.
Елдос Өмірзақ: IT саласының маманы Нұрлан Жанай білетін шығар мүмкін. Әлеуметтік желіде осылай жас ерекшелігіне байланысты шектеу қоя аламыз ба?


Нұрлан Жанай: Әлеуметтік желіні қолдану әлемдік стандарт бойынша 13-14 жастан басталады. Бірақ жеке куәлік бойынша әлеуметтік желіге кіруге мүмкіндік жасау мүмкін емес. Бұл мәселенің дендеп кетуі ата-ананың жауапсыздығымен, ғаламтор саласындағы сауатсыздығынан. Ата-ана баласының ғаламторды не үшін пайдаланатынын білуі керек. Үйге шектеусіз интернет қоймағаны абзал. Бейберекет пайдаланса, түрлі нәрсеге ұрынары сөзсіз. Сабағын орындау үшін қажет болса, 2-3 сағат қосып беру керек. Бүгінде өз тыныштығы үшін, тіпті 3 жасар баланың қолына планшет ұстата салады. Ал ол бала ғаламтордан не көріп отыр? Оны қарап жатқан ешкім жоқ. Баласымен сөйлесуден, ойнаудан қалды. Ата-ана бір бөлек, баласы басқа әлемде отырады. Осы әлеуметтік желіде қауіпті ойынды ашқан жігіттің сұхбатын оқып қалдым. Ол «өзінің өмірге не үшін, келгенін білмейтін, өзін-өзі өлтіргісі келетіндерге көмектескім келді. Мен өзімді кінәлі сезінбеймін», – дейді.
Дәурен Бабамұратов: IP мекенжайын анықтау оңай ма?
Нұрлан Жанай: Оны анықтайтын арнайы бағдарлама бар. Ол кез келгеннің қолынан келеді.
Дәурен Бабамұратов: Осы күнге дейін бұл ойынға қанша адам тіркелді. Соның барлығын бір адам басқарып отыр ма?
Нұрлан Жанай: Негізі, бір адамның мыңдаған адамды басқаруы мүмкін емес. Ол 5 жыл осы ойынды ойластырғанын айтыпты. Түнгі ұйқысы дұрыс болмаған баланы өзіңнің ыңғайыңа келтіру оңай екен. Бұлар тапсырманы таңға жуық береді. Баланың психикасын зерттегені осыдан-ақ көрініп тұр. Мәселен, 50 тапсырманы рет-ретімен орындатудың өзі ойластырылған.
Негізі бұл ойынды 10-15 адамның бірігіп жасауы мүмкін. Ары қарай желі маркетингі сияқты жастар жалғастырып кеткен. Бұл белгілі бір топтың мүддесі болып тұр. Ойынға не себептен «Көк кит» деп атау бергенін де анықтап көрдім. Естуімше, көк кит – суицид жасаушылардың символы екен. Себебі көк киттер көбіне теңіздің жағасына шығып, өздерін өлтіріп алады.
Дәурен Бабамұратов: Мен осы мәселе бойынша Алматыдағы бірнеше мектептің директорымен сөйлестім. Сонда бір мектепте 15 баланың «Көк кит» ойынына тіркелгенін естідім. Оның жетеуі жай ғана ойынға кіріп шықса, сегізі тұрақты түрде тіркелген. Бұл бір ғана мектепте болып жатқан дүние. Сонда басқа мектептер туралы сөз қозғаудың өзі қорқынышты. Бұл жерде ата-анаға ғана сілтей бермей мәселенің екінші жағын да қарастырсақ.

Ғалия Әженова: Бұл өте күрделі мәселе. Бұған баланың үйінде эмоциялық жылу, құндылық болмағанынан деп ойлаймын. Осының себебі мен салдарын білуіміз керек. Себебі қит етсе, біз мектептен, мұғалімнен көреміз. Алайда осының бәрі отбасынан басталатынын біліп отырмыз. Адамның ішкі түйсігі жоқ, ішкі отбасылық құндылығы болмағандықтан, тез шырмалады. Негізінде баламен үнемі эмоциялық қатынаста болу керек. Негізі біз материалдық құндылықты ойлап кеттік те, отбасы құндылығын ұмыттық. Заң жағына келсек «өзін-өзі өлтіруге жеткізу» деген бап бойынша 3 жылдан жоғары бас бостандығынан айыру жазасы бар. Біздің жасөспірім балалар ата-анасымен жақын сөйлеспейді. Қарым-қатынас аз.
Дәурен Бабамұратов: Мен айтылған мәселелермен толықтай келісемін. Ата-ана баласының тәрбиесіне қарау керек. Отбасында жақсы тәрбие алған бала сыртта жамандық жасамайды. Бірақ кейбір жас ата-ананың қолынан тәрбие беру келмей жатады. Талғат мырза, ондай кезде не істеуге болады?

 

Талғат Жанысбай: Жалпы, мәселенің себебін іздеуіміз керек дейміз. Ал біз себебін іздегенде көп нәрседен кеш қалып жатамыз. Бұл мәселеде де солай. Тым кеш қимылдадық. Телеарнада бақылау жоқ. Таңнан кешке дейін даңғаза ән. Тіпті жастарды еліктіретін түрлі топтар да қаптап кетті. Менің ойымша, әлеуметтік желіде қауіпті ойынды жасап отырғандар өте білімді адамдар. Бұл топты қаржыландыратын ұйым болуы да мүмкін. Мені осы мәселе толғандырады. Бес жыл бойы жасалған дүние болса, жан-жақты зерттеліп, зерделеніп жасалғаны анық. Оны сол уақыт аралығында біреу қаржыландырды. Бұл 50 тапсырманы орындатудың өзі жайдан-жай жасала салған дүние емес. Тәжірибелі психологтардың тапсырмасы. Қазір бір дертке айналды. Жастарды түнгі 11-ден кейін ұйықта деп тоқтата алмайсың. Қазіргі қоғам ондай емес. Іні-қарындастарымызға смартфон ұстама деп тағы айта алмаймыз. Оның басқа жолын қарастыру керек. Өзіміздің IT мамандарға қаржы бөліп, өзіміздің әлеуметтік желіні ашуымыз керек. Жастардың сауатын арттыратын курстар ашсақ дұрыс болар еді.
Елдос Өмірзақ: Талғаттың ойымен келісуге болады. Себебі қазір ғалымдар зиянкес құртты жоятын дәрі ойлап тапқанша, оны биологиялық жолмен құртуды қарастырады. Ол қалай? Дәл сол құртты жейтін басқа жәндікті жібереді. Мәселен, зиянкес құрт жапырақты жейтін болса, әлгі жәндік құртты жейді. Осылайша мәселені шешеді. Жастардың бағытын бұратын, қызықтыратын өзіміздің әлеуметтік желіні ашса деген ұсынысты құптап отырмын.
Нұрлан Жанай: Әлеуметтік желіні ашу керек деп келе жатқаныма 10 жыл болды. Бірақ әлі жүзеге аспады. Вконтактенің бұрыннан біздің менталитетке келмейтінін айтқанмын. Орыстың кейбір ұятсыз сөзі қолданыста жүр. Оны кез келген уақытта айтып отыра береді. Біз ондай емеспіз. Тәрбие бөлек. Бұл әлеуметтік желіні жаба алмаймыз. Қазақстандық баламасын да жуық арада жасай алмайтын шығармыз.

Ермек Көкірекбаев: Менің ойымша, ұлттық ойын мен спорттық ойын түрлерін заманауи үлгіде жасап, балаларымызды соған тартуымыз қажет. Сәйкесінше дұрыс бағыттағы әлеуметтік желіні табуымыз керек. Мысалы, осыдан он жыл бұрын теріс ағымдағы тәкфир ағымын тұтынушыларды айтып жар салдық. Олардың қауіпті екенін айттық. Ол кезде ешкім назар аудармады Енді олар жер жерді жара бастап еді, билік тарапынан оларға қарсы күрес пайда болды. Сондықтан бұл мәселені шешу де құзырлы органдардың қолынан келеді. Адам өзін-өзі рухани жағынан дамытып отыруы керек. Ал кішкентай балаға жасынан ненің дұрыс, ненің дұрыс емес екенін айтып өсіруіміз керек. Мектептегі психологтардан бөлек, діни сауатты психолог мамандарды дайындаған жөн. Ал осындай жағдайдың алдын алу үшін мешіттерде түрлі шаралар қолға алынды. Мысалы, 3 айлық жазғы каникулда жасөспірім балаларға діни сауат ашу сабақтары жүргізілді.
Дәурен Бабамұратов: Бүгінгі жиынды қорытындылайтын болсақ, шын мәнінде, мәселе тек ақшада емес. «Жалпы, әлем бойынша дәстүрлі құндылықты жоюға бағытталған шара» деп білемін. Меніңше, мұның артында жоспарлы түрде жасалған бір топ тұрғаны анық. Бұл «Көк кит» атауы қазіргі таңда түрленіп күн сайын өзгеруде. Біз емес Ресейдің өзі бұл ойынмен күресіп жатыр. Дегенмен де толықтай тосқауыл қою мүмкін емес. Менің ойымша, біріншіден, бұл жерде мемлекеттің жүйелі жұмысы керек. Екіншіден, қоғамдық жұмыс қажет. Сонымен қатар осы дертпен күресетін еріктілер тобын құрған жөн.

Дайындаған Елдос Өмірзақ,
Мақпал Ноғайбаева

19 қазан, 11:35
Мұрат ақын және Ноғайлы жырлары
12 қазан, 12:14
Тренинг немесе мен қалай оқуымды бітіре алмадым?
12 қазан, 12:08
Желідегі маркетинг шаң қаптырмасын
08 қазан, 14:52
Арқа (әңгіме)
28 қыркүйек, 12:39
Таңдаулы оқулықтар ғана аударылады
28 қыркүйек, 12:14
Ең басты мәселе – өңірлік және жаһандық қауіпсіздік
24 қыркүйек, 11:25
«Тозақ отынан» оралған әйел
21 қыркүйек, 11:17
"Чайка" жігіттер