Катя қайда жоғалды?

13 сәуiр в 19:24 410 рет оқылды

Өткен жылдың мамыр айының жаймашуақ күндерінің бірінде Алатау ауылындағы Виктор (аты өзгертіліп алынды) деген азаматтың үйінің  шамы түн ортасы ауғанша сөнген жоқ. Себебі, осындағы орта мектептің 7-сыныбында оқитын қызы Катя аяқасты жоғалып кетті. Бірінші күні бұған пәлендей мән берген жоқ. Өйткені, кей күндері ауыл шетіндегі әжесінің үйіне барып, қонып қала беретін. Катяның анасы Валя екінші күні түнімен мазасызданып, ұйықтай алмай шықты.

— Мен түнімен дөңбекшіп, Катяны ойлап шықтым. Сол бала бірдемеге ұшырап жүрмесе де, – деді әпкесіне.

– Сен жылап-сықтай берме. Алматыға бар,   полицияға хабарла. Қазір не деуге болады? Сөйт, қарағым, – деді әпкесі.

Валя Алматыға түс әлетінде келді. Әуелі қалалық ішкі істер басқармасына соқты. Кезекші полиция қызметкері мұның айтқандарын мұқият тыңдап алды да,  учаскелік инспекторға жіберді. Оның да  есік алдында жолыға кеткені. Кеңсеге кіріп, болған жағдайдың барлығын бүге-шігесіне дейін қалдырмай айтып берді. Сол күні аға лейтенант екеуінің  бармаған жері қалмады. Кинотеатр, бақ, базар маңының бәрін сүзіп,  қарап шықты. Тек, ертеңінде түнгі сағат он шамасында шаршаңқы кейіптегі көздері қызарған Катяны «Сары-Арқа» кинотеатрының қасынан кезіктіргенде Валя байғұс әрі қуаныштан, әрі қорқыныштан жылап жібереді.

Учаскелік инспектордың қойған сұрақтарына Катя: «Жәй, қыдырдым. Туыстарымның үйінде жүрдім» дегеннен басқа жарытымды ештеңе айтпады. Нашақорлардың тобына кезігіп,  анашаның дәмін татқанын бүгіп қалған еді. Үйге келген соң да әке-шешесінің сұрақтарына мардымды жауап қатпады. Ақыры: «Егер бүйтіп мазалай берсеңдер, тағы да кетіп қалам», – деп зәрелерін алған соң, олар үнсіз қалды.

– Он төрт жастағы жас қыздың нашақорлар тобына түскенін бірден сезген болатынмын, – дейді  учаскелік инспектор  Қанат. — Бірақ Катяны алғаш іздеп тапқан күні біздің қолымызда оның наша тартқанын дәлелдейтін айғақ жоқ еді. Күдік айыптауға негіз болмайды ғой. Бар болғаны — оны есепке алдым. Ол оқитын мектептің әкімшілігіне қатынас қағаз жаздым. Алайда Катяның   тұп-тура бір жыл өткен соң ауыр дертке шалдығатынын кім білген…

…Катя сол бір мамыр айындағы аяқасты жолыға кеткен «көңілді» топқа барғысы келіп, байыр таппай жүрді. Иә, барлық пәле сол қарғыс атқан күннен басталды емес пе? Алматы  қаласындағы жаздық би алаңына барған кешті ұмыта алмай жүрді. Апыр-ау, ауылда жүріп, түк көрмей өсіппіз ғой. Шіркін,  қалаға не жетсін!», – деп ойлаған сонда.

Бәлкім, оның бұл жеңілтектігіне бетінен  қақпай, ерке-тотай болып өскендігі себепші болды ма екен? Әйтпесе,  небәрі  жетінші сыныпта оқитын қыз әке-шешесінің рұқсатынсыз, ешқандай себеп-салдарсыз қалаға неге кетеді. «Жалғыз қызымыз» деп  еркелетіп,  өсірген әке-шешенің кінәсі ерекше  екендігін жасыруға болмайды, әрине.  Егер, Катяның  ата-анасы қыздарының тағдырына басқаша  қарар болса, мұндай өкінішті жағдай болар ма еді?! Әзірше көңілдегі сұраққа жауап жоқ.

2

– Бастапқыда Катя қасарысып, «білмеймін» дегеннен өзге ештеңе  айтпады, – дейді  әңгімесін сабақтай түскен аға лейтенант. Оның  нашақорлар тобына «шырмалғанын» соңынан анықтадық. Кейіннен олардың барлығы ұсталып,  әділ заңмен тиісті  жазаларын алды. Ал Катя мектепте де, үйінде де қатаң бақылауға тап болған соң, бұрынғысынша өз құрбыларының қатарында сабағын оқып жатты. Бұған бәріміз де  қуанып жүрдік. Бірақ бұл қуанышымыз ұзаққа жетпеді. Арада жарты жыл өткен соң Катя екінші рет аяқ астынан жоғалып кетті. Үлкен әпкесі оны тағы да басқа топтың арасынан тауып, жасөспірімдермен жұмыс жүргізу инспекциясына алып келді. Катяны бөлімде қалдырып, нашақорлар шоғырланған үйге ізінше жетіп барған едік, өкінішке  қарай, олар орындарын сипатып кетті.

– Катяның қазіргі жағдайы қалай?

– Сіз білесіз бе? Нашақорлыққа организм, әсіресе жас организм жылдам беріледі ғой. Ең өкінішті оқиға соңынан болды. Наркологиялық  кабинет жас қызды «нашақор» деп тауып, Алматыдағы республикалық психиатриялық  ауруханаға жолдады. Осы жерде  организмді жайлаған қатерлі дертпен күрес басталды. Жас қыз, сондақ-ақ, ми ауруына шалдығыпты. Медициналық зерттеу мұндай сырқаттардың 10 пайызы ғана сау адамдар қатарына қосыла алатынын көрсетіп отыр.

Жақсылыққа жаманшылық жолмен жете алмайсың. Жамандықтың  соңы жамандықпен аяқталар деген осы да. Бұл жерде  тәртіптің ең тамаша мектебі – отбасы екенін Виктор мен әйелі қалай  ескермеген десеңші! Сондай-ақ, жақсы тәрбие әдетке айналса – ырыс, жаман тәрбие әдетке айналса – қасірет екендігін де  әркез естен  шығармағанымыз жөн-ау.

Есірткіге бой алдырған Катяның ендігі тағдыры не болар екен?  Оның тағдыры біздің қаракөз қыздарымызда да болмаса деңіз.

Болат ШАЙМАНҰЛЫ,

журналист

 

P.S. БҰҰ-ның мәліметіне сүйенсек, жер бетіндегі есірткіге тым тәуелді адамдардың саны 30 миллионнан артқан. Соңғы кездері  есірткінің синтетикалық жолмен жасалатын түріне сұраныс көбейіп барады. Бұған жалпы саны 50 миллиондай адам құмартады екен. Есірткінің  әлемге барынша  кең тараған  түрі  марихуана болып есептеледі.  Оны әлемде   150 миллионнан  астам адам пайдаланады. Ал кокаин мен  апиынға 20 миллиондай  адамның жаны құмар.  Есірткі тұтыну  жағынан Солтүстік Орталық және Оңтүстік Америка, Кариб бассейні  аймақтарының адамдары алда тұр. Ал оны өндіруші әрі тасымалдаушы  аймақ ретінде  Орталық Азия елдері ерекше аталады. Кейбір деректерге  сүйенсек,  Ауғанстан әлемдегі наша өндірісінің 90 пайызын бір  өзі қамтиды.  Әйткенмен, Ауғанстандағы есірткі өндірісіне қажетті  синтетикалық материалдар осы аймақтан және де Еуропадан  жеткізіледі. Наша саудасында әр жылы 300-500 млрд долларға  дейін ақша айналады.

 

ТАҚЫРЫПҚА ОРАЙ

 

Бүгінгі күні елімізде 50 мыңнан астам нашақор болса, түрлі есірткі  заттарды (анаша, марихуана, банг, хусус, дагга) пайдаланушылар саны 350 мыңнан асып жығылады екен. 2015 жылы оңтүстік астанада 1200-дей наркодилер қолға түсіп, есірткіні шамадан тыс қолданған 13 адам қайтыс болған.

Дереккөзі: Алматы қалалық ІІД

 

+7 702 839 00 99

Жаңалықтар

Бүгін, 16:55

«Еншіңді» ал!