Көкбастаудағы дүбірлі дода

01 қаңтар в 15:19 52 рет оқылды

Конституция күні мен Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Алматы облысы Жамбыл ауданының «Көкбастау» ипподромында Президент кубогі үшін республикалық ұлттық ат спорты түрлерінен дүбірлі жарыс өтті.

Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын бұл жарыс биыл 19-шы рет өткізілуде. Аламан доданы Алматы облысының әкімдігі ұйымдастырды. Дүбірлі додаға еліміздің барлық өңірі мен көршілес қырғыз елінен келген шабандоздар қатысты.
Көптен күткен ат жарысы тай бәйгесімен басталды. 5 шақырымдық тай жарысында Жұлдыз топ жарып, алғашқы орыннан көрінді. Одан кейінгі 11 шақырымдық құнан бәйгеде Ажарторы атты сәйгүлік бірінші келді.


Еліміздің әр өңірінен келген 24 жорға қатысқан 9 шақырымдық жарыс тартысты өтті. Жамбыл ауданынан келген Жойқын атты жорға топ арасынан алғашқы орынды иеленді. Дүбірлі ат жарысымен қатар теңге ілу, қыз қуу, аударыспақ, көкпар сынды ұлттық ойындар жарыстың көркін аша түсті.
16 шақырымдық топ бәйгеде Қарасай ауданының Сүлікқара атты тұлпары топ ішінен оқ бойы озық шықты. 25 шақырымдық аламан бәйгеге 57 тұлпар қатысты. Сәйгүліктерді шаңына ілестірмей жүйткіген Қарасай ауданының Миллионер атты тұлпары мәреге бірінші болып жетті.
Биылғы ат жарысына 7 темір тұлпар тігілді. Бас бәйгеге қолы жетпегендер де сыйлықтан тыс қалмады. Тұлпар иелері ақшалай сыйлықпен, ал үздік шабандоздар арнайы дипломмен марапатталды.

Мақпал Ноғайбаева

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар

Бүгін, 16:55

«Еншіңді» ал!