Оташы

21 қазан в 12:11 295 рет оқылды

Таң алдында кірне болған баладай бебеулеген телефон шырылы шырт ұйқысынан оятқан. Ылғи осылай. Облыстық аурухананың хирургия бөлімінің меңгерушісі болып істейтін оташы Бауыржан Ахметов шұғыл шақыртуға үйреніп кеткен. Өзі жетекшілік ететін хирургия бөлімшесінде жылына 1,5-2 мыңға жуық операция жасалады. Бәрі бірдей күн ілгері жоспарланған, дайындалған операция емес. Облыс орталығы болғаннан кейін не түрлі оқиғалар болып жатады. Айтып келмейтін апат, көлденеңнен келген кесапат. Таң алдындағы төтенше шақырудың жосығы өзгеше, жөні бөлек еді. Көкшетау қаласында жастардың арасында туындаған өзара келіспеушілік кезінде біреуі біреуіне пышақ салып алған. Тура жүрегіне. Таң алдында ешбір дайындықсыз қансырап жатқан қаршадай ұлдың жүрегіне ота жасауға тура келді.

opytnyy-vrach-hirurg-v-glebovke_0

Бұл уақта таң сібірлеп жаңа атып келе жатқан. Түнгі қою қараңғылықтың зілмауыр етегін таңның мөлдір шапағы енді-енді сөгіп, көз көрім жердегі көкжиек таң нұрына малынып келеді. Өліара уақыт. Операция үстелінде жатқан жас жігіттің өмірі тәрізді. Ол жерде де өмір мен өлім белдесіп жатыр. Түн мен күннің арпалыс-қаны сияқты. Баданадай-баданадай қан тамшылары салалы саусақтың арасынан үздіксіз тамшылайды. Пәленбай жыл бойы машықтанған іш құрылысы, өкпе-бауыр, өт емес. Талмаусырап солықтаған, деміккен, үздіккен жаралы жүрек. Енді болмаса тоқтап қалардай, біржола тыншу табардай. Кей-кейде тыныштық тілесек те, жүректің тынышталмағаны керек. Қайта дәл осы сәтте қуатын жинап, мынау жарық дүниеге деген бұлқынысы мен құлшынысы артып, жұмыс істегені абзал.
Кез келген іскер адамдар тәрізді оташы Бауыржан Ахметов те табиғатынан көп сөзге үйір кісі емес. Кей-кейде қауырт жұмыстан қолы босаған сәтте ойына туған жері Еңбекшілдер ауданына қарасты Мақпал ауылы түсетіні бар. Мақпал десе, мақпалдай-ақ жер. Шоқ-шоқ қайың-қарағайы аралас орман алқаптары көмкерген, түгін тартса, май шығатын құнарлы, жасыл шалғынды, мың сан гүл тербетілген ғажап сұлу өңір. Неге екені кім білсін, бұл әу бастан, туған жерінің қысын ұнататын.
Әсіресе, қызыл іңірдегі батыс жақ қызыл жалқын бояуға боялып, аязды күндері күн жарықтық қос құлақтанып, Мақпалдың жотасынан әрі аунап бара жатқан шақтағы көркем көрініс көкірегінде өшпестей болып таңбаланған. Қызыл жалқын алаумен бұйығып қана жатқан шоқ жұлдыздай шағын ауылдың әр үйінің мұржасынан будақтап тұратын түтіндері қанша жыл өтсе де, жүрегін жылытып келеді. Биік көктен билеп, ойнап жауған қар қыламықтап қоянжон қар жоталарының арасында аппақ сағымға малтығып жатқан шағын ғана ауылды ұлы дүрмектің дүбірінен жасырғысы келетіндей.
Мақпал ауылындағы білім ошағы бұл үшін әлемнің кез келген ілгері кеткен оқу орындарынан бір сүйем кем емес. Шалғайдағы шағын ауылдың кішкентай мектебі болғанымен сан талай үлкен азаматтар өсіп шыққан қасиетті білім бесігі. Қыстың күндерінде, ұзақ түндерінде оңаша ойға шоматын. Болашағын барлайтын. Өмірдегі сан алуан мамандықтардың бәрі жақсы, қоғам үшін пайдалы, өзі үшін мазмұны болып көрінетін.
Бүгінде облыс жұртшылығы қолы жеңіл оташы деп құрметтейтін, ардақ тұтатын Бауыржанға емшілік қасиет арғы тегінен дарыған. Көнекөз қариялардың айтуларына қарағанда, үлкен әжесі төңірекке аты шыққан аруақты, емші адам болса керек. Қазіргі күні көпшілік генетика заңын түгел мойындаған. Жаратқанның құдіретті күшімен адам бойындағы дарын қан қуаласа керек-ті.
Сол тұстағы Целиноград медицина институтын 1984 жылы бітіргеннен бері облыстық ауруханада табан аудармастан қызмет етіп келеді. Осы жылдар ішінде жүздеген, мыңдаған адамға шипасы тиді. Оның бәрін санап айту мүмкін емес, міндет те емес. Жүзінен иманы төгіліп тұратын, мейірімді жүзді жігіт ағасы ешқашан біреуге жасаған жақсылығын бұлдап көрген емес.
– Қаратаудың басына қар түсіпті ғой, – деймін ақ бурыл тартқан шашын меңзеп.
– Иә, – деп әнтек жымияды, – жұмыс көп.
Оташы болу оңай дейсіз бе?! Жүйкеге де әсері аз емес шығар.
– Баяғы сіз жүрегіне ота жасаған жас жігіт аман қалды ма, – деп сұрадым мен.
– Иә, аман.
– Кейін келіп, рахметін айтқан шығар, – деп тақақтап сұрадым.
– Жоқ, келген жоқ.
Иә, біз солаймыз ғой. Жан мұрынның ұшына келгенде ғана әуелі құдайға, содан соң дәрігерге жалбарынамыз. Құлантаза жазылып шықсақ, екеуін де ұмытып кетеміз. Тым болмаса, бүгінгі мереке күні ұмытпайыншы деп белгілі оташы Бауыржан АХМЕТОВ туралы бір ауыз жылы лебіз білдіргім келді.

Байқал БАЙӘДІЛОВ,
Ақмола облысы

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар