jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Олимпиададан арғыны көрмейміз

10 маусым 2016, 16:03
441

3

«Бізде 35 жастан кейін «бокстан кетіп, бапкер болу керек» деген түсінік бар. Кезінде ата-бабамыз «менің жасым 70 таяп қалыпты. Қолымдағы найзамды тастап, демаламын» деп айтқан жоқ. Былғары қолғап киіп қарсыласымызбен бокстасқанымыз, олардың ерлігімен салыстырғанда баланың ойыны сияқты». Жуырда ғана колумбиялық Хуан де Анхельді нокаутқа түсірген Қанат Ислам Алматыда алғашқы рет баспасөз мәслихатын өткізіп, осылай деді. Бұдан бөлек, Америкаға барып әлі күнге бір тиын таппағаны туралы айтып берді. «Антиген» ғылыми-өндірістік кәсіпорын директоры, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры, ұлт жанашыры Нұрлан Ахмедсадықов Қанат батырға лайықты құрмет көрсетіп, шапан жапты. Жүздесудің Бас ақпараттық қолдаушысы – «Жас қазақ» ұлттық апталығы. Ал 21 кездесу өткізіп, 18-ін нокаутпен жеңген боксшымен кездесуді ұйымдастыруға журналист, блогер Берік Сұлтан мұрындық болды.

Берік Сұлтан: Қанат аға, елге қош келдіңіз! Әр қазақ сіздің жекпе-жегіңізді жібермей көреді. Әңгімеміздің әлқиссасын Хуан де Анхельмен кездесуіңізден бастасақ. Естуімізше, қиын кездесу болған сияқты. Неге Хуан де Анхельді басқа қарсыластарыңыз секілді 1-2 раундта құлатпадыңыз? Осы туралы айтып берсеңіз?
Қанат Ислам: Менің жанкүйерім болып, әр кездесуімнің көрсетілуіне аянбай тер төгіп, қазақтың мүддесі үшін жұмыс істеп жүрген қазақ журналистеріне алғыс білдіремін. Қазақтың туын көтеретін бізден де мықты жігіттер көп болсын! Әр жекпе-жек маған оңайға соқпайды. Бұл жолғы кездесудің қиындығы, шынын айтқанда, Анхельдің бапкері мені бір жылдай жаттықтырған болатын. Кейіннен сол жаттықтырушы Анхельді дайындағанын естігенде қатты ашуландым. Кәсіпқой бокста нешетүрлі қитұрқы әрекеттер болады екен. Соның куәсі болдым. Халықтың қаншама қолдауы, дұға-тілектері арқылы күш аламын. Кейде «Генаны тікелей эфирде көрсетеді, сені неге елемейді», – деп жатады. Генаның кәсіпқой бокста жүргеніне 10 жыл болды. Маған үш жыл. Бүгінгідей жетістікке жету үшін Гена талай қиындықты көрді. Германияда соттасты. Осыдан кейін «Головкинге жасалған құрметті маған көрсет деу әбестік болады», – деп ойлаймын. Әр нәрсенің өз деңгейі, сапасы бар. Сол сияқты менде 3-4 жылда осы кәсіпқой бокстың қиын кезеңінен өтіп келемін. Соңғы кездесуде Анхель менің әрбір қимылымды, іс-әрекетімді біліп алған. Мен де жекпе-жекке шығар алдында оның кездесулерінің бейненұсқасын қарадым. Сол кезде жаттықтырушыларымның өзі оны 1-2 раундта құлата алмайтынымды айтқан еді. «Бұл қарсыласты шаршатып барып, жеңбесек болмайды», – деді. Кездесуде де байқағаным, ол осал емес. Оның да соққысының салмағы едәуір. Жұдырықтаса жүріп, қарсыласының осал тұсын таба білуің керек. Байқасам, оның білек жағы күшті екен де, бірақ аяғымен ақырын қимылдайды. Сол үшін оны көбірек жүргізуге жұмыс жасадым. Салмағы ауыр адам егер 2-3 соққысы тура тимесе, шаршай бастайды. Кездесу барысында оның шаршағанын көргенде, іштей қуана бастадым. Өздеріңіз куә болдыңыздар, сондай бір қызықты бокс болды. Алдағы уақытта бұдан да қиын кездесулер болады. Сол себептен қандай қарсылас болмасын, мен барынша дайын жүруім керек.
Берік Сұлтан: Көптің көкейінде жүрген сұрақ. Келесі жекпе-жегіңіз қашан болады, қарсыласыңыз кім? Осы мәселе қалай жоспарланып жатыр?
Қанат Ислам: WBA тұжырымы бойынша мен 5-орында тұрмын. Ал осы тұжырым бойынша алғашқы ондыққа кірген боксшылар чемпиондық атаққа таласа алады. Осы салмақтағы үздіктердің дерлік барлығына ұсыныс тастадық. Бірақ көбісі бас тартып отыр. Кейбірі спаррингке шақырды. Алайда промоутерім «өзімізді құпия ұстағанымыз жөн», – деді. Алдағы тамыз айына жарыс ұйымдастырылып жатыр. Мен соған дайындалудамын. Сондықтан әрбір күн, әрбір уақыт мен үшін қымбат. Ең мықты деген боксшыларға шақырту жіберілуде.
Берік Сұлтан: Сіз Қытайдың мектебін көрдіңіз. Одан кейін Қазақстанға да келіп жаттықтыңыз. «Астана Арланста» капитан болдыңыз. Талай жеңістің куәсі болдық. Енді АҚШ мектебіндесіз. Айырмашылығы мен кемшілігі туралы айтып берсеңіз?
Қанат Ислам: Мен Қытайда дүниеге келіп, сонда өскеніммен алғашқы бапкерім – Дамир Буданбеков. Кейіннен Кеңес Нұрғали, Ғалым Кенжебаев сынды ең мықты ұстаздардан тәлім алғаным үшін «өзімді бақыттымын» деп есептеймін. Сол мектептен тәрбие алғандықтан, әлемдік аренада жақсы нәтижеге қол жеткіздім. Қазақстанда күрес пен бокстың дамығанын білесіздер. Сол сияқты Америкада кәсіпқой бокс әлдеқайда дамыған. Олимпиада сол кәсіпқой боксқа өтер алдындағы мектеп ретінде саналады. Бізде Олимпиада бокстың шыңы ретінде қабылданады. Біздегі боксшылар Олимпиада чемпионы болса, кейін өзін-өзі жоғалтып жатады. Бұл жерде біздің елдің менталитетінің де әсері бар деп ойлаймын. Оның үстіне кәсіпқой бокс туралы онша біле бермедік. Бұрын бізге Мұхаммед Әли, Майк Тайсон ертегі кейіпкері сияқты болатын. Кейін кәсіпқой бокска келгенде Майк Тайсонды көріп, оның да адам екеніне көзім жетті. Біз бұрын Олимпиададан ары қарай көре алмағанбыз. Мұхтархан, Ермахан, Мырзағали Айтжанов ағаларымыз кәсіпқой боксқа өткенде «еліміздің аты әлемдік бокс аренасында шарықтайтын еді», – деп ойлаймын. Себебі солардың кезіндегі қарсыластары ең мықты кәсіпқой боксшылардың санатында.

2
Берік Сұлтан: Бізде мынадай бір түсінік бар. Әрі кетсе, 35 жастан кейін боксшы спортты қойып, жаттықтырушы болу керек. Сіздің жасыңыз 32-ге таяп қалды. «Қанаттың да уақыты келіп қалыпты-ау», – дегенге не айтасыз?
Қанат Ислам: Енді әртүрлі сөз айтылады. Қазақ айтады ғой «ит үреді, көш жүреді», – деп. Кезінде ата-бабаларымыз 70-ке дейін жауға шапқан. 30 жастан кейін «Болды соғыспаймыз», – деген жоқ. Өзіңді шалмын десең, солай болады. Америкада елу жасқа дейін жекпе-жекке шыққандар бар. Қазіргі таңда елімізде әуесқой бокс қатты дамыған. Алайда күніге жаттығу, күніге бокстасу адамды шаршатып жібереді. Оның үстіне бізде спортшы бір жеңілсе, қайта көтерілмейтіндей түсіріп тастаймыз. Олай болмайды. Жастардың басым бөлігі кезінде ата-бабамыздың атқа мініп жауға қалай қарсы шапқанын білмейді. Себебі кітап оқымайды. Олардың ерлігіне қарағанда, біздің айналысып жүргеніміз баланың ойыны сияқты. Мен 4-5 рет Олимпиадаға қатысқан боксшыларды білемін. Аяғына ота жасалып темір салынса да, қарсыласын жеңді. Мен екі рет қатыстым. Әлі де қатысуға денсаулығым бар. Адамның өзінің мүмкіндігіне байланысты, ешнәрседен қашпау керек.
Берік Сұлтан: Менің тарапымнан соңғы сұрақ. Өткен жолы тікелей эфирде «Бауыржан аға, Сізге рахмет» дедіңіз. Бұл жалпы әр кездесуіңізден кейін айтатын сөзіңіз. Бауыржан Оспанов деген кім? Кейбіреулер туысқаны, ағасы екен деп жатады.
Қанат Ислам: Қазақстанға алғаш рет келген кезімнен күтіп алып, «не жоспарың бар?», – деп сұрап көмек қолын ұсынған жанның бірі. Ұлттың тұлғасы, ұстазымдай үлгі тұтамын. Отбасымен де бірге араласып кеттім. Тіпті балаларының қазақи тәрбиеленгенін көріп қатты қуандым. Осындай ұлттың болашағын ойлайтын ағаларымыз көп болса, қазақтың туы көкте желбірейді деп сенемін.

Америкадан бір тиын тауып көрмеппін

– Кіммен қарсылас болғыңыз келеді? Осыны тізе бүктірсем деген боксшы бар ма?
Қанат Ислам: Мықтыны жеңбесең, мықты болмайсың. Сондықтан да менің промоутерлерім, жаттықтырушыларым жақсы бір кездесу өткізуге дайындалып жатыр. Егер сол чемпиондар жекпе-жекке шығуға рұқсатын берсе, сол үздіктермен ғана шыққым келеді. Бұрын Мейвезер, Пакьяомен шыққым келетін. Олар спорттан кетіп жатыр. Қазір Канелло сияқты чемпиондар бар. Жалпы, олар көп болғандықтан, атын тізбектеп отыра алмайсың. Кез келген чемпионмен қарсыласуға дайынмын.
– Кәсіпқой бокспен айналысқан Василий Жиров, Геннадий Головкин жаттығуын шетелде өткізеді. Оған не себеп? Біздің елдің бапкерлерінің тәжірибесі төмен бе?
Қанат Ислам: Жалпы жаттығу жағына келетін болсақ, біздің елдікі де кем түспейді. Қазіргі ұлттық құраманың бас бапкері Нұрғали Сафиуллин бізді қатты қинайтын. Сол жаттықтырушымыз «Қанат сендердің қиналғандарыңды көрсем, рахаттанамын», – деп айтатын. Қазір Америкада жаттығып жүрмін. Бірақ дәл сол кездегідей қинаған жоқ. Біздегі боксшылардың барлығы ондай қиындықтан өтті. Тек кәсіпқой боксқа тәрбиелейтін орта болмай тұр. Алдағы уақытта мақсатым – Америкадан білген-түйгенімді осында жалғастыру. Арттан келе жатқан інілерімізді дайындауға атсалысамын деген ойдамын.
– Америкаға бейімделу жағы қалай болуда? Спорттан тыс уақытыңыз қалай өтеді?
Қанат Ислам: Жалпы, маған Қазақстаннан басқа жерде тұру ыңғайсыз сияқты. Қазақы жерде өсіп, тәлім-тәрбие алған мен үшін шетелде тұру өте қиын. Өзім үшін де, менің отбасым үшін де қиын. Ал енді, ол жерде жұмыс болғаннан кейін шынын айтқанда, бәріне шыдау керек. Уақытымның басым бөлігі жаттығу залында өтеді. Бос уақыт бола қалса, ағылшын тілін үйренемін. Себебі көп жерде ағылшын тілінде сұхбат беру керек. Майами қаласында тұрғаныма 3 жыл болса да, өзім тұратын ауданнан шығып көрмеппін.
– Бокстан басқа салаға кетуіңіз мүмкін бе?
Қанат Ислам: Мен боксты таңдадым. Жиырма жыл осы саладамын. Түннің бір уағында оятып алсаңыз, бокс туралы айтып бере аламын. Жаңа бір салаға барсам, көп нәрсе білмеймін. Саясат, дін және басқа да салаға барғым келмейді. Менің жүрек қалауым ол – бокс. Тек спорт саласында жұмыс істегім келеді.
Отбасыңыз туралы айтсаңыз? Олар сіздің кәсіпқой бокспен айналысқаныңызға қалай қарайды? Америкада бірге тұрасыздар ма?
Қанат Ислам: Отбасым туралы айтатын болсам, елге келгенде шаңырақ көтердім. Қазіргі таңда төрт баланың әкесімін. Олар елімізде тұрады. Басында Америкаға апарып көрдім. Бірақ мен 11 жасымнан жалғыз жүріп, үйреніп қалдым. Уақытымның басым бөлігі жаттығу залында өтетінін жаңа да айтып өттім. Оның үстіне олар менің қиналғанымды көргенін қаламаймын. Спортшылар жаттығу залында өздерін қалай қинайтынын сыртқа білдіргісі келмейді. Кей уақыттары тамақ ішпейміз. Оны түсіне бермейді. Жүрегі ауырады. Марқұм ата-анам да бір бокстасқанымды көрмеді. Жалпы, жақындарыма қиындығымды көрсеткім келмейді. Олардың саған жаны ашып, мейірімділік танытуы аса қажет емес. Сол үшін жақындарым алыс болса екен деймін. Чемпион деген атақты арқалап жүрудің өзі азаматтық міндет. Халық бізден үлкен үміт күтеді.

1
– Отбасыңыз сізге ренжімей ме?
Әрине, отбасым жырақта болғаныма ренжиді. Әрбір бала әкесінің күнделікті қасында болғанын қалайды. Алайда уақыт келе менің отбасым да бәрін түсінді. Қазір менің жарым боксшыға қандай тамақ жеуге болады, қандай болмайтынын жақсы біледі. Еліміздің туын биікке көтеруге бар мүмкіндік жасалды. Ол біз сияқты ер-азаматтардың қолында. Ал әйелдің міндеті ошаққа ие болып, бала-шағаға қарау. «Ренжімеңіздер, осы жолы әйелім жібермеді», – деп жарысқа бармау ойға қонымсыз. Отбасыңның мәселесін шеше алмасаң, түсіндіре алмасаң, сыртқа шығып жұмыс істеудің қажеті жоқ.
– Америкаға кәсіпқой бокстан ақша табу үшін бардыңыз ба?
Қанат Ислам: Менің мақсатым – дүние табу емес. Олай болатын болса, Қазақстан мен Қытай арасында сауда жасап, кәсіпкер болып кетуге мүмкіндігім бар еді. Америкаға кетуімнің себебі қазақтың атын шығарып, белгілі бір дәрежеге жету. Ол жаққа баруым бала күнгі арманымның жалғасы. Әлі күнге дейін бір тиын тауып көрмеппін. Ел «Америкаға ақша табу үшін келсе, қазақтар келіп, ақша төгіп жатыр», – деп таңқалады. Біздің ұлтқа қазір мақтанатын азаматтар керек. Маған елге келгенде Бауыржан Оспановтың қойып берген жалақысы бар. Сол менің қазіргі бар табысым. Маған дүниеден бұрын жеңіс қымбат.
– Сіздің боксқа келуіңізге кім себепкер болды?
Қанат Ислам: Менен ағам Ерлан спортқа өте жақын болды. Көзімді ашқалы спортпен айналыстым десе болады. Бұл негізі, ағамның арманы. Ол бала күнімнен чемпиондардың кездесулерін көрсететін. «Қанат өскенде чемпион болады», – деп айтатын. Ол жақсы оқитын болған соң бағытын спортқа емес, білімге бұрды. Ал әкем менің имам болғанымды қалады. Өзі де молда болған. Десе де ағамның арманы жүзеге асты.
– Сізді қазақтың ер-азаматы ретінде не толғандырады. Қазақ жігіттері қандай болу керек?
Қанат Ислам: Жігіт-жігіт болуы керек.Әрбір азамат өзінің отбасына, жарына жауапты болуы тиіс. Ең бастысы, өзіне жауап беруі керек. Арақ ішіп ананы-мынаны әңгіме етіп жүрген жігіттерді көргенде қатты қынжыласың. Әр адам өз ісіне жауапты болу керек. Жігіт адам сылтау айтпауы тиіс. Қателестің бе, ешкімге кінә артпа. Ер адам өзіне мықты болғаны абзал.

Дайындаған
Елдос Өмірзақұлы

18 мамыр, 12:37
Ашаршылық ақтаңдақтары
18 мамыр, 12:20
Банк борышкердің құқығын ескермейді
11 мамыр, 11:35
Тағылымды тауарих
11 мамыр, 11:25
Шүкір, банкке қарызбын!
11 мамыр, 11:18
Қазақтың қайсар Қасымы
05 мамыр, 11:20
Соңғы "жорық"
04 мамыр, 14:50
Медиа форум - жаһандық пікірталас алаңы
04 мамыр, 14:30
М.Шибұтов: Ешбір қисынға келмейді