Жетісудың жетістігі мол

01 қаңтар в 13:17 67 рет оқылды

Биыл Алматы облысында өндіріс пен аграрлық салада бірнеше инвестициялық жоба жүзеге асады. Бұл туралы «Жетісу Инвест-2016: Жібек жолының өркендеуі арқылы жаңа мүмкіндіктерге» атты халықаралық инвестициялық форумында белгілі болды. Оған шағын және орта бизнестің әлеуетті инвесторлық компаниялары мен ұлттық компаниялардың, жергілікті атқарушы органдардың жалпы саны 400-дей өкілі, сонымен қатар Таяу және Қиыр шетелдердің өкілдері қатысты.

Шараның мақсаты – Алматы облысының инвестициялық тартымдылығына бизнес-қауымдастық пен халықаралық қаржы ұйымдарының назарын аудару. Сонымен қатар форумға Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев, Инвестиция және даму вице-министрі Ерлан Хайыров, «Қазақстан темір жолы» АҚ вице-президенті Қанат Алпысбаев қатысты.
Форум барысында Алматы облысындағы орта және шағын бизнес өкілдері тауарларының көрмесі болып, агроөндіріс, энергетика, ауыл шаруашылық және тамақ өнеркәсібі бойынша атқарылып жатқан істерінің нәтижесі сараланды. Көрмеге қатысқандар Алматы облысында ашылып, халықты жұмыспен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкерлердің жұмыс барысымен танысты.
Аграрлық-индустриалдық, ауыл шаруашылық және энергетика саласы бойынша қызмет атқарып жатқан шағын және орта бизнес өкілдері қала және облыс әкімдеріне өздерінің жұмысын таныстырды.

Көрмеге Алматы облысындағы ірі өндіріс орындары қатысып, сапалы өнімдерін ел назарына ұсынды. Пленарлық отырыста Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қатысушыларға ризашылығын білдіре отырып, өңірге инвестиция тартудағы оң нәтижесін атап өтті.
А.Баталов «Республика бойынша инвестиция көлемі жағынан 2015 жылы облысымыз 4-ші орыннан көрініп, (490 млрд теңге), 2014 жылғы деңгейді 37 млрд теңгеге арттырдық (нақты көлем индексі 105,3%). 2015 жылы жалпы сомасы 34,7 млрд теңге болатын 170 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Бұл өз кезегінде 3,6 мың жаңа жұмыс орындарының құрылуына ықпал етті. 2016 жылы сомасы 94 млрд теңге болатын 115 жоба қолға алынып, 4,4 мың жұмыс орнын құру жоспарланған. Барлығы 2016 жылдан 2020 жылға дейін жалпы құны 2 триллион теңгелік 443 жобаны жүзеге асыру, соның негізінде 23 мың жұмыс орнын құру межеленіп отыр», – деді.
Алматы облысының географиялық жағынан қолайлы орналасуы заманауи технологияны қолдана отырып, азық-түлік өнімдерімен 100 миллионнан астам адамды қамтамасыз ете алады. Сонымен қатар облыс басшысы өңірдің инвестициялық мүмкіндігі туралы кеңінен әңгімеледі. Ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңнен өңдеуге мамандану негізгі бағыттың бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар ол өңірдегі жүгері өндірісіне, сүт-тауарлы фермалар мен өңдеу кәсіпорындарын құруға, туризм саласына, әлеуметтік нысандар салуға, инвестиция тартуға мүмкіндік бар екенін айтты.
Форумда белгілі болғандай, 2016 жылы Алматы облысында бизнесті қолдау мақсатында республикалық, салалық және аймақтық бағдарлама бойынша 15,4 млрд теңге қаржы бөлінді. Ал өткен жылы бұл сома 5,6 млрд теңгені құраған. Қаражаттың 6 млрд теңгесі «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша, 3 млрд теңгесі «Даму» қорынан, 600 млн теңгесі «Атамекен» ҰКП тарапынан бөлінді.


Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Алматы облысы географиялық орналасуымен, қолайлы климатымен қатар еңбеккор халқымен ерекшеленетінін атап өтті. Биыл өңірде қант қызылшасы мен алма бағының көлемі артады. Бұрынғы тоқтап қалған қант зауытының жұмысы қайта жанданады. Облыста бау-бақша көлемі 20 мың гектарды құрайды. Ал интенсивті бақша көлемі 2 мың гектардан астам. 2016 жылы 1600 гектар бау-бақшаға бөлінген жерде енді «Апорт» бағдарламасы бойынша белсенді жұмыс жүргізілетін болады. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың инвестициялық ахуалды жақсартып, елімізге тікелей инвестиция тарту туралы жиі айтатындығын атап өтті. Сонымен қатар облыстағы агроөнеркәсіп, туризм, энергетика саласындағы мүмкіндіктерге тоқталды. Оның айтуынша, Алматы қаласы және Алматы облысындағы ашылып жатқан кәсіпорындар мен бизнес орталықтар халықты жұмыспен қамтып, ел экономикасының жақсаруына септігін тигізеді.
Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек «Күн сайын алып шаһарға Алматы облысынан 300 мыңнан аса автокөлік келіп кетеді.Үлкен Алматы айналмалы жолы логистикалық маңызға ие. Алматы экономикасының 86 % облыстағы туризммен сервистік қызмет көрсету саласымен тікелей байланысты. Алматы мен Алматы облысы бір-бірімен өте тығыз байланыста. Алматы қаласының қарқынды дамуына облыс экономикасының тигізетін әсері мол.

Алматы – республикадағы ең ірі қаржы орталығының бірі. Тұрғындар саны 2 миллионнан асатын қалада, 2020 жылға дейін халық өсімі екі есеге асады деп күтілуде. Алматы қаласы қазіргі таңда азық-түліктің 35 % өзін өзі қамтамассыз етсе, өнімнің 28% аймақтан әкелінеді, ал 37% шетелден келеді. Сонымен қатар Алматы мен Алматы облысында туризм аймақтарын дамытып, келетін туристердің санын арттыруымыз керек. Алматыны қолжетімді азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған Алматы облысының қала үшін маңызы зор» – екенін айтты.
2013 жылы Алматы агломерациясын 2020 жылға дейін дамытудың Өңіраралық жоспары қабылданған. Осы орайда Б.Байбек бірқатар бірлескен істер атқарылып, түрлі салалар бойынша тиімді жұмыстар жүзеге асқанын атап өтті.
Мысалы, қаланың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Алматы облысымен бірігіп, Алматы қаласының айналасында азық-түлік белдеуін құру бағдарламасы жасалған. Нәтижесінде Алматы өңірінде 16 жылыжай, 7 қойма, 6 сүт фермасы, 6 бордақылау кешені, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін 25 кәсіпорын салынды.
Ал Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев өзі басқарып отырған өңірдің мүмкіндіктерін жария етті. Инвесторларды мемлекеттік қолдау жөнінде Инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Хайыров, кәсіпкерлікте электронды картаны дамыту жөнінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Нұржан Алтаев, Қорғас-Шығыс қақпасы еркін экономикалық аймағының инвестициялық әлеуеті жөнінде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының вице-президенті Қанат Алпысбаев мағұлмат берді.
Пленарлық отырыстан кейін форум бірнеше бағыт бойынша, атап айтқанда, агроөнеркәсіптік сектор «Алматы облысының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудағы басымдық», мемлекеттік-жекеменшік әріптестік «Мастер-жоспарлар құру мен қолдану», «Туризм және көлік логистикасы», «Алматы облысында жаңартылған энергия көздерін дамыту» тақырыптарындағы дискуссиялық секцияларымен жалғасып, мұнда әрбір қатысушы өз пікірін білдіріп, ұсыныстарын айтты.
Форум қорытындысында Алматы облысы мен Жамбыл облысы әкімдіктері арасында өзара ынтымақтастық туралы, сонымен қатар Алматы облысының аумағында жұмыс істейтін компаниялармен 900 миллион доллардан астам қаржыға түрлі келісім жасалды.

Мақпал Ноғайбаева,
Алматы облысы

 

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар