Б. Сағынтаев: «Футбол ойнағанды» қою қажет

199 рет оқылды

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, Шаxан кентіндегі қайғылы оқиға жергілікті билік пен мемлекеттік органдар арасындағы тығыз байланыстың жоқтығын тағы бір мәрте дәлелдеді.

ҚазАқпарат хабарлағандай, бүгінде энергетикалық қауіпсіздік бойынша бірқатар міндеттемелер әкімдіктерге жүктелген. Мемлекеттік органдар да бақылау шараларын жүргізеді. Алайда Шаxандағы жарылыс сияқты төтенше жағдайлар болғанда жергілікті билік пен мемлекеттік органдар бір-біріне сілтеп жатады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Маған бір нәрсе ұнамай тұр, (энергетикалық қауіпсіздік бойынша — авт.) өкілеттіліктерді өзара бөлісіп, әкімдіктерге бердік, алдық деп отырсыздар. Алайда ешқандай жауапкершілік жоқ. Енді, оны (мемлекеттік органдарға — авт.) тағы қайтару керек пе, жоқ әлде, қадағалау шараларын күшейтеміз дейсіздер. Ол дұрыс емес қой. Өкілеттілік берілгеннен кейін жергілікті атқарушы органдар өз міндеттерін бұлжытпай орындауы тиіс. Бізде энергетика министрлігінде энергетикалық қадағалау қызметі бар. Ол қайда қарап отыр? Сөйтіп, жергілікті билікке өкілеттілікті бердік дейміз, олар болса, орталықтандырылған жылу жүйесін қосайын десек, орталық ақша бермей отыр деп шығады. Орталық органдар болса, ақша берейін десек, жергілікті билік құжаттарды жібермей жатыр дейді. Осылайша, «футбол ойнап» отырады. Ақыр соңында Шаxан сияқты елдің мекендердің жылытуға қатысты барлық проблемаларды xалықтың мойнына артып қойдық. Осыдан кейін адамдар амал жоқ, пеш қояды, «буржуйка» орнатады, неше түрлі қазандықтарды кіргізеді. Үйді өз күшімен жылытады. Сосын кешегідей қайғылы оқиғаларға тап боламыз», — деді Б.Сағынтаев. Оның ойынша, егер үйді жылыту қондырғылары қауіпті болса, онда нақты бір талаптарды әзірлеу керек. Осыған байланысты нақты бір құжаттың болғаны жөн. «Былайша айтқанда, нақты бір жұмысты қолға алған жөн. Біз болсақ, әй, жылу болса болды деп, салғырт қарап отырмыз», — деп атап көрсетті Үкімет басшысы. Осы орайда Үкімет басшысы Б.Сағынтаев өз орынбасары Асқар Маминге жергілікті әкімдіктер мен мемлекеттік органдардың өзара жауапкершілігін нақты белгілеп алуды тапсырды. Ол үшін арнайы жұмыс тобы құрылатын болады.