Ол жылқысымен бай

28 қазан в 11:56 519 рет оқылды

Сол күні таң құланиектеніп жаңа атып келе жатқанда қыламықтап қар жауған. Биік көктен билеп, ойнап жауған қар сәскеде жапалақтап жауа бастады. Ылғалды, сызды қар. Қар жауғанымен күн май тоңғысыз жылы. Еріген қар бірден сіңіп кетпей, көлкілдеп жатыр. Жер жарықтық та биыл ылғалға жазғы тынымсыз жауыннан, күзгі қара нөсерден кейін мелтектеп тойды емес пе.

zhylky

Дала төсіндегі дала жолы айқыш-ұйқыш, ойлы-қырлы. Әйтсе де Сарыөзек селолық округінің әкімі Асылбек Есмағамбетовтің «Нива» көлігі жол таңдамайтын, нағыз осындай жердің миы шығып, езілгенде мінетін-ақ машина екен. Ағаш-ағаштың арасындағы жалғыз аяқ жолмен тартып келеміз.
Ауыл әкімі Асылбек Есмағамбетов ел жайын, ел ішінде мал бағып, түтіндерін түзу ұшырып, шаруалары оңғарылып жатқан малсақ жандар туралы таратып айтып келе жатқан. Қайың-терегі аралас өскен қалың шұбардың қалтарысындағы шоқ қайыңды бауырлай қонған жалғыз үйдің сұлбасы көрінді. Ағаштан екі бөлмелі қылып салыпты. Жанында мал қамайтын ауқымды шарбақ. Жап-жасыл шөп үюлі. Үйге жалғастыра керек-жарағын қоятын, мініс атын қамайтын шағын қора салынған. Есігінің алдында су таситын, жем таситын әрқилы техникасы. Жылқы әріректе, ағаш бауырында тебіндеп жүр екен. Ағаш бауырында жоңышқа, мия, қоңыржусан, ажырық, ақселеу, үшхат, қазоты тұнып тұр. Шөп басын жұп-жұқа ақ ұлпа көмкеріпті. Соныға киліккен жетпіс қаралы жылқы бас көтерер емес.
Ақан ауылының тұрғыны Мереке Абдулманов ауылдың күнбатыс жақ беткейіндегі қалың шұбардың ішіне ырыс жетектеп, берекет айдап әкеп қоныстандырған. Мақсаты – азық, мұраты – қазық.
Сарыөзек селолық округінің әкімі 2003 жылы шағын шаруа қожалығын құрған Мереке әуел баста жүз гектар жерге арпа, сұлы егіп, қолындағы қара малы мен қойын бағатын. Соңғы жылдары ел еңсесін көтере бастады. Әрекет етемін дегендердің арманына қанат байлаған – ауылға бағытталған бағалы бастамалар. Мереке де ендігі жерде мал басын, төрт түлікті түгел бағуға ниеттенді де, бағдарлама бойынша 2012 жылы үш миллион теңге несие алды. Қолына тиген қаражатқа 18 бас бие сатып алды. Оған қоса, айғыры мен атын.

457899_458678140810177_1928004944_o1-780x400
Мерекенің айтуынша, несиенің көп жеңілдігі бар. Алғашқы бір жарым жылда еркіндік беріледі. Бір жарым жылдың ішінде малдың төлін аздап болса да өсіріп алған соң келісімшартта көрсетілгеніндей біртіндеп қайтарасың. Тоқсан сайын 250 мың теңгеден. 250 мың теңге Көкшетау төңірегінде семіртілген тайдың құны. Демек, жылына төрт тайдан келеді. Бағымдағы малды дұрыстап күтіп, баға алсаң, қалғаны мал басын көбейтуге жарап жатыр. Аналығын тұқымдыққа алып қалып, еркек құнан-тайын сатса, шаруашылықтың жем-шөбі, жанармайы, жылқышының еңбекақысы тәрізді қажеттілігін өтеуге қаптал жетеді.
Армансыз адам бола ма? Жаз шыға мал төлдегеннен кейін Мереке бие байлап, қымыз дайындасам ба? – дейді. Күнделікті шығынды өтеуге тәп-тәуір демеу болар еді. Қора да салып алмақ. Қыс қатайып, жылқының жалы жығылғанда күйі қашқан тай-жабағыны күту үшін. Содан соңғы бір көкейінен кетпей жүрген мәселе құдық қазу. Мерекенің айтуына қарағанда, бағдарлама бойынша мал алғаннан кейін сол бағдарламаның шеңберіне жаңағы шаруалар да енгізіледі екен. Су жоқ емес, бар. Бірақ томар суы, лай су. Жылқы жарықтық кірпияз, айдындағы, ағын судың өзінен сүзіп жүріп, талғап ішеді ғой.
Мал бағудың, оның ішінде жылқы бағудың ауыртпалығы аз емес. Баяғыда біздің елдің қаптал шапан киген қариялары жылқыны жылқыдай қайратты адам ғана баға алады деуші еді.
– Төрт түлікті тегіс бағып көрдік қой, – дейді Мереке,–қолайлысы жылқы. Қара мал алты-жеті ай қолға қарамақ. Біздің жақта қыс ұзақ қой. Жем-шөп шақ келмейді. Ал жылқының ауырғаны, әйтпесе, жабағы-тайы болмаса жыл он екі ай өз аяғымен тебіндеп, былайша айтқанда, өз күнін өзі көреді. Тек семіртуге ғана жем-шөп қажет. Үш жыл сайын айғыр ауыстырып отырмақпын. Тұқымы азып кетпеуі үшін. Негізінен, жабы баққан жақсы. Қысқа, ыстыққа төзімді.
Сарыөзек селолық округінің алқаптарынан осыдан үш жыл бұрын Щучье қаласының сүт зауыты жер телімін алған екен. Әуел баста егін салмақшы болыпты. Кейін нендей себебін болғанын кім білсін, әйтеуір, егін егілмей қалған. Қазір иен жатыр. Күтім болмаған соң жер жарықтық та жүдейді. Алқапты қара сұлы, арамшөп басып кетіпті.
– Әйтеуір, баққан соң көбірек бақса деймін, – дейді Мереке, – қос тігіп далада жатырмыз ғой. Жетпісін бақтың не, екі жүзін бақтың не? Көбірек болса, төлі де көп болар еді. Көбейсе табысымыз да тиісінше молаяды ғой. Тек жайылымдық жер бөлінсе болғаны, басқасын өзіміз істеп аламыз.
«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша жылқышы да алған екен. Түлкі тымақ киген Александр Клебанский қайың шоқтың бауырындағы жылқы шетін қаумалап қайырып жүр. Жалақысы айына 56 мың теңге. Жататын жері, ас-суы жұмыс берушіден. Келісім солай.
– Жылқы жайын қазақ жетік білмей ме? – дедік біз.
– Жетік білгенімен, желке жар бере қоймайды ғой, – деп күлді Мереке.
Мән-жайға қаныққан соң жапандағы жалғыз үйден – жылқышылар қосынан дәм ауыз тиіп, «бағарың көбейсін» деген оң тілегімізді айтып аттандық. Жаңа ғана дала қосының пешін тұтатып жатыр еді. Айдау жолға түсе бере, артымызға қарасақ, қоп-қою түтін биік көкке шаншыла өріліп, шапшып тұр екен. Атам қазақ осындайда «түтіні түзу ұшқан тіршілік» деуші еді.

Байқал БАЙӘДІЛОВ,
Зеренді ауданы
Ақмола облысы

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар