Дәрі-дәрмекке 366 миллиард жұмсаймыз

91 рет оқылды
Қазақстан халқы жылына 366 миллиард теңгеге дәрі-дәрмек сатып алады. Бұл туралы Алматыда Мәжіліс депутаттарының отандық дәрі-дәрмек шығарушы компаниялардың басшыларымен өткен кездесуінде айтылды, деп жазады Хабар 24 арнасы.
2016 жылы үкімет тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі арқылы 160 миллиард теңгеге дәрілік препараттар сатып алған. Оның ішінде 32 миллиард теңгенің өнімі қазақстандық фармкомпаниялардың еншісінде. Мамандар еліміздің фармацевтикалық нарығының жылдан-жылға өсіп келе жатқанын айтады. 2009 жылдан бері бұл салаға 200 миллион доллардан астам инвестиция салынған. Кездесуде компания жетекшілері ішкі бәсекені арттырып, отандық өндірушілерді шетелдік алпауыттардан қорғаудың тетіктерін қарастыруды ұсынды.
«Қазақстандық дәрі өндірушілермен кездесіп жатқан мақсатымыз – біріншіден өзімізден шығаратын өнімдерді, өзіміздің кәсіпорындарды көбейту. Мамыр айында біз қараған кезде қандай ұсыныстарды беруімізге болады. Қандай қадамдар жасауымыз керек, қандай іс-шара біз қолдануымыз керек. Соны анықтаудамыз», — дейді ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева.