jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Еңлік қияда гүлдейді

23 қыркүйек 2016, 12:53
664

doc-01-08-13-10-37-p4

Аты аңызға айналған Қасым Қайсенов жан жары Асыл апайға алғаш беттей алмай, ұзақ айналшықтапты. Тұлғасы таудай болғанмен, жүрегі нәзік екен. Сүйгеніне сөз айтудың ретін таппай көп кібіртіктесе керек. Қара көзі мөлдіреп, үнсіз ғана күлімсіреп тұратын талдырмаш ақсары қызды қатты ұнатқан балаң жігіт ақыры іңкәр сезімін үшбу хатқа түзеді. Жасы бірталайға келсе де сыны кетпеген тәтей дауысы сыңғырлап, сол сәттердің елесін шолып отыр.

Арасында мәз болып күліп те қояды. Қолын сілтеп, бетін басып күлген сәтінде баяғы тәтті қыз күнгі қылығының сақталып қалғанын аңдайсыз.
– Өскеменнің Ағарту техникумына түскенбіз. Күздігүнгі уақыт. Бір күні сабақтан шыққаннан кейін киімілгіштен пәлтемді алып кисем, қалтасынан хат шықты. Оқысам, «бірдеңе-бірдеңе… Сені жақсы көрем, бәлен-түген» деген мәндегі әңгіме. Кейбір құрбыларымның да сондай сәлемдеме алып жүретінінен хабардармын-ды. О кезде ондайды аса ұнатпаймыз. Мен де «Бұл не пәле!» деп, жыртып-жыртып лақтырып жібердім. Арада үш-төрт күн өткенде әлгі жағдай тағы қайталанды…
Болашақ батыр жанының жалынына орап салған хаттарына жауап бола қоймаған соң батылырақ әрекетке көшуді ұйғарған секілді. Кешке жақын жатақханасына беттеп бара жатқан бірінші курстың қызын соңынан қуып жетіп: «Асыл! Тоқташы! Айтатын сөзім бар еді. Саған хат жазған мен едім. Атым – Қасым. Сенімен танысқым келеді» дейді.
– Бастапқыда аздап тіксінгеніммен, көз тоқтатып қарасам, әп-әдемі бала. Қайратты қалың шашы дудырап, уызға тойған қозыдай монтиып, кібіртіктеп тұр. Қоңырқай балғын жүзінен адалдығы, аңғырттығы аңғарылды. Екі иығына екі кісі мінгендей алып тұлғалы жігіт. Техникумда үшінші курста оқитын көрінеді. Сонымен қойшы, 1937 жылы қосылдық қой. Кетәрі болмағаным рас. Ол үйдің сегіз баласы бар екен, тоғызыншы болып мен кірдім. Жасым он алтыда, ол – он тоғызда. Құда түсіп, әйтіп-бүйткен жоқ, бір күні жетектеп алып барды да, содан қалып қойдым ғой. Тіркеуге де бармадық. Жасым кәмелетке толмағандықтан, әңгіме көбейіп кететін сияқтанды. Ата-енем өте ардақты адамдар еді. (Асыл апа аттарын атамай отырған кісілер – батырды дүниеге әкелген Бижамал ана мен Қайса әкей. Қ.М.). – Жатқан жерлері торқа болғыр, өз әке-шешемнен кем емес-ті. Мен алғаш барғанда үйге бір нағашы апалары қонаққа келіп жатыр екен, со кісі мән-жағдайды байқап, «енді осы үйге келін болдың, айналайын, бағың жансын!» деп орамал ыңғайлай бастағанда, қайынатам: «Салмаңдар ештеңе!» деп тыйып тастады. Менімен жасты Сақыпзада деген қызы бар-тын. Онымен төртінші класта бірге оқығанбыз. Әкей мені содан біледі екен. Енемді тәте деуші ем. Дариядай кісі еді. Қазақшылық жасап, ешқашан келін демеді, тіпті өз балаларынан артық көрді.
Қасекеңнің 1940 жылы Совет Армиясы қатарына шақырылғаны мәлім. Одан соғыс басталып кетеді де, жас келін ата-ене қолында қалып қояды.
– Жұмысқа тұрғанмын. Үйде менен өзге жұмыс істейтін кісі де жоқ о кезде. Қасымның іні-қарындастарының бәрі жас. Сөйтіп алапат соғыс жүріп жатқан Батыс жаққа көз тігіп қойып тірлік кештік. Еңбекақымды әкелем де атама ұстатамын. Атам байғұс қуанып, «Асылжанның айлығына бәлен алдым, түген алдым» деп қауқылдап жетуші еді жарықтық. Менікі де қайбір қарық қылатын табыс дейсің, әйтеуір, үлкендерді риза қылуға талаптанамын ғой. Тамағымызды тауып жесек деген тілек о тұста. Әкей де өте еңбекқор адам, тырбанып тіршілік жасап, бала-шаға асыраудың қамымен жүреді. Қасымнан хабар жоқ, бірақ үнемі бүгін-ертең жетіп келетіндей елегзи берем. Үміт үзбедім. Әйтеуір, бір жерде жүр ғой деп емексимін. Әйтпесе күдер үзсем, мүмкін, кетіп те қалатын ба едім. Ондай ой кәперге кірмепті. Көбінде сәуегейлерге бал аштырамыз. Ауылдағылар да жаппай құмалақ салып жатады. Ешбір уайымдама, Қасымың келеді күні ертең-ақ құстай ұшып деп жұбатады бәрі. Жақсы сөзге керемет қуанып, қанаттанып қайтушы ем. Осы, таң ата-ақ жетіп келетіндей болып елеңдеп жүретұғынмын.
Соғыс аяқталар тұста Асыл апай Алматыға ауысып, «Социалистік Қазақстан» газетіне қызметке орналасады. Редакцияның хат бөлімінде еңбек етеді.
– Бір күні майданнан жараланып қайтқан партизан ақын Жұмағали Саин анадай жерде басшымыз Бәйдебек Әлимановпен сөйлесіп тұрды. Дауыстарын анық естіп отырмын. «Украинаға жүргелі жатырмын. Жинастыратын бір документтерім бар еді» дейді. Украина дегенді естігенде тықыршып отыра алмай кеттім. Содан сөзіне құлақ түріп, қарап отырған адамым шығуға айналғанда: «Аға!» деп тоқтатып, мән-жайымды айттым ғой. Арасында, соғысқа аттанғалы бері, Қасымнан бір ғана хат келген-ді. Украинадамыз, партизанмын; аман-есен жүріп жатырмыз, қалт еткенде тағы хабарласармын деген мағынада жазылған. Онда нақты адрес те көрсетілмеген-ді. Жұмекеңе соны баяндадым. «Менің жолдасым Қасым да партизан еді. Соғыс аяқталғалы талай өтті, күйеуімнен хабарсызбын. Енді сіз сол жаққа жүргелі жатыр екенсіз, әлде кездесіп қала ма, хат жазып берсем, тигізерсіз қолына» – деп ем, күлді. – «Қарағым-ау, Украина деген үлкен ел ғой. Оның қай жерінде кездесеміз! Жарайды, жазсаң жазып қой!». Сөйтті де, кетті. Аллауәкпір, содан ешбір сыбыс жоқ, арада недәуір уақыт өткен. Бір күні жұмысқа келсем, Ләзиза деген апай бар еді: «Саған Жұмағали Саин келіп кетсін деп сәлем айтыпты» деп, мекен-жайын сілтеді. Әлдене сүйінішті жәйтті сезгендей, жүрегім өрекпіп, айтқан пәтеріне дереу жеттім. Ақырын тықылдатқанымда, есікті ашқан орыстың кемпірі менің абыржып қалған түрімді көріп: «Жұмағалиды іздеген болсаңыз, ол – моншаға кетті. Бірер сағат күте тұруыңызға тура келеді» деді…
Сөйтсе, бұл атақты екі партизан, ақыры, сонау шет жерде ұшырасып, Жұмағалидың Қасымды елге алып оралған беті көрінеді. Қасекеңнің өз естеліктерінде де аз-мұз айтылатынындай, Украинадағы партизан жолдастары батырды алғаш Қазақ еліне қайтпай-ақ қойсайшы деп азғырғандары аян. «Сен мұнда Александр Тканко әділ бағалағанындай, ерлігің үшін есімің Карпат шыңының тасына жазылуға тиісті әйгілі батырысың. Белоруссия мен Украина жерін азат етуге қатысқан даңқты диверсант-барлаушысың. Ал ол жақта не бар. Кім таниды. Жерлестерің қадіріңе жете ала ма. Және қан көрген адамсың. Елмен тіл табысуыңның өзі қиынға соғады-ау. Сондықтан, Вася дос, бақытыңды осы мекеннен тапқаның жөн шығар» десе керек қой. Мұндайда санаң сан-саққа жүгіріп, расында да, өз-өзіңнен бірталай толқитыныңды, екі ойлы болып әбігерленетініңді түсінуге әбден болады.
– Сол күні Алматыда жапалақтап, қалың қар жауған. Шаңқай түс. Төңірек аппақ. Қарға шағылысқан күн сәулесі жарқырап, көз қарықтырады. Саф ауа да көкірек сарайыңды ашып, қала біртүрлі айрықша тазара түскендей, құлпырып, жасанып тұрған ерекше бір кез еді. Осының өзін жақсылыққа жорып, уақыт өткізу үшін үлкен саябақ арасында ұлпа қарды жалдап, әрлі-берлі ұзақ жүрдім. Көңілім алып-ұшып, әлгі үй жаққа қарай тарта береді. Моншасы қай тұста екен? Жұмекең не үшін шақыртты? Енді, бекерден-бекер әурелемеген шығар. Қасымнан бір дерек әкелгені анық деп алабұртамын. Қойшы, ақыры, бір айналып келіп есікті ашсам, тар дәлізде өзімнің Қасымым дөңкиіп, шинелін іліп жатыр. Жүрегім атқақтап, есімнің шыққаны түсінікті ғой. Бұл, Жұмекең екеуі пойыздан түсіп, үйге жеткен бойда моншаға барып, енді содан қайта келген беттері екен. Қасым да көзі бақырайып жалт етіп қарап, бір сәт абдырап қалды да, ұмсына ұмтылып келіп, бас салып аузымнан сүйіп алғаны. Өмірімде ондай болған емес. Жүзім алаулап қатты қысылып, сонадайдағы Жұмағали ағаға аузымды басып, жәутеңдеп қарай берсем керек. Ұят қой. «Ештеңе етпейді, ештеңе етпейді!» деді о кісі жымиып. Қасым, осы, лапылдап, мені қаусыра құшақтап, бетімнен өбіп, ойпырым-ой, үсті-басыма тінте қарап, шыр айналып жүр. Киімім тым жұпыны. Нашар. «Мына пима өзіңдікі ме?!» дейді. Ол да ә дегенде сасқалақтап, аузына басқа сөз түспеген болуы керек. Не айтам. Пима да жаман. «Өзімдікі!» деп күлдім. Өзімдікі болмаса кием бе. Міне, соғыстан кейін бірінші осылай кездесіп едік. Қасымды Жұмағали аға алып келді. Сол арқылы таптым ғой. Әйтпесе, мүмкін, ол со жақта қалып та қояр ма еді…
Біздіңше, қалмас еді. Әрине, кішіпейіл, біртоға батыр елімді сағындым, жеріме зарықтым, сүйген жарымды аңсадым деп аса үздіге қоймаған. Алапат майданның әсерінен арылып, ес жиып, солығы басылғанша қайтсем екен, осында жүре тұрсам ба, жоқ, жедел елге жөнелсем бе деп толғануы да заңды. Әйткенмен, жаны нәзік, адал азамат екі көзі төрт болып сарғая күткен Асылдай жары мен әзіз ата-анасын бір сәт те естен шығармағаны анық. Әм, «Ер – туған жеріне», әйтеуір, едәуір бөгелген соң салып ұрып бір жететіні даусыз еді. «Ат айналып қазығын табады».
– Бір қиыны, Қасым ішкілікке үйреніпті. Тегінде, сол кезеңдерде соғыстан қайтқандардың көбі ішті ғой. Қаскең бұрын татып алмайтын. Бозбала-бойжеткен болып қыдырған кездерімізде балмұздақ жейтінбіз де жүретінбіз. Әуелде жарайды, ішу де кешкен бейнетін ой сүзгісінен өткізгенде қажет нәрсе шығар; біраз сергісін, мауқын басқан соң қояр деп үміттенгем. Жоқ, тыйылар түрі көрінбеді. Үйден шығып кетсе-ақ сылқиып тойып келеді. Бір күні есін жинаған кезінде ренжідім: «Жаным-ау, мынандай тұрмыс болмайды ғой. Арақ ішу үшін туған жоқ шығарсың сен. Өмірдің бәрін маскүнемдікпен өткізу үшін келген жоқ шығарсың жарық дүниеге. Тірлік жасау керек шығар. Мұның не сұмдық!». Өзінің «партизан болдым. Осынша мәрте жау тылына парашютпен түстім. Бәлен істедім, түген істедім. Түрмеден тұтқынға түскендерді құтқарып шығардым» деп төндіріп айтатын әңгімелерін есіне салдым. «Соныңның бәрі өтірік. Әйтпесе жазар едің ғой. Шикі болмаса. Істегеніңнің бәрі рас болса қағазға неге түсірмейсің. Отыр да жаз. Құр бос сөзді көпіртіп айтасың-айтасың да жайына қалады. Оныңа және ешкім сеніп те жатқан жоқ. Соғыста кездескен адамдардың атына дейін көрсет. Қай облыста, қай қалада. Әлгі түрменің нөміріне дейін нақтыла. Шындық болса соның бәрін ашықтан-ашық баяндамайсың ба. Текке сандалып жүргенше жазсаң, біріншіден, оның кітап болады. Екіден – ақша». О кезде, расында да, Ғылым Академиясы сондай қолжазбаларды ақысын төлеп қабылдап алатұғын. Ашығын айтқанда, жазушы болсын деген емеспін. Үйге тоқтаса деген дәме. Таңертеңнен кешке дейін қаңғиды. Сүрініп-жығылып, қызара бөртіп жетеді қас қарая. Жазып еңбектенсе үйде отырады ғой. Қысқасы, сөзіме, тұнжырап жүріп, ойланды. Содан ептеп жазып бастап, онысын Академияға беріп, біртіндеп қыруар қаржы алуға кірісті. Содан кейін-ақ өзі де білді-ау. Е-е, мынау әжептәуір қаражат болады екен; тіршілікке қажет нәрсе екен, жөн істі жалғастырайын деп. Жетісіп отырғанымыз жоқ. Жан басы көп. Оның үстіне шығармашылық ақырындап баурап кететін болуы керек. Сөйтіп барып жазушылығын бастады ғой…
Киев облысындағы алғашқы партизан отрядтарын құрушылардың бірі Қасым Қайсеновтің жасағы қатерлі жүздеген ірі жорықтар мен диверсиялық операцияларға қатысқаны белгілі. Сол отряд командирінің қаламынан туған «Пересляв партизандары», «Жау тылындағы бала», «Ажал аузында», «Илько Витряк», «Днепрде», «Партизан соқпақтары» секілді оннан аса кітабы кейін бірқатар шет тіліне де аударылады. Негізінен, партизандық соғыстың әдіс-амалдары қамтылатын бұл шығармаларында жазушы өзінің жаужүрек серіктерімен бірге жай отындай жарқылдап, небір жанқиярлық ерлікке барған сәттерін қызықты баяндайды. Қалың оқушы бұлардың қай-қайсынан жанды мұрын ұшына әкелген қысылтаяң кездердегі партизандардың тапқырлығын, сондай шешуші мезеттерде айқын көрінетін досқа, жарға деген адалдық суреттерін, кейбір сатқындық, опасыздық көріністерін де аңдап, ой түйеді. Бүгінде әр тілде жарық көрген еңбектерінің ұзын-саны отыздан асатын автор туралы жазылған кітаптардың өзі онға жуық екен. Міне, ер намысын назымен қайраған Асыл апай оны осындай шығармашылық батырлыққа бастапты. Ендеше бұ кісіні мінезі адуын, қиқар күйеуінің бабын табудағы әрекеттеріне қарап-ақ асқар шыңдағы мұздақтар қойнауында жайқалып тұратын еңлікгүлге ұқсатуға болмас па еді. Әйтпесе, шынында да, қаһарлы батырдың сезім пернесін дөп басып, жанын тербету оңай іс емесі мәлім. Батыр да жібек самалдай желпіп, аялап күткен асыл жарын мейірленген сәттерінде «гүлім, күнім, Астайым» деп еркелеткен.
– Ай, бір санаға сыймайтындай қисық-қыңыр әрекеттері де көп еді-ау! Жастау кезімізде айлық қолға тиген сайын базарға барып қой алатынымыз бар-тын. Саудаласатын – мен. Ол жай жүрген бөгде біреудей сонадай тұста состиып күтіп тұрады. Сатушыға: «Қойыңыз не деген қымбат! Кішкене арзанырақ бермейсіз бе?!» десем, Қасымым: «Әй, алсаң ал, алмасаң қой!» – дейді дүңкілдеп. Оған таңдана қараймын. – «Өй, сен сатып тұрған жоқсың ғой. Оның не?!». – «Енді, немене сонша саудаласып!». Сондай бірде малды алып, екеулеп сүйреп шықтық базардан. Қасым басынан тартып, мен артынан итеріп, тыпырлап, қиналып келеміз. Үйге дейін талай жер. Аяғынан да қағамын, құйрығынан да ұрамын, әлгі құрғыр сіресіп, төрт тағандап тартынып, жүрмейді. Әбден діңкелетті. Сосын Қасым бір-екі көшеден бұрылған соң қойды теуіп-теуіп жіберді де, қолын бір сілтеп кетті де қалды. Маған қараған да жоқ. Не істейін енді. Содан демала-демала тұрып, малды біресе жұлқылап сүйреп, біресе итеріп, итшілеп әкелдім-ау, ақыры. Келсем, күйеуім үйде жүр. Мәйкішең. Жайбарақат. «Иә, немене, алып келдің бе?!» дейді. – «Енді, қайтем. Тастап кетем бе!». – «Тастап кетсең етті қасқыр жегірді! Өзі бір қырсық қой екен!». Ой, несін айтасың, сондай қызық мінездері бар еді…
Кейінде дарынды режиссер Леонид Белозоровичтің басшылығымен Қазақ, Ресей, Украина телеарналары бірігіп түсірген «Қасым» көркем фильмі халықтың абыройын асырған туынды болғаны даусыз. Сондағы бас қаһарманның жараланып, қызуы көтеріліп, талмаусырап жататын кезінде қырдағы өрттей алаулаған қызғалдақ арасынан қол бұлғап шақыратын әлдебір сұлуды елестететін кадрлар көрермен есінде болар. Осы көріністі, әлбетте, әркім әрқалай қабылдауы қисынды. Сол сәт менің көз алдыма Асыл арудың кескіні келіп еді.

Құлтөлеу МҰҚАШ

17 тамыз, 17:11
Бір тал өрік
17 тамыз, 16:43
"Көзім ашылып, түнектен шыққандаймын"
17 тамыз, 16:36
Доллар "дауылы"
17 тамыз, 16:29
Ана мен бала өлімі асқынып тұр
17 тамыз, 12:08
Бағдарлама берген мүмкіндік
13 тамыз, 15:13
Алыс-беріс пен барыс-келіс жанданатын аймақ
10 тамыз, 15:13
Айжан қалай адасты?
10 тамыз, 11:49
Ақан сері ауылында небәрі 20 үй қалды