jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Қауіп қайдан?

11 шiлде 2016, 16:23
585
777
Бүгінгі күннің өзекті тақырыбы Ақтөбе, діни секталар, Қытай, Ресей және Америка болып тұр. БАҚ пен әлеуметтік желіден кім кімнің сойылы соғатыны, кім кімді қорғаштайтыны білініп қалды. Осы мәселелер бойынша сарапшылар мен мамандардың пікірін сұрадық. 

Жас қазақ: «Православиелік Русь» талдау агентті атты әлдебір ұйымның директоры Константин Душенов Ақтөбеге қатысты мәлімдеме жасап, «Қазақстанды мемлекет деп айтуға мүлдем болмайды. Ол Ресейдің көмегімен хат таныған тайпалардың бірлестігі», – депті.
Айдос Сарым: Өкінішке қарай, соңғы кездері өзіміздің солқылдақ саясатымыздың нәтижесінде Украина, Қырым оқиғасынан кейін делебесі қозған Ресейдің саясаткерлеріне теріс әңгіме айтуға мүмкіндік беріп қойдық. Мұны «біздің ұлттық кауіпсіздігімізге нұқсан келтіретін мәлімдеме», – деп қабылдауымыз керек. Оған саяси және ғылыми тұрғыдан баға беріп, екі ел арасындағы бүгінгі қарым-қатынастың деңгейін пайдалана отырып, мүмкіндігінше ауызын жаптырған дұрыс. Екінші мәселе – сол ақпараттың бізде емін-еркін тарауы. Бұл елімізде жүрген біраз азаматтарға ой салып, пікірін өзгертуге септігін тигізеді. «Сепаратистік басқа пиғылдағы азаматтарға кәдімгідей қолына жалау ұстатқандай мәлімдеме» – десем артық айтқаным болмас. Сондықтан біз ақпараттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету, ақпараттық тәуелсіздікке қол жеткізу мәселесін алға қоюымыз керек. Алға қойып қана қоймай, мүмкіндігінше бұл мәселені заң жүзінде іске асыру керек.
03-KoshimДос Көшім: Қазақстанда 18 мың қоғамдық ұйым болса, Ресейде оның саны 100 мыңнан астам. Сондықтан бір ұйымның жетекшісі еліміз туралы адам сенбес сөз айтса, ер-тоқымымызды бауырымызға алып, тулаудың қажеттілігін көрмей тұрмын. Ит үреді, керуен өзінің жолымен жүре бермек. 90-жылдардан бастап, ондай сөздің талайын естідік. Солженицын, Лимоновтарды былай қойғанда, өз азаматтарымыздың талайының аузынан «қазақтар ел бола алмайды» деген «көріпкелділігінің» куәсі болдық. Не істеу керек? Әрине, басымыздан сөз асырмайық деп, Мәскеуге барып, сазайын беру де артықтық қылмайды. Бірақ кімнің аузына қақпақ боламыз. Әлде, мұрны бұзылған шовинист ертеңіне «Қазақстан халқына мың да бір алғыс!» деп ұран салады деп ойлайсыз ба? Тоқтамай үре берсе, итке де ашуланасың. Еліміз өзінің ақпарат кеңістігін Ресейдің ақпараттық құралдарының қолына беріп қойғаны да ешкімге таң емес, талассыз шындық. Сондықтан көршілеріміздің аузынан шыққан сасық сөздер ертең құлағымызға жетеді. Кейде мен, құдайдың өзі кешірсін, Жириновскийлердің көбірек оттағанын тілеймін. Себебі солардың сөзін естіген азаматтарымыз бұлқан-талқан болып, ұлттық рухы ояна бастайды. «Осы біз елміз бе, ұлтбыз ба» деп жан-жағына қарайды…
Жас қазақ: Ресейдің режиссері Сергей Михалков «Қытай Қазақстанды басып алады», – деп айтыпты. Еліміз түркі тілдес елдермен байланысын тығыз орната бастаған уақытта Ресей ақпарат құралдары Қытаймен қорқыту науқанын бастайды. Олар осылайша өз шеңберінен шығармаудың амалын жасап отыр ма?
Дос Көшім: Қазақты Қытаймен қорқыту – Ресейдің саясаттанушылары мен журналистерінің соңғы 10-15 жылдағы жүргізіп отырған жоспарлы жұмысы. Олардың мақсаты да айқын – «қытайдан қашқақтаған қазақ орыстың қолтығына тығылады». Сондықтан «қытай қаупі», «сапасыз қытай тауарлары», «тышқан етінен жасалатын қытай тұшпарасы». Бұл ресейлік БАҚ-тың таусылмас жыры. Біздің жерімізді Ресейге таңу саясаты, «Қазақстанда орыстілділерге қысым көрсетіп жатыр-мыс» деген байбалам да тәуелсіздігін алған елдің егемендігін мойындағысы келмеген таза метрополиялық саясат. Путиннің билікке екінші келуінен кейін бұл бағыт үдей түсті. Бұдан құтылудың жолы біреу-ақ – Ресейдің етегінен ұстауды қоюымыз керек. Әрине, көрші елмен экономикалық, мәдени, т.б. байланыс ешқашан үзілмейді.

Айдос Сарым:
Біріншіден, Украинамен болған жағдайдан кейін Ресей үшін Қазақстаннан айырылып қалу ең үлкен орны толмас трагедиялық, катастрофалық жағдайдағы геосаяси ұтылысқа айналатыны анық. Сондықтан бүгін Ресей үкіметі Қазақстанды қалайда болсын өзінің ықпалынан шығармауды көздейді. Тек қана бүгін емес, ертеңгі билікпен де жұмыс істеуді мақсат етіп отыр. Сондықтан олар қазірден бастап элиталардың тамырын басып жатыр. Екіншіден, экономикалық тұрғыдан Орталық Азияға инвистиция салатын мемлекет, әрине, Қытай. Мысалы, жер мәселесінде де Қытайға қарсы қойды. Елімізде тараған ақпараттың көбісі шын мәнінде, Ресейде жасалған, жасақталған. Тіпті Ресей ақпарат көздері арқылы тарап бізге жетіп отыр. Мұның бәрі ақпараттық тәуелсіздікке әкеледі. Шын мәнінде, бұның астары түсінікті. Осындай ақпарат тарату арқылы билік пен қарапайым халықтың, Қытаймен Қазақстанның арасын ажырату. «Қытай біз қорқатындай қауіп төндіріп отыр ма, жоқ па?», – деген заңды сұрақ туындайды. Қытай соңғы 35-45 жылдары ешкіммен соғыспаған. Олардың қазіргі ұстанған саясаты – экономикалық экспансия. Яғни компанияның үлесін сатып алу, банктерге, кәсіпорынға, мұнайға кіру сынды әрекеттер. Бірақ таза соғысқа Қытай ешкіммен дайын емес. Олардың саясаты ұзақ мерзімді. Қытайдың табиғи және геосаяси болжамы 100 жылдан кем емес. Олар үшін 15-20 жыл деген азғантай ғана уақыт. Алдымен, осыны түсініп алу керек. Бүгінгі күні елімізде жерді иеленіп отырғандардың 70-80 % Ресей кәсіпкерлері. Өкінішке қарай, біз осыны айтып отырған жоқпыз. Қытай алып отырған жер мен Ресей алған жерді салыстыратын болсақ, арасы жер мен көктей. Бірақ біз Қытайды айтамыз да, Ресей тасада қалып жатыр. Бұл да кауіпті. Өйткені, Ресей бізбен тікелей шекаралас ел. Шекаралас болғанда кәдімгідей 7,5 мың шақырымды бөліп отырған жері бар. Сондықтан олар өздерінің «агентуралары» арқылы мыңдаған гектарды арендаға алып отыр. Ал біз неге осыны көрмейміз, байқамаймыз? Сондықтан бұл айналып келген кезде әдейі қасақана жасалып жатқан саясат. Өйткені олар қазақ қоғамының ішінде Қытайға деген үрейдің барын біледі. Олар осы үрейді біздің билікті әлсірету үшін, элиталар арасына сына қағу үшін, билік пен қазақтың арасын ажырату үшін барынша осы мүмкіндікті пайдаланып жатыр. Ол тұрғыда Ресейдің сарапшылары жұмыс жасауда. Біз оған қоғам мен биліктің арасын жақындатумен, өзіміздің ақпараттық талдау жұмыстарымызды жоғарғы деңгейде атқарумен ғана қарсы жауап бере аламыз. Билік өзінің нақты жұмысын халыққа түсіндіруі қажет.
Жас қазақ: Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Төлешовтің жер мен Ақтөбедегі оқиғаға қатысы бар», – деген мәлімдемесінен кейін Ресейдің ақпарат құралдарында елімізге қатысты материалдар көбейе бастады. Төлешовті қорғау науқаны басталды. Дос аға, осыған қатысты не айтасыз?
Дос Көшім: Ең қызығы, адам танымайтын Төлешовті ешкім естімеген ресейлік ұйымдар қорғай бастады. Апама жездем сай деген осы. Оларды түсінуге болады. Ресейге әйтеуір бір қатысы бар кез келген адамның тұтқындалуы – «Қазақстанда Ресейге қарсы іс-әрекет жүріп жатыр» деуге дәлел болады. Бұл солтүстіктегі көршіміздің бүгінгі саяси бағыты.
Жас қазақ: Әлеуметтік желіде салафилерге қарсы күшті жұмылдыру керек деген бастама көтеріп жатыр. Ертең өзге секталар тасада қалып қоймай ма?
aidos_sarym_2013_03_121Айдос Сарым: Бұл сұрақтың жөні бар. Өйткені «салафилер» сектаның бірі. Салафизм идеологиясының өзі бүгінгі күні терроризммен экстремизмге өсіп-өнетін идеологияға айналып отыр. Сондықтан бүгінгі күні оған сөзсіз жауап беруіміз керек. Шын мәнінде, өзіміздің ата-бабаларымыз құрып кеткен исламдық көзқарасымыз, дүниетаным пайымымыз бар. Еліміздегі шынайы имамдар мен ғұламалардың корпусын жасақтауымыз керек. Біздің имамдар басқа секталардың басшылармен дауға келген жағдайда ұтылып қалмауы тиіс. Яғни бір бас жоғары тұруы қажет. Білімі, пайымы өмірлік тәжірибе жағынан. Сонымен қатар бұған төтеп беретін жалғыз күш, ол – қазақ ұлтшылдығы. Қаны бар, жаны бар, жүрегі бар жалғыз жанкешті қазақ ұлтшылдығы. Осыған дейін біздің билік қазақ ұлтшылдарын шетке ысырып келді. Менің ойымша, бүгінгі күні ауылдан қалаға келіп, секталарға кетіп жатқан жастармен жұмыс істейтін ұйым керек.
Дос Көшім: Меніңше, біз қазір өтпелі кезеңде отырмыз. Коммунистік жүйеде өмір сүрген кезеңде өзіміздің ата дінімізден айырылып қалдық та, қазір қайта жаңғырту үстіндеміз. Ислам дінінің әліппесін көпшілігіміз түсіне де бермейміз. Сондықтан әрқайсымыз алдымыздан шыққан кез келген ағымдарға, оларды таратушы ұстаздар мен пірлерге сеніп, етегінен ұстап кете береміз. Олардың оңы мен солын тануға біліміміз, дайындығымыз жетпейді. Өкінішке қарай, бұл кезең әлі де ондаған жылдарға созылатын сияқты. 90-жылдары Қазақ жеріне сан түрлі секталар енді. Ашықтан-ашық жұмысын жасады. 1992 жылғы діни сенім туралы заңымыз қақпамызды ашып берді. Соның салдарынан талай қазақ баласы олардың торына түсті. «Көпдінді» ел атануға күш салдық (мен білетін көпдінді ел – діни соғысы ешқашан тоқтамаған Ливия). Қысқасы, өз дінімізді секталармен қатар қойдық. Көптеген елдерде «негізгі дін» немесе «мемлекеттік дін» деген термин бар. Ал осы мемлекеттің, осы жердің иесі қазақ ұлтының діні – мұсылмандық емес пе? Ата-бабамыздың дінін дамытып, оған мемлекеттік мәртебе бермейінше, бізде тыныштық болмайтын сияқты.
063f412a66f894c268a6b07629340df4Ершат Оңғаров: Исламның атын жамылып жүрген лаңкестер мен содырлар салафилік ағымынан тамыр тартатыны анық. Оларға қарсы жұмыла жұмыс жүргізу керектігін өз басым бұрыннан айтып келемін. Еліміздегі имамдардың білімі мен біліктілігін арттыру мақсатында ел аумағында семинар өткізіледі. Бас мүфтидің бастамасымен еліміздің түкпір-түкпірінде әр түрлі конференциялар мен кездесулер ұйымдастырылып, ақпараттық-насихат топтарды жұмыс жүргізілуде. Алайда осындай істерді діни басқарманың ғана атқаруы жеткіліксіз. Бұған мемлекеттік мекемелер, оқу орындары, отбасы институты мен қоғамдық институттар бірігіп, жоспарлы жұмыс жасаса, анағұрлым нәтижелі болары даусыз. Қазақстанда дәстүрлі емес өзге де секталар тасада қалып қоюы бек мүмкін. Өзіңіз ойлаңызшы, біздің заңнамалардың ешбір жерінде «секта» деген сөз қолданылмайды. Сондықтан, бұл мәселеге көңіл бөлу қажет. Дәстүрлі емес жат ағымдарды бақылауға алып, қатаң тыйым салу керек. Бұл мемлекеттік құзырлы мекемелердің тікелей міндеті. Ол үшін дін туралы заңды қайта қарап, күшейту қажет деп ойламын.
Жас қазақ: Айдос, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бұрынғы директоры Болат Сұлтанов Сізді «Ресеймен қарым-қатынас орнатуға кедергі жасап жүргендердің бірі» – депті.
Айдос Сарым: Шынын айтсам, менің ол кісінің екіжүзділігіне таңым бар. Кездескен кезде бір-бірімізбен жақсы сөйлесетінбіз. Жауласқан кезіміз де болмаған. Ол кісінің маған қатысты мақаласын оқып аң-таң болдым. Оның ресейшіл, Ресей мүддесін қорғап жүретіні мен үшін анық нәрсе болатын. Өтірік-шынын араластырып жалған әрекетке барады деп ойламаппын. Сондықтан бұл кісімен кездескенде өзіне айтатыным бар. Бірақ шын мәнінде, біздің биліктің жанында, жоғары оқу орындарында елдің емес Ресейдің мүддесін ойлайтын азаматтардың легі қалыптасып қалды. Соларды не істейміз? Жалпы, олардың бетін бері бұру мүмкін бе? Мысалы, олар бізді «АҚШ-тың тыңшысы» дейді. Онда бізде ашығын айтайық, «олар Ресейдің Кремльдің тыңшысы» деп. Бұл ойыншық емес, әрине. Адамды сырттай балағаттау өз алдына күнә. Алайда өз еліміз емес, өзгенің мүддесі үшін азаматтарымызды жыға беретін болса, біз дұрыс мемлекет, дұрыс қоғам қалыптастыра алмаймыз. Сондықтан, менің ойымша, осындай мәселені біз ашық айтуымыз керек. Ертеңгі күні мұндай азаматтарды қоғам тыңдамайтындай дәрежеге жеткізуіміз керек. Қазақ қоғамының – интернеті, баспасөзі болуы керек. Өйткені, басты мәселе – қазақ ұлтының құндылықтары, мемлекеттің тәуелсіздігі тұтастығы сынды дүниелер бар. Ондай азаматтар қоғамның басын теріс пиғылмен улай беретін болса, онда ойланайық! Бәлкім, олардың жұмыстан шығуын талап етеміз. Олар неге университетте сабақ беріп, жастарымыздың миын улайды? Бұл да үлкен мәселе. Сондықтан осының бәрімен айналысуымыз керек.

Дайындаған
Елдос Өмірзақұлы

13 тамыз, 15:13
Алыс-беріс пен барыс-келіс жанданатын аймақ
10 тамыз, 15:13
Айжан қалай адасты?
10 тамыз, 11:49
Ақан сері ауылында небәрі 20 үй қалды
10 тамыз, 11:37
Каспийдегі мәміле
10 тамыз, 11:27
Мұхиттан соққан суық жел
03 тамыз, 15:15
Қандасқа қамқор
03 тамыз, 15:01
Шеңберден шықпағандар
30 шiлде, 15:27
Алыпсатарлықты ауыздықтау немесе жабайы билет саудасын кім бақылайды?