jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Заң ортақ, бірақ әнші салық төлемей жүр

27 мамыр 2016, 14:12
549

1

Таңның атысынан кештің батысына дейін ауыр жұмыс істеп, 40-50 мың теңге жалақы алатындар бар. Олар міндетті түрде ай сайын заң бойынша салық төлейді. Ал миллиондап ақша табатын әрі табысын ақпарат құралдарына еркін жариялайтын әншілеріміз ортақ заң қабылданса да, қазынаға көк тиын да төлемейді. Бұл Алматы қалалық мемлекеттік кіріс департаментінің мәліметі. Газетіміздің өткен санында салықтан жалтарған кейбір әншілердің тізімін жарияладық. «Жас қазақ» конференциясында осының себебін анықтауға тырыстық. Жиынға Алматы қалалық мемлекеттік кіріс департаментінің бөлім басшысы Еділ Әзімшайық, әншілер Құдайберген Бекіш, Алтынбек Тәшімбетов пен Ерлан Төлеутай және экономист Мақсат Халықов қатысты.

Жас қазақ: Еділ алғашқы сұрақты сізге қойсақ. Өткен аптада салық төлемейтін әншілердің тізімін жарияладыңыздар. Бірақ кейіннен сол жұлдыздар бәрін жоққа шығарды. Тіпті тойға тегін баратындарын айтып ақталды. Бүгінгі жиынға шақырып едік, Алматыда болмай шықты. Осы уақытқа дейін заң бәріне ортақ болса, неге әншілер салық төлемеген?
ЕдилЕділ Әзімшайық: Жалпы, бұл туралы айтысып-тартысатын түгі де жоқ. Ол заң бойынша бекітілген. Әншілер ғана емес еліміздің кез келген азаматы тапқан табысына 10 пайыз салық төлеуі қажет. Жалпы, өз еңбегімен табыс тауып жүрген азаматтардың мынадай артықшылығы бар. Мысалы, табысы 6 млн 400 мың теңгеден аспайтын болса, патент алуына болады. Одан асып кетіп жатса, оңайлатылған декларация бар. Бірақ жылдық табысы 29 млн 900 мың теңгеден аспауы қажет. Ал одан асып кетіп жатса, онда жалпылама режимде. Оның өзінде бар шығынды алып тастап, таза табысынан салық төлеуіне болады. Әншілердің басым бөлігі тіркелмеген. Ал тіркел десең, ат тонын ала қашады. Патентті пайдаланатын болса, екі пайыз оңайлатылған декларация бойынша 3 пайыз төлейді. Ал мынау жалпылама режимде жеке кәсіпкер таза табысынан 10 пайыз төлейді. Әншілерге бар шығыныңды алып таста, таза табысыңнан төле деп отырсақ та, жөнге келер емес. Төлейтіні санаулы ғана.
Жас қазақ: Сонда білетіндеріңізден, білмейтіндеріңіз көп болып тұр ғой…
Еділ Әзімшайық: Иә, дәл солай. Себебі олар тіркелмеген. Шудың шығуы содан. Салық төлемек тұрмақ, ешқайсысы тіркелуді жөн санамаған. Мысалы, Нұрлан Қоянбаевты алып қарайық. Ол 2012 жылы жақсы табыс тапты. Сол жылдың қорытындасы бойынша 6,5 миллион теңге салық төледі. Яғни таза табысы 65 миллион болған. Бұл жердегі мәселе кім көп, кім аз тауып жатыр деген емес. Мысалы, қазір алып қарасаң, одан да көп табатындар бар. Бірақ салық төлемейді
Жас қазақ: Әншілер тіркелмеген болса, алдағы уақытта табыс көлемін қалай анықтайсыздар? Олардың негізгі табыс көзі той екені ешкімге жасырын емес. Ал тойда ақшаны қолма-қол алады.
Еділ Әзімшайық: 2015 жылды алып қарасақ, әншілердің арасында 500 мың теңгеден артық салық төлеген бірде-біреуі жоқ. Өткен жолы Бүркіттің табысы 180 млн теңге, Асхат Тарғындікі 172 млн теңге. Осылай жалғасып кете берді. Тойға шақырсаң, 700 мың теңгеден төмен келмейтіндері бар. Оның барлығын біз білеміз. Қайсысының ставкасы қанша екенін. Өткен жолғы әншілердің табысын «Форбс» журналы анықтаған болатын. Содан кейін біз қайсысы қанша салық төлейтінін анықтап көрдік. Жалпы, декларация тапсыруға 31 наурызға дейін уақыт беріледі. Содан кейін 10 сәуірге дейін салық төлеуге уақыты бар. Сол уақыт өткеннен кейін қайсысы қанша төлегенін салыстыра бастадық. Қарап отырсақ, ешқайсысы көк тиын төлемеген. Олардың табыс табатынын қарапайым халық та біледі. Бүркіт тура сол 180 миллион теңгеден салық төлемесе де, 18 миллионнан төлесін. Енді келіп, менің ИП (жеке кәсіпкер – ред.) бар, ЖШС бар деп баспасөзге өтірік айтудың қажеті жоқ. Біз қазір жағадан алып «төле» деп отырған жоқпыз. Керісінше, уақыт бердік. Ешқайсысының салық төлемегені айдан анық. Төлемейтін болса, тексеруді бастаймыз. Осыған дейін салық төлемегені үшін әншілердің біреуін тексерген емеспіз. Шындығына келгенде, бұлардың кез келгеніне қылмыстық іс қозғауға болады.
ерланЕрлан Төлеутай: Негізі, бұларды баяғы да соттау керек еді. Мынау әншісымақтар фонограммамен айтып, 180 миллион теңге табады екен. Бүркіт, Ділнәз дегендер әнші ме өзі? Не әнінде, не сөзінде мағынасы жоқ. Әншілерге сонша ақша беретін адамдарға таңқалам. Біздің қоғамның жеткен жері осы. Бұларды салықтан бұрын, фонограммамен ән айтқаны үшін қамау керек. Бетімен кеткен бәрі. Мысалы, Германияда фонограммамен айтқаны үшін абақтыға жабады, сол сияқты бізде де оларды абақтыға жабу керек. Біз олардың бәрін басымызға шығарып алып, қазақ қоғамын бұзып жатырмыз. Бір дұрыс ән жоқ.
Құдайберген Бекіш: Сонда сенің әнің бар ма?
Ерлан Төлеутай: Менің әнім бар. Сен оны тыңдап көрдің бе?
Құдайберген Бекіш: Бұл сіздің ішкі амбицияңыз, «Шаш ал десе, бас алып» отырсыз. Мұнда әңгіме салық туралы. Сіз үнемі жүрген жеріңізді осылай шулатып жүресіз.
Ерлан Төлеутай: Әншілердің бәрі қылмыскер. Менің айтып отырған әңгімем де осы салыққа қатысты емес пе?
Жас қазақ: Сабыр сақтайық! Ерлан Төлеутайұлы, «бұл жерде тек эстрада емес дәстүрлі әншілерде салық төлеу керек», – деген мәселе көтеріліп отыр.
Ерлан Төлеутай: Дәстүрлі әншіде ешқандай табыс жоқ. Олар қайдан төлесін. Мысалы, атақты Еркін Шүкімәнді «қазіргі нөмірі бірінші» деп айтсақ жарасады. Домбыраға адал болып, дәстүрлі ән айтып, тек қана ресми концерттерде жүрген адам. Сол айтады «мен ақша таппағалы қай заман», – деп. «Тойға бармағалы жарты жыл болды», – дейді. Енді мынау өнерлісымақтар тойдың бәрін жаулап алған. Бүкіл мерекелі шаралар эстрада әншілерінің қатысуымен өтеді. Дәстүрлі әншілердің жолын жауып тастады. Бұрынғы кезде Ілия Жақанов, Қайрат Байбосыновтың кезінде ондай болмаған. Жалпы, мен эстрада дегенге қарсы емеспін. Эстрада деген – музыка әлеміндегі ең жауынгер жанр. Қазаққа, ағылшынға барша әлемге тез тарайтын жанр. Бірақ Жанар Дұғалова деген әншінің әні ән бе? Жүрегім «діріл, діріл» дейді. Мен мұндайды түсінбейді екенмін. Өзі де дірілдейді, әні де дірілдейді.
бекишҚұдайберген Бекіш: Дәстүрлі әншілер тойға бармайды емес, барады. Айгүл Үлкенбаева, Сәуле Жанпейісованы жиі көріп тұрамын. Жапонияда дәстүрлі әншілер зор құрметке ие. Оларды халықтың «Алтын қоры» деп санайды. Қаржылай көмек беріледі. Ал өзіме келетін болсам, жылда концерт беремін. Бірақ табыс таппақ түгілі, әлі күнге қарызбын. Себебі «жарық жағын қамтамасыз етіп беремін», – дегендер уәдесінде тұрмады. Мен тойға барамын. Қосымша табыс көзім сол. Негізі, салық төлеуден қашпаймын. Ай сайын 10 теңге төлегеннен әнші кедейленіп қалмайды. Менде ИП бар. 2006 жылы маған қолдау ретінде Алик Айдарбаев қаржы аударған болатын. Оны қолма-қол алған жоқпын. «ИП аш, сенен 10 пайыз ұстап қалады», – деді. Осылайша, салық төлеп жүрдім. Соның аралығында қарызға белшесінен баттым. Бір туысыма қаржы керек болып, банктен ақша алып бердім. Кейін одан құтылу үшін үйімді саттым. Осы жағдайдан кейін өнерге қайта келіп отырмын. Мен бүгінде табыс табамын. Бірақ ол ән жазудан, бейнебаян түсіруден артылмайды. Ол үшін біз мемлекеттен көмек сұрап отырған жоқпыз.
Алтынбек Тәшімбетов: Осы жерде Құдайберген ағаны мен де қолдаймын. Мемлекет тарапынан өнерпаздарға ешқандай пайда жоқ. Ал біздің бейнебаян түсіру бар, басқа да шығындар бар, сол жағы ескерілмейді.
Құдайберген Бекіш: Мысалы, әншілерді қолдау үшін ашылған «Гәкку» арнасын айтайын. Бейнебаянымызды тегін көрсетеді дегенде бөркімізді аспанға лақтырып қуанған едік. Қазір олардың нұсқауы бойынша бейнебаянды тек солардың студиясында түсіруің керек. Оған жұмсалатын қаржы 6-16 мың доллар көлемінде. Бүгінгі форматқа сәйкес келуіңіз керек дейді. Сонда ол қандай формат?
Еділ Әзімшайық: Мемлекет көмектескені үшін салық сұрамайды. Ата заңымыздың 35-бабын оқуға кеңес беремін. Табыс тауып жатырсыздар ма, салық төлеу керек. Бір жылдық есеп бойынша табысың 284 мың тенге болса, салықтан босатыласың. Ал егер бұл сомадан асып тұрса, онда міндетті түрде салық төлеуің керек. Жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, соның аясында қажетті шығындарды алып тастап, салық төлеуге болады. Салық заңдылығындағы ең бірінші принципі – әділеттілік. Ол ешкімді бөлмейді, бәріне ортақ. Көп табыс таптың ба, аз таптың ба, соған сәйкес салық төлеуің керек.
Ерлан Төлеутай: Бүгінгі жиынға табысы аз әншілер келіппіз. Ертеңгі күні салық төлеу туралы заң күшіне енгенде, таяқтың ұшы бірінші Құдайберген, Алтынбектерге тигелі тұр. Биыл фонограммамен ән салатын әнші Қайрат Нұртас өзінің концертін өткізіп, табысын жариялады. Сонда оның табысы жылына 2 млн доллар делінді. Сол сияқты Баян Есентаеваның табысы миллионнан асады. Төреғали Төреәлі. Оның да табысы аз емес. Бұлардың бәрі (өткінші) құбылыс. Бірақ оның ешқайсысы қазақ рухани байлығына үлес қосып жатқан жоқ. Әні тыңдауға қонымсыз, не жүрегің шаттанбайды. Өмірінде сахна көрмеген, мектеп көрмегендер әнші болуда. Мені мына мәселе алаңдатады. Ертең сол ақша көп табатын әншілер салықтан құтылып кетпей ме? Себебі салық жүйесіндегі парақорлықта шек жоқ. Ертең сіздің қалтаңызға пара салады да, салықтан жалтарып жүре береді.
Еділ Әзімшайық: Жеке табыс салығы деген бұрыннан Ата заңымызда бар нәрсе. 2009 жылы жаңа «Салық кодексі» енгізілді. Механизмдеріне келетін болсақ, кез келген адамның тапқан табысын түгелдей болмаса, шыққан шығындары арқылы есептеуге болады. Мысалға, сіз үй немесе көлік сатып алдыңыз делік. Кез келген ақша өзінің ізін қалдырады. Құжат тіркеледі, сол бойынша анықтауға болады. Кез келген адам ол салық төлейді. Егер жеке кәсіпкерлік болып, шығыныңыз асып кетіп жатса, ол жағы да ескеріледі. Қайырымдылық, демеушілік сынды шараларға, 4% жеңілдік беріледі.
Мақсат Халықов: Экономикалық жағынан қараған кезде салық төлемеу дегеніміз – көлеңкелі экономика. Егер де кімде-кім табысын жасырмай, сәйкесінше, салықты уақтылы төлеп отырса, ол бәріне игі болады. Мысалы, тойды алатын болсақ, салықты тойды жасаған адам ғана төлейді. Ал ондағы әнші, тамада, видеоға түсіруші, фотоға түсіруші дегендер салық төлемейді. Байқасаңыздар, қаншама қаржы көрінбей кетіп тұр. Сондықтан осының бары көлеңкелі ақша болып саналады. Егер ақша аудару жағы карточкалы жүйемен жүзеге асатын болса, аударымдар т.б. салық жүйесіндегілерге көрініп тұрады. Салық комитетіне деген ұсынысым бар, ұлттық өнерді насихаттайтын өнерпаздарды салықтан босатса деген.

алтынбекАлтынбек Тәшімбетов:
Көршілес Өзбекстанды алсақ, әншілерге бейнебаянды тегін түсіріп, радиодан тегін таратылады. Сонымен қатар үнтаспасын шығаруға көмектеседі. Мемлекет тарапынан қолдау бар. Олар есесіне, ойланбай салық төлейді. Ал бізде керісінше, барлық шығынға өз қаржыңды жұмсайсың. Сондықтан кейде табыс табудың орнына, «минусқа» кетіп жатамыз.
Еділ Әзімшайық: Мен әншілердің «минусқа» кетіп бара жатырмын дегеніне сенбеймін. Таза табысы аз болуы мүмкін. Әйтсе де «минусқа» кетуі екіталай.
Жас қазақ: Испанияның атақты опера әншісі Монсеррат Кабальенің, атақты футболшы Мессидің, Голливуд актері Роберт де Нироның салық төлемегені үшін жауапқа тартылғанын естідік. Ал бізде тек ескертумен шектеліп отырсыздар. Бұған не себеп?
Еділ Әзімшайық: Алдын ала ескертіледі. Сонымен қатар хронометражды тексеру деген болады. Кешенді тексерілу жүргізіледі. Мысалы, бір ай жанында жүріп тексеріледі. Бір күндік табысы да тексеріледі.
Ерлан Төлеутай: Мысалы, Құдайберген әнші бір тойда ән салып жатыр, салық комитетінен агент барса, оған әнші табыс таппадым, бұл туысымның тойы десе. Ол жағы қалай болады?
Еділ Әзімшайық: Егер де әншілер сондай жағдайда табысын жасыратын болса, онда оған 1,5 есе айыппұл төлейді. Қанша уақыт төлемей келе жатқандарға, қаржысын заңдастыру керек. Әншілер бұл туралы білмейді.
Ерлан Төлеутай: Ертеңгі күні Қайрат Нұртас сынды мега жұлдыздардың салық төлегені туралы біз біле аламыз ба?
Еділ Әзімшайық: Заң бәріне ортақ.
Ерлан Төлеутай: Халық болған жерде, салық болуы керек. Алайда осы салық төлеу жағы әділетті өте ме? Сол жағы толғандырады. Ертең сол мега жұлдыздар бетімен тайраңдап, ал біздер дәстүрлі әншілер құрбандыққа шалынып кетпесек болғаны. Мысалы, «Муззон», «Гәкку», «ХИТ ТВ» осы арналарға неге салық төлетпейсіздер. Салықты продюсерге салу керек. Сонымен қатар мына телеарналарды да тазарту керек. Дәстүрлі өнерпаздардардың жағдайы нашар. Сондықтан дәстүрлі әншілерге тимеңіздер. Тарихта қазақ коғамы сал серілерін алақанында аялаған еді.
Құдайберген Бекіш: Мысалы, мен айтар едім, біз ақынға, композиторға төлеп жатамыз. Ал телеарнаға келсек, біз өз әнімізді насихаттау үшін арнаға ақша төлеуіміз керек. Заң бәріне бірдей. Егер мен пайда тауып жатсам, салық төлеуден бас тартпаймын. Ең бастысы, әншілерді ғана қыспақтай бермей, салық төлеу мәселесін осы телеарналардан бастасақ.
Еділ Әзімшайық: Бұл жерде салық төлеу керек пе, төлеу керек емес пе деген мәселе емес. Салық төленуі керек. Өз тарапыңыздан ұсыныстар берулеріңізге болады. Әншілерге салық мәселесіне келгенде, шығын көп деген себеп айтылады. Алайда осы шығындарды алып тастап, таза табыстан салық төлеу керек.

Конференцияны жүргізген
Елдос Өмірзақұлы

17 тамыз, 17:11
Бір тал өрік
17 тамыз, 16:43
"Көзім ашылып, түнектен шыққандаймын"
17 тамыз, 16:36
Доллар "дауылы"
17 тамыз, 16:29
Ана мен бала өлімі асқынып тұр
17 тамыз, 12:08
Бағдарлама берген мүмкіндік
13 тамыз, 15:13
Алыс-беріс пен барыс-келіс жанданатын аймақ
10 тамыз, 15:13
Айжан қалай адасты?
10 тамыз, 11:49
Ақан сері ауылында небәрі 20 үй қалды